È

Александр Гольцев: «Махаббатпен» - бұл қатал комедия»

«Махаббатпен» фильмінің режиссері Александр Гольцевпен сұхбат

25 қаңтар күні «Махаббатпен» атты толықметражды фильм айналымға шығады. Фильмнің қоюшы-режиссері – Александр Гольцев, фильм оның киноөндірістегі алғашқы қадамы. Оған кинотаспаның бас продюсері Фархат Әбдірайымов көмектесті. Ортақ жобаларының не жайлы екендігін және фильмнің неліктен «қатал комедия» аталатынын Александр Гольцев «Бродвей» кинопорталына берген сұхбатында айтып берді.


- Неліктен «Махаббатпен» фильмін қатал комедия деп атайды? Бұл «қаталдық» неден байқалады?

- Фильмнің нақты жанрын анықтау қиын. Картинаны көргендердің бір тобы бұл мелодрама десе, біреулері - комедия, енді бірі - қылмыстық комедия, ал кейбіреулері драма деп жатыр. Шынымен де, бұл картинада бірнеше жанр араласқан. Фильмдегі әрекеттер жастар мелодрамасы сияқты басталып, сосын драмаға, ал фильмнің ортасында қылмыстық комедияға ауысады.

- Фильм түсіруге дайын екеніңізді қашан байқадыңыз?

- Кино түсіру туралы ой бұрыннан болған, ал сценарийі бірнеше жыл бұрын жазылды. Мен көптеген режиссерлар сияқты өз уақытында КТА-ның мектебінен өттім, кейін көптеген жарнамалар, хикаялар түсірдім, сценарист болып жұмыс істедім, сондықтан фильм түсіруге деген дағды қалыптасты. Ақырында, тағдыр мені Фархат Әбдірайымовпен жолықтырды. Танысқаннан кейін, екеуіміздің осы фильмді түсіру идеямыз жанданып кетті. Сценарий дайын болғанымен, әртүрлі себептермен оны жүзеге асыра алмадық. Былтырғы жылдың көктемінде Фархат екеуміз: «Біз мұны түсіруіміз керек»,-дедік.

«Махаббатпен» - бұл менің толықметражды фильмдегі алғашқы режиссерлік жобам, ал Фархат Әбдірайымовтың бас продюсер ретіндегі алғашқы жобасы.

Фархат Әбдірайымов және Александр Гольцев «Махаббатпен» фильмінің түсірілімінде

- Картина не жайында?

- Бұл - махаббат туралы кино. Картинада өте қарапайым оқиға бейнеленеді. Жігіт қызға ғашық болады, бірақ оның жүрегіне жол табудың дұрыс бағытын таңдамайды, жаман пиғылды адамдармен байланысады. Мұнда алғашқы махаббат пен үлкен өмір жолына қадам басқан жастардың қадамдары баяндалады. Оңай қателесіп, оны түзетудің қиындығын сипаттайды. Бұл кез-келген қалада, кез келген елде болатын оқиға. Фильмде түгелдей Алматының атмосферасы берілген, көшелер, ғимараттар, адамдар бейнеленген. «Махаббатпен» - сүйікті қаламызға деген құрмет.

-Түсірілім тобы жұмысын қашан бастады?

- Түсірілім былтырғы жылдың маусымында басталып, бір айға созылды. Біз, жалпы, 19-20 күннің ішінде түсіріп тастадық. Барлығы түсірілім тобының адал еңбегінің арқасы. Олар кейде тәулігіне 15 сағат жұмыс істеді. Мен барлық түсірілімнің қатысушыларына қажырлы еңбектері үшін өте ризамын!

«Махаббатпен» фильмінің түсірілімінен сурет

- Фильмді шығаруға қанша қаражат жұмсалды?

- Киноның бюджеті азғантай ғана. Бұл - мемлекеттің де, демеушінің де емес, жеке қаржыға түсірілген фильм. Барлық салынған қаражат қайтып келуі керек, сондықтан біз көп жұмсай алмаймыз.

Бастапқыда, бізде екі жоба болды. Тағы бір хикая туындаған. Бірақ, локациялардың көптігі мен қойылымның қиындығына байланысты, жарыққа шығару қиынға соқты. Сондықтан, дебюттік жоба үшін техникалық жағынан қиындық тудырмайтын, негізгі басымдықты оқиға мен актерлардың шеберлігіне түсіретін сценарийді таңдадық. Бірақ екінші жобамызды да әйтеуір бір іске асырамыз деп үміттенемін.

- Жоба актерларын ұзақ таңдадыңыздар ма?

- Актерлардың кастингі қиын, бірақ көңілді өтті. Үмітімізді үзген сәттер де болды. Түсірілімді кейінге шегере беруіміздің бір себебі де осында еді. Біздің міндетіміз жаңа бейнелерді ашу болатын. Екі басты рөлді үлкен кинодағы дебютанттар Әлішер Түлтаев пен Мария Королева сомдады. Сондай-ақ, фильмге белгілі актерлар, Фархад екеуміздің достарымыз Максим Акбаров, Роман Альманский, Гүлнар Сильбаева, Сергей Никоненко және т.б. түсті.

- Жас актерлар қиындық тудырмады ма?

- Бізде актерлармен ешқандай мәселе болған жоқ. Біріншіден, жаңа айтқанымдай, түсірілім алаңында жүргендер біздің достарымыз болып табылады. Актерлар оқиғаны және кейіпкерлерін жақсы түсінгендіктен, өз міндеттерін орындау қиынға соқпады. Ал, дебютанттарға келетін болсақ, осы тұста өз рөлін ойнап қана қоймай, үлкен жұмыс атқарған Виталий Давыдовқа үлкен рахмет. Ол актерлік шеберліктің оқытушысы ретінде жас актерларымызбен бір ай бойы жұмыс істеп, деңгейін көтерді.

«Махаббатпен» фильмінің түсірілімінен сурет

-Түсірілім кезінде қандай қиындықтар болды?

-Техникалық қиындықтар орын алды. Қаржының аздығынан түсірілімді көп жерде өткізе алмадық. Бір орында бірнеше сахнаны түсіруге тура келді. Біз мұны операторымыз Асқар Өтеулинмен бірге жүзеге асырдық. Бір күні мезгілсіз жаңбыр жауып кеткен болатын. Жалпы, барлық қиындық осымен бітті.

- Бұдан бұрын комедия 2017 жылдың қарашасында экранға шығады деп хабарланған болатын. Неліктен көрсетілім уақыты ауысты?

- Соңғы сәтте Фархат екеуміз ойланып, айналымды 2018 жылға қалдырдық. Мен өзімді өте талапшылмын дей алмаймын, бірақ фильмді ұялмайтындай дайындаған соң ғана көрсеткеніміз дұрыс деп шештім. Фокус-топты жинап, оларға фильмді көрсетіп, сауалнама жүргіздік, нәтижесінде түзетулер жасалды. Біздің фильмді жарнамалады десек те болады. Достарымыздың, соның ішінде, «Бродвей» кинопорталының көмегімен фильм үшін жарнамалық компанияны әзірлеп, іске асырдық. Барлығыңызды 25 қаңтарда кинода күтеміз. Көңілді болады.

 

Александр Гольцевке сұхбаты үшін алғыс білдіреміз!

 

Әңгімелескен Әйгерім Қасқыр

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Интервью

26 Тамыз, 2019

Алдияр Байрақымов: «Бізге керегі – нарықты дүр сілкіндіретін қызықты, сапалы сценарий»

I Baiqonyr SFF «Үздік сценарий» номинациясы жеңімпазы Алдияр Байрақымовпен сұхбат

Brod.kaz

Интервью

24 Тамыз, 2019

Шарипа Оразбаева: «Қазақ киносының өткені ол классика. Ал бүгіні ізденіс»

І Baiqonyr SFF бас жүлдесінің иегері Шарипа Оразбаевамен сұхбат

Brod.kaz

Таныс бейне

Дастен Шәкіров

Актер