È

2017 жылғы жаз мезгілінің үздік 10 хикаясы

2017 жылғы жаз мезгілінің үздік 10 хикаясы

Қалаға жаз келді! Бұл - мектептен де, жұмыстан да алаңсыз демалатын кез келді деген сөз. Салқын сусынды қолға ұстап, жұмсақ орындыққа жайғасып, үш күннен соң , яғни соңғы эпизод көрсетілімінен кейін бірақ тұрсаңыз болады. Немесе экран алдындағы жағымды сәттерді қалауыңызша ұзаққа созуға болады, өйткені, өзіңіз сценарист әрі режиссер бола аласыз.

Таныс кейіпкерлердің қатысуымен сүйікті фильмдеріңіздің жалғасы немесе жаңа маусымы, тұсаукерлер – қызықты әлемге жасайтын саяхат үшін қажеттінің барлығы жазғы телевидениеде бар. Толығырақ «Бродвейдің» шолуында.

 

«Твин Пикс», 3 маусым («Twin Peaks», АҚШ)

Шығу күні: 22-мамыр, 2017

Әйгілі «Твин Пикстің» оралуы жаңа маусымның ең көп күтілген тұсаукесері болуы әбден мүмкін. Екінші маусымның соңғы бөлімінің шыққанына да 27 жылдай уақыт болып қалыпты. Ал енді көрермендердің шиеленісіп кеткен оқиғаның шешімін тамашалай алатын кезі жеткен сияқты.

90-жылдардың басында бүкіл әлем бойынша миллиондаған көрермен АҚШ-тың солтүстігіндегі ойдан құрылған Твин Пикс қаласында болған Лора Пальмердің сұмдық өлімінің мән-жайын білу мақсатында экран алдына жиналған-ды. Сол оқиғаның шындығын білетін уақыт таяп қалды.

30 жылдан кейін режиссерлер Дэвид Линч пен Марк Фрост бізді Американың біртүрлі қаласына қайтадан алып барады. Әдеттегідей агент Дейл Куперді Кайл Маклакхен сомдайды. Сондай-ақ, жаңа бөлімде бұрынғы құрамның жұлдыздары Рэй Уайз, Дэвид Духовны, Шерил Ли және Шерилин Фин ойнайды. Сонымен қатар, жобадан жаңа бейнелерді де көре аламыз. Хикаяның жаңа маусымының түсіріліміне Аманда Сейфрид, Наоми Уотс, Тим Рот пен Моника Беллуччи қатысты.

«Картадан жасалған үйшік», 5 маусым («House of Cards», АҚШ)

Шығу күні: 30-мамыр, 2017

«Американдықтар өздері үшін ненің жақсы болатынын білмейді. Ал мен өте жақсы білемін»,- дейді Фрэнк Андервуд бесінші маусымдағы трейлердің үзіндісінде. Netflix-тің «Картадан жасалған үйшік» саяси драмасы 30-мамыр күні жаңа маусыммен оралады. Сюжет бойынша Дональд Трамп бейнесінде сайлаудың түрлі келіспеушіліктері, Ақ үйде орын алған келеңсіздіктер көрсетіледі.

Біз соңғы рет Фрэнкті (Кевин Спейси) және Клэр Андервудты (Робин Райт) көрген кезде, моральды тұрғыда сыбайласқан президент пен бірінші ханым өз-өзін ақтамаған билікке таласу ойынын өзгертетін террор уақытының басталғанын хабарлаған болатын.

Бесінші маусым 2016 жылғы сайлаудан бұрын жазылған еді. Дегенмен, хикая авторлары кейбір көріністерді тамашалау өте әсерлі болады деп отыр.

 

«Уағызшы», 2 маусым («Preacher», АҚШ)

Шығу күні: 19-маусым, 2017

Танымал аттас комикс кітабының негізінде түсірілген ТВ-шоу. Биылғы жазда екінші маусымымен экранға оралатын «Уағызшы» («Проповедник») фильмі – тылсым күшке және қараңғылыққа толы, кей жерлері бұрмаланған комедиялық драма.

Бұл Техастан шыққан уағызшы Джесси Кастер (Доминик Купер) туралы оқиға. Періште мен шайтанның еріксіз байланысынан пайда болған тіршілік иесі уағызшының денесіне кіріп кетеді. Джесси, оның бұрынғы қызы Тюлип (Рут Негга) және үнемі масаң күйде жүретін ирланд қанішері Кэссиди (Джо Гилган) Құдайды іздеп табу мақсатымен саяхатқа аттанады.

«Екінші маусым 13 эпизодқа дейін созылды,- дейді атқарушы продюсер Чарли Колье.- Біз ұзақ уақыттан бері ұмытылмас кейіпкерлердің оқиғасын мейлі, ол аспанда, тозақта, Техаста немесе одан жырақта болса да, тағатсыздана күтіп жүрміз».

 

«Түнек» (The Mist, АҚШ)

Шығу күні: 22-маусым, 2017

Құпиялар, тылсым әлем, қызықты сюжет – бұл Стивен Кингтің «Түнек» атты жаңа телевизиялық экранизациясының үш басты белгісі. Теленұсқаның түсірушілері кітаптағы түпнұсқадан алыстап, фильмге жаңа кейіпкерлерді қосқан.

«Түнектің» синопсисы өте қарапайым: Мэн қаласын және оның тұрғындарын жұмбаққа толы қорқынышты тұман басып қалады. Осы уақытта дүкенде болған бір топ кейіпкерлерге тұманмен бірге келген құбыжықтармен шайқасуға тура келеді.

Режиссер Фрэнк Дарабонт әр бөлімдегі көріністердің бірнеше локацияларда, құбыжықтардан жүздеген адам тығылатын сауда орталығы мен шіркеуде өтетінін айтты.

«Біз жәй ғана дүкенде болып қоймаймыз, - дейді Фрэнк. Біз өзіміздің батырымызды осы маңнан көреміз. Айналамызда болып жатқан оқиғаны әркім өзінше саралайды. Ең соңында, сюжет желісі бір-бірімен байланысып, шиеленісе түседі».

 

«Екілік» («The Deuce», АҚШ)

Шығу күні: жаз мезгілі, 2017

Әйтеуір, «Тыңдалым» («Прослушка») табысты ТВ-шоуының авторы Дэвид Саймон алдағы уақытта жанкүйерлерге қызықты көпсериялы оқиғаның куәсі болуға уәде берді. Бұл жолы Дэвид Саймон детективті романдардың авторы Джордж Пелеканоспен бірікті. HBO арнасының «Екілік» («Двойка») драмасы 70-жылдардағы Нью-Йорк қаласындағы порноиндустрия туралы баяндайды. Хикая жарқын жұлдызды құрамнан тұрады.

Басты рөлде Джеймс Франко, актер бірден екі кейіпкердің рөлін, яғни, Нью-Йорктегі барлық порноиндустрияны басқаратын егіз ағайындылар Винсент пен Фрэнк Мартиноны сомдайды.

Айтпақшы, хикаядағы эпизодтың бірін түсіруге соңғы жылдары керемет табысқа ие болған «Тақтардың ойыны» («Игра престолов»), «Бүкіл ауыр кезеңдер» («Во все тяжкие») және «Жабайы Батыс әлемі» («Мир Дикого Запада») фильмдерімен жұмыс істеген Мишель Макларен атсалысты.

 

«Жас қыз», 3 маусым («Younger», АҚШ)

Шығу күні: 28-маусым, 2017

Сіздер гламурға толы аяусыз әлемді бейнелейтін «Мыстан Прада киеді» («Дьявол носит Прада») және «Үлкен қаладағы секс» («Секс в большом городе») сексуалды романстарды біріктіргенде қандай көріністің шығатынын білесіз бе? Дұрыс жауабы – қызыққа толы «Жас қыз» («Юная») комедиялық хикаясы. Жаңа үшінші әрі соңғы маусымда кейіпкер Саттон Фостер – қырық жасар жалғызбасты ана Лиза жақсы жұмысқа орналасу үшін «жиырмадан асқан қыздың бейнесіне еніп», баспаға жұмысқа кіреді. Жаңа бөлімде Лиза жаңа көршісі әрі жұмыстағы серіктесі Келсиге (Хилари Дафф) өзінің шын жасын айтып қояды да, өтірігінің салдарын түсіндіруіне тура келеді. Оның үстіне, Лиза үштік махаббатты бастан кешеді, сүйкімді екі жігітпен көңіл қосады. Осы ақпараттың өзі көрермендерді экран алдына шақыруға жеткілікті сияқты.

 

«Сыған қызы» («Gypsy», АҚШ)

Шығу күні: 30-маусым, 2017

«Netflix» америка арнасында шығатын биылғы жаздың ең қызықты тұсаукесерлерінің бірі – бұл басты рөлді актриса Наоми Уотс сомдайтын «Сыған қызы» («Цыганка») ТВ-шоуы.

