È

Балалар фильмі антиидеологиялық құрал ретінде: А.Қарсақбаев фильмдеріне шолу

Балалар фильмі антиидеологиялық құрал ретінде: А.Қарсақбаев фильмдеріне шолу

Кеңес одағындағы кинематографияда ерекше орны бар режиссер Абдолла Қарсақбаевтың өз кезеңінде балалар тақырыбына өзінше жаңашылдықпен, кәсіби ерекшелікпен келген режиссер. Ол әлемді баланың көзімен қарау арқылы көркемдікке ұмтылды. Қарсақбаевтың өмір сүрген және шығармашылық жолын бастаған уақыты Кеңес Одағының тарихында нағыз тоталитарлық саяси жүйенің қызып тұрған кезі еді.

Бұл ұрпақ өкілдерінің өмірлерін Сталиннің өлімі мен Н.С.Хрущевтың баяндамасы анықтады. Кейбір «алпысыншы жылғылар» үшін бұл кезең көп жылдық дүниетаным дағдарысынан алып шығып, өмірлерін елмен байланыстырған рухани демеу болды. Қоғамдық өмірде «жылымық» деп аталған бұл дәуір «алпысыншы жылғылардың» белсенді қызметінің контексті болды.

Алайда, КСРО Компартиясы мен әр одақтағы оның өкілдері елдегі дамып жатқан барлық өнер түрлерін қатал бақылауға алды. Барлық көркемдік шығарма түрлері коммунистік идеологияны дәріптеуге бағытталып, авторлардың жеке ойлары мен шығармашылық жаңалықтарына өте секемшіл қарап, көптеген түзетулер мен өңдеулерге түсіп отырды. Тіпті қатал цензураға түскен ұлттық фольклордың өзі де кеңестік жүйенің идеологиясына бейімделіп, қайта жазылды. Осындай қысымды кезеңде көптеген авторлардың еңбектері сол кезеңдердің көлеңкесінде қалып, жаңа заман туғанда өз құндылықтарын жоғалтты. Ал дарынды суреткерлер қылшылдап тұрған жүйеге қарамастан әрбір ісі үшін күресіп, болашаққа шынайы өнердің бейнесін көрсетіп кетуге тырысты.

КСРО ыдырағаннан кейін соңғы жиырма бес жыл ішінде Қазақстан әлемдік нарықтық өнердің көшіне ілесудің жолын тауып, тәуелсіз өнердің дамуына бейімделді. Одақтар мемлекеті ыдырағаннан кейін егемендік уақытында дүниеге келген жас ұрпақ өткен жетпіс жылдық тарихты басқаша пайымдап, кезеңдер буынына тән теріске шығару ойларын да жасырмайды. Өйткені, қазір демократиялық бағытты ұстанған мемлекет идеологиясы өнер мен шығармашылықта жаңашылдыққа, ой еркіндігіне ұмтылуға мүмкіндік береді. Ашық саясатты ұстанған ел барлық салада да әлемдік ақпарат алмасу жағдайына тыйым салмайды. Цензура жоқ жерде оның күші қаншалықты екенін түсіну әдетте шығармашылыққа бағдарланған адамға қиын соғатыны анық. Сол секілді дәл сондай шабытқа ерік берген тұлғаны қатал цензуралармен, тыйымдармен шектеп тастаса қандай шешім қолданбақ? Еңбегін жүзеге асыруға бекінген шебер цензураға көне тұра, сол цензураны айналып, не аттап өтетін жолды бәрібір табады. Сондай режиссердың бірі Абдулла Қарсақбаев болатын. Ол әдетте көпшілікке революциялық фильмдері арқылы тік мінезді режиссер ретінде белгілі болса, екінші жағынан балаларға арналған фильмдер түсірген бейкүнә өнер шебері ретінде кино тарихында қалды. Жоғарыда айтылған тоталитарлық жүйенің қазанында қайнап, кеңестік идеологияны бойына сіңіре отырып, бүкіл өмірін қылшылдаған қызыл үкіметтің аясында өткізе отырып іштегі қарсылықты көрсетудің, тұлғалық дарынды дәлелдеудің кино өнерінде ең жаңа әрі жасырын, ең оңай әрі күрделі жолы балаларға арналған фильмдерін жасау арқылы екенін тапты. Заманның әрбір бұрылысын өз бойынан өткізе отырып жасаған Қарсақбаевтың балаларға арнап түсірген кино туындылары дер кезінде бағаланбаса да, сол уақыттағы көпшіліктің сүйсініп көрер кинолары қатарынан табылды. «Менің атым Қожа» 1966 жылы Каннада сыйлыққа ие болды, «Алпамыс мектепке барады» Ригадағы Бүкілодақтық кинофестивалде басты сыйлықты жеңіп алды. Ал, «Балалық шаққа саяхат» және «Жүйрік болсаң озып көр» фильмдері көрермендердің көңілінде қалатын кинокартина ретінде қалды.


«Менің атым Қожа» балаларға арналған классикалық фильм. Қожа нағыз «бүлікші» (бунтарь). Қожа бір жақ, қалғандары бір жақ. Маңайында тек қана бұзақылығымен аты шығатын Қожадан кесірліктің бәрі қайдан шығып жатқаны белгісіз. Қожа «идеалды» қоғамда «жауызға» айналған қауіпті кейіпкер. Оның еркіндігі, елгезек, ептілігі, көнбіссіздігі басқалардың шамына тиіп, ашуына тиеді. Сондықтан оған барлығы жабылып, жөнге түсіруге, мектептен шығарып, мүлде аластатуға даяр. Бірақ Қожа, «көже» емес сұйытылған. Қожа ол өзіне қожа, өзіне ие, оған ешкім қожа бола алмайды. Осындай астарлы кекесінге толы көріністерден басталған қақтығыстар Қожа мен қоғам арасындағы қайшылықты өткірлей түседі. Қожаның бойында жазылмас жара бар, ол жетімдіктің зардабы. Соғыста өлген әкесінің орнын сол қоғам ештеңемен толтыра алмайды. Анасы үй бетін көрмей, аналық мейірімін көрсетуге мұршасы жоқ, түзде жұмыс істеуге мәжбүр. Ұзын сонар кітап кезегінде тұрғысы келмей, пысықтығымен оқушылардың алдына шыққаны үшін тәртіп орнатушы Майқановамен және «буржуаз» Жантастың арасындағы қақтығыс Қожаның ішкі қарсылығын одан сайын үдетіп, жани түседі. Ортасымен тіл табысудан қалған Қожа Сұлтанмен бірге еркіндіктің сапарына аттанды. Темекі шекті, ұрлық жасады, алаяқтыққа барды. Жазасын да алып үлгерді, бірақ оған жасып, көніп қалған Қожа жоқ. Бұзықтықтың басқа түрлерін ойлап тапты. Ішкі ыза, қоғамға, ортаға деген қарсылық Қожаның әрбір қылығы мен ісінен, сөзінен айқын білініп отырады. Бұл фильм арқылы кішкентай тынымсыз кейіпкердің іс әрекетімен тоталитарлық жүйеге бас көтеріп, көңілі жасымаған батырлықтың үлгісін көруге болады. Қоғам мен адамның арасында тепе теңдікті сақтап қалуға тырысатын салмақты көзқарастағы бір адам бар, ол Рахманов ағай. Рахманов заманның өзгерісін таразыға салып, ортасынан бөлекше орын алып, өзіндік жолына бұруға бейімдеп жүрген ақыл иесі. Ол жүйені жоққа шығармайды, Қожаны да кеудеге итермейді. Егер заман, яғни тобыр басым болса шетке ысырылып қалатын, Қожа жеңсе демеу болуға дайын ортадағы реттеуші секілді.

«Менің атым Қожа» фильмі коммунистік жүйенің күшіне мінген кезінде түсірілсе де цензураның аясынан шыққан антикеңестік туындылар қатарына жатады. Балалардың темекі шегуі, немесе әйелдің екінші рет күйеуге шығуға талпыныс секілді тіптен тыйым салынған, өткізілмейтін кадрлер болатын. Фильмде кеңестік идеологияны дәріптеп, мақтаған ой жоқ, керісінше бас кейіпкер Қожаның қылықтары арқылы сол қоғамды келемеждеп отырады.

Қожа біздің замандасымыз, келешек ұрпақтың да замандасы. Ол қоғамдық жүйеге бағынбайтын, жеңілуді, жасуды білмейтін топтық образ.

Сондай ақ «Менің атым Қожа» идеялық жағынан ғана емес, көркемдік режиссуралық тұрғысынан да батыл тәсілдер қолданылған фильм болып саналады. Қазақ кинематографиясында сол кездегі Ш.Айманов мектебінен бөлек бағытқа түскен, яғни театр актерларының көмегімен емес, кино тілін алғаш қолданған фильм болып саналады. Тұңғыш рет кейіпкердің түсін экранға алып келген де осы фильм. Кинотанушылар «Менің атым Қожа» фильмі қазақ кино тарихында жаңа бетбұрыс жасап, кейінгі «жаңа толқын» бағытына әсер берген, кино өнерінің жаңаша дамуына түрткі болған деген пікір айтылады. Осы пікірмен келісе отырып, бұл фильм елдегі саяси жүйені де сынға алған антиидеологиялық бағдары да бар деп тұжырымдаймыз.

Қарсақбаевтың антиидеологиялық жағынан салмағы басым келесі бір фильмі «Алты жасар Алпамыс». Әліппесін құшақтап алып, мектепке баруды армандайтын Алпамыс көрерменнің көңіліне жылу ұялатады. Алпамыс Қожадай емес, қиялшыл, сезімтал, айналасына бейкүнә көзқараспен қарап, қызығушылығы тым басым кейіпкер. Ол қоршаған ортамен бірге үйлесімді өмір сүруге, қоғамның барлық заңдылығын уақытысынан бұрын қабылдауға дайын. Ал оның досы Қайырхан мектепке бармақ түгілі, жуынудың өзіне ат тонын ала қашатын нағыз антиидеологиялық кейіпкер. Алпамыс қазақ эпосындағы батырдың аты, кішкентай Алпамыс өзін қоршаған әлемнің қайшылығында өзінше күрестің жолын бастаған бүлдіршін батыр. Ол өзінің елгезектік болмысын дәлелдеу үшін маңайында кездескен идеологиялық таптың өкілдерімен айқасқа түсіп қалып отырады. Ол Қожа секілді зардабын тартып, жазаланатындай қателіктер жасамаса да, өзін қорғау үшін нақты қадамдарға барып отырады. Қожамен салыстырғанда Алпамыс есейген, ақылды, ойшыл, оның тілегі Қожанікіндей еркіндікке ұмтылған өршілдік емес, сабырлылыққа салынған ерік күшін бақылай алатын жас жеткіншек. Өзін дәлелдеудің, мақсатына жетудің жолында ол бейбіт түрде жақсы қасиетімен ғана көзге түсетін байсалды бала.

Күрескер рухта түсірілген Қарсақбаевтың бір фильмі «Жүйрік болсаң озып көр» фильмін көрермендер жылы қабылдаса да, киносыншылар назарынан тыс қалып, дұрыс сараланбай келеді. Бірақ оның құндылық күші режиссердің басқа фильмдеріне қарағанда өзгеше әрі, күрделірек. Сондықтан бұл фильмді талдау барысында балаларға арналған спорттық тақырып жағынан ғана қарастырмай, драматургиялық, режиссуралық мәнін ашу маңызды. Ал біздің мақсатымыз, «Жүйрік болсаң, озып көр» фильмінің антиидеологиялық қырынан көрсету. Фильм спорттық тақырыпқа сай, кеңестік идеологияның ережесіне сүйенген ашық сюжет болса да, оның көзге көрінетін және көрінбейтін антиидеологиялық желілермен құрылған. Өте ұсақ детальдармен беру арқылы, жақсы мен жаманның, күшті мен әлсіздің, ақылды мен арамзаның күресін кейіпкерлерге сіңіре отырып, астарлы түрде коммунистік жүйенің жасаған моралын мысқылдайды. Бас кейіпкер жасөспірім қыз Гуля, Қожа мен Алпамыстың мінезінің қосындысынан туған жаңа бейне секілді. Қожаның бұзықтығы, тікмінезділігі, тапқырлығы, еркінсүйгіштігі байқалса, Алпамыстың ұяңдық, тазалық, құштарлық қасиеті Гуляға әр бере түседі. Ол мақсатына жету үшін, яғни спорт жарысына қатысу үшін сыртқы күштердің қысымына төтеп беріп, жеңістің қиын соқпағынан өтті. Гуляның жаулары осал емес, әрі біреу емес, олар шырмауықтай тұтасқан әккі жүйенің өкілдері. Ал Гуля болса солармен жалғыз алысқан ержүрек қыз. Оның маңайындағы жақындары, туыс, достары оған демеуші, көмекші ғана, әйтпесе алғашқы соққыны қабылдаушы өзі ғана.

«Менің атым Қожа», «Алты жасар Алпамыс», «Жүйрік болсаң озып көр» балаларға арналған фильмдері қазақ классикалық киноқоржынында елеулі орын алатын салмағы басым фильмдер. Кейіпкерлер шоғыры да бір біріне ұқсамайты, сан қатпарлы желілі мінезден құралған. Мазмұндық қалпы тек қана балалар әлемінің жеңіл көріністерін ғана қамтымай, қоршаған қоғамдық мәселелермен қақтығысын тереңдете біледі.

Қарсақбаевтың балаларға арналған фильмдерінен кейін жауыр болған кеңес пропагандасы бұрынғыдай үрейлі болмады. Адамдар балалардың қылығын күліп қабылдады. Қарсақбаевтың антикоммунистік болмысы бір жағынан сол кездегі идеологияның «өлімін» көрсетсе, екінші жағынан осы процесті жылдамдатты.

Қарсақбаев өзі өмір сүрген коммунистік жүйеге деген протестін осы балалар фильмі арқылы шебер көрсетті. Өйткені тастай идеологияны жоққа шығаруды ең тиімді тәсілі күлу, яғни комедия, сатира арқылы ғана көрсету кінәмсіз еді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. Айнагулова К., Алимбаева К. Тенденции развития киноискусства Казахстана. – Алма-Ата: Гылым, 1990. – 160 б.

2. Абикеева Г. О. Нациостроительство в Казахстане и других странах Центральной Азии, и как этот процесс отражался в кинематографе. – Алматы: ОФ «Центр Центрально-азиатской кинематографии», 2006. – 300 б.

 

Ержан Жұмабеков, Майра Фазыл

Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Таныс бейне

Дастен Шәкіров

Актер

Құралай Анарбекова

Актриса