È

Лидия Седроне мен Пол Браун: «Біз жаңашылдықты өз студенттерімізден үйренеміз»

Лидия Седроне мен Пол Браун: «Біз жаңашылдықты өз студенттерімізден үйренеміз»

Қазақстанға алғаш рет тәжірибелік семинармен Голливуд мамандары, Нью-Йорк киноакадемиясының ұстаздары продюсер Лидия Седроне мен сценарист Пол Браун келді. Қонақтар неліктен әлемнің түкпір-түкпірін аралап, өз білімдерімен бөліскенін, New York Film Academy академиясының басқа жоғары оқу орындарынан айырмашылығын және қысқа мерзімді курстардың маңыздылығы жөнінде «Бродвей» кинопорталына айтып берді.


- Сіздің Нью-Йорк кино академиясындағы ұстаздығыңыз неден бастау алды?

Лидия Седроне: Нью-Йорк кино академиясының алдында мен еш жерде сабақ бермедім. Дәл осы академия қабырғасында менің ұстаздық қызметім басталды. Құрбым мені продюсерлеу сабағына ұстаз ретінде ұсынып көрді. Мен де кет әрі еместігімді білдірдім. Алайда, осы қызметім өмірімнің қызықты сәттерінің бастамасы боларын кім білген?! Тағдырыма білімім мен тәжірибеммен бөлісуге, жаңа дарынды адамдармен танысуға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамын.

Пол Браун: Маған бір миллион доллар ұсынған! (Әзілдеп айтты). Негізінде, мені Лидия шақырған. Жекеменшік жобаларда, телевидениеде жұмыс істеп жүріп, тәуелсіз түрде жеке жобамды жасағым келгенін түсіндім. Өйткені, ол жерде жұмыс істеу еркіндігі мен қиял шексіздігі бар. Сондықтан, ТВ-дағы жұмысымды тастап, бостандыққа ие болдым. Лидия университетте ұстаздық қызметті ұсынған соң, байқап көрейін дедім. Тәжірибеммен бөлісе отырып, өзіме де қажетті ақпаратты алу және әлемді шарлау – осылардың барлығы бақыт емес пе?! (Күлді)

- Сонда сіз кәсіби салаңызды біржола тастап кеттіңіз бе?

Лидия С.: Білесіз бе, киноға келген соң, оны тастап кету мүмкін емес. Сондықтан, мен қызметімнен біржола кетпедім. Түрлі жобаларға қатысып, жұмыс істеп жүрміз. Менің ойымша, өзі тәжірибемен алмасып жүріп, білгенін студенттерге үйреткен ұстаздан артық ешкім жоқ. Себебі, кино әлемі күнде өзгеріске ұшырап жатады.

Пол Б.: Мен әріптесіммен толықтай келісемін. Киноөндірісті ұмыту мүмкін емес. Ол есірткі тәрізді. Білесіз бе, өзіңіз сабақ беретін пәннің негізгі түп-тамырымен таныс болған өте жақсы. Бұл студенттер алдындағы дәрежеңізді, кәсіби деңгейіңізді өсіреді, сенім ұялатады. Біз кино саласында еңбек етіп келеміз, түрлі жобалармен жұмыс істеп жатырмыз.

- Академияның басқа жоғары оқу орындарынан қандай ерекшелігі бар?

Лидия С.: Академияның ұсынатын оқу бағдарламасы кеңейтілген. Ол киноөндірістік барлық саласын қамтиды: актерлік өнер, сценарий шеберлігі, продюсерлеу мен операторлық өнер, көркем және анимациялық фильмдердің режиссурасы және т.б. Жыл сайын жаңа мамандықтар мен факультеттер ашылып жатыр. Өткен жылы мультимедиялық журналистерге арналған факультет ашылды. Бакалавр мен магистрлік бағдарламалардан бөлек, мектепте бір жылдық және қысқа мерзімді курстар бар. Менің маман ретіндегі кеңесім, Нью-Йоркте немесе Лос-Анджелесте білім алу өте маңызды, себебі бұл үздік киностудиялар мен агенттіктердің орталығы болып табылады. Академияның ерекшеліктеріне тоқталсам, оның студенттері әрдайым ізденіс үстінде жүреді. Біз ұстаз ретінде тәжірибеге баса назар аударамыз. Аудиторияда отырып-ақ тәлімгерлеріміз тәжірибелерімен алмасып, өз жобаларын жасап жатады. Оқуды бітірмей тұрып, жастардың мол тәжірибесінің болуы, жеке жобаларын жасауы өте жоғары көрсеткіш. Нью-Йорк академиясының әр ұстазы студенттерден өз ісінің нағыз маманын шығаруға тырысады.

- Осындай қысқа мерзімді курстар бар кезде, толық кинематографиялық білім алу шарт па?

Лидия С.: Барлығы адамның өзіне байланысты. Біреулерге үш жылдық білім аздық етуі мүмкін, енді бірі екі апталық курстың ішінде барлығын біліп ала алады. Әрине, оқу ұзақтығы көбірек болған сайын, білім мен тәжірибенің де мол болуы заңды. Алайда, көбісі жұмысына, отбасына немесе денсаулығына байланысты ұзақ уақытқа шетелдерге шыға алмайды. Сондықтан, оларға осындай қысқа мерзімді курстар тиімді. Ұстаздық тәжірибемнің жылдарында мен көптеген оқиғалардың куәсі болдым. Кейбіреулері екі күндік семинардың арқасында жеке жобаларын жасап, студиялар ашқан. Бірақ, шеберлік сыныбынан кейін толық білім алу үшін оқуға құжаттарын жолдап жатады.

Пол Б.: Біздің жұмысымыздағы ең жақсысы – адамдарды шабыттандыру, оларға сенімділік ұялату. Мен кино саласында қызмет еткісі келетін өзіне сенімсіз, өмірдегі өз орнын таба алмай жүрген жастарды көп көрдім. Мысалы, студенттерімнің арасында сценарист болуды армандайтын Ресейден келген бір әйел болды. Бірақ, тәжірибелік сабақтардың арқасында жақсы жазатынын байқайды. Курстан соң New York Film Academy оқуына құжаттар тапсырады. Бітірген соң отанына оралып, фильмге сценарий жазып, оны табысты түрде сатады.

- Әлемнің түрлі қалаларында сабақ беріп жүріп, кино саласында өзіңізге жаңа ақпарат алып жүрсіз бе?

Лидия С.: Киноны әр жерде әрқалай жасайды. Әрине, Голливуд арнайы стандарттарды бекітеді, дегенмен әр өңірдің өзіндік стилі бар. Мен продюсер ретінде басқа қалалардағы әріптестерімнің қандай жүемен жұмыс істейтіндігін білгім келеді. Бірнеше рет Мәскеу мен Киевте болдым. Жақында Абу-Дабиде семинар өткіздік. Мен үшін кино саласындағы тәжірибем мен білімімді толықтыру өте маңызды. Бұрыннан бері азиаттық кинематографқа қызығушылық танытқандықтан, Қазақстанға келгеніме қуандым. Болашақта азиаттық өңір батыс пен еуропалық кино нарығына мықты бәсекелес болады деп ойламын.

Пол Б.: Шындығын айтқанда, барлық жаңашылдықты біз өзіміздің студенттерімізден үйренеміз. Әр семинар өткізген сайын бұрын-соңды білмеген жаңа дүниеге тап боламыз. Барлығын білемін деп ойлап жүріп, дүниелерге жаңаша көзқараспен қарау керемет нәрсе.

- Тәжірибелі әр ұстаздың өзіндің оқыту әдісі бар. Ал сіздің оқыту ерекшелігіңіз қандай?

Лидия С.: Тәжірибе, тәжірибе және тағы да тәжірибе. Продюсер үшін өз саласында тәжірибе жинақтау өте маңызды. Киноиндустрияда тереңде жатқан көптеген сырлар, кітаптар мен оқулықтарда жазылмаған заңдар бар. Қиындықтарға тап болып, соларды еңсеру арқылы өз ісінің нағыз маманы атануға болады.

Пол Б.: Өз студенттеріме қойылатын басты талап – тек оқиға жазып қана қоймай, олармен өмір сүре білу керек. Жақсы фильмнің негізі – бұл жақсы сценарий, ол жүрекпен, сезіммен, ақылмен жазылған кезде ғана керемет болмақ. Сондықтан, өзімнің шеберлік сабақтарымда авторлардың көңіліндегі сюжетті немесе маңызды рөл атқарған оқиғаны жазуды ұсынамын.

- Киноөндіріске енді ғана қадам басып келе жатқандарға тілегіңіз...

Лидия С.: Өзіңізге және өз мүмкіндіктеріңізге әрдайым сенімді болыңыз! Егер сізге кино саласында қызмет еткен ұнайтын босла, ешқашан берілмеңіз, алға қойған мақсатыңызға жетуді үйреніңіз.

Пол Б.: Қызықты оқиғаларды дүниеге әкеліп, соның бір бөлігіне айнала біліңіз. Жаңа дүниелерді жасаудан қорықпаңыз әрі барлығын шабыттандырып жүріңіз!

Лидия Седроне мен Пол Браунға әсерлі сұхбаты үшін алғыс айтамыз.

 

Әңгімелескен: Әйгерім Қасқыр

Фото: Гүлхан Бильген

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Интервью

26 Тамыз, 2019

Алдияр Байрақымов: «Бізге керегі – нарықты дүр сілкіндіретін қызықты, сапалы сценарий»

I Baiqonyr SFF «Үздік сценарий» номинациясы жеңімпазы Алдияр Байрақымовпен сұхбат

Brod.kaz

Интервью

24 Тамыз, 2019

Шарипа Оразбаева: «Қазақ киносының өткені ол классика. Ал бүгіні ізденіс»

І Baiqonyr SFF бас жүлдесінің иегері Шарипа Оразбаевамен сұхбат

Brod.kaz

Таныс бейне

Нұрлан Әлімжанов

Актер

Берік Айтжанов

Актер