È

Режиссер Ерсайын Әбдірахмановтың деректі фильмдеріндегі әлеуметтік мәселелер

Режиссер Ерсайын Әбдірахмановтың деректі фильмдеріндегі әлеуметтік мәселелер

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында қазақ деректі кино өнері көркемдік шешім жағынан көп өзгеріске ұшырады. Негізгі қозғалатын тақырыптар да едәуір ауырлай түсті. Сонымен қатар, киношығармалардағы кейіпкерлер бейнесі де өзгерді. Бұған «Жоқтау», «Жарияланбаған шеру хроникасы», «Невада-Семей», «Полигон» фильмдерінің қозғайтын тақырыптарының ішкі толғанысы дәлел бола алады. Аталмыш киношығармаларда қазақ жерінде болып жатқан түрлі апаттар мен рухани мүгедектікке ұшыраған адамдардың қатігездігінен пайда болған сан түрлі аурулар, халықтың бастан кешіп жатқан ауыр кездері жайында толғанысты әңгіме өрбітіледі. Осындай жан толқытататын тақырыптарды таспаға түсіріп, өшпес дерек қалдырған Сергей Әзімов, Әсия Байғожина және Ораз Рымжанов сынды көрнекті режиссерлер болатын. Бұл аталған тізімнің қатарына көп ұзамай режиссер-мультипликатор Ерсайын Әбдірахманов та келіп қосылады.

Ерсайын Әбдірахманұлының мультипликациядан деректі кино өнеріне кенеттен жол тартуына себепкер болған халықтың мүшкіл жағдайы еді. Елінің қамын жейтін ер-азамат болғандықтан, елдің назарынан тыс қалып отырған мәселелерді көтермекке бел буады. Тек қана, шындықтың жолында ақиқатты ту еткен кино өнерінің бір тармағы болып саналатын деректі кино ендігі кезекте Ер ағаның шығармашылық жолын айқындап берді. Көпшілікке айтылмайтын, кей кезде жасырын қалып жатқан оқиғалар Ерсайын Әбдірахмановты бей-жай қалдырмады. Туған өлкеде болып жатқан әрбір өзекті мәселелерді өзінің фильмдерінің тақырыбына арқау етіп, оның шешімін қайткен күнде де табуға ұмтылыс жасайды. Оның 1991 жылы жарық көрген «Жаңа-Арқа» фильмі бүгінгі күні қазақ кино өнерінің «алтын қорына» қосылған үздік кино шығармалардың бірі болып есептеледі. Және де сол кезеңде болған оқиғадан хабар беретін құнды дерек болып отыр. Содан, араға жеті жыл салып экран алдына ұсынылған «Өлім транзиті» фильмі тіптен күрделі тақырыпты арқалаған. Оның күрделілігі – халықаралық деңгейде қарастырылғандығы. Ал, өзектілігі – проблеманың алдын алуға ұмтылыс жасауында болып табылады. Тамырын тереңге жайып жіберген зұлымдыққа шектеу қоюды талап етеді.

