È

Оқушылар мен студенттер туралы үздік 10 фильм

Оқушылар мен студенттер туралы үздік 10 фильм

Оқушылық өмір мен студенттік жылдардың кереметтілігі даусыз ғой. Қан тасып тұр, амбицияға толы жастық шақ... Әр адамның оқу жылдарындағы тамаша естеліктері бар. Біреулер үшін ол кезеңдер босқа өтсе, біреулер білім қуды, енді бірі алғашқы махаббатын кезіктірді. Ендігі кезекте, кинематографтардың осы ғажайып сәттерді өз шығармашылығында қалай қолданғандарын көрейік. Соңғы қоңыраудың құрметіне сіздерге оқушылар мен студенттер және ұстаздар туралы фильмдердің топтамасын ұсынамыз.

 

«Ұстаз»

Мемлекеті: Қазақстан

Жылы: 2013

Режиссері: Виктор Вилкс

Рөлдерде: Айсұлу Әзімбаева, Дастан Оразбеков, Батырхан Шүкенов

Арман есімді жігіт АҚШ-тағы университеттен шығып қалады да, Алматыға үйіне оралады. Арманды аэропорттан досы Кука күтіп алады. Екеуі мотоциклмен қаланы аралайды. Жігіттер кешке таман Арманның бұрынғы ғашығы Камила Ахметованы кездейсоқ кездестіріп қалады. Бойжеткен Назарбаев Университетіне оқуға түсіп, астанаға аттанады. Жігіттер Камилламен сөйлесу үшін, қулыққа барады. Арман университеттің жаңа ұстазы Бақыт Ғалымұлы болып ойнауы керек. Ол ауа райының қолайсыздығына байланысты Астанаға ұша алмай қалуы тиіс. Фильм соңына дейін шиеленісе түседі, актерлік ойын да қуантады. Ең бастысы, тамаша студенттік кезеңді еске түсіреді. Фильм жеңіл романтика мен аз ғана детективке құрылған.

 

«Балақай»

Мемлекеті: АҚШ

Жылы: 2014

Режиссері: Линн Шелтон

Рөлдерде: Кира Найтли, Хлоя Грейс-Мориц, Сэм Рокуэлл және т.б.

Басты рөлді сұлу Кира Найтли сомдайтын «Балақай» («Детка») фильмінде үлкен жастағы әйел Меган жасөспірім қыз Анникамен достасады. Олардың таныстығы Меган өміріндегі қиын кезеңдерді бастан өткеріп жүргенде аяқ астынан болған. Ол өзін-өзі тану үшін оңаша қалып, мектеп кезінен бері танитын қызықсыз жігітімен қарым-қатынасын біраз уақытқа тоқтатады. Ешкім танымайтын жерге көшіп кетуді армандайды. Бір күні кешке оған жасөспірімдер тобы жақындап келеді де, ішіндегі Анника есімді қыз Меганнан компания үшін дүкеннен сыра алуын сұрайды. Кейіпкерлер жақын сөйлесіп кетеді. Анника Меганның армандарын тыңдап болған соң, өз үйіне тұруға шақырады. Анниканың анасы болмағанымен, жалғызбасты әкесі бар. Әйел Анника екеуінің достығын немесе аяқ астынан пайда болған қыздың әкесіне деген сезімінің бірін таңдауына тура келеді. Осындай келеңсіз кезеңдерде Анниканың мектеп бітіру кешіне дайындық басталып кетеді.

 

«Қыздар жатақханасындағы жігіттер»

Мемлекеті: АҚШ

Жылы: 2002

Режиссері: Уоллес Володарски

Рөлдерде: Бэрри Уотсон, Гарланд Уильямс, Майкл Розенбаум, Мелисса Сейджмиллер

Студенттік кезеңнің оқумен, махаббат оқиғаларымен ғана емес, түрлі таңғажайып хикаялармен есте қалатыны анық. «Қыздар жатақханасындағы жігіттер» («Парни из женской общаги») фильмінің кейіпкерлері сондай хикаялардың бірін бастан кешеді. Демалыс жақындағанда Дэйв, Адам мен Дуфер баспанасыз қалады. Оларды мерекелік кешке жиналған ақшаны ұрлады деп айыптап, жатақханадан шығарып жібереді. Өздерінің кінәсіздігін дәлелдеу үшін, ақша ұрлығына түк қатысы жоқ екендігіне айғақтар жинау мақсатында жігіттер қыз болып киінеді. Алайда, олардың жоспарлары іске аспай қалады. Енді жігіттерге оқу аяқталғанша Дэйзи, Адина және Роберто болып жүруге тура келеді...

«Көрші қыз»

Мемлекеті: АҚШ

Жылы: 2004

Режиссері: Люк Гринфилд

Рөлдерде: Элиша Катберт, Эмиль Хирш және т.б.

Көптеген жігіттер барлық бәленің, ессіз әрекеттердің қыздар үшін болатынын кеш түсініп жатады. Бұл өмірдің қызықсыз болмауы үшін ойлап табылған дүние ма дерсің. 19 жасар порножұлдыз Дэниэл болмағанда, бітіруші Мэттью еш мәселесіз мектебін бітіріп, бар арманы – президент болуға бастайтын жолдарын жалғастырар ма еді. Алайда, Мэттью бойжеткенмен бірге болуды құп көреді де, кез-келген адам оңайлықпен шыға қоймайтын тығырықтарға тіреледі. Сценарий шынайы оқиға негізінде жазылған.

 

«Географтың кесік глобусы»

Мемлекеті: Ресей

Жылы: 2013

Режиссері: Александр Велединский

Рөлдерде: Константин Хабенский, Елена Лядова, Анфиса Черных

Бір уақытта көңілді әрі мұңды, күлкілі бола алатын философиялық «Географ глобус пропил» картинасы орта жастағы биолог Служкин туралы баяндайды. Ол ауыл секілді қалашықта өмір сүріп, нәпақасын табу үшін амалсыздан география пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Әйелі Надяға бұл аса ұнай қоймайды, ақыры күйеуін жақсы көрмейтінін айтады. Кенеттен қалашыққа басты кейіпкердің бала күнгі досы Будкин келеді де, отбасылық жұптың өміріне жағымсыз өзгерістер енгізеді. Служкинді жоғары сыныптың оқушылары мүлдем сыйламайды. Осылайша, оның беделіне нұқсан келеді. Тек бір ғана Маша есімді оқушы ұстазына жақсы қарайды. Мұның себебі бекер емес екен...

 

 

«Сынақ кезеңіндегі ұстаз 2»

Мемлекеті: Германия

Жылы: 2015

Режиссері: Бора Дагтекин

Рөлдерде: Гизем Эмре, Элиас ЭмБарек, Йелла Хаазе, Каролина Херфурт

Атышулы фильмнің жалғасы мектепте жалған құжатпен жұмыс істеп жүрген ұқыпсыз ұстаз Герр Мюллердің жоғары сыныптың оқушылармен арадағы қиын қарым-қатынасын баяндайды. Герр Мюллер өзінің ұстаздық қызметіне қарамастан, қылмыстық істерге толы өткен өмірін ұмытқан емес. Сондықтан, мүмкіндік туа сала, қылмыстық өміріндегі ескі досының мұрасына таласа бастайды. Мазасыз әйелінен құтылу үшін сапарға бүкіл сыныпты ертіп барады. Тағдыр бұл топты Таиландқа әкеледі, барлығы өздеріне қызықты дүниені сол жақтан табады.

 

 

«Ессіз ұстаздар»

Мемлекеті: Франция

Жылы: 2013

Режиссері: Пьер-Франсуа Мартен-Лаваль

Рөлдерде: Кристиан Клавье, Изабель Нанти, Пьер-Франсуа Мартен-Лаваль

Екімен оқитындар мен бұзықтар әрдайым ұстаздардың, мектеп директорларының, білім министрлігінің бас қатырар мәселесі болған. Оларды қалайда оқыту керек, бірақ бұл оңайға соқпасы анық. Француздық комедия жасаушылар «Ессіз ұстаздар» картинасында оқиғаны шиеленістіріп жіберген. Жюль Ферри атындағы мектепке ылғи сабақты дұрыс оқымайтындар жиналған, ал ұстаздары тіпті сұмдық. Біреуі шөп шегеді, бірі үнемі қолына ара ұстап жүрсе, енді бірі ер балаларды өзіне қаратып жүреді. Ақылды адамдар осындай кезде оқты оқ табады деуші еді. Бір қызығы, «Ессіз ұстаздар» бұзық жігіттер мен қыздарды тәртіпке келтіре алар ма екен?

 

«Мелвилл профессордың құпиялары»

Мемлекеті: АҚШ

Жылы: 2010

Режиссері: Тамар Саймон Хоффс

Рөлдерде: Малкольм МакДауэлл, Эшли Рен Коллинз, Тимоти Боттомс, Уитни Эйбл

Әдебиет пәнінің профессоры Мелвилл Барден колледжінде ұстаздық ете отырып, оқушыларымен әмпей-жәмпей болып жүреді. Колледжде профессорды барлық қыздар жақсы көрді. Кенеттен колледждің жанынан мәйіт табылады да, оқу ордасының тыныштығы бұзылады. Мәйітті анықтап қараса, өзінің оқушыларының бірі екен. Осы кезде профессорға күдіктілердің бірі ретінде қарайды.

 

«Қайтадан мектепке»

Мемлекеті: АҚШ

Жылы: 1986

Режиссері: Алан Меттер

Рөлдерде: Родни Дейнджерфилд, Сэлли Келлермен, Берт Янг, Кит Гордон

Америкада білім алып жатқан жасы үлкен адамдарды көптеп кездестіруге болады. «Қайтадан мектепке» фильмінің басты кейіпкері миллионер Торнтон Мелон да 57 жасында колледж студенті атанады. Өзінің жағдайына қарамастан, осылай істеуге мәжбүр. Оған басты себеп колледжегі сәтті оқуы туралы алдап жүрген санасыз ұлы Джейсон болды. Бай өз ұлын сыныптасы ретінде қадағалауға кіріседі. Бір жағынан, 57-жасар студент колледжге жаңа кәсіпкерлік мектебін салуға көмектеседі. Өйткені, оқу орнының басшылығы мектеп бітіргені туралы куәлігі жоқ Торнтонды колледжге осы шартпен ғана алады.

 

«Районы»

Мемлекеті: Қазақстан

Жылы: 2016

Режиссері: Ақан Сатаев

Рөлдерде: Елтерес Нұржанов, Шәріп Серік, Мәрйам Сатаева, Әсел Сағатова, Жандос Айбасов

Фильм көрерменді 80-жылдарға апарады. Арсеннің әкесі Ауғанстандағы соғыста қаза табады. Анасы ұлын қауіп-қатерден сақтау үшін спорт интернатынан Алматы орталығындағы жаңа мектепке ауыстырады. Бірақ, астананың таңдаулы ауданында да өзіндік талас-тартыстың барынан бейхабар еді. Дегенемен, Арсен тәртіпті бала болып, оң көзқарасты өмірлік қағидалармен өскендіктен, жастар арасындағы бұзақы топқа жалғыз өзі қарсы тұруға тырысады.

 

Альберт Ахметов

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Нұржұман Ықтымбаев

Актер