Драмалық хикая Джин Холлоуэй есімді психиатр туралы баяндайды. Сюжет бойынша, ол емделушілерімен байланысы бар адамдардың арасында қауіпті әрі жақын қарым-қатынас орнатады.

Алғашқы екі бөлімінің продюсері және режиссері тағы бір Голливуд жұлдызы, «Стать Джонном Ленноном» және «50 оттенков серого» фильмдерін түсірген Сэм Тейлор-Джонсон болды. Айта кетсек, жоғарыда аталған Наоми Уотс сондай-ақ, атышулы «Твин Пикс» хикаясына да атсалысқан. Сонымен қатар, актрисаны «Дивергент» картинасының төртінші бөлімінен және «Стеклянный замок» фильмінен көре аламыз.

 

«Тақтардың ойыны», 7 маусым («Game of Thrones», АҚШ)

Шығу күні: 16-маусым, 2017

Көрермендер әр маусым сайын фильмнің соңына таяп келе жатқандай. «Тақтардың ойыны» («Игра престолов») фильмінің жетінші маусымы жеті эпизодтан тұрады, өткен жылдардағы картиналарға қарағанда үш маусымға кем. Дегенмен, олар сүйікті сюжеттік желісімен және бірнеше танымал бейнелермен толықтырылатын болады.биылғы жазда танымал британ әншісі Эд Ширан актер ретінде дебют жасамақ. Онымен бірге, хэви-метал орындаушысы Brent Hinds пен «Bastille» тобының мүшелері де төбе көрсетеді. Естеріңізде болса, Серсея барлық жауларын қырып-жойып, темір таққа өзі отырады. Алайда, Кхалисиден Вестеросқа барар жолда одақтастар Теон Грейджой мен Джон Сноу – тірі және аман-сау түрде кездеседі. Оқиға әсерлі бола түседі. Халық мақалына сәйкес, «Серсея, не ексең, соны орасың».

Актерлардың айтуынша, жаңа маусымда Вестероста көрермендерді таң қалдыратын сұмдық уақыт басталады.

«Күнәлі әйел» («The Sinner», АҚШ)

Шығу күні: 2-тамыз, 2017

Актриса Джессика Бил қылмыстық триллерде басты рөлді сомдайды. «Күнәлі әйел» («Грешница») хикаясының негізіне неміс жазушысы Петр Хаммесфардың аттас кітабы арқау болды.

Шектеулі тиражбен шыққан сегіз бөлімді хикаяда Бил Кора Таннетти есімді жас ананың рөлін сомдайды. Ол ашу үстінде көпшілік алдында өзінің наразылығын білдіреді. Бірақ, неліктен осылай істегенін түсіндіре алмайды. Басты кейіпкердің жұмбаққа толы әрекетін анықтау мақсатында жалғызбасты тыңшы клиент әйелдің психикасын және өткен өмірінің қатігез құпиясын тереңінен зерттеуге кіріседі. Фестивальдің бірінде болған хикаяның тұсаукесерінде актриса шыдамдылық пен аяушылық таныту – өзінің аналық сезімінен алынған екі негізгі элемент екендігін атап өтті. Осы қасиеттер оған рөлді толығымен алып шығуға көмектескен.

 

«Қорғаушылар» («The Defenders», АҚШ)

Шығу күні: 18-тамыз, 2017

Атақты Marvel комикстерінің кейіпкерлері бірікті. Сорвиголова ретінде танылған Мэтт Мердок (Чарли Кокс) - соқыр адвокат Джессика Джонс (Кристен Риттер) – бұрынғы суперкейіпкер Люк Кейдж (Майк Колтер) – Темір жұдырық деген атауы бар өте шыдамды жігіт, жекпе-жек күресінің шебері Дэнни Рэнд (Финн Джонс) Нью-Йорк қылмыскерлерімен күресу үшін бірігеді. Кіші көлемді хикаяның барлық сегіз бөлімі 2017 жылы 18-тамызда «Netflix» телеарнасынан көрсетіледі. Ал кейіпкерлер Сорвиголованың ұстазы, Стиктің: «Төртеуің ғана Нью-Йоркті құтқарып қаламыз деп ойлайсыңдар ма? Сендер өздеріңді де қорғай алмайсыңдар!»,- деген сұрағына жауап іздеуге тырысады.

Малика Дауылбай

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Досхан Жолжақсынов

Актер