È

Бірнеше «Оскар» алған актерлар

Бірнеше «Оскар» алған актерлар

Америка киноакадемиясының жүлдесін табыстаудың соңғы салтанаты Гильермо дель Тороның «Су қалыбы» фильмінің даулы жеңісімен аяқталды. Содан бері бір айдай уақыт өтті, дау басылды, дегенмен біз сіздерді «Оскар» тарихындағы қызықты деректермен таныстыруды жалғастырамыз. Бүгін көп мүсіншеге ие болған рекордсмен актерлар жайлы айтамыз.


Даниэл Дэй-Льюис

Басты заманауи актер әрі кино тарихындағы үздік актерлардың бірі былтыр Пол Томас Андерсонның «Елесті жіп» картинасын өзінің соңғы жұмысы болатынын мәлімдеген болатын. Айтпақшы, бұл жобада ол үздік актер аталымына ұсынылған еді. Көпшілігі бұл картинаның актердің соңғы жұмысы екендігіне сенгісі келмейді, әлі де киноға түсе береді деп ойлайды. Өйткені, бүгінгі таңда Дэниельде алты номинация мен үш жеңісі бар. Ол «Менің сол аяғым», «Мұнай» және «Линкольн» фильмдеріндегі үздік ер адам рөлі үшін «Оскар» алған. Дэй-Льюис үздік актер ретінде киноакадемия жүлдесін үш мәрте алған жалғыз адам.

 

Джек Николсон

Әйгілі әрі сұмдық Джек «Оскарға» 12 мәрте ұсынылған, бірақ өзімен бірге 3 мүсіншені ғана алып кеткен. Дэй-Льюиске қарағанда, ол «Үздік ер адам рөлі» («Көкек ұясының үстімен ұшқанда», «Бұдан жақсы болар ма») аталымында екі рет және «Екінші қатардағы үздік ер адам рөлі» («Нәзіктік тілі») аталымында 1 рет жеңіске жеткен. Ол ер актерлардың ішінде аталым саны жағынан рекордсмен және Батыстың ең құрметті актерларының бірі болып келеді.

 

Уолтер Бреннан

«Алтын Голливуд» кезеңіндегі американдық актер 1937-1941 ж.ж. аралығында үш «Оскар» жеңіп алған. Ол екінші қатардағы үздік ер адам рөлі үшін үш мүсіншені де алған жалғыз адам. Бреннан «Кино статистері гильдиясында» ерекше танымалдылыққа ие болған дейді, сондықтан үнемі жеңіске жеткен екен. Кейін, актер үшінші мүсіншені алған соң, «Статистер гильдиясы» дауыс беру құқығынан айырылған. Дегенмен, көпшілік кино сүйер қауым үшін Бреннан кинематография тарихындағы жақсы мінезді актерлардың бірі болып табылады.

 

Том Хэнкс

Америка ұлттық қаһарманы және әлемнің сүйікті актерларының бірі Том Хэнкс «Филадельфия» және «Форрест Гамп» фильмдеріндегі рөлі үшін екі мүсінше алған. Ол әлемдік кинематограф тарихында екі жыл қатарынан осы жүлдені алған қос актерлардың бірі – алғашқысы отызыншы жылдардағы әйгілі Спенсер Трейси болған. Хэнкстің фильмографиясы бай, ол оскарлы рөлдерден бөлек, көптеген танымал режиссерлардың туындыларына түскен әрі Голливудтағы ең табысты актерлардың бірі болып есептеледі.

Осылардан басқа, Дастин Хоффман, Марлон Бранд, Шон Пенн, Дэнзел Вашингтон, Гэри Купер, Джек Лэммон, Кевин Спейси, Джин Хэкман және екі «Оскардан» алған көптеген марқасқа актерлар бар.

 

Кэтрин Хэпберн

Актрисалардың ішінде сұлу Кэтрин ерекше көзге түседі, оның қоржынында төрт мүсінше бар. Хэпберн төрт рет «Үздік актриса» атанды. Оған «Ерте келген даңқ», «Түскі асқа кім келетінін тауып көр», «Қысқы арыстан» және «Алтын көлде» фильмдері жеңіс сыйлады. Есте қаларлығы, ол алғашқы жүлдесін 1934 жылы, ал соңғысын 1982 жылы алған. Ол да Николсон секілді 12 аталымға ұсынылған, бірақ бұл әйелдер арасында жақсы көрсеткіш емес.

 

Мэрил Стрип

Ал теңдесі жоқ Мэрил 21 аталымға ұсынылып, жүлде тарихында үміткер актриса ретінде әйгілі Гиннес рекордтар кітабына енген. Бірақ, осының барлығына қарамастан, академиктердің сүйіктісі алтын мүсіншені үш рет қана жеңіп алды. Оған «Крамер Крамерге қарсы», «Софи таңдауы» және «Мықты ханым» картиналарындағы рөлі табыс әкелді. Стрип әлі де кино саласында сұранысқа ие және түрлі рөлдерді сомдап жүр – жақын арада жеңіс саны жағынан Хэпбернді басып озуы әбден мүмкін.

 

Ингрид Бергман

Голливудтың «Алтын кезеңінің» тағы бір танымал актрисасы. Ол өз мансабында «Газды жарық», «Анастасия» және «Шығыс экспрессіндегі өлім» фильмдері үшін үш «Оскар» иеленген. Дегенмен, алғашқы екеуінде «Үздік актриса» атанса, соңғы картинада «Екінші қатардағы үздік актриса» аталымында жеңіске жеткен.

 

Вивьен Ли

Тағы да он үш актриса «Оскардың» екі мәрте жеңімпазы атанған, солардың ішінен американдық актриса Вивьен Лиді ерекше атап өтуге болады. Ол «Желмен ғайып болғандар» және «Тілек трамвайы» классикалық фильмдеріндегі рөлдері арқылы танымал. Әйгілі актриса аты аңызға айналған Лоуренс Оливьеге тұрмысқа шыққан, бұл одақ Голливуд тарихындағы ең сұлу жұп болып саналады.

 

Элизабет Тейлор

Элизабет – 1963 жылы аттас фильмдегі Клеопатра рөлі үшін миллион доллар ақы алған алғашқы актриса. Ол «Баттерфилд, 8» және «Вирджиния Вульфтен кім қорқады» картиналары үшін екі рет жеңіске жетіп, бір арнайы марапатқа ие болған. Тейлор күні бүгінге дейін кино тарихындағы әйгілі жұлдыздардың бірі болып есептеледі.

 

Фрэнсис Макдорманд

«Эббинг шекарасындағы үш билборд, Миссури» фильміндегі рөлі үшін «Үздік әйел рөлі» аталымында соңғы «Оскарды» жеңіп алған, «Оскардың» төрт дүркін иегері, танымал режиссер әрі сценарист Джоэль Коэнның жары Фрэнсис алғашқы мүсіншесін сонау 1997 жылы ағайынды Коэндердің «Фарго» картинасындағы жұмысы үшін иеленген еді. Одан бөлек, актриса екінші қатардағы рөлді орындағаны үшін үш аталымға ие болып, Америка киноактерлар гильдиясының төрт жүлдесін алған.

Осылардан басқа, Джейн Фонда, Салли Филд, Джоди Фостер, Хилари Суонк және т.б. актрисалар ардақты мүсіншені екі реттен жеңіп алып, мәңгіге кинематограф тарихына енді.

 

Жанкелді Өмірәлиев

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Досхан Жолжақсынов

Актер