È

Газрет Ержанов: ««Таиландтағы демалыс» фильмінің түсірілімі мәңгі есімде қалатын шығар»

Газрет Ержанов: ««Таиландтағы демалыс» фильмінің түсірілімі мәңгі есімде қалатын шығар»

Газрет Ержанов – Қазақстан кинематографына жаңадан қадам басып келе жатқан өршіл жас актер. Актер ретінде «Жарық» хикаясына түсіп, дебют жасаған. Оны сол жерден кастинг-директорлар байқап қалып, «Арнайы өкілдер» хикаясына түсуге шақырады. Бүгінде Газрет «Таиландтағы демалыс» фильмінің шығуын асыға күтіп жүр. Бұл - оның алғашқы толық метрі. Актер «Бродвей» кинопорталына берген сұхбатында өзі туралы, рөлдері жайында сыр шертіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

- Өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Қай жерде дүниеге келдіңіз, мамандығыңыз қандай, немен айналысасыз?

- Мен тамаша қала – Ақтөбеде дүниеге келдім. Мектеп бітірген соң Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне түсіп, техникалық факультетінде оқыдым. Студент кезімде оқу қабырғасындағы барлық шараларға белсене қатысып жүрдім. Ән де айттым, би биледім, кештердің жүргізушісі де болдым және «Ер-жігіт» студенттік театрының актері атандым. Жалпы, студенттік кезім тамаша өтті.

- Сіздің актерлік қызметіңіз қалай және қашан басталды?

- Мен басында-ақ, өз мамандығым бойынша жұмыс істемейтінімді білген едім. Киноға түсу үшін түрлі жолдарды іздей бастадым. Бір күні «Анаға апарар жол» фильмінің кастингі болатынын естіп, бардым. Алайда, кастингтен өтпей қалдым. Бірақ, сол жерде мені кастинг-директорлар байқап қалып, басқа жобаға шақырды. Осылайша, сол жоба менің дебютіме айналды.

- Кино әлемі сізді несімен қызықтырды?

- Мен бала кезімнен бастап киноға қатты қызығып өстім. Түрлі актерларға ұқсағым келді, олардың дауысын, ойынын салып жүрдім. Актерлардың орнында болуды армандайтынмын.

- «Жарық» хикаясындағы кейіпкеріңіз жайында айтып беріңізші...

- Менің кейіпкерім - Дәурен Жаныбаев, отбасының кенжесі. Басқа кейіпкерлерден айырмашылығы - табандылығы мен еңбексүйгіштік қасиеттерінде. Әсіресе, маған оның айтқанынан қайтпайтын қайсар мінезі ұнайды.

- «Арнайы өкілдер» хикаясындағы рөліңіз сізге қалай бұйырды? Түсірілім несімен есте қалды?

- «Жарық» жобасынан кейін «Астанателефильм» продюсерлік компаниясы ұлттық қауіпсіздік ұйымы туралы «Арнайы өкілдер» атты жаңа жобаға мені басты рөлге шақырды. Бұл кинодан актер әрі каскадер ретінде көп тәжірибе жинақтадым. Спортпен айналысып жүргеніме қатты қуандым, өйткені кейіпкерім кедергілер жолағынан бастап, шынайы АК-47 мылтығынан оқу атуға дейінгі көптеген қауіпті көріністерден өтуі тиіс болатын.

Сонымен қатар, актер үшін қоюшымен тіл табысу өте маңызды. «Арнайы өкілдер» хикаясының режиссері Серікбол Өтепбергенов болды. Ол тапсырманы нақты айтып, жақсы түсіндіреді. Сондай-ақ, түсірілім алаңында әзілдегенді де жақсы көреді.

- Өткен жазда алғаш рет «Таиландтағы демалыс» толық метрінде ойнадыңыз. Бұл жобаға қалай келдіңіз және кімді сомдадыңыз?

- Мені «Таиландтағы демалыс» фильмінің кастинг-директоры сынап көру үшін шақырған болатын. Бірақ, ол кезде Астанада жүрген едім. Ұялы телефон арқылы бейнежазба түсіріп, жібердім. Әлі есімде, үйге түнгі сағат бірде келдім. Досым бірнеше көріністерді жазуға көмектесті де, екеуіміз бейнежазбаны кастинг-директорға жібердік. Келесі күні маған хабарласып, оңбаған студенттің рөліне бекітілгенімді айтты.

Кейіпкерімнің есімі – Мәлік. Ол – ақшаға барлығын, тіпті, махаббатты да сатып алуға болады деп ойлайтын, қыздардың жүрегін жаулап алушы, өз-өзіне сенімді жігіт. Тайландта түрлі оқиғалардың куәсі болдық: улы жәндіктер, кесірткелер, жыландар, медузалар, кенелер маусымы және т.б. Мен «Таиландтағы демалыс» фильмінің түсірілімін мәңгілікке есте сақтап қалатын шығармын.

- Нұрлан Қоянбаевпен жұмыс істеген қалай екен? Әсерлеріңізбен бөлісе кетсеңіз.

- Бұл жобаның бас продюсері - Нұрлан Қоянбаев, өзі де басты рөлдердің бірін сомдады. Түсірілім алаңы қызыққа толы болды, ол барлығына керемет көңіл-күй сыйлап жүрді. Жалпы, «Таиландтағы демалыс» картинасымен мықты топ жұмыс істеді деп айтуға болады.

- Актерлік шеберлік жағынан кімнен үлгі алуға тырысасыз?

- Мен әр актердан өзіме қажеттіні аламын. Негізінен, Энтони Хопкинс, Джек Николсон, кіші Роберт Дауни, Кристиан Бэйл секілді әлемдік жұлдыздардан үлгі алуға тырысамын.

- Қазақстан кинематографынан кімнің шығармашылығын үнемі бақылап отырасыз?

- Ақан Сатаев, Берік Айтжанов, Әділ Ахметов, Алтынай Нөгербек сынды өз ісінің мамандарының шығармашылығын ылғи бақылап отырамын.

- Актерлік қызметке қатысты алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Өзім жоспарлап жүрген рөлдердің көбісін жақсы орындап шығу. Сонымен қатар, Ресей кинематографымен де жұмыс істеп көргім келеді. Одан кейін, Голливудты бағындырсам деймін.

Газрет Ержановқа сұхбаты үшін алғыс білдіреміз!

Әңгімелескен: Әйгерім Қасқыр

Суреттерді Газрет Ержанов ұсынды

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Интервью

26 Тамыз, 2019

Алдияр Байрақымов: «Бізге керегі – нарықты дүр сілкіндіретін қызықты, сапалы сценарий»

I Baiqonyr SFF «Үздік сценарий» номинациясы жеңімпазы Алдияр Байрақымовпен сұхбат

Brod.kaz

Интервью

24 Тамыз, 2019

Шарипа Оразбаева: «Қазақ киносының өткені ол классика. Ал бүгіні ізденіс»

І Baiqonyr SFF бас жүлдесінің иегері Шарипа Оразбаевамен сұхбат

Brod.kaz

Таныс бейне

Берік Айтжанов

Актер

Дидар Амантай

Сценарист