È

Bastau IFF: Жаңа буын киносы қандай мәселелерді көтерді?

Bastau IFF: Жаңа буын киносы қандай мәселелерді көтерді?

Кинофестивальдар орталығы атанған Алматы қаласында 2019 жылдың 3-7 желтоқсан аралығында «Жаңа буын киносы» девизімен «Бастау» халықаралық фестивалі биылғы жылы сегізінші рет өткізілді. Жас киногерлердің шығармашылық ізденістеріне жол ашып, халықаралық және кәсіби байланыс арқылы тәжірибелі мамандардың пікірін ортаға салатын алаңға айналып отырған бұл кинофестивальдің мүмкіндіктері жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Байқау бағдарламасында да жаңалықтар баршылық. Фестивальдің тарихында алғаш рет қысқаметражды фильмдермен (Bastau Shorts) қатар дебюттік толықметражды (Bastau Debuts) картиналар да бақ сынады. Фестивальдің тағы бір жаңалығы - биылғы жылғы байқау бағдарламасына деректі фильмдер де (Bastau Docs) қатысуға мүмкіндік алды. Жыл сайынғы бағдарламаларға енгізіліп келе жатқан осындай қосымша мүмкіндіктер фестивальдің халықаралық әлеуетінің артқанын байқататын көрсеткіш болып табылады.

Биыл «Bastau Shorts» қысқаметражды фильмдер байқауына қатысуға өтініш жолдаған ұсыныстар былтырғы жылға қарағанда әлдеқайда көп келіп түскен. Іріктеу кестесіне 44 елден 360 картина тіркелді. Солардың ішінде ең таңдаулы деп танылып, байқау бағдарламасына қатысқан 43 туынды үш күнге созылған фестиваль барысында көпшілік назарына ұсынылды. Толықметражды (Bastau Debuts) фильмдер сайысында түрлі тақырыпты қамтыған оннан астам туындыларды тамашаладық.

Үш күнге созылған кинофестиваль бағдарламасындағы конкурстық және байқаудан тыс көрсетілген фильмдерді тамашалай отырып, олардың ортақ тақырыптарын да айқындауға мүмкіндік туды. Жиі кездескен тақырыптар қатарында әйел мәселесі төңірегіндегі түсірілген фильмдердің басымдығы байқалды. Тақырып ортақ болғанымен де, кейіпкерлер болмысына қарай түрлі көзқараспен көркемдік шешімін тапқан фильмдер туралы нақты ой тарқатар болсақ, қазақстандық режиссер Шәрипа Оразбаеваның «Мәриям» және румындық режиссер Иоана Юрикарудың «Лимонад» фильмдерін салыстыра отырып қарастыруға мүмкіндік туады.

«Мәриям» фильмінен кадрЕкі фильмде де басты кейіпкерлер өмір қиыншылықтарын басынан өткізген аналар. «Мәриям» фильмінде сипатталатын оқиға шынайы өмірде болған жағдайларға негізделген екен. Фильм сюжеті төрт баланың анасы Мәриям есімді әйелдің басынан өткен оқиғалар төңірегінде өрбітіледі. Оның күйеуі жұмбақ түрде жоғалып кетеді. Өмірдің барлық ауыртпалықтары енді Мәриямның мойнында. Кенет тап болған қиын жағдайдан шығу үшін ол тағдырын күрт өзгертетін шешімдер қабылдауға мәжбүр болады.

Ал румындық режиссердың «Лимонад» фильмінде оқиға басқаша өрбітіледі. Мара есімді келіншек тоғыз жасар ұлымен АҚШ-қа көшіп барады. Оның мақсаты - америкалық Дэниель есімді жігітке тұрмысқа шығу. Алайда америкалық арманының бөтен елге барғанда күлі көкке ұшады. Мара тұрмысқа шықпақ болған ер адамның өзіне мүлдем жат кісі екенін аңғарады. Жергілікті көші-қон қызметі ағылшын тілін жетік білмейтін Мараға күдікпен қарайды. Көріп тұрғанымыздай екі фильмде де жалғыз басты аналар күйеулерінің, нақты айтқанда ер азаматтар кесірінен қиын жағдайға тап болады. Бірақ осы процесс фильмдерде түрлі көзқараспен орын алады. «Мәриям» фильмінде күйеуі жоғалып кету арқылы отбасы қиын жағдайға түссе, «Лимонад» фильмінде Мара «шала таныс» күйеуінің озбырлығынан зардар шегеді.