Деректі киноның қаншалықты күш-қуатқа ие екенін кинотанушы, доцент Назира Рахманқызы мақалаларының бірінде былай деп пайымдайды: «Деректі кинода кейіпкердің жан дүниесінің қалтарыс-қатпарларында бұғып жатқан сезім мен ой иірімдерінің даму процесін көрсету үшін қажетті экрандық орны мен уақыт жағы жеткіліксіз. Деректі кино жанрының кездесетін қиындығы да осы. Егер, деректі кино режиссері кейіпкерінің бойындағы психологиялық өзгерістер мен даму процесін көркемсуретті кино драматургиясы тәсілімен көрсететін болса, онда сәтсіздікке ұшырайды. Осының нәтижесінде реалистік емес, символикалық фильм дүниеге келеді. Есесіне, деректі кино жанрының кеңістік пен уақытты мейлінше еркін қолданып, жеке адамның проблемасын ұлттық, тіпті халықаралық деңгейге дейін көтеріп жіберетіндей мүмкіндігі бар» [1, 8 б]. ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдары түсірілген деректі фильмдердің негізі қарасы жоғарыда айтылған пікірген сай болды. Қазақ халқының басынан өткен оқиғаларды шығармаларының өзекті тақырыбы ете отырып, өте үлкен жаһандық мәселерге шолу жасайды. Соның аясында, 1991 жылы режиссер Ерсайын Әбдірахмановтың алғашқы деректі фильмі жарыққа шығады. Бұл «Параллель» киностудиясы бірлестігімен түсірілген «Жаңа-Арқа» фильмі болатын. Аталмыш киношығарма нанға тапшы кейбір ауылдық елді мекендердің көрінісін бейнелейді. Фильмнің түсірілу ерекшелігіне байланысты кинотанушы Гүлнар Әбікеева былай дейді: «... Как мастерски сделана эта картина! Во-первых, никаких дикторских комментариев, только рассказ главного героя фильма – того самого проводника который продает хлеб. Едет он себе от станции к станции и рассказывает о житье-бытье, удивляясь тому, что, с одной стороны, современнейшие технологии полетов в космос, и это очевидно, потому что рядом Байконур, а с другой – хлеб, который они развозят и продают по поселкам. Странно, говорит герой, что в эпоху космоса не хватает обычного хлеба. Во-вторых, в этом, наверное, и есть суть документального кино, когда изображение говорит больше слов» [2, 5 б].

«Жаңа-арқа» фильмінің өзектілігі кейіпкердің елдегі проблеманы еш жасырмай айтуымен ашыла түседі. Бұл қолданыс тәсілі қазақ киносында ең алғаш рет режиссер Ораз Әбішевтің деректі фильмдерінде көрініс табады. Яғни, кейіпкердің әңгімесімен сюжеттік байланыстың өрбітілуі басты нысанда болды. «Деректі кино шеберлері штампқа айналған схматизм, иллюстрациялық көріністерден, сыртқы әдеміліктен бас тартуға талпыну барысында әртүрлі тәсілді қолданады. Солардың бірі – кейіпкердің әңгімесіне немесе монологына құру. Бұл тәсіл, әсіресе, Ораз Әбішевтің осы кезеңде (1950 жылдары) түсірілген шығармаларында жиі қолданылады» - дейді кинотанушы Назира Рахманқызы. Режиссер Ерсайын Әбдірахмановтың «Жаңа-арқа» фильмі кинотанушы Гүлнар Әбікеева байқағандай, фильмнің негізгі тақырыбы кейіпкердің монологы мен фильм көрінісінің бір-бірімен қиысуы арқылы ашылып тұр. Режиссердің осындай тәсілмен шығарманың өзектілігін жеткізуі – өте ұтымды шешім болып табылады. Дегенмен де, қазақ деректі кино өнерін саралай келе, бұндай тәсілмен қазақ режиссерлері де кезіккендігіне көзіміз жетеді. Дәлірек айтқанда, бұндай қолданысты режиссер Ораз Әбішевтің шығармаларынан кезіктіреміз. Мысалы, оның «Біздің қалада» (1956), «Қазақ жерінде», «Жұмысшы қыздар», «Арман аралы», «Желден де жүйрік» атты фильмдерінде кейіпкермен жүргізілген сұхбат тәсілі қолданылады.

Көптеген кәсіби мамандардың жоғарғы бағалауына ие болған, бірнеше кинофестивальдердің лауреаты атанған режиссер-мультипликатор Ерсайын Әбдірахмановтың «Жаңа-Арқа» деректі фильмі бүгінде Қазақ кино тарихының баға жетпес құнды қазынасы болып табылады. Аталмыш шығармада автор тіршілік нәрі, ас атасы – нан жайлы ащы шындықты дүйім жұртқа жайып салады. Шындық – қазақ жеріндегі кейбір шеткі елді-мекендерде өмір сүріп жатқан халықтың ауыр халі.

«1994 жылы Жапонияға «Жаңа-Арқа» фильміммен барғанда, жапондық көрермендер: «Сіздерде, Қазақстанда бидай көп бола тұра, нанға жарымай жүргендеріңіз қалай, не қылған берекесіздік?» - деп, сұрақ қойғанда, жерге кіріп кете жаздағаным әлі күнге дейін есімде» [3] - дейді, Ерсайын Әбдірахманов 1998 жылы «Киногер» атты бағдарламада берген сұхбатында. Бұл әрине, режиссердің толғанысынан туындаған терең мағыналы киношығарма. Адам арқауы, ас атасы – нанның кейбір елдімекен тұрғындары үшін тапшы болып отырғанын күйіне баяндайды. «Елім аштықты бастан кешіп жатқанда, менің жаным тыныш таппас» дейтіндей фильм авторының жан айқайы. Бар-жоғы он минутқа созылатын аталмыш туындының өн-бойы халық үнімен көмкерілген.

Қазақ мультипликациясын қалыптастырушылардың бірі ретінде танылған Ерсайын Әбдірахманов деректі киноға қалай келгені жөнінде былай баян етеді: «Бұрын деректі фильм түсірем деген ой мүлдем жоқ болатын. Сәті түсіп, бір жол сапарға бару керек болып, Алматы-Жезқазған пойызына отырдым. Сол жолы Жаңа-Арқа станциясынан бастап, бір сұмдық көріністің куәсі болдым. Біздің вагон қасына дүкен вагон тіркелген екен. Оның іші тек қара нанмен толтырылған. Әрбір разъезде, стансада жұпыны киінген балалар мен апайлар нан алып үлгеру үшін, шырылдап қолдарын нанға созады. Нан тиеген ескі вагон, нан сұрап вагонның артынан жүгірген бала-шаға... Міне, бұлар бір сәт көз алдымнан шықпай қойды» [4, 5 б]. Осының нәтижесінде «Жаңа-Арқа» фильмі қазақ деректі кино өнерінің «алтын қорына» келіп қосылды.

«Құрметті азаматтар, бірінші жолдан «Балқаш – Жезқазған» пойызы жүреді, сақ болыңыздар!» - деген ескертуден жоғарыда аталып өтілген аумақтың қал-ахуалы жөнінде әңгіме болғалы отырғанын көрермен қауым бірден аңғарады. Сықырлаған ескі пойызға тіркелген вагондарда бір отбасының емес, жүздеген, бір ғана елді мекенді емес, ондаған ауыл-аймақты азықтандыра алатын бөлке нандар салынған жәшіктер жинақталған. Бұның бәрі не үшін қажет?

Фильмнің кейіпкері өзінің қашаннан бері жұмыс істеп жүргені, қызметіндегі міндеттері туралы хабардар ете отырып, көрерменді мазалаған жоғарыдағы маңызды сұраққа жауап қайтарады: «Төрт жылдан бері мен бір ғана жол желісімен жүрмін. Басқа жаққа ауыстырмады. Балқаш пен Жезқазғанның арасы 330 шықырымдық жер, толық тоғыз сағат уақытты алады. Күндізгі он екіде шықсақ, кешкі тоғызда қайта ораламыз» - деген қоймашының сөзінен соң, режиссер біраз кідіріс жасайды. Толғанысты домбыра үнімен жеткізілген сары реңге боялған жазық дала мен ұзыннан ұзақ созылған темір жолдың көрінісі көрерменді өзіне ерекше баурап алады. Одан ары қарай біз пойыздың келуін күткен қара халықты көреміз. Біреулері жәшіктеп алса, енді біреулері бес-алты бөлкені қанағат тұтады. Пойыз қайта жолға шығады. «Енді нанның мәселесіне келсек» – кейіпкеріміз қайта сөзін жалғайды, – «осы сексен тоғызыншы жылдан бастап келе жатқан мәселе. Нан жетпейді, жүз қырық жәшік нанды алып, линияға шығамыз. Кейбір ауыл тұрғындары он жәшіктен алса, кейбірі одан көбірек талап етеді. Ал, әрбір отбасына қанша бөлкеден берілетіні белгісіз, оны білу мүкін де емес».

Бұл сөздер жанға қатты бататыны соншалықты, тіпті әрбір кадрдан көрініс тапқан жас жеткіншектер мен бүлдіршін балалардың жүзіне қарап еріксіз көзге жас келеді. Пойыздың келіп тоқтағанына мәз-мейрам болысқан халық жамырай нанға ұмтылады. «Біздегі бұл жүйе мүлдем дұрыс емес. Қарап отырсам, жүріп өтетін жерімізде, 30 нүкте бар екен, өзге кішігірім елді-мекендерді қоспағанның өзінде. Соған қарасақ, жақын жерлерден шағын наубайхана ашылуы қажет». Ал, экранда нан алуға жас балалардың келгені көрсетіледі, онымен қоса, қобыздың қайғылы дауысы көріністің реңін одан да жандандыра түседі. «Әсіресе, мына суықта, 30-40 градус аязда», – кейіпкеріміз тістене сөйлейді, – «сол суық күндері балалар келіп нан алады. Соның бәрі жүрегімізге батады. Ал, қойшылардың жағдайы тіптен қиын, олар не совхоздан ала алмайды, бізден де алу қиынға соғады. Өйткені, бірде артылып қалса, бірде мүлдем болмай қалатын кездер болады. Олар әке-көкелеп, жылап-сықтап нан сұрай келгенде, барын береміз. Себебі, нанды аяуға болмайды. Ал, мүлде артылмай қалған кездерде, жағдай қиын енді. Бұны ешкім көріп-біліп жатқан жоқ. Бастықтардың қайсысы көрді дейсің?! Дүние жүзіне аты әйгілі Байқоңырдан ракеталар ұшып жатыр, ал біз сол жаққа сылдырлаған ескі вогондармен нан тасимыз». Сатушы-қоймашының айтқан сөздері сүйектен өтеді, намысқа тиеді, жанға батады. Нанға улай-шулай таласқан әрекеті жанды шымшып ауыртады. Қартаң келген егде жастағы апалар темір дөңгелектердің астына түсіп қалардай пойызбен жарыса жүгіргенін көргенде, сөз жоқ, көл-көсір жас төгуге мәжбүр етеді.

Кейіпкер әңгімесі бір сәтке үзілгенде, көрініске домбыраның қоңыр үні қосылады. Кең даланың самал желіне маңдайын сипатқан кейіпкердің бейнесін көргенде де, режиссердің туған Отанға деген сүйіспеншілігінің қаншалықты жоғары екенін аңғарамыз. Ол кейіпкері арқылы халыққа деген махаббатты, домбыраның қоңыр үніне қосарлана көрсетілген жазық дала көрінісі арқылы елге, жерге деген шексіз сезімді байқатады. «Жаңа-арқа» фильмі – адамның ішкі сезім иірімдерін ерекше тербететін жанды шығарма. Бұған автордың жаны мен назары салынғандықтан, фильм ретінде өміршең болып қала бермек.

ХХ ғасырдың 90-жылдарының екінші жартысында деректі бейнефильмдер түсіретін Қазақстан Президентінің Телерадио кешені, Гала-ТВ, «Хабар» телеагенттіктері құрылды. Осының аясында Ерсайын Әбдірахманұлының кезекті жан түршігерлік деректі фильмі жарыққа шығады. Бұл – «Ажал транзиті» атты деректі кино шығармасы еді.

Ерсайын Әбдірахмановтың келесі режиссерлік жұмысы – бір елдің ғана емес, барша адамзат атаулының мәселесіне айналған қатерлі дұшпан жайлы баяндалатын «Ажал транзиті» атты деректі фильмі еді. Бұл жөнінде режиссер Әбдірахманов былай деп сөз қозғайды: «Деректі фильмнің ерекшелігі – шындықты көрсету. «Ауруын жасырған өледі» дейді қазақта. Қазіргі таңда біздегі проблема болып отырған – наркобизнес мәселесі. Енді бұны жоюға ұмтылыс бар, бірақ тамыры тез жайылып бара жатқан теріс тіршіліктің қаншалықты қауіпті ауру екені қатты алаңдатады» [3]. Автор 1997 жылы жарық көрген туындысынан да халық басына төніп тұрған қара бұлттың бейнесін ашық түрде жариялайды. Нашақорлыққа өз еркімен берілген жастар қатары күн өткен сайын толастамай отырғаны, қаншама отбасының берекесін кетіріп, бірлігін бұзғандығы жөнінде кинотілімен, шығарманың баяндауымен жеткізеді.

