Заманауи қазақ кино өнеріндегі 10-үздік анимациялық фильм
Қазіргі көрермен жан-жақтан ағылып жатқан ақпараттарды қабылдауға мәжбүр. «Телевидение», «Интернет» құдіреті көрерменге таңдау, сұрыптау, бағалау сәттеріне тым аз мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе бұл жағдай балалардың күнделікті көреретін анимациялық фильмдеріне қатысты. Осы ретте, ұлттық құндылықтарды насихаттау мен режиссерлық шеберлігі арқылы ерекшеленген 10-үздік анимациялық фильмді назарларыңызға ұсынамыз.
«Қошқар мен Теке»

2009 жыл, «ҚАЗАҚФИЛЬМ», «Сақ-Жебе» ЖШС қатысуымен
Режиссер: Батырхан Дәуренбеков
Ұзақтығы -15 минут
Оқиға қошқар мен текенің өз иелерінен қашып шығуынан басталады. Басында қожайынсыз еркін өмір сүрген қандай жақсы деп қуанған олар, жолда көптеген қиындықтарға тап болады. Бұлардың үйірлі қасқырдың ортасына барып топ ете қалатын оқиғасы тіпті қызық. Ақыры, олар қасқырлардан әупірімдеп айлаларын асырып, аман құтылып, иелеріне қарай қашады. Бірақ естерін жиған қасқырлар алданғанын біліп, соңдарынан қуады. Әне міне жеттік-ау дей бергенде қолында қосауыз мылтығы бар иелері қасқырлардың алдынан шығады. Сөйтіп Қошқар мен Теке аман-есен қожайынымен табысады.
«Көксерек»

2015 жыл, KADAM animation studios, Қазақ ұлттық өнер университеті
Режиссер: Сандыбай Мейіржан
Ұзақтығы -15 минут
Фильм оқиғасы табиғатына жат жерге тұтқын болған қасқыр жайында. Қасен атты аңшы ауылға жыртқыш қасқырдың бөлтірігін алып келеді. Кейін оны кішкентай Құрмашқа тапсырады. Жас бала оған «Көксерек» деп ат қойып, бала мен кішкентай бөлтірік бір-біріне тез бауыр басады.
«Балақайлар мен Бөжекейлер»
2011 жыл, «ҚАЗАҚФИЛЬМ», «Animator PRO» ЖШС қатысуымен
Қоюшы – режиссерлері: Тхай Юлия, Қуат Қоңырқұлжаев, Рамиль Усманов
Ұзақтығы – 15 минут, 20 сек.
Бұл фильмде үлкен шулы қалада өмір сүріп жатқан кішкентай балақайлар: Тимур мен Жаниктің сүйікті анасы сапаржайға кеткен кезде басынан кешкен қызықты һәм қорқынышты хикаялары анимация тілімен бейнеленген. Фильм қазіргі заманда өмір сүріп жатқан сәбилердің таным-түсінігіне, олардың қиял әлеміне лайықталып жасалуымен құнды.
«Толағай»

2011 жыл, «ҚАЗАҚФИЛЬМ», «Сақ-дала» ЖШС қатысуымен
Ә Тәжібаевтың «Толағай» поэмасының желісімен түсірілген
Режиссер: Батырхан Дәуренбеков
Ұзақтығы -13 минут, 20 сек
Ә Тәжібаевтың поэмасы бойынша түсрілген аталмыш фильм туған елін құрғақшылық зарадабынан құтқарған алып бала – Толағай туралы. Құрғақшылық жайлаған еліне жаңбыр жаудыру үшін алыстан тау көтеріп әкелген Толағай сол таудың астында қалып көз жұмады. Фильм балаларды отансүйгіш болуға үндейді.
«Оттан жаралғандар»

2011 жыл, «ҚАЗАҚФИЛЬМ», «ASTANA FILM» ЖШС қатысуымен
Режиссер: Адай Әбелдинов
ұзақтығы - 13 минут
Фильм –Абылай ханның атақты Көкбалақ атты тұлпары туралы. Біздің заманымызға Абылайдың замандасы Байжігіт күйшінің «Көкбалақ» деген күйі жеткен. Ертедегі қазақтар жабайы жылқы – тарпаңдарды аулап қолға үйреткен. Мұндай тұлпарлар батырлардың жауға тастамас адал серігі болған. Күй -аңыз – Абылайдың Көкбалағы осындай тұлпар болған деп күмбірлейді.
«Жерұйық»

2013 жыл, «ҚАЗАҚФИЛЬМ», «ASTANA FILM» ЖШС қатысуымен
Режиссер: Адай Әбелдинов
ұзақтығы – 10 минут
Бұл - әлемді айналып шыққан қазақ жиһанкезінің басынан кешкен хикаялары жөніндегі фильм. Өгізге мінген Асан есімді қазақ жиһанкезі Африка, Америка, Еуразия материктерін шарлап Жерұйық іздейді. Ең соңында ол жер бетінде қазақ даласынан асқан құт мекен жоқ екендігіне көзі жетіп туған жеріне оралады. Фильмде отансүйгіштік сарын бар.
«Тастүлек»

2013 жыл, «ҚАЗАҚФИЛЬМ»
Режиссерлері: Тұрдыбек Майдан, Тілек Төлеуғазы
Ұзақтығы – 10 минут
"Тасүлекті" балаларға айналған этнографиялық фильм десе де болады. Фильмге түз тағысы - қыранды қолға үйрету қызықтары арқау болған.
«Тимур мен Айдаһар»

2013 жыл, «ҚАЗАҚФИЛЬМ», «AHIMTOR- PRO» ЖШС қатысуымен
Қоюшы – режиссерлері: Тхай Юлия, Рамиль Усманов
Ұзақтығы – 11 минут.
Тимур деген бір балақай айдалада бір балбал тасқа кез болады. Кенет жан біткен балбал тас Тимурды беймәлім әлемге бастай жөнеледі. Сөйтіп олар алып айдаһарға кез болады. Балбал батыр мен айдаһардың айқасы достыққа ұласады. Бұған әрине, Тимурдің сіңірген еңбегі зор.
«Аңшы»

2010 жыл, «ҚАЗАҚФИЛЬМ», «ASTANA FILM» ЖШС қатысуымен
Режиссер: Адай Әбелдинов
Ұзақтығы – 15 минут, 07 сек
Халық аңызыны желісімен түсірілген «Аңшы фильмінде» жабайы аңдарды қисапсыз қыру салдарынан жануарлар тәңірісі – арқардың киесіне ұшырап, суырға айналып кеткен жауыз аңшының хикаясы өзек болған.
Фильмнің жас ұрпақты табиғатты сүюге, оның аясында тіршілік етіп жатқан аңдарға, жан-жануарларға қамқорлық жасауға баулуда тәрбиелік маңызы зор.
«Мақтаншақ қыз»
.jpg)
2012 жыл, «ҚАЗАҚФИЛЬМ», «AHIMTOR- PRO» ЖШС қатысуымен
Қоюшы – режиссерлері: Тхай Юлия, Қуат Қоңырқұлжаев, Рамиль Усманов
Ұзақтығы – 10 минут, 30 сек
Халық ертегісінің желісі бойынша түсірілген аталмыш фильмге анасының тәрбиесіне көнбейтін "мақтаншақ қыздың" басынан кешірген хикаялары өзек болған. Бір қарағанда сырт көзге олақ көрініп, ылғи да анасын ұятқа қалдыра беретін қыз болып көрінгенімен "мақтаншақ қыз" шын мәнінде өз бақыты үшін күресе алатын қайсар жан. Оған дәлел - алдындағы барлық кедергі, тосқауылдарды өзінің тапқылығымен жеңе біліп, ел билеген ханға тұрмысқа шығуы...
Ержан Жұмабеков
Қосымша мәліметтер «Қазақфильм» киностудиясының ресми сайтынан алынды.


пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін