È

Шынайы оқиғаларға негізделген 10 фильм

Шынайы оқиғаларға негізделген 10 фильм

Шынайы оқиғалар негізінде түсірілген фильмдер көптен бері кинематографта өзіндік орынға ие және әрдайым көрермен тарапынан қызығушылық тудыратыны анық. Бүгін сіздер үшін тағдырға қарсы шыққан жандар мен олардың түрлі жағдайлармен күресіне арналған он фильмді таңдап алдық.


«Арго» операциясы»

Бен Аффлектің режиссерлік дебюті Иран көтерілісінің қызған шағында Тегерандағы америкалық дипломаттарды құтқаруға бағытталған арнайы операция хикасын баяндайды. Исламшылдар АҚШ елшілігін күштеп жаулап алған кезде, алты американдық қашып кетіп, канадалық елшілікке жасырынып үлгереді. Иранда олардың аман қалуы екіталай, сондықтан, бұл жағдайдан шығар жалғыз жол – дипломаттарды елден әкетуге қатысты құрылған қауіпті жоспар. «Арго» операциясының жетекшісі ОББ (ЦРУ) маманы Тони Мендес ерекше нұсқа ойлап табады. Картинаның тарихи шынайылығы бірқатар талас тудырған, тіпті фильмді Иранда көрсетуге тыйым салынды.

 

«Мюнхен»

Стивен Спилбергтің «Мюнхен» драмасы Олимпиада ойындары тарихындағы ең қайғылы оқиға – 1972 жылы болған жазғы Олимпиада кезіндегі лаңкестік шабуылды негізге алған. Ол кезде «Қара қыркүйек» атты лаңкестер тобы израилдық спортшыларды тұтқынға алып, өлтірген. Кейін Израиль премьер-министрі Голда Меир «Моссада» офицері Авнер Кауффманға сол сұмдық оқиғаның кінәлілерін жазалап, көздерін құрту мақсатында кішігірім топ құрып, операцияны басшылыққа алуды ұсынады. Басты шарт біреу ғана, Авнер ресми түрде «Моссададан» кетіп, құпия түрде әрекетке көшуі тиіс, себебі операция жүзеге аспай қалса, олар биліктен кек алуды көздемеуі керек.

 

«Шиндлер тізімі»

Стивен Спилбергтің ең танымал әрі әсерлі фильмдерінің бірі фантастикалық ертегі емес, шынайы өмірде болған адам – Оскар Шиндлер жайлы баяндайтын тарихи драма. Ол Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында мыңнан астам поляк еврейлерін Холокост салдарынан құтқарған. Неміс кәсіпкері болған Шиндлер Краковта фабрика ұйымдастырып, геттодағы тұтқындарды жұмысқа алған болатын.

 

«Өрлеу»

Жақында ғана кеңес баскетболшысы Сергей Беловтың өмірбаянына құрылған «Өрлеу» картинасы айналымда сәтті көрсетілді. Картинадағы негізгі оқиға 1972 жылғы қайғыға толы Мюнхен Олимпиадасында болған. Қаладағы жағдай ушығып кеткен. Лаңкестік шабуылға байланысты жазғы ойындар уақытынан бұрын аяқталды, ал қалған жарыстар болмай қалды. Хикаяның өзегі – Кеңес Одағының баскетбол құрамасы, олар Олимпиада алтынын алу үшін АҚШ тобымен бірге соңғы жарысқа шығуы тиіс.

 

«Алтыншы бекет»

«Алтыншы бекет» толықметражды картинасы жуырда еліміздің киноэкрандарынан көрсетіледі және жеті жыл бұрын болған оқиғаны баяндайды. Ол кезде Маңғыстау облысындағы қатаң тәртіптегі колониядан оннан астам қаруланған қылмыскерлер қашып кетеді. Қашқындар алтыншы бекеттен қатардағы жауынгер Ерлан Қаратаевтың (Ербол Отарбаев прототипі) тойтарысына тап болатынын ойламаған еді. Сарбаз сол түні кезекшілікке шығып, қылмыскерлердің көптігіне қарамастан, қызметін тастаған жоқ.

 

«Зодиак»

«Зодиак» лақап аты бар сериялық қанішердің ісі – Америкадағы толық ашылмаған белгілі қылмыстардың бірі. Маньяк қылмыстан бөлек, көлемді газеттерге өзі туралы кодты мәліметтер жазылған криптограмма хаттарын жіберіп отырған. Нәтижесінде, барлық хаттан тек бір ғана нәрсе білген. Бірақ, Зодиакты ұстау әрекеттері табысты бола қоймады. 2007 жылы «Жеті» және «Ержүректер клубы» фильмдері арқылы танымал Дэвид Финчер Роберт Грейсмиттің журналисттік зерттеуін экранға шығарды. Картинадағы оқиға 1968 жылдың шілдесінен басталып, қылмыс орын алған 12 жылды қамтыған.

 

«Егер қаласаң, ұстап ал»

Стивен Спилбергтің үшінші картинасы да тізімімізде , бұл да шынайы оқиғаларға негізделген. Бұл жолы танымал жанкешті Фрэнк Абигнейл жайлы детективті трагикомедия назарларыңызда, ол шебер түрде жалған дәрігер, прокурор көмекшісі, ұшқыш болып көрінді. Мұның барлығын жиырма бір жасқа толмай жасаған. Епті алаяқ болған Фрэнк көптеген жалған құжаттар жасап, миллион доллар табысқа кенелген, сол ақшаға қыздарға сыйлық алып, мейрамханаларға апарып, оңды-солды шашты. ФТБ (ФБР) агенті Карл Хэнрэтти Абигнейлді жауапкершілікке тартуға тырысады, бірақ үнемі бір қадам артта жүреді.

 

«Президент әскері»

1976 жылғы бұл фильм журналистер Боб Вудворд пен Карл Бернстейннің деректі кітабына негізделген, олар Никсонның үш жыл бұрынғы президент сайлауы алдындағы алаяқтығына қатысты деректерді тапқан болатын. Атышулы іс мейманхананың құрметіне «Уотергейт» деп аталған, яғни ол жақта Ричард Никсон әкімшілігі демократиялық партияның атынан үміткер болған Джордж Макговерннің штаб-пәтеріне құпия тыңдалым орнатуға тырысқан. Фильмде журналистік зерттеу мен дайындық жақсы көрсетілген.

 

«Джон Ф. Кеннеди. Далластағы атыс»

Оливер Стоун картинасының сценарийі Джим Гаррисонның «Қанішерлердің ізімен» және Джим Марстың «Тоғыспалы от: Кеннедиді өлтірген қастандық» атты екі кітаптың негізінде жазылған. Сюжеті Джон Кеннеди өлімін зерттеумен айналысқан прокурор Джим Гаррисонның тергеуіне негізделген. Ара-тұра ақ-қара көріністермен бейнеленген фильм жалған деректі стилистикада жасалған және АҚШ билігінің қолдауымен кубалық контрреволюционерлердің президентке ұйымдастырған қастандығын қарастырған.

 

«Ауыстыру»

Бұл әсерлі драма Кристин Коллинз хикаясын баяндайды, ол өткен жүзжылдықтың 20-шы жылдары баласын жоғалтып алғандығына байланысты полицияға арыз жазады. Бұл іс көпшіліктің назарын бірден өзіне аудартады және бес айдан соң қоғам қысымының арқасында полицейлер анасына баласын әкеледі, бірақ кейіпкер ұлын танымайды. Жағымсыз оқиғаның ізін суыту үшін Кристинді психикалық емханаға орналастырады. Картинада шынайы есімдер пайдаланғанымен, Уолтер Коллинздің жоғалуына байланысты оқиғаға қатысы бар басқа да маңызды дүниелер жеткіліксіз. Фильм режиссері Клинт Иствуд көрермен назарын баласын жоғалтып, оны ештеңе қарамастан іздеуге көшкен анаға аудартады.

Кез-келген сценарист шынайы оқиғаны киноэкранға шығарар алдында «хикаяны барынша қалай шынайы көрсетуге және көрерменді қаншалықты қажетті әсерге бөлеуге болады» деген сынды қиындықтарға тап болады. Мұндай картиналарда шынайы деректерден бөлек, үнемі белгілі бір көркемдік қиял болады, сол арқылы көрсетілімді әсерлі етіп шығаруға тырысады немесе керісінше болуы да ғажап емес. Жалпыға ортақ оқиғалар экрандалған кезде, қатаң пікірлер туындап жатады, әсіресе сол оқиғалардың куәгерлері тірі болып, өзіндік көзқарас танытқан кезде даулы мәселеге айналуы бек мүмкін.

 

Варвара Литвинова

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Тұңғышбай Жаманқұлов

Актер