«Ажал транзиті» фильмі көркемдік жағынан 1990 жылы жарық көрген «Жарияланбаған шеру хроникасы» атты фильмнің түсірілу ерекшелігіне өте ұқсас. «Жарияланбаған шеру хроникасы» фильмі жан-жақты зерттеу жүргізумен ерекшеленеді. «Ажал тразиті» киношығармасы да жан-жақты қарастыруға, дерттің шығу өзегін іздестіреді. «Жарияланбаған шеру хроникасы» республикалық деңгейде қарастырылса, «Ажал транзитінің» басты айырмашылығы халықаралық деңгейде зерттеу жүргізілгендігінде болып есептеледі.

«Наркотикті жиілетіп қолданып жүргеніме үш жыл болды. Әйеліммен ажырасқалы бастаған болатынмын» - деп басталады фильмнің алғашқы кадры. Көріністегі кейіпкердің әңгімесімен қатарласа, оның отбасымен бірге бақытты күндерді өткізген кездегі түсірілген фотосуреттер көрермен алдына ұсынылады. Әртүрлі себеппен тәуелділік қақпанына түскен жандар. Ине ұшындағы өмірінің қандай хәлде екенін білсе де, тоқтауға күші сарқылған бұл адамдардың көгенделген қозыдай отқа өз еріктерімен түсуден басқа амалдары жоқ. «Шығар жол біреу ғана – Ине». Ашық түрде көрсетілген көріністер көрерменнің жанын түршіктіреді. Режиссер нашақорлыққа тәуелді болған жастардан сұхбат ала отырып, қозғалып отырған мәселенің қаншалықты қатерлі екенін байқатады. Олардың камера алдында еркін түрде наркотикті қолданғаны, қашан және қалай бастағаны жөнінде еш қысылмастан баяндап бергені көрермен бойына біртүрлі аяушылық тудырып, нашақорлыққа деген жиіркеніш сезімін оятады.

Шығарманы екі бөлімге бөліп қарастыруға болады. Алғашқы бөлімінде автор есірткіге жіпсіз байланған адамдармен сырлы сұхбат жүргізсе, екінші бөлімде шер бөліскен кейіпкерлердің осындай жағдайға түсуіне себепкер болған дерттің шығу тегін қарастырмаққа көрерменмен бірге жолға шығады.

Ауғаныстан. Бұл ел – еліткіш шөптердің өсетін Отаны. Соғыс үшін қомақты қаржы керек. Ал, қаражат күректеп әкелетін – наркобизнес. Есірткіні көптеп өндіріп, Солтүстік мемлекеттерге таратады.

Тәжікстан. Елдің қал-ахуалы нашар болғандықтан, қажеттіліктердің көп бөлігін есірткі өтейді. Сол себептен, бұл елде есірткі өндірушілік ісі ұлғайып барады. Үлкен экономикалық киындықтардың салдарынан жыл санап өсіп келе жатқаны болмаса, аталмыш бизнестің қарасы тоқтар емес. Төрт-бес жыл баршылықта өмір сүру үшін, адамдар тәуекелге бел буып, наркобизнеспен айналысуға шешім қабылдайды.

Жоғарыда аталған мемлекеттерден Қырғыстанға жетеді. Қырғыстаннан Қазақстанға. Осының салдарынан шекарада жиі орын алатын қанды шайқастарды бірі білсе, бірі білмес. Бұның бәрі адам шошырлық мәліметтер. Аталмыш деректі фильмнің режиссері тынбай ізденгенін байқаймыз. Жан-жақты қарастырғанын аңғарамыз. Есірткі саудасының қайдан әрі не себептен пайда болғанын айтып, қазіргі таңда адамның, соның ішінде, елдің ертеңгі тұтқасы болар жастар көрсеткішін алға тартады.

