È

Дархан Төлегенов: «Өзімді футбол комментаторы ретінде көру қызық болар еді»

Дархан Төлегеновпен сұхбат

Жас режиссер Дархан Төлегенов отандық кино қайраткерлері арасында танымал. Оның екі қысқаметражды картинасы қазақстандық және шетелдік кинофестивальдерде жеңімпаз атанған. «Бағыт» («Маршрут») фильмі Халықаралық 70-Канн кинофестивалінің «Short Film Corner» арнайы бағдарламасына енген. Дархан Төлегенов «Бродвей» кинопорталына берген сұхбатында режиссер болуына ненің түрткі болғанын, фильмдердің идеясы қалай дүниеге келетінін және қандай картиналар түсіргісі келетінін айтып берді.


- Кино саласында жұмыс істегіңіз келетінін қашан түсіндіңіз?

- Барлығы Орлада алғаш рет кинотеатр ашылған кезде басталған еді. Мен Ридли Скоттың «Гладиатор» фильмінің тұсаукесеріне тап болдым. Фильмді бірінші рет үлкен экранан көріп, ерекше әсерге бөлендім. Сол кезден бастап экран мені өзіне қарай тартып тұрды, ақыры кинематографпен айналысқым келетінін түсіндім. Одан кейін, алтыншы сыныпта оқып жүргенде алғаш рет бейнекамерасы бар ұялы телефондар шықты. Мен достарыммен бірге тәжірибе жасап, түрлі көріністерді түсіріп жүрдім. Бұрын телефондарда үзіліс функциясы болған еді. Сол арқылы бір ракурспен бейнежазба түсіріп алған соң, үзілісті басып қойып, ракурсты өзгерте отырып, қайта түсірілімді жалғастыра аламыз. Ол кездерде монтаж дегеннің не екенін білмейтінмін. Фильмдерді үзілісті басып қойып, түсіреді деп ойлайтын едім (күлді). Тіпті, менде қарапайым пленкалы фотоаппарат болған кезде де, осы әдіспен түсіріп жүрдім. Барлығы осыдан басталды деп ойлаймын.

- Алғашқы фильміңіз есіңізде ме? Сол туралы айтып беріңізші...

- Менің алғашқы тәжірибелік фильмім ұялы телефонға түсірілген. Оның атауы «Соқыр» болатын. Сюжеті кішкене ақымақтау болды, дегенмен сол уақытта осы тақырыпқа қызығып жүрдім. Бейнежазбаны өз үйімде түсірдім. Синопсисы мынадай: үйге түрлі кедергілерден өтіп, жалдамалы қанішер кіріп алады. Келесі көріністе қонақ бөлме көрсетіледі. Ол жақта қолында раушан гүлі бар жас соқыр жігіт тұрады. Ол үйге біреудің кіргенін сезеді де, тез арада бұрылып, қолындағы гүлді қанішерге қарай лақтырып жібереді. Гүлдің сабағы қанішердің көзіне тиеді де, адам өлтіруші қансырап қалады. Осылайша, фильм аяқталады.

- «Таңғы шапағат нұры» қысқаметражды таспасы қалай түсірілді?

- Картина идеясы Режиссер Олжас Ермекбаевтың «Дұшпандар» қысқаметражды фильмі түсіріліп жатқан кезде пайда болды. Мен сол кезде екінші режиссер болған едім. Біз фильмді трамвай депосы директорының бөлмесінде түсірдік. Үзіліс кезінде жиі-жиі сыртқа шығып жүрдік. Алыстау бір жерде істен шыққан трамвай тұрды. Соған қарап тұрып, ойша оқиға құрастырдым. Осылайша, «Дұшпандар» фильмінің түсірілімінен соң өз сценарийімді жазуға кірістім. Нәтижесінде «Таңғы шапағат нұры» киносы пайда болды. Мен басты кейіпкердің оқиғасын өзіммен байланыстырмаймын. Алайда, таныстарым сондай жағдайды басынан өткерген. Негізі, маған біреулер назар аударуға тұрарлық оқиғаны айтқан кезде, соны кино арқылы бөліскім келеді. Адамдардың санасына қандай да бір ұстанымдарды енгізіп, ненің дұрыс немесе бұрыс екендігін білдіргім келмейді. Мен тек хикаяларды кинематограф арқылы баяндағым келеді.

Шындығында, «Таңғы шапағат нұры» мен үшін өте үлкен сынақ болды. Картинаны үш күннің ішінде түсіріп бітуіміз керек еді, бірақ түсірілім бір айға созылып кетті. Оның себептері де көп еді, түсірілім тобынан белгілі бір себептермен біреуі кетіп, енді бірі келіп жүрді, актерлар да ауысты. Тіпті, түсірілімнен бір күн бұрын кейбір актерлар хабарласып, келе алмайтындарын айтқан. Форс-мажорлы жағдайдар көп болды. Сол кездерде жобадан бас тартсам ба деген ой келген. Менде трамвай мен көше төбелесінен алынған көріністер болды. Бірақ, пәтердегі көріністі тек бір айдан кейін ғана түсіре алдым. Бюджет мүлдем болған емес. Бірақ, күш тауып, фильмді аяқтағаныма қазір қуанамын. Өйткені, ол көптеген фестивальдерде лайықты бағаланған алғашқы картина болды ғой.

- «Бағыт» картинасымен де осындай қиындықтар туындады ма?

- Иә, қиындықсыз өтті деп айта алмаймын. Бірақ, оған моральды жағынан дайын едім. Ең алдымен, түсірілім өтуі тиіс болған пәтердің иесі бізге келісімін бермеді. Одан кейін, фильмде ойнайтын актриса түсірілімнен бір күн бұрын театр гастрольдеріне кететінін жазады. Дегенмен, бұл жағдайдан да тез жол тауып кеттік. Бір түннің ішінде актрисаны да, локацияны да таптық. «Бағыт» - басты кейіпкер көптеген жылдар бойы мазалаған сұрақтарына жауабын табатын ұзақ жол.

- Кинокартиналарды өзіндік әдіспен түсіру қабілетіңіз қалыптасты ма?

- Мүмкін. Көптеген режиссерлар мен сияқты жүйемен жұмыс істейді. Түсірілім басталмай тұрып, бекітілген локацияларды барып көремін де, барлығын таспаға түсіріп аламын. Осылайша, түсірілетін жердің монитордан қалай көрінетінін, камераны, актерларды қалай орналастыру қажеттілігін біліп аламын. Бұл әдіс фильмді қандай стилистикамен түсіргім келетінін, нәтижесі қалай болып шығатынын түсінуіме мүмкіндік береді. Оның үстіне, осылайша түсірілім жұмыстарын жеңілдетуге болады. Яғни, топ келеді де, камераны қосып, тиісті бағытта түсірілімді бастай береді.

- Сіз кино түсіруді кімнен үйреніп жүрсіз? Кімнен үлгі аласыз?

- Ең алдымен, Андрей Звягинцевтен және түрік режиссері Нури Бильге Джейланнан. Соңғы уақытта тағы бір түрік режиссері Семих Капланоглудың жұмыстарын көретін болдым. Ал коммерциялық кинодағы пірім Кристофер Нолан мен Ридли Скотт болып қала береді.

- Сіз жақында «Тalent campus» оқу бағдарламасының қатысушысы ретінде Фаджр Иран кинофестивалінде болып қайттыңыз. Оқу әдісі қалай өтті және өзіңіз үшін қандай жаңалық аштыңыз?

- Тalent campus – бұл танымал режиссерлардың бір апталық шеберлік сыныбы. Ол жақта түрік режиссері әрі сценарист Семих Капланоглу, ирандық кинорежиссерлар Поран Дерахшанде мен Мұхаммед Әли Саджади, және өзіміздің отандық режиссер Дәрежан Өмірбаев дәріс оқыды. Қатысушыларда еркін кесте болды, олар өз қалаулары бойынша кинокөрсетілімдерге, шеберлік сабақтарына немесе экскурсияға бара алатын. Маған «Ghazali Cinema Town» ең ірі Иран киноорталығына жасаған турсапарымыз ерекше әсер қалдырды. Ол бірнеше аудандары бар, арнайы салынған қала еді. Әр аудан белгілі бір уақытты бейнелейтін декорациялармен безендірілген. Біздің экскурсия кезінде бүтін бір қойылым ұйымдастырылды. Әртістердің өзіндік рөлі мен миниатюрасы болды. Оларға көз алмай қарап тұру өте қызық еді. «Talent campus-қа» барлығы Ираннан 90 студент және әлем бойынша жан-жақтан 50 студент келді.

Негізі, аталмыш шаралар бізде де өткізілуі тиіс. Біріншіден, бұл отандық киноорталығын дамытатын жақсы қозғалыс. Екіншіден, ол мықты бәсекелестікті тудыратын еді. Әрине, бізде жыл өткен сайын кинофестивальдердің саны артып келе жатқаны рас. Дегенмен, шетелдік мамандардың шеберлік сыныбы өтетін жастарға ғана арналған осындай шаралар жиі бола бермейді ғой.

Гуж Тадевосян, Әлімжан Құдабаев, Реза Миркарими және Дархан Төлегенов

- Сіздің «Бағыт» атты картинаңыз 70-Канн кинофестивалінің «Short Film Corner» бағдарламасы аясында таныстырылатын болады. Бұл бағдарламаға қатыса отырып, не аласыздар?

- Айта кету керек, бұл негізгі байқау емес. Бірақ, Каннға барып, басқалардың қалай жұмыс істейтінін көруге болатын тамаша мүмкіндік. Оның үстіне, басқа да режиссерлармен танысып, сөйлесіп, қажетті адамдарға өз фильмімді ұсына аламын. Мен үшін «Short Film Corner» - өзімді және жұмыстарымды алға жылжытуға бағытталған мүмкіндік.

- Сіз жобаларыңызды алға жылжытумен өзіңіз айналысасыз ба?

- Иә, әзірге өзім алға жылжып келемін. Білуімше, қазір көпшілігі өз фильмдерін ғаламтор арқылы жариялап жатады. Түрлі платформалар арқылы поштамен де жібереді. Бірақ, бұл әдістер арқылы картинаның іріктеушілерге жететініне 100% кепілдік жоқ. Менің ойымша, фестивальге апаратын жол бір шыныаяқ кофе ішіп отырып, қажетті адамдармен араласудан, сөйлесуден басталады.

- «Қазақфильм» қысқаметражды фильмдер сценарийіне байқау жариялады. Сіз өтініш жібердіңіз бе?

- Әрине, мұндай мүмкіндікті пайдаланбаудың өзі күнә ғой. Мен екі сценарийімнің біреуін жібердім. Нәтижесін күтіп жүрмін. Өз жобамды жүзеге асыруға мүмкіндік алсам тамаша болар еді. Жұмысымды жазда емес, күзде бастасам деймін. Өйткені, картинамның стилистикасына бұлтты күн жақсы келеді.

- Режиссурадан бөлек, өзіңізді тағы қай бағытта сынап көргіңіз келеді?

- Мен өзімді кинодраматург ретінде сынап көргім келеді. Сонымен қатар, өзімді футбол комментаторы ретінде көру қызық болып жүр. Футболды жақсы көремін (күлді). Сондай-ақ, аспазшының жұмысы қызықтырады. Мен аспаздықты эстетика мамандығы, өнердің бір түрі деп білемін.

- Алдағы жоспарларыңыз қандай? Толық метрды қашан түсіресіз?

- Биыл университеттегі оқуымды тәмамдаймын, сондықтан бітіруге дайындалып жүрмін. Дипломдық жұмысым ретінде «Бағыт» фильмін ұсынатын шығармын. Қазір сценарий жазу үстіндемін. Менде қысқаметражды фильмдерге арналған екі сценарий бар. Толық метрде дебют жасауға әзірге асықпаймын. Оған менен біреу күтіп жүргендіктен емес, өзім толық дайын болғанда ғана кіріссем деймін. Менің алдағы хикаяларым танымал болып кетеді деп те айта алмаймын.

Дархан Төлегеновке сұхбаты үшін алғыс білдіреміз!

 

Әңгімелескен Әйгерім Қасқыр

Суреттер: Александр Банченко

 

Суреттер үшін «Тұран» университетінің «Кино және телевидение академиясы» факультетіне алғыс білдіреміз.

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Интервью

26 Тамыз, 2019

Алдияр Байрақымов: «Бізге керегі – нарықты дүр сілкіндіретін қызықты, сапалы сценарий»

I Baiqonyr SFF «Үздік сценарий» номинациясы жеңімпазы Алдияр Байрақымовпен сұхбат

Brod.kaz

Интервью

24 Тамыз, 2019

Шарипа Оразбаева: «Қазақ киносының өткені ол классика. Ал бүгіні ізденіс»

І Baiqonyr SFF бас жүлдесінің иегері Шарипа Оразбаевамен сұхбат

Brod.kaz

Таныс бейне

Ақан Сатаев

Режиссер