È

Нияз Әбдіғапар: «Мен сыннан қорықпаймын. Оны қабылдауға дайынмын, себебі сын арқылы біз өсеміз әрі мықты бола түсеміз»

Нияз Әбдіғапармен сұхбат

«Мұрагерлікке қалған махаббат» фильмі көпшілігі үшін үлкен кинодағы алғашқы қадам болды. Әсіресе, режиссер Нияз Әбдіғапардың дебