È

Лимон ағашы үшін...

Лимон ағашы үшін...

2008 жылы Эран Риклистің «Лимон ағашы» (Lemon Tree, Eran Riklis) фильмі жарық көрген болатын. Бұл фильмнің көтерген саяси тақырыптарын айналып өтейік. Бір қабаттан асқанда тағы бір қабаты ашылатын, ойды тереңнен алған бұл фильмде заманауи бір проблеманы да шет қалдырмапты.


Күнделікті өмірін әкесінен қалған лимон бағын күтумен жалғастырып жүрген адамды қандай қиыншылық күтуі мүмкін? Таң қалмаңыз!

Қорғаныс министрі көршісі болғалы бері, тыныштық көрмеген Сәлманың (Hiam Abbass) өмірі ешқашан бұрынғыдай болмайды. Өз бағындағы әрбір қадамы министрдің қорғаушыларының қырағы көзінің алдында қалған Сәлма, риза болмаса да осы өмірмен келісуіне тура келді. Байқаған адамға – қандай парадокс?! Қорғаныс министрінің көршісі болудан басқа қандай қауіпсіз орын бар деп ойлаған адам үшін, оқиға желісі Израильде болып жатқандығы жауап болуы мүмкін. Алайда, адам құқығына қатысты көзқарасы жақын кез-келген елде осы оқиғаның қайталану мүмкіндігі бар екендігі – жорамалды жоққа шығарады. Бұл жердегі басты мәселе оқиғаның Израильде болуынан еместігі айдан анық. Біріншіден, министр өз үйін әлдеқайда қауіпсіз жерден салуына немесе сатып алуына болар еді. Не десек те, осы үйді сатып алып, қоныстануы факт. Демек, біздің сауалдарымыздың тізімінен бұл сұрақты шегеріп тастауға болады.

Бірінші мәселе, Израиль қорғаныс министрінің көршілігі болды. Лимон бағының төменгі жағына бара қалған кейіпкерге кез-келген уақытта қару бағыттап, тіпті атып жіберу қаупі төніп тұрады. Ерік-жігері жоқ адам, бірнеше күннен соң-ақ өз үйі мен жерін сатып немесе тастап кетуі мүмкін еді. Біздің кейіпкер болса, бұл жер мен бақтың әкесінен қалғанын дәйек етіп, өз мүлкі мен құқығы үшін соңына дейін күресуге барады. Демек, біздің уақытқа дейін қалыптасып қалған, әке жолын жалғастырушы тек қана ұл бала болу керек деген ойды ысырып тастап, қыз баланың да, мұра жалғасытырушы боп қалуы әбден мүмкін екендігіне көз жеткіземіз. Бұл көзқарас, заманауи адам үшін әбден мүмкін болғанымен, консерватив адам үшін дөрекілік болып есептеледі. «Қалай ғана, мұра сақтаушы – әйел болуы мүмкін» деген ойдан қиналып, тыныштық таппауы мүмкін.

Барлық қиыншылық министрдің қоныстануынан басталмайды. Сельма өз бағында өте еркін қозғалады. Себебі – өз бағы. Метафорикалық мағынада – өз әлемінде, қиялында, көзқарасында өте еркін адам. Ал, ондай адамдар, әсіресе әйелдер бұл қоғамда бағаланбайды. Одан ары, қуғынға ұшырайды. Дәл осы себеппен кейіпкер өз бағында жүргені үшін кінәлі бола бастайды. «Ол қорғаныс министрінің отбасы мен жеке басына қауіп төндіруі мүмкін. Өзі болмаса да, бақ арқылы террористер өтуі мүмкін деген» ақталу бар. Қандай да болсын себепті арқау етіп, адамның құқығын, болмысын жерге таптауға тырысуы – қоғамның астарлы арам ойын көруге мүмкіндік береді. Кім екеніңді, не қалайтыныңды білгенің жүйе үшін қолайсыз. «Олар» үшін әр адам тек жүйелік зомби болуы керек. Не айтса сонымен келісіп, тіпті, олардың айтқан әрбір сөзін күтетін жартыми адамға айналғандар ғана пайдалы. Алайда, ойлану мүмкіндігі бар, армандау мүмкіндігі бар, іздену мүмкіндігі бар адам үшін бұл шарттарды орындау шектен шығу болар еді. Сол себепті, кейіпкер өз жері үшін, бағы үшін барынша күреседі. Жеңістің маңыздылығы екінші орынға қалып, күрестің маңыздылығы бірінші орынға шығады. Бұл жеңістің өзге формасы. Кейіпкер өз күресі арқылы жүйеге, қалыпты ойға қарсы шықты. Бұл – күрес үшін, әйел адамның өмірі мен ұстанымдары жеткіліксіз елде, тіпті қоғамның жеңісі деп атауға болады.

Әйелдің жесір болғандығы осы оқиға барысында қаншалықты маңызды? Егер сіз «ер» адамға қарсы тұрып, оның үстіне стандарттардан тыс ерекшелігіңіз бар болса – сол ерекшелігіңіз сізге қарсы қолданылатынына күмән келтірмеңіз. Оқиға барысында, Сәлма сауатсыз болғандықтан өз қаласындағы арабтардың өте беделді әрі белсенді мүшесіне барады. Ол кезде белсенді арабтардың еврейлерден ақша алмайтындығын алға тартып, Сәлманың мемлекеттік шешіммен келіспеу керектігін қалжың арқылы жеткізеді. Қорғаушы мен Сәлма арасындағы байланыс туындағанын естіген сол белсенді тағы келіп, дүниеден өткен күйеуінің абыройын сақтау керектігін ескертіп кетеді. Ең соңғы рет, ол белсендіні Сәлманың министрмен соттаспауын сұрап келгенде көреміз. Демек, бастапқы еврей мен араб арасындағы ұстанымдарына өзі біршама қарсы шыққан кейіпкерді заманауи «ер» түсінігінің өзгергендігімен немесе ер адамның өз ұстанымында толығымен қала алмауы арқылы түсіндіруге болады. Себептер көп болуы мүмкін. Ол адамды министрдің айналасындағы адамдар үгіттеген не қорқытқан болуы мүмкін. Бұл маңызды емес те. Бастысы, ер адамның күресу мүмкіндігін әйел адам орындап отырғандықтан және еркек өз пікірінен, ұстанымынан бас тартып отырғандықтан, екі жақтың тең түсуге мүмкіндіктері толы екендігін дәлелдеп отыр. Осы уақытқа дейін ер мен әйел арасындағы теңсіздікке қатысты қалыптасқан ойға сәл күмән келтіріп, рационал сұрақ қойып көрген адам – әділетсіздікті анықтайтынына сенімдімін.

Бекжан БАЙГЕНЖЕЕВ

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Таныс бейне

Ақан Сатаев

Режиссер