Аталмыш шығармада режиссер қанша жерден сұмдық көріністерді көрсетіп жатса да, адамға деген үмітінің үзілмегендігі сезіледі. Камера қозғалысы соған айғақ бола алады. Камера ракурсы кейіпкерді көрсетерде жоғарыдан алынбаған, төменгі немесе қарама-қарсы, қатар алынған ракурстан түсіністікпен, жанашырлықпен түсірілгенін байқау қиындыққа соқпайды. Жеңіл жолмен ақша табуды көздеген жандар отқа қызыққан көбелектей күйіп түседі. Сондай шарасыз ер азаматтарды көрсеткенде, әуеннің әсірімен «сен адамсың, биіксің, неге осы жолды таңдадың?» деген автордың жан-айқайын естуге болады. Есірткіні алғаш қолданған адам өзін өлімге итеріп жатқанын сезбейді де. Бойын үйретіп алғандар, адамзатты біртіндеп жоятын азапты ауыр зардаптан шыға алмайды.

Наркобизнестің түбінде зорлық-зомбылық, ұрлық-қарлық, жеткіншек балалардың ұрлануы дегендей ауыр қылмыстар жатқандықтан, құқық қорғау органдары қара бизнестің алдын алуға үлкен күш жұмсайды. Тоқсаныншы жалдары үлкен өріс алған аталмыш мәселенің алдын алу жолдары шекаралас мемлекеттердің бірлесе әрекет ететуімен ғана шешілетін дүние. Осыны байқаған режиссер Ерсайын Әбірахманов есірткі дертін тек Қазақстанның көлемінде қарастырып қоймай, Ресей, Тәжікстан, Қырғыстан елдеріне сапарға аттанып, фильмнің өзектілігін арттыра түседі.

Фильмді түсіру аты айтып тұрғандай, өлім мен өмірдің ортасында жүргенмен тең еді. Е. Әбірахмановтың жұбайы Қатира апа: «Ерсайын «Ажал транзитін» түсіргенде, үйде көп болмайтын еді. Осы фильмді түсіру барысында суық қаруды (тапанша) жанынан бір елі қалдырған емес. Өте қауіпті түсірілім болды» [5] – деп еске алады. Шынымен де, фильм үлкен әлеуметтік мәселені қозғады. Жан-жақты ізденіс жүргізу арқылы алынып отырған тақырыпты кино арқылы түбіне дейін қарастыруға тырысты. Соның нәтижесінде, тамаша кинобаяндама ғана жарыққа шығып қоймай, мемлекет тарапынан қолға алынды.

Режиссер Ерсайын Әбдірахманов ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдары деректі фильмдерге қызығушылық танытады. Сөйтіп, өзінің қайраткерлік жолын деректі кино өнеріне арнайды. Бұндай шешімге келуге халықтың сол кездегі ауыр жағдайы себепкер болды. Ол «Ажал транзиті», «Жаңа-Арқа» атты деректі фильмдерінде әлеуметтік мәселелерді қозғайтын тақырыптарды өз фильмдерінің арқауы етті. Екінші тараудың бірінші бөлімінде Ерсайын Әбдірахмановтың деректі фильмдеріне талдаулар жасалды. Режиссер 1991 жылы жарық көрген «Жаңа-Арқа» фильмінде кейіпкердің монологы арқылы шығарманың ішкі толғаныстарын тербейді. Фильм 1990 жылдардың басындағы қазақ халқының басынан өткен өте бір күрделі кезеңнің маңызды деректі құжаты ретінде қазақ деректі киносының тарихында қалды.

 

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  1. Рахманқызы Н. «Қазақтың қазіргі деректі киносы» // «Мәдениет», 2003, 25 сәуір, №3(9)
  2. Абикеева Г. «Человек, который умел радоваться жизни» // «Начнем с понедельника» газеті, 2006, 22-28 декабря
  3. «Киногер» бағдарламасы. Хабардың авторы және режиссері, редакторы әрі жүргізушісі – Назира Рахманқызы, операторы – Қанат Рамазанов, «Қазақстан» телеарнасы, 1998
  4. Рахманқызы Н. «Кино өнерінің болашағы» // «Заман-Қазақстан» газеті, 1996, 19 қаңтар
  5. Абдулла Н. Қатира Әбдірахмановамен сұхбат. Қолжазба. – Астана: 2016

 

Нұргүл Сәрсенбайқызы

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Таныс бейне

Тимур Бекмамбетов

Режиссер

Ақан Сатаев

Режиссер