È

Шарипа Оразбаева: «Қазақ киносының өткені ол классика. Ал бүгіні ізденіс»

Шарипа Оразбаева: «Қазақ киносының өткені ол классика. Ал бүгіні ізденіс»

Шарипа Оразбаева Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА «Кино режиссері» мамандығын (Болат Қалымбетов шеберханасы, 2010), «Кино және ТВ режиссерлерінің жоғарғы курсы» мамандығын (И.Квирикадзе шеберханасы, 2013) тәмамдаған. Лиссабондағы фильм өндірісі технологиясынан халықаралық тәжірибесінен өткен (2013).


- Сіз үшін кино деген ұғым қандай мағына береді?

Мен үшін кино – үлкен өнер. Бірақ, ресейлік режиссер А.Миттаның «Мен өнер деген сөзді ұнатпаймын, өйткені кино ол үлкен жұмыс» деп айтқанындай, кино – үлкен жұмыс. Мұнда, бір ғана режиссердің емес, бірнеше адамның, соның ішінде, түсірілім алаңындағы қарапайым жұмысшының да еңбегі орасан зор.

- Кино саласына келуіңізге себепкер болған кім/не?

Мектеп қабырғасында жүргенде көптеген қысқа әңгімелер жазатынмын. Әсіресе, әдебиет сабағындағы еркін тақырыпты жақсы көретінмін. Сонда ұстазым ең алдымен үй тапсырмасын менен сұрайтын. Әр түрлі жанрда жазған әңгімелерімді бүкіл сыныппен ұйып тыңдайтын. Содан кейін журналист болсам деген арман болды. Алайда, мектеп бітірген соң, кейбір жағдайларға байланысты мен ол мамандыққа тапсыра алмай өнер академиясына оқуға түстім. Актер әрі режиссер Болат Қалымбетовтың шеберханасында тәлім алып, ІІІ курсқа келгенде «Кино режиссурасы» және «ТВ режиссурасы» деп курсты екіге бөлген болатын. Курс шебері Б.Қалымбетов «режиссура – қиын мамандық! Әсіресе, қыз балалар үшін өте қиын» – дейтін. Дегенмен де, менің бойымнан кино режиссерін көретінін айтып, кино режиссері саласында қалуыма ықпал етті. Есімде, ұстазымыз біздің оқу шеберханамыздың қабырғасына «Режиссураны үйретуге болмайды, режиссураны үйренуге болады» деген үлкен плакат іліп қойды. Содан өз қиялыңдағы басқа әлем, екінші шындықты өз қолыңмен жасайтын кино әлемін жақсы көріп кеттім. Шынымен де, кино режиссурасы тек үйренудің арқасында ғана шыңдала түседі.

- Сізді шабыттандыратын қай режиссердің шығармашылығы? Олардың жұмыстары несімен ерекшеленеді?

Мен қандай да бір режиссерді бөліп жарып айтпас едім. Ол дұрыс емес те деп ойлаймын. Өйткені, әрбір режиссер өз туындысына туған баласы сынды қарайды. Барлық режиссер фильмінің жақсы болып шығуын қалайды. Сол үшін қыруар еңбек атқарады, денсаулығын, өмірін береді десе де болады. Ал, сол баланың өмірде өз орнын табуы ол бөлек әңгіме. Мен әр мемлекеттің кинематографиясын атап айтар едім. Мысалы, маған иран, корей, қырғыз кинематографиясы ұнайды.

- Қазақ киносының өткені мен бүгінін салыстырып қарайтын болсақ, қандай өзгерістер орын алып отыр?

Меніңше, Қазақ киносының өткені ол классика. Ал бүгіні ізденіс. Бүгінгі күнгі жастардың фильмдері ізденіс үстіндегі жұмыстар. Өткен мен бүгінгіні салыстырудың өзі қателік секілді. Өйткені, әр нәрсенің өз орны бар, ол болуы тиіс, ол тарихта қалуы тиіс. Тіпті, айтатын болсақ, техникалық тұрғыдан өзгерістер көп. Ол кезеңдерде пленкаға түсірілді десек, қазір заманауи қанша түрлі камералар бар. Идея тұрғысынан да өзгерістер көп. Оны атап айтпай-ақ, көрген көрермен бірден байқайды деп ойлаймын.

- Сіздің ойыңызша, қазіргі отандық фильмдерге не жетіспейді? Артықшылығы мен кемшіліктері?

Қазір біздің отандық фильмдерге ұлттық нақыш жетіспейді дер едім. Негізі ол бар. Оны тіпті қазіргі таңда кинотеатрларда қаптаған коммерциялық фильмдерден де байқауға болады. Алайда, ол дөрекі түрде көрсетіледі. Біз сол өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді экранда мысқыл, күлкі, масқара ретінде көрсетеміз. Мысалы, қазіргі кездегі ең танымал «ұят» бейнесін алайық. «Ұят» қазақ дүниетанымына тән ұғым. Бәріміздің санамызда «ұят» қандай да бір тыйымдық сөздермен ассоциацияланады. Сол бір ұят деген сөз әрбір адамды бейсаналық түрде адами шектен шығып кетпеуге итермелейді. Ал енді сондай ерекшеліктерді біз керісінше, ұлттық ерекшелік ретінде көрсетудің орнына заманауи фильмдерде келемеждеп көрсетеміз. Шетелдік ірі кинофестивальдерде ең алдымен, фильмдердегі ұлттық ерекшелік бағаланады. Олар атыс-шабыс, біркелкі сарындағы комедия дегендерді көптеп көрген, ал өзге ұлтты тану, өзге ұлттың мәдениетін, дүниетанымын ашу олар үшін үлкен олжа.

- «Байқоңыр» кинофестивалінде көрсетілген фильміңіздің идеясы қалай пайда болды?

«Картоп жегіштер» қысқаметрлі фильмі І «Байқоңыр» кинофестивалінде Бас жүлдені жеңіп алған болатын. Негізі мен оны күтпеген едім. Бұл кинофестиваль сол кезде ең алғаш рет ұйымдастырылып отырған еді. Сондықтан да, болар кейін келе бұл фестиваль ірі көлемдегі Республикалық қысқаметрлі фильмдердің кинофестивалі болады деп ойламадым десе де болады. Фильм идеясы атақты суретші Винсент Ван Гогтың «Картоп жегіштер» (Нидерл. De Aardappeleters, 1885, Vincent Van Gogh) деп аталатын туындысы негізінде пайда болды. Негізі қашан да «мен көлік кептелісін жақсы көремін» деп айтып жүрем. Есімде, бұл фильмнің сюжеті де сол көлік кептелісінде отырған кезде ойымда жазылған. Кейін, «Bogachi Studio» жеке киностудиясына барып, ондағы ағайынды Богачевтерге осы идеяны айтқанымда, олар көмектесуге келісті. Осылай фильм түсірілді.

- Болашақта қандай тақырыптарда фильм түсірмек ойыңыз бар? Аталмыш тақырыпқа қызығушылығыңыздың себебі не?

Болашақта авторлық бағыттағы, әлеуметтік тақырыптағы фильмдер түсіремін деп ойлаймын. Ал, қандай сюжеттегі фильмдер болатындығы уақыт еншісінде.

Дайындаған Baiqonyr ISFF дирекциясы

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Baiqonyr ISFF: Ushqyn байқаудан тыс бағдарламасы

ІІ ХКФ Ushqyn студенттік кинофестивалінің үздік қысқаметрлі фильмдері Baiqonyr ISFF-де көрсетіледі

Brod.kaz

Казахстанское кино

9 Қыркүйек, 2019

IV Baiqonyr International Short Film Festival жеңімпаздары

Baiqonyr фестивалі қысқаметрлі кино саласындағы үздік режиссерларды анықтады 

Brod.kaz

Baiqonyr ISFF: Ұлттық байқаудың қатысушылары

Байқауға 22 қысқаметрлі фильм енді

Brod.kaz

Таныс бейне

Санұржан Сүлейменов

Актер