È

Жоғалып кеткен балалар туралы 10 фильм

Жоғалып кеткен балалар туралы 10 фильм

25 мамыр – бүкіл әлем бойынша Халықаралық жоғалған балалар күні. Бұл күн АҚШ тарихынан бастау алған. Яғни, 1979 жылы дәл осы күні алты жасар американдық оқушы Эвиан Пейтс үйге қайтар жолда жоғалып кеткен. Аталмыш оқиға кеңінен таралып, барлығы іздеуге кіріскенмен, еш нәтиже болмады. 4 жыл өткен соң АҚШ президенті Рональд Рейган 25 мамырды Ұлттық жоғалған балалар күні деп белгіледі. 1997 жылы Халықаралық жоғалған балаларды іздеу орталығы құрылды. 2010 жылы осы ұйымның бастамасымен Халықаралық жоғалған балалар күні 25-мамыр күніне бекітілді.

Әрине, тақырып өте ауыр. Неміс философы Теодор Адорно айтпақшы, Освенцимнен кейін өлеңдер жазу мүмкін емес. Мұндай оқиғалар кейбір адамдар үшін өмірлік трагедия болса, енді бірі үшін ойлануға негіз әрі шығармашылық ізденіс болуы мүмкін. Оның үстіне, өнер әлемінде этикалық, адами шектеулер жоқ қой. Кез-келген адамды қызықтыратын дүние, түрлі тақырыпты қаузай алатын шығармашылық жандарға да ұнамды болуы мүмкін. Кинематограф осыны да назардан тыс қалдырмады. Біз жоғалып кеткен балалар тақырыбына арналған 10 фильмді жинақтадық. Егер мақсатымызды сұрасаңыз, ол біреу ғана – адамдар осы күнді біліп, есте сақтап жүрсе екен деген ниет.

 

«Ауыстырып жіберу»

Режиссері: Клинт Иствуд

Жылы: 2008

Мемлекеті: АҚШ

Әйгілі Клинт Иствуд өзінің көпжылдық қызметінде біраз тақырыптарды қозғады: жыныстылардың теңсіздігі, нәсілдік кемсітушілік, адамдардың көргенсіздігі. Тіпті, «Ауыстырып жіберу» («Подмена») фильмінде де ол жиырмасыншы жылдардағы Америка қоғамының мәселелерін айтып өтеді. Бірақ, фильмнің басты сюжетті тақырыбы - қарапайым лос-анджелестік телефоншы Кристин Коллинздің (оны Анджелина Джоли сомдады) баласының жоғалып кетуі. Ол із-түссіз жоғалып кеткен тоғыс жасар ұлы Уолтерді іздей бастайды. Қоғам да, әлеуметтік институттар да оған қарсы шығады. Дегенмен, әйел айтқанынан қайтпай, іздеуді тоқтатпайды. Өйткені, Уолтер бар өмірінің мәні емес пе?!

 

«Тұтқын қыздар»

Режиссері: Дени Вильнёв

Жылы: 2013

Мемлекеті: АҚШ

Алғыс күнін тойлап жатқан кезде Келлер Довер (Хью Джекман) мен детектив Локидің (Джейк Джилленхол) қыздарын ұрлап кетеді. Әрқайсысы өз бетінше қыздарын іздей бастайды. Локи нағыз детектив ретінде салқынқандылық танытып, түрлі әдістермен кішкентай ғана қалада кімнің және не үшін қызын ұрлағанын зерттей бастайды. Ал Келлер керісінше, ауыл іспетті қалашықтың қарапайым тұрғыны ретінде әр қадамы арқылы жағдайды күрделендіріп, түрлі қателіктерге бой алдырады. Осылайша, оқиға шиеленісіп, қыздарды табу мүмкіндігі алыстай береді.

 

«Ұшу елесі»

Режиссері: Роберт Швентке

Жылы: 2005

Мемлекеті: АҚШ

Кайли Прэтт (Джуди Фостер) алты жасар қызы Джулиямен бірге ұшақ бортында ұйықтап қалады. Үш сағаттан соң оянса, жанында қызы жоқ. Кайли байбалам салып, барлығының астан-кестеңін шығарады. Бүкіл ұшақ болып, қызды іздей бастайды. Бортсеріктер әйелдің жанында ешқандай да қыздың болмағанын айтады. Осы жерден «ұшу елесі» басталады. Бір жағынан, ұшу кезіндегі оқиға жабық бір жерде ғана өтіп, нағыз классикалық детективті хикая басталса, екінші жағынан барлық жолаушылар секілді біз де Кайлидің қызының болмағандығына сене бастаймыз.

 

«Толған ай патшалығы»

Режиссері: Уэс Андерсон

Жылы: 2012

Мемлекеті: АҚШ

Бұл жерде де балалар жоғалады – Сьюзи Бишоп пен Сэм Шакаси. Олар – бір-біріне ғашық әлеуметтік бейімделмеген қиын балалар, бойскаут лагерінің қыспағына шыдамай өз беттерімен қашып кетеді. Алайда, бұл картина жарқын сәттерге толы. Қайғы мен мұң болғанның өзінде де, олар жарқын бояулармен көмкерілген.

 

«Август Раш»

Режиссері: Кирстен Шеридан

Жылы: 2007

Мемлекеті: АҚШ

«Август Раш» – танымал актерлардың (Робин Уильямс, Фредди Хаймор, Джонатан Рис-Майерс) қатысуындағы шытырманға толы музыкалық фильмге жасырылған фильм-ертегі. Дегенмен, бұл - ата-анасын, өмірдегі өз орнын іздеп жүрген, кезінде жоғалып кеткен бала туралы хикая. Бала өзінің музыкаға бейімін байқайды да, виолончельші мен гитарашының ұлы екендігін біледі. Бұл ертегі болғандықтан, ол ата-анасын тауып, соңы сәтті аяқталады. Мұндай хикаялар бізге өте қажет. Себебі, осы арқылы өмірде ғажайыптың, бақыттың, арманның барына сенеміз.

 

«Алды-артыңа қарамай қаш»

Режиссері: Уэйн Крэймер

Жылы: 2006

Мемлекеті: АҚШ

Қылмыстық драма қылмыстық топтардың өмірін баяндайды. Джоуи Газелл (Пол Уокер) мен Олег Югорский (Кемерон Брайт) бірнеше адам қайтыс болған (қылмыскерлер мен бейбіт тұрғындар) драмалық оқиғалардан кейін қайта кездесіп қалады. Олег – зорлық-зомбылық, өтірік пен өлімнің арасында өскен көп сөйлемейтін, қиын бала. Пол Уокердің кейіпкері оған бұл тығырықтан шығуға көмектеседі. Шиеленіске толы сюжет бойынша оны алып қашып кетіп, өлтіруге тырысады. Бірақ, осы тұста Олег өзінің темірдей мықты мінезін көрсетеді.

 

«Аппақ бау»

Режиссері: Михаэль Ханеке

Жылы: 2009

Мемлекеті: Австрия

1913 жылғы Германия – Бірінші дүниежүзілік соғыс алдындағы кезең. Тыныш өмір сүріп жатқан тыныш ауыл. Бір қарағанда осылай көрінеді. Кейіннен, бұл жақта түсініксіз жұмбақ жағдайлар орын алады, балаларды ұрлайды, жасөспірімдерді кемсітіп, қинайды. Осылайша, зерттеу жүргізіледі. Бірақ, ешкім ештеңе білмейді немесе ештеңе айтқысы келмейді. Тұрмыстық драмалық оқиға әрқайсымызда жасырынып жатқан зұлымдық пен озбырлықты көрсететін трагедиялық экзистенциалды әңгімеге айналады.

 

«Қош бол балақай, қош бол»

Режиссері: Бен Аффлек

Жылы: 2007

Мемлекеті: АҚШ

Бен Аффлектің дебютті режиссёрлік фильмі Бостонның шетінде тұратын жұмыссыз жүрген жалғызбасты ана Хеленнің (Эми Райан) із-түссіз жоғалған төрт жасар қызы Аманда МакКридидің оқиғасын баяндайды. Оны жеке детектив Патрик Кензи (оның рөлін Беннің інісі Кейси Аффлек сомдады) іздей бастайды. Жоғары деңгейде түсірілген детективте кейіпкерлердің тереңде жатқан психологиясы, Бостонның тұңғиыққа толы қызықты атмосферасы көрсетіледі. Бұл жақта барлығы да болуы мүмкін. Тіпті, кішкентай балалардың жоғалып кетуі де...

 

«Жоғалып кеткен Банни Лейк»

Режиссері: Отто Премингер

Жылы: 1965

Мемлекеті: Ұлыбритания

Отто Премингер – жөнсіз ұмытылып кеткен, қазірдің өзінде әлем бойынша аса танымал емес режиссер. Оның «Жоғалып кеткен Банни Лейк» фильмі де қарғысқа ұшырап, айналымда қаржы жағынан сәтсіздікке ұшырады. Фильмге сол уақытта танымал болған Кэрол Линли, Кир Дулли мен Лоуренс Оливье сынды британ актерларының түскеніне қарамастан, осындай жағдайға душар болған. Бірақ, кенеттен жағдай 180 градусқа өзгеріп кетеді де, картина соңғы онжылдықта кей өңірлерде танымал бола түседі. Бұл мүмкін, бала ұрлығы туралы детективті желімен түсірілген классикалық фильмнің ең жоғарғысы шығар. Фильмнің танымалдылығына сәтті аяқталған соңы әсер еткен сияқты. Картина соңында Банни Лейк табылып, құтқарылады.

 

«Махаббат емес»

Режиссері: Андрей Звягинцев

Жылы: 2017

Мемлекеті: Ресей

Соңында, сіздерге әлемдік айналымға шығып үлгермеген, тек биылғы жылғы Канн кинофестивалінің көрермендері ғана тамашалаған фильм туралы айтып өтсек деп едік. Бұл картинаны осы ондыққа қосуға себеп болған бірнеше дерек бар. Біріншіден, «Махаббат емес» («Нелюбовь») фильмі он екі жасар Алешаның (Матвей Новиков) жоғалғаны туралы баяндалады. Жақсы көрмейтін ата-анасы оны іздеуді жалғастырып, іздеу барысында некелерін соза тұрады. Екіншіден, бұл - әлемдік кинофестивальдердің көптеген жүлдегері, Ресейдегі ең танымал режиссерлардың бірі Андрей Звягинцевтің бесінші фильмі. Оның режиссерлік дарынының арқасында бала ұрлығы метафоралы хикаяға айналады, сезімсіз, жаппай арсыздықтың санатында жүрген қоғам туралы баяндалады.

3 пікір

Пікір қалдыру үшін

Гаухар Сулейменова

5 февраля 2018, 08:34

Здравствуйте. Помогите вспомнить название фильма, где похищают грудного ребенка из колыбели, а потом мать находит его спустя 15 лет. Мама работает учителем. Видела еще в детстве, очень хотелось бы посмотреть его снова, но найти не могу

Индира

17 января 2020, 18:55

Скажите, вы нашли? Я тоже его ищу но нигде не могу найти((((

Viktoriya Chernovska

23 қараша 2019, 19:38

Здравствуйте. Я нашла похожее описание" Девушка в парке " 2007 год , может быть это он

Таныс бейне

Ақан Сатаев

Режиссер