È

Қазақ тіліндегі 10 фильм

Қазақ тіліндегі 10 фильм

Қазақстан кинематографы туындағалы бері мемлекеттік тілдегі фильмдер аз түсірілген жоқ. Көптеген кинолар қазақ халқының дәстүрін, отбасылық құндылықтарды, нағыз достық пен мәңгілік махаббатты жырлайды. Қазіргі таңда киноөндіріс қарқынды дамып келеді, осыған орай «Бродвей» кинопорталы соңғы 5 жылда қазақ тілінде түсірілген фильмдер топтамасын ұсынады.


«Шал»

Режиссер Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмі Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» повестінің желісімен түсірілген. Оқиға жайылымға кеткен қойларды айдап әкелемін деп, жапан далада адасып қалған шалдың аясында өрбиді. Ол тура жолды іздеп жүріп, адамды құтқарады, қасқырлар тобына тап болады. Қиын жағдайда қалған басты кейіпкер мінезінің беріктігін әрі рухының мықтылығын көрсетеді. Фильмдегі оқиға заманауи Қазақстандағы бір ауылда болады. Фильмде ата-бабаларымыздың көшпенді өмірі сипатталған.

 

«Жаужүрек мың бала»

«Жау жүрек мың бала» фильмі – қазақ тарихындағы ауыр кезеңдердің бірі болып саналатын 18 ғасырдың бірінші жартысы туралы баяндайтын алғашқы фильмдердің бірі. Сартай (Асылхан Төлепов) батырдың жетекшілігіндегі жастар туған жерлерін қорғау үшін жаулармен шайқасады. Шешуші кезеңде қазақ батырларына «Мың бала» әскерінің көмегі тиіп, қазақ елі жеңіске жетеді.

 

«Бізді күтер бір бақыт»

Бір қарағанда фильм комедиялық жанрда түсірілгендей... Картинада тәрбиелік мағына бар әрі рухани азық топтастырылған. Оқиға ауылдан қалаға табыс табуға келген жас жігіттің аясында өрбиді. Басты кейіпкер (Нұржан Төлендиев) өте пысық, еңбекқор, жеңіл жолмен жүрмейтін жігіт. Ол қала өмірінің қиын да қызықты кезеңдерін басынан өткереді.

 

«Кенже»

«Кенже» фильмі режиссер Ермек Тұрсыновтың «Келін» мен «Шал» сынды трилогияларының соңғы бөлімі болып табылады. Картина балалық шақтарында ата-аналарынан айырылып қалған ағайынды екі бала туралы баяндайды. Балалар үйінен қашу, қаладағы ауыр өмір, алғашқы табыс табу – барлығы басты кейіпкерлердің моральды тұрғыда ер жетуіне әсер етеді, олар сатқындықты, зұлымдықты, жалғандық пен көңіл қалушылықты көреді. Фильм Қазақстан мен шетелдің әдемі табиғатына, қымбат көліктерге және драматизмге толы.

 

«Кілт»

Фильм өз ісінің жоғары санатты маманы, табысты архитектор Ермектің (Еркін Шымырқұлов) хикаясын баяндайды. Мансабында көптеген жетістіктерге жеткен кейіпкер бір сағатта барлығынан айырылады. Кезінде өзі көмектескен бір адам оған қайта көтерілуіне, күш жинауына жәрдемдеседі. Енді адамгершілікті бағалайтын сәт келді. Картина кейіпкерлері кәсіптің қатал шындығын, сатқындықты, көреалмаушылық пен арамдықты, махаббат пен кек алушылықты бастарынан өткереді.

 

«Құнанбай»

Фильм атауынан-ақ барлығы белгілі шығар. Фильмде Құнанбайдың өмірі ғана емес, сол кезеңнің тарихы баяндалады. Құнанбай өте беделді адам болған, оның мойнында жауапкершілік жүгі тұратын, себебі сот ретінде халық арасындағы дауларды әділ шешіп отырған. Картина жан-жақты қамтылған, күтпеген көптеген жағдайлар сипатталған, Қазақстанның өткен тарихын көркем жолмен бейнелеген.

 

«Hello ауыл»

Отансүйгіштік белгілері бар романтикалық комедия. Басты кейіпкер Бақыт (Бағлан Жолдасов) диплом алғаннан кейін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға барады. Қалалық жігіт үшін ауылдағы біраз дүниелер таңсық болып көрінеді. Ол ауыл мектебіне мұғалім болып орналасады да, оқушыларына нағыз тәрбиеші болады. Сонымен қатар, картинаның негізгі сәті – Бақыттың өз махаббатын кезіктіруі. Фильм өте жақсы түсірілген, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті дамытуға бағытталған.

 

«16 қыз»

Ересек Бауыржанның (Берік Айтжанов) ата-анасы ұлдарын үйлендіріп, немере сүюді армандайды. Бірақ, салмақты Бауыржан махаббатпен ғана отау құрғысы келеді. Бірақ, оның таңдаған аруы Айжан (Аша Матай) басқа біреумен атастырылған. Табанды Айжан Бауыржанға лайықты қалыңдық іздей бастайды. Басты кейіпкердің ата-анасының арманын орындау үшін кейіпкерлер түрлі қызықты оқиғаларға тап болады, жаңа танысулар, түңілу мен сатқындықты да көреді.

 

«Жанұя»

Картина сюжеті бір отбасының хикаясына арналған. Күйеуі әйелі мен бала-шағасын жаңа махаббаты үшін тастап кетеді. Жалғыз қалған әйел кішкентай балаларын аяққа тұрғызу үшін барлығын жасайды. Бір күні ер жетіп, аяқтарына нық тұрған балалар кезінде өздерін тастап кеткен әкелерін жолықтырады. Фильмнің басты мақсаты - отбасы құндылықтары мен қарым-қатынасты бағалауға, жастардың үлкендерді сыйлауына шақыру.

 

«Аманат»

Фильм тарихшы Ермұхан Бекмахановтың (Берік Айтжанов) қилы тағдырын баяндайды. Ермұхан көптеген материалдарды зерттей отырып, Кенесары ханның билік еткен кезеңдеріне қатысты өзіндік ғылыми қорытынды жасап шығарады. Осылайша, сол кезең тарихын еске түсіреді. Бірақ, кеңес билігіне бұл ұнамайды. Олар Ермұханды «буржуазиялық ұлтшыл» деп айыптайды, нәтижесінде репрессияға ұшырайды. Картинада уақыттың түрлі кезеңдері көрсетіледі, әрқайсысында үлкен мағына жатыр.

 

 

Әсел Базарбаева

1 пікір

Пікір қалдыру үшін

Мырзахмет

25 желтоқсан 2017, 02:43

Да это классно

Таныс бейне

Санұржан Сүлейменов

Актер