Әйел тақырыбында түсірілген фильмдерде жиі кездескен тағы бір мәселе – бойжеткен қыздардың жағдайлары. Бұл мәселе де жекелеген фильмдерде әр қырынан көрініс алған. Осы мәселені көтерген фильмдердің бірі Израиль, Франция, Бельгия елдері бірлесе отырып түсірген режиссер Керен Бен Рафаэльдің «Пәк қыздар» фильмі. Фильмде Израильдің солтүстігіндегішағын қала Кирят Хаймда өмір сүріп жатқан Лана есімді жасөспірім қыздың басынан өткен оқиғалар сипатталады. Лана өскенде қайтсе де мүлдем басқаша өмір сүремін деп өз-өзіне уәде береді. Жағалаудан су перісін тауыпты деген сөз қала тұрғындарын аяқ астынан дүрліктіреді, әрі Лананың да өмірін адам танымастай өзгертеді.

«Аврора» фильмінен кадрӘйел тағдырын негізге ала отырып, тақырыпты қарама-қайшы сипатта өрбітетін туындылар қатарында «Өшірілген» және «Аврора» фильмдерін мысалға келтіруге болады.

Словения, Хорватия, Сербия елдері бірлесе отырып түсірген режиссер Миха Маззинидің «Өшірілген» фильмінде бас кейіпкер екі мемлекет арасындағы соғыс барысында халық тізімінен өшіріліп қалған екен. Осы бір тосыннан шыққан жағдай әсерінен кейіпкердің өмірге деген үміті аяқ асты болды. Келесі фильмде бәрі керісінше. Қырғызстандық режиссер Бекзат Пирматовтың «Аврора» фильміндегі оқиға Ыстықкөлдің жағасындағы шипажайда өтеді. «Аврора» шипажайы Кеңес заманында салынған, арада қаншама жылдар өтсе де шипажай өзгеріске ұшырамаған. «Аврораның» осы күйі жеке жатқан бір мемлекет сияқты әсер береді. Фильм оқиғасы барысында бір күнде бәрі өзгеріп шыға келді... Бас кейіпкерлер қайғылы да күлкілі оқиғаларға тап болады. Бұл әртүрлі адамдардың әртүрлі тағдырлары және әртүрлі көзқарастары бар әңгімелер. Оларды біріктіретін жалғыз нәрсе - «Аврора» - бұл әйел. Әйел жер мен уақытты өзіне біріктіруші. Ауылдың авантюристері, әдемі пәк қыздары, сондай-ақ аққұбалар мен брюнеткалар - бәрі бір әйел бейнесінде - «Аврора» сипатында көрінеді. Екі фильмді өзара салыстырар болсақ, айырмашылық - жер мен көктей. «Өшірілген» фильмінде әйел кейіпкер адамдар тізімінен өшірілген болса, «Аврора» фильмінде әйел кейіпкер ұлықтана түскен.

«Bastau Debuts» толықметражды дебюттік фильмдер байқауының халықаралық қазылар алқасының құрамында ресейлік кинорежиссер, сценарист және продюсер Михаил Сегал (Ресей), киносыншы Роберто Куэто (Испания), продюсер Денис Васлин (Нидерланд), театр және кино актрисасы Нелли Уварова (Ресей), актер және продюсер Фархат Абдрайымов (Қазақстан) жұмыс атқарды және жүлделерді төмендегідей үлестірді:

Үздік фильм: «Бейітті жылжыту» (реж. Сын о Чон, Оңтүстік Корея)

Үздік режиссура: «Ыңырсу» (реж. Доминик Сангма, Индия-Қытай)

Қазылардың арнайы жүлдесі: «Мәриям» (реж. Шәрипа Оразбаева, Қазақстан)

Үздік әйел адам ролі үшін:

«Өшірілген», актриса Юдита Франкович (реж. Миха Маззини)

«Пәк қыздар», актриса Джой Ригер (реж. Керен Бен Рафаэль)

Қазылардың арнайы аталымы: «Бәрі де анам үшін» (реж. Малгожата Имельска, Польша)

Жоғарыда аталған фильмдердегі тақырыптар аясын қорытындылай келгенде, қазіргі жас кинематографистердің қоғамдағы орын алып отырған мәселелердің шешім табуға тырысқан шығармашылық ізденістері қуантады. Биылғы ұйымдастырылған кинофестиваль көздеген мақсатына жетті деуге болады.

Алихан Туренов

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, І курс, кинотану

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Baiqonyr ISFF: Ushqyn байқаудан тыс бағдарламасы

ІІ ХКФ Ushqyn студенттік кинофестивалінің үздік қысқаметрлі фильмдері Baiqonyr ISFF-де көрсетіледі

Brod.kaz

Казахстанское кино

31 желтоқсан, 2019

Алматыда ұлттық «Құлагер-2019» киножүлдесі табысталды

«Құлагер»  ұлттық кинематографиялық жүлдесі 2007 жылдан бастап өткізіледі

Brod.kaz

Таныс бейне

Анастасия Фёдорова

Актриса

Игорь Бабичев

Актер

Максим Митрофанов

Актер

Джон О’Нил

Актер