È

Бернар Фарси: «Мен әлі өзімнің басты рөлімді сомдаған жоқпын»

Бернар Фарси: «Мен әлі өзімнің басты рөлімді сомдаған жоқпын»

«Жалпылама дабыл!», - әйгілі «Такси» фильмінің барлық бөлімдерінде комиссар Жибер дәл осылай айқайлайды. Бұл танымал сөйлем Алматыдағы «Бүгінгі француз киносы» фестивалі аясында тұсауы кесілген жаңа бөлімде де айтылды. Картинаны барлығына 20 жыл бойы комиссар Жибер арқылы таныс Бернар Фарси ұсынды. 69 жасар актер «Такси 5» фильмі мен өмірлік рөлдері және француз киносы жайында «Бродвей» кинопорталының оқырмандарына айтып берді.


- Бірінші бөліммен салыстырғанда, қазіргі кейіпкеріңізде қандай өзгерістер бар?

- Бірінші фильмнен-ақ ол әзілкеш әрі қызықты кейіпкер болды. Жаңа бөлімдердің түсірілімі кезінде мен оны дамытуға тырыстым, көрермендерге ақырындап жақындата түстім. Фильм шыққаннан кейін көпшілігі басты кейіпкерлерге қарағанда, комиссар Жиберді жақсы көріп қалғанын естідім. Бұл қуантарлық жағдай. Алғашқы бөлімі жиырма жыл бұрын түсірілген еді. Әрине, кейіпкер өзгерді, бірақ бесінші бөлімде бұрынғы жеңілдікті жаңғыртуға тырыстық. Оның үстіне, жаңа картинамен басқа топ айналысты, басты кейіпкерлер де ауысты, бұрынғылардан Жибер ғана қалды. Дегенмен, барлығының төрешісі көрермендер ғой.

- «Такси» жобасы Сіздің тағдырыңызға айналды ма?

- Кәсіби жағынан қарасақ, иә. Жоба маған даңқ сыйлады, мені әлем тани бастады. Дегенмен, Шарль Де Голльді сомдаған «Ұлы Шарль» хикаясы маған тек көрермендердің ғана емес, әріптестердің де құрметіне бөледі.

«Такси 5» фильмінен көрініс
«Такси 5» фильмінен көрініс

- Осы рөл үшін «Эммиге» де ұсынылған едіңіз. Әзілге жақын рөлдерден кейін, салмақты кейіпкердің образына ену қиын болды ма?

- Расында да, бұл қиын әрі әсерлі рөл болды. Мен оған үлкен ынтамен кірістім. Картинамен айналысқан топ үлкен жолды жүріп өтті. Білесіз бе, өзіңізге ұнайтын дүниені жасағанда, оған күшті де, уақытты да аямайсыз. «Ұлы Шарль» мен үшін осындай жоба болды. Сондықтан да ол көпшілік назарына ие болған шығар.

- Бұл рөлді Сіздің өмірлік рөліңіз деуге бола ма?

- Жоқ. Өкінішке қарай, мен әлі өзімнің басты рөлімді сомдаған жоқпын. Барлығы әлі алда деп үміттенемін.

- Сізге қай жобалардан ұсыныс көп түседі: комедиядан ба, әлде драмадан ма?

- Негізі, комедиялық таспалардан көп түседі. Францияда, жалпы бүкіл әлемде мынадай үрдіс бар: егер сіз белгілі бір типтік бейнені жақсы сомдасаңыз, басқалары да соған ұқсас рөлдерге шақырады. Сондықтан, бір образды жаңаша түрлендіріп сомдау қиынға соғып жатады. Сценарийді қолыма ала салып, сол кейіпкерді қалай жаңаша беруге болатынын анықтаймын. Содан кейін, сол образдан қалай шығатыным жайлы ойланам, оның әдеттері мен қимыл-қозғалысынан арылуға тырысамын. Киноға бірнеше ондаған жылдар бойы түсіп келе жатқандықтан, жобаға мүлдем тап-таза болып келу қиын.

«Ұлы Шарль» фильмінен көрініс
«Ұлы Шарль» фильмінен көрініс

- Сізге рөлдерден жиі бас тартуға тура келе ме және не себепті?

- Иә, мен ұсыныстардан жиі бас тартамын. Ең алдымен, барлығы фильмге, режиссер мен рөлдерге байланысты. Жақында ғана бір телехикаядағы рөлден бас тартуыма тура келді. Ол генералдың рөлі болатын. Сценарийді оқып шықтым да, кейіпкерді дамытуға болмайтынын түсіндім, өйткені оның белгілі бір функциясы болған еді. Сондықтан, «жоқ» деуге мәжбүр болдым.

- Сіз үшін бүгінгі француз киносы қандай?

- Егер даму жағын айтар болсам, техникалық жағынан ерекше өзгерістер орын алды. Киноөндірісте жұмыс істейтін адамдар да өзгерді. Бұл ғаламтор мен әлеуметтік желілердің әсері деп ойлаймын. Қазіргі таңда Желіге арнап кішігірім бейнежазба түсіріп, сол арқылы көзге түскен, киноға шақырылған танымал актерлар өте көп. Олардың өзіндік ойнау тәсілдері бар, кез-келген нәрсені жылдам үйреніп, лезде іліп әкете алады. Ал егер мазмұнын айтсақ, француз киносының өзегі айтарлықтай өзгере қойған жоқ. Ол әлі де бұрынғыдай жағымды, сәл аңғал және күлкілі болып келеді.

 

Бернар Фарсиге сұхбаты үшін алғыс білдіреміз!​

 

Әңгімелескен Әйгерім Қасқыр

 

1 пікір

Пікір қалдыру үшін

Мырзахмет

15 апреля 2018, 23:44

Думаю, еще придет его время.

Рекомендуем

Интервью

26 Тамыз, 2019

Алдияр Байрақымов: «Бізге керегі – нарықты дүр сілкіндіретін қызықты, сапалы сценарий»

I Baiqonyr SFF «Үздік сценарий» номинациясы жеңімпазы Алдияр Байрақымовпен сұхбат

Brod.kaz

Интервью

24 Тамыз, 2019

Шарипа Оразбаева: «Қазақ киносының өткені ол классика. Ал бүгіні ізденіс»

І Baiqonyr SFF бас жүлдесінің иегері Шарипа Оразбаевамен сұхбат

Brod.kaz

Таныс бейне

Тұңғышбай Жаманқұлов

Актер