È

Адай Әбілдинов: «Жастардың кино өнеріне кәсіби тұрғыда бет бұруы көңіл қуантады»

Адай Әбілдинов: «Жастардың кино өнеріне кәсіби тұрғыда бет бұруы көңіл қуантады»

Жуырда Алматы қаласында «Байқоңыр» қысқаметрлі фильмдер фестивалі болып өтті. Фестивальдің қазылар алқасының мүшесі, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның «Анимациялық кино» бөлімінің жетекшісі, режиссер Адай Әбілдиновпен қазіргі анимациялық фильмдердің деңгейі жайлы сұхбаттасқан едік.


- Бүгінгі таңда еліміздегі анимация қай бағытта дамып келе жатыр деп ойлайсыз?

- Қазіргі уақытта, соңғы екі жылдың ішінде біз анимациялық фильмді жасау бағытында үлкен жетістіктерге жеттік. 2017 жылы қазақ анимациясына 50 жыл толуына орай, үлкен сый жасадық. Екі бірдей толықметрлі «Күлтегін» және «Мұзбалақ» анимациялық фильмдерін түсірдік. Олардың тұсауы осы күз мезгілінде кесіледі деп жоспарланып отыр. Бұл біздің шығармашылық топ үшін үлкен жетістік. Өйткені, осы қос туындының аясында үлкен техникалық жетістіктерге жетіп, кадрларды толықтырдық. Режиссура және драматургиялық жағынан да үлкен тәжірибие жинадық десек болады. Тағы да айта кететін жайт, жыл сайын бір-екі толықметражды фильм түсіруді үрдіске айналдырмақпыз.

- Жуырда өткен «Байқоңыр» кинофестивалі аясында көрсетілген анимациялық фильмдер жайлы ойыңыз?

- Биылғы жылы алғаш рет «Байқоңыр» фильмдер фестивалінде қазылық еттім. Сарапқа түскен туындылардын 98%-ы дерлік көрермен назарына ұсынуға тұрарлық. Фестивальдің ұйымдастырылуы да, ауқымының кеңеюі де, жастардың кино өнеріне кәсіби тұрғыда бет бұруы да көңіл қуантады.

- «Үздік анимациялық фильм» және «Үздік қоюшы-суретші» жүлдесін иеленген Иван Ардашовтың «Өркеш» фильмі турасында не айтасыз?

- Мені барлық жағынан: монтаж, суретшілік, дыбыс және мағынасы бойынша таңқалдырған осы фильм болды. Әсіресе, орыс жігітінің қазақтың ұлттық құндылықтарын, әке мен бала арасындағы берік қатынасын шебер жеткізгендігі жеңіске әбден лайық деп санаймын. Қасқырдың образы арқылы түпкілігін терең түсіндірген бұл фильм ерен еңбектің арқасында қос бірдей марапатқа ие болды.

- Жеңімпаз Иван Ардашовпен бірігіп жұмыс істеу жоспарда бар ма?

- Әрине, тәуелсіз тұлға болғандықтан, әрбір адам өз қалауымен шешім қабылдауға құқылы. Дегенмен, «Өркеш» анимациялық фильмін одан әрі дамытып, бірігіп жұмыс істеуге бағытталған ұсыныс режиссер тарапынан болып жатса, біздің құшағымыз әрдайым айқара ашық.

- Анимациялық туындыларда қозғалатын тақырыптардың өзектілігі?

- Анимация арқылы әр түрлі әлеуметтік мәселелерді, тарихи, ғылыми, рухани құндылықтарды, балаларға арналған тәрбиелік маңызы зор дүниелерді көрсетуге болады. Нақ осы «Байқоңыр» фильмдер фестивалі туралы айтар болсам, мұнда сан алуан мәселелер көтерілгендіктен, тақырыптары да әр түрлі. Дегенмен, бүлдіршіндердің сүйікті ойыншығына айналатындай, көзге оттай басылатын кейіпкер шығару үшін әлі де үлкен ізденіс керек. Аниматор әріптестер осы мәселені қолға алса деген тілек бар.

- Бұл фильмдердің техникалық түсірілімі қай деңгейде деп ойлайсыз?

- Әрине, кәсіби тұрғыдан қарағанда аз-кем қателіктер бар. Өйткені, сапалы анимациялық туынды жасау көп қаржыны талап етеді. Мүмкін, бір себебі осыған байланысты шығар. Сондықтан, мамандар даярлайтын оқу орындары заманауи техникалармен қамтамасыз етілсе деген тілегіміз бар.

 

Сұхбаттасқан: Мария ПИЛТАН

Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық

Өнер академиясының 4 -курс студенті

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Интервью

26 Тамыз, 2019

Алдияр Байрақымов: «Бізге керегі – нарықты дүр сілкіндіретін қызықты, сапалы сценарий»

I Baiqonyr SFF «Үздік сценарий» номинациясы жеңімпазы Алдияр Байрақымовпен сұхбат

Brod.kaz

Интервью

24 Тамыз, 2019

Шарипа Оразбаева: «Қазақ киносының өткені ол классика. Ал бүгіні ізденіс»

І Baiqonyr SFF бас жүлдесінің иегері Шарипа Оразбаевамен сұхбат

Brod.kaz

Таныс бейне

Дастен Шәкіров

Актер

Құралай Анарбекова

Актриса