È

Джон Малкович: «Мен ештеңеге өкінбеймін»

Джон Малковичпен сұхбат

«Еуразия» кинофестивалінің аясында кинода жүздеген рөлдерді сомдаған әйгілі актер, режиссер әрі продюсер Джон Малковичпен кездесудің сәті түсті. Әлемдік жұлдыз ойналмаған рөлдері, ресейлік кинематографшылармен серіктестігі туралы және ең бастысы, «Джон Малкович болудың» қандай екенін «Бродвей» кинопорталына берген эксклюзивті сұхбатында айтып берді.


- 2010 жылы Қазақстанға келген кезде, Сіз заңсыз эмигранттар мәселесін қозғайтын продюсерлік жобаңыз – «Қай жол үйге апарады?» атты деректі картинаны ұсынған едіңіз. Бүкіл әлем бойынша бұл мәселе әлі де ушығып тұр. Осы тақырыпқа қатысты тағы да туындылар түсіру ойда бар ма?

- Иә, жағдай шынымен де күрделеніп барады. Бүкіл әлем бойынша миллиондаған адамдардың жақсы өмір сүру үшін шетелдерге кетіп жатқаны қынжылтады. Оған мыңдаған себеп бар, соның бірі экономикалық жағдай екені мәлім.

Өкінішке қарай, ол адамдар әлемде мінсіз елдердің болмайтындығын ойламайды. Жаңа ортада да экономикаға, мәдениетке қатысты мәселелер бар. Бұл тақырыпты кинода жалғастыру туралы сұраққа әзірге жауап беруге дайын емеспін.

- Жақында ғана «Өрмекші адам: Қайта оралу» картинасы экранға шықты. Ол жақта басты кейіпкердің қарсыласы Эдриан Тумс немесе Құзғын болды. Білуімізше, Сізге Сэм Рэймидің «Өрмекші адамының» жарыққа шықпаған төртінші бөлімінде Тумс рөлін ұсынған еді. Бұл рөлдің болмай қалғанына өкінбейсіз бе?

- Мансабымда ойналмаған, болмай қалған рөлдер өте көп, әрі менің басты өмірлік қағидам – ештеңеге өкінбеу. Иә, мен шынымен де өзім сыйлайтын, құрметтейтін Сэм Рэймидің фильмінде Құзғын рөлін сомдау туралы келіссөздер жүргізген болатынмын. Алайда, продюсерлер тиімсіз келісім-шарт ұсынғандықтан, бұл жобадан бас тарттым. Кейіннен аталмыш фильмге қатысудан Тоби Магуайр мен басқа да актерлардың бас тартқанын естідім. Осылайша, кино жарыққа шықпай қалды. Сондықтан, жоқ. Құзғынды ойнамағаныма, Өрмекші адаммен бір сахнада жұмыс істемегеніме еш өкінбеймін.

- Биылғы жылдың қыркүйек айында «Махаббат жайында. Тек ересектерге арналған» картинасы жарыққа шықпақ. Көрермендер Сізді алғаш рет ресей киносынан көре алады. Осы туралы толығырақ айтып беріңізші.

- Негізі, бұл менің Ресейдегі алғашқы жұмысым емес, ресейлік фильмдерге бірнеше рет түскен болатынмын. Оның үстіне, бірнеше мәрте Мариин мен басқа да театрлардың қойылымдарына қатыстым. Мен Ресейдің тамаша актрисасы Ингеборга Дапкунайтемен баяғыдан таныспын. Екеуіміз «Казанова вариациясы» спектаклінде және «Махаббат жайында...» фильмінде бірге ойнадық. Ал картинаға келер болсақ, мен оны әлі көрген жоқпын. Сондықтан, ештеңе айта алмаймын. Жалпы, ол жақта махаббат туралы, еркек пен әйелдің қарым-қатынасы жайында көп айтылады.

- Қазіргі таңда көптеген голливуд актерлары мен режиссерлар телевидениеде жұмыс істеп жатыр. 2014 жылы Сіз «Бас сүйек пен сүйектер» хикаясында басты рөлді сомдадыңыз. Жақын арада ТВ-ға қайта оралатын жоспар бар ма?

- Бул туралы сөз қозғау қиындау. Актер мамандығының құбылмалы болғандығы соншалық, бір нәрсені жоспарлау мүмкін емес. Әрине, телевидениеден қызықты рөл ұсынып жатса, қуана келісер едім. Бірақ, әзірге ондай ұсыныс бола қойған жоқ.

- Әдеттегі қарапайым сұрақ. Көпшілігіміз Спайк Джонстың «Джон Малкович болу» картинасын көрдік әрі жақсы көреміз деуге болады. Дегенмен, Джон Малкович болудың қандай екенін өз ауызыңыздан естісек?

- Оның ешқандай ерекшелігі жоқ. Мен сүйікті ісіммен айналысып келемін, жүздеген әрі мыңдаған қызықты адамдармен таныстым, лайықты рөлдерді сомдадым, өмірімде соғыс, аштық секілді қиындықтарды көрмей өстім. Менің ойымша, «Джон Малкович болу» деген осы шығар.

Джон Малковичке сұхбаты үшін алғыс білдіреміз!

 

 

Әңгімелескен Кәрім Қадырбаев

1 пікір

Пікір қалдыру үшін

Болат Кисамбаев

4 тамыз 2017, 14:10

Хорошее ин

Рекомендуем

Интервью

26 Тамыз, 2019

Алдияр Байрақымов: «Бізге керегі – нарықты дүр сілкіндіретін қызықты, сапалы сценарий»

I Baiqonyr SFF «Үздік сценарий» номинациясы жеңімпазы Алдияр Байрақымовпен сұхбат

Brod.kaz

Интервью

24 Тамыз, 2019

Шарипа Оразбаева: «Қазақ киносының өткені ол классика. Ал бүгіні ізденіс»

І Baiqonyr SFF бас жүлдесінің иегері Шарипа Оразбаевамен сұхбат

Brod.kaz

Таныс бейне

Ақан Сатаев

Режиссер