È

Алдияр Байрақымов: «Бізге керегі – нарықты дүр сілкіндіретін қызықты, сапалы сценарий»

Алдияр Байрақымов: «Бізге керегі – нарықты дүр сілкіндіретін қызықты, сапалы сценарий»

Алдияр Байрақымов 1991 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2009-2014 жылдар аралығында Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА «Кино және ТВ режиссер-продюсері» мамандығы бойынша оқыған (Айгүл Мүкей шеберханасы). 2014 жылы аталмыш оқу орнында магистратурасын жалғастырды.


- Сіз үшін кино деген ұғым қандай мағына береді?

Менің өмірімде киноның алатын орны ерекше. Сағаттап, тіпті күн сайын кино көріп, ол жайлы ойлап, талқылауға, сценарий жазып, олардың жазылу әдістері жайлы оқуға бармын. Түсірілім барысын өте жақсы көремін. Егер кино болмағанда өмірімнің қалай боларын елесте де алмаймын.

- Кино саласына келуіңізге себепкер болған кім/не?

Кішкене кезімнен шығармашылықпен айналысыппын. Жастайымнан театр үйірмесіне қатысатынмын. Барлық пәндерден үлгерімім жақсы болатын, бірақ гуманитарлық пәндерге бүйрегім бұрып тұратын. Мектеп бітірген соң журналист боламын деп жүріп, еліміздегі университеттің біріне түсуге бел будым. Бақытыма орай, бізде Т.Қ.Жүргенов атындағы өнер академиясы бар екендігін айтты. Бірінші рет барғаным әлі есімде. Емтихандар кезі болатын. Дәліз қызу дайындық үстіндегі актерлер, музыканттар мен хореографтарға толы болатын. Құдды бір һоллиудтық фильмге тап болғандай күй кештім. Осында түсемін деп нақты шештім. Менің мамандығым «кино және ТВ режиссер-продюсері» болды. Біздің ағындағы режиссерлермен достасып алдым. Кейін болашақта бірлесіп 20-ға жуық картина түсірген Венера Қайыржановамен таныстым. 2010 жылы өзімнің алғашқы «Кешіккен» (Опоздавший, 2011, Б.Өнермен бірлесе) деген фильмімді түсірдім. Барлығы содан басталды. Маған кино арқылы оқиғалар баяндаған ұнады.

- Сізді шабыттандыратын қай режиссердің шығармашылығы? Олардың жұмыстары несімен ерекшеленеді?

Сүйікті режиссерім жоқ. Фестивальдік фильмдерді де, коммерциялық фильмдерді де көргенді ұнатамын. Мен үшін бастысы – мықты сценарий мен фильмде көңіліңді тебірентетін нәрсенің болғаны.

- Киноның қоғамдағы ролі қандай болуы қажет?

Кино – өнер және оны белгілі бір шеңберге салып қоюға болмайды. Кино тек тәрбиелеуші, надандарға жол көрсететін дәріптеуші болуы керек деуге болмайды. Әркім өзінің талғамына сай нәрсені табуы мүмкін. Кино біреулер үшін кештерді әсемдейтін жұбаныш болса, бір адамдарға ол өнер.

- Қазақ киносының өткені мен бүгінін салыстырып қарайтын болсақ, қандай өзгерістер орын алып отыр?

2009 жылы академияға оқуға түскенде көбіне фильмдер «Қазақфильм»-нен шығатынын және одан өзге де фильмдер түсіруге тырысатын санаулы жеке компаниялар барын байқадым. Кинотеатрларда көрсетіліп жатқан жергілікті фильмдер көрермендердің назарын аудара алмады. Ресейлік прокатқа шығамыз деген ниетпен ресейлік актерлерді шақыратын продюсерлердің ойлары іске аспайтын. Солай-солай өзгерістер орын ала бастайды. Canon цифрлық фотоаппараттар шығарса, Стив Жобстың (Steeve Jobs) IPhone-дары жақсы түсіре бастады. DJI көз жетер биіктіктен түсіретін ұшатын дрондар шығарды. Видео жасау өндірісі барлығына қолжетімді бола бастады. Шетінен бәрі оператор, бәрі режиссер. Ситкомдар өндірісі қарқынды дами бастайды, жайдарманшылар телевизияны әзілдік бағдарламалармен жаулап алды, клиптердің өндірісі ілгеріледі. Индустрия тоқтаусыз жылдамдықпен дами бастады. Қазақтың тойларынан өсіп шыққан жеке студиялар пайда бола бастады. Жабдықталған осы студиялар сериал түсіруге тапсырыс ала бастады. Осыдан бастап, қазақ кинематографиясының дүмпуі басталды.

Нұртас Адамбай прокатқа «Сабина келін» фильмін шығарды. Телевизияда да сәтті шыққан өнім, нарықты «жарды». Нұртас жинаған қаржыны адамдар талқыға салады. Адамдар Кәмерон (James Cameron) болмасаң да, «кішкентай» нарықта үлкен қаржы табуға болатынын түсінді. Қазір жылына 70-ке жетіп жығылатын қазақстандық фильмдер жарыққа шығуда. Бұл 2009 жылмен салыстырғанда үлкен айырма. Әрине, бұл туындыларды «жауһар» деп атауға болмайды. Себебі, табыс табуды мақсат еткендіктен, көпшілігі түкке тұрғысыз фильмдер боп шығады. Дегенмен, арасында расымен сапалы туындылар бар. Көбіне бұл комедиялар, себебі олар өндіріс жағынан алғанда әлдеқайда арзанырақ және көрермендер де сүйіп көреді.

Фестивальдік кинода біздің кинематографистер үлкен жетістікке жетіп жатыр. Жоғары дәрежедегі кинофестивальдерде еліміздің картиналары қатысып жатса, ешкім таңғалмайды. Тіпті, олжалы қайтқан күндері де аз емес! Меніңше, қазақ киносы тәй-тәй басып, аяғына нық тұрып келеді және белгілі бір оқиғадан кейін жаңа баспалдақта көтеріледі деп ойлаймын.

P.S. Оқиға демекші, қазақстандық жас режиссерлер әлемдік клип нарығын жаулап алды. Оларды ТМД елдеріне ғана емес, алыс шетелге де шақырып жатыр. Кеше ғана американдық рэп-орындаушылардың бейне баяндарын түсірген танымал Айсұлтан Сейітовтің жұмысын көрдім. Бұл дегенің, жаңалық қой! Тамаша режиссура, керемет суреттер. Бәлкім, осы қыз-жігіттер толықметрлі фильм түсіре бастаған уақытта фильмдеріміздің сапасы өзгеретін шығар. Көре жатармыз.

- Сіздің ойыңызша, қазіргі отандық фильмдерге не жетіспейді? Артықшылығы мен кемшіліктері?

Меніңше, біздің фильмдерге мықты сценарий жетіспейді. Мен қазір коммерциялық кинематограф жайында айтып отырмын. Түрлі жанрлар, сюжет жетіспейді. Продюсерлердің басым көпшілігі той тақырыбында қалып қалған және жаңа нәрсені байқап көруге жүрексінеді. Кейіпкерлерге аз көңіл бөлінеді, көбіне олар жасанды, шынайы емес. Сол секілді кете береді. Бізге керегі – нарықты дүр сілкіндіретін қызықты, сапалы сценарий.

- «Байқоңыр» кинофестивалінде көрсетілген «Хлоп-топ» фильміңіздің идеясы қалай пайда болды?

Біздің досымыз Роман Жуков аниматордың бастан кешкен оқиғасын айтып берді. Аниматор мүгедек балалардың шыршасына тап болады да, не істерін білмей дал болады. Іздегенге табылған, бір конкурсқа идея іздеп жүрдік те, осыны жүзеге асыру қызық болады деп ұйғардық.

Әдеттегідей уақытымыз аз болып, Рома сол кеште-ақ сценариін жазды. Біз бір күнде жиналып, бір жарым күнде түсіріп шықтық.

- Болашақта қандай тақырыптарда фильм түсірмек ойыңыз бар? Аталмыш тақырыпқа қызығушылығыңыздың себебі не?

Жұрт қана емес, өзің де сүйсініп көретін фильм түсіру керек. Өзімді әр түрлі фәнтеси, әкшн, комедия, байопик сынды жанрларда сынап көргім келеді. Өзімді бір ғана нәрсемен шектегім келмейді.

Дайындаған Baiqonyr ISFF дирекциясы

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Baiqonyr ISFF: Ushqyn байқаудан тыс бағдарламасы

ІІ ХКФ Ushqyn студенттік кинофестивалінің үздік қысқаметрлі фильмдері Baiqonyr ISFF-де көрсетіледі

Brod.kaz

Казахстанское кино

9 Қыркүйек, 2019

IV Baiqonyr International Short Film Festival жеңімпаздары

Baiqonyr фестивалі қысқаметрлі кино саласындағы үздік режиссерларды анықтады 

Brod.kaz

Baiqonyr ISFF: Ұлттық байқаудың қатысушылары

Байқауға 22 қысқаметрлі фильм енді

Brod.kaz

Таныс бейне

Досхан Жолжақсынов

Актер

Тұңғышбай Жаманқұлов

Актер