Әли Шер Сүлеймен «Шатырдағы бұлт» - біз түсіруді жоспарлап отырған трилогияның бірінші бөлімі»

Әли Шер Сүлейменнің «Шатырдағы бұлт» фэнтези-фильмінің көрсетілімі жалғасуда. Отандық режиссердің алғашқы толықметражды фильмі өмірінің күңгірт кезеңін бастан кешіп жатқан жас жігіт жайлы баяндайды. Бірақ, оның өзіне деген қарым-қатынасы мен айналасына деген көзқарасы бір-ақ кеште өзгереді. Картинаның идеясы мен түсірілім барысы жайлы режиссер Әли Шер Сүлеймен айтып береді.
- Сізге «Шатырдағы бұлт» фильмін түсіруге не түрткі болды?
- Бірде Әль-Фараби мен Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы көпірде тұрған жас жігітті көрдім. Ол екі аяғымен шарбақтан асып, секірмек болып тұрды. Мен және тағы бір ер кісі оны тоқтатып қалдық. Ол 20-жастағы жігіт еді. Бәрі өтті. Бірақ, сол оқиға менің есіме түсіп, содан кейін сценарий жазуға түрткі болды.
- Демек, фильмнің бас кейіпкеріне сол кездегі көпірдегі жігіт арқау болды ма?
- Біздің кейіпкер – қоғамнан өз орнын табуға тырысатын, жұмыс іздеп, мегаполисте өмір сүруге талпынатын адамның жиынтық бейнесі. Бұл адамның қалаға бейімделуі жайлы оқиға.
- Яғни, фильм өзін-өзі таба алмай жүргендерге арнап түсірілді ғой, иә?
- Бұл ересектерге арналған ертегі, фэнтези. Біз оны ашық мәдени немесе ұлттық кодқа айналдырған жоқпыз. Менің ойымша, бұл фильм түсінісе алмай жүрген жас отбасылар мен қоғамнан өз орнын табуға талпынған адамдар үшін қызықты әрі пайдалы болмақ. Таспада өз-өзіне қол жұмсау мәселесі көтеріледі.

- Картинаға актерларды қалай таңдадыңыздар?
- Білесіз бе, мен актерларды таңдауға келгенде өте мұқият қараймын. Себебі, мен өзімнің актерлік тәжірибемнен біреуді таңдаған кезде және күткеннің қалай шаршататынын білемін. Сондықтан, мен алдын ала берілген сурет, бейнежазба секілді мәліметтерді қараған кезде фильмнен кімді көргім келетінін бірден түсіндім. Басты рөлге Диас Әзімжанды бекіттік, себебі, бізге сырт келбеті мен ішкі конституциясы дәл сондай адам керек болды. Ол кейіпкерге үйлесе кетті. Қалған актерлармен де осындай жағдай болды. Мен оларды көрген кезде олардың керек екенін түсіндім. Осылайша, біздің табысты актерлік құрамымыз құрылды. Олар көріністе барын салды.
- Түсірілім тобының құрамына кімдер енді?
- Біздің түсірілім тобымыздың басты ерекшелігі – көпшілігі толық метрде дебютант ретінде жұмыс істеді. Барлығы үлкен жауапкершілікпен қарап, көрерменнің үмітін ақтауға тырысты. Түсірілім алаңында талантты әрі тамаша қоюшы-оператор Ескендір Нарымбетов жұмыс істеді. Фильмді әуенмен Асқар Шафи мен Стас Ионов әрледі. Каринада оркестрлік әуендер көп кездеседі. Түсірілімге дыбысрежиссері Денис Коноплев те қатысты. Біздің шығармашылық алаңымызға продюсерлеріміз Ариэль Асенова мен Әсел Сәрсенбекова керемет жағдай жасады. Бұл екі қызбен жұмыс істегенімізге қуаныштымын. Біз әлі де серіктесе жұмыс істейміз деп үміттенемін.

- Түсірілім несімен есте қалды?
- Ыстығымен есте қалды (күлді). Тіпті, 5 күн түсірілім жүргізген шатырдан жыланды да көрдік. Бұл күтпеген жағдай болды. Әрине, шығармашыл әрі ұйымшыл атмосфера есте қалды.
- «Шатырдағы бұлт» кинотаспасының жалғасын түсіру ойыңызда бар ма?
- Мәселе мынада, «Шатырдағы бұлт» - бұл біз түсіруді жоспарлап отырған трилогияның бірінші бөлімі. Сонымен қатар, «Өрт бұлты» мен «Жарық бұлты» да бар. Бізде синопсистер дайын. «Өрт бұлты» туралы фэнтезилік экшн деп айта аламын. Біз мұны Дубайда, Нью-Йоркте және Ұлы Қытайда түсіруді армандаймыз. Бірақ, қазір барлығы көрермендер мен олардың қолдауларына байланысты. Біз өзіміздің жеткізгіміз келген ойларымыз көрерменнің жүрегінен орын алады деп үміттенеміз.
Әли Шер Сүлейменге сұқбаты үшін алғыс білдіреміз!
Сұқбаттасқан Әйгерім Қасқыр
.jpg)







пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін