È

«Өрлеу» спорттық драмасы Қазақстандағы кассалық жинақтың үздігі атанды

11-14 қаңтар аралығындағы кассалық жинақ

Өткен аптада киномандар «Өрлеу» спорттық драмасын, «Үлкен ойын» өмірбаяндық фильмін және «Қалауларыңнан сақтан» хоррорын тамашалады. Картиналар айналыммен айналысатындардың үмітін ақтады ма? Бұл сұрақтың жауабын Қазақстандағы кассалық жинаққа арналған материалымыздан оқи аласыздар.

Өткен аптаның 11-14 қаңтар аралығындағы қорытындысы бойынша, отандық айналымдағы бірінші орынды «Өрлеу» ресейлік драмасы иеленді. КСРО-ның баскетбол құрамасы жайындағы фильм тұсаукесерлі демалыста 91 180 000 теңге жинаған. Картина режиссер Антон Мегердичевтің алтыншы жұмысы болып табылады. Қоюшы бұрын «Метро» триллерін және «Шайқас» драмасын ұсынған еді. Фильм түсірілімі 2016 жылы жазда Мәскеуде өткен.

«Қазақша кәсіп Америкада» комедиясы 47 821 200 теңге жинағымен екінші орынға жайғасты. Картинаның музыкалық әрлеуі фильм режиссері Жеңісхан Момышевтың орындауындағы «Билеп ал» әні болды. Картина тұсаукесері Алматы мен Астанада өтті. Фильм 3 апталық айналымда 358 250 500 теңге жинаған.

«Өрлеу» фильмінен көрініс

Үшінші орынды 45 870 250 теңге жинағымен «Әйгілі шоумен» иеленді. Бастапқыда Дженни Линд рөлі актриса Энн Хэтэуэйге арнап жазылды. Кейін, бұл рөлге Кэрри Маллиган мен Эллен Пейдж қарастырылды. Соңында, Дженни Линдті Ребекка Фергюсон сомдады.

«Джуманджи. Орман шақырады» шытырман оқиғалы фильмі төртінші орынға ие болды. Картинаның демалыста 29 642 323 теңге жинады, ал айналымдағы жалпы жинағы 474 285 290 теңгені құрайды. Картинаға Том Холланд түсуі мүмкін еді, бірақ тығыз кестесіне байланысты ол жобадан шығып қалды. Түсірілімге қатысатынын Дуэйн Джонсон бірінші болып білдірген болатын. Актер бұл туралы 2016 жылы 22 сәуірде хабарлаған.

Бесінші орынға 17 931 600 теңге жинаған «Үлкен ойын» жайғасты. Фильм танымал покер клубының атышулы иесі Молли Блумның естеліктері негізінде түсірілді. Кітапты киносценарийға бейімдеген Аарон Соркин еді, сонымен қатар, ол жобаның режиссері болды. Аарон қойылымға қатысты дүниелерді Дэвид Финчермен («Жоғалып кеткен») кеңесіп, шешті.

«Үлкен ойын» фильмінен көрініс

«Біздің әкеміз кім, жігіт?» атты американдық комедиясы алтыншы орынға ие болды. Фильм 12 109 200 теңге жинады. Фильм сценарийінің құқығын Paramount Pictures иеленген еді, бірақ 2011 жылдың 14 маусымында студия жобадан бас тартты да, сценарийді сатылымға қойды. Нәтижесінде, фильм құқығын Warner Bros. Кинокомпаниясы сатып алды.

Төменгі орынға «Қалауларыңнан сақтан» қорқынышты фильмі жайғасты, оның жинағы 8 425 000 теңгені құрайды. Таспа сценарийі 2015 жылы «Жарыққа шықпаған үздік жобалар» тізімінде болған. Режиссері «Ымырттың» бірінші бөлімінің қоюшысы Кэтрин Хардвиг болуы мүмкін еді. Алайда, режиссерлік орынға Джон Роберт Леонетти ие болды. Хоррор бюджеті 12 миллион долларды құрайды.

«Жәндіктердің жұмбақ өмірі» анимациясы алғашқы демалыста 8 412 600 теңге жинады. Мультфильм Антун Гринкстің комикстер топтамасына негізделген. Анимация Арно Буронның дебютті толықметражды жұмысы болдып табылады. Бұрын режиссер хикаялар түсірілімімен айналысқан.

«Жәндіктердің жұмбақ өмірі» мультфильмінен көрініс

Ең аз касса жинаған кинотаспалар: «Сламбер: Түс лабиринттері» - 7 944 898 теңге, «Үш батыр және Египет ханшайымы» - 6 941 935 теңге, «Барлығы енді басталады» - 6 903 750 теңге және «Фердинанд» - 6 177 000 теңге.

Айналым жаңалығы «Санта және компания» қазақстандықтардың қызығушылығын тудырмады. Картина 331 900 теңге ғана жинады.

Өткен аптада жеңіліс тапқандардың арасында 2 673 761 теңге көлеміндегі кассасымен «Жаңа шыршалар» фильмі бар. Комедия айналымның 4 аптасында 111 176 295 теңгеге ие болды.

 

* Материал Meloman Entertainment компаниясының және Comscore мен Ticketon.kz мәліметтері бойынша дайындалды

Қазақстанда Comscore жүйесіне Chaplin Cinemas, Star Cinema және Арсенал кинотеатрлар желісі қосылған.

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Төлеубек Аралбай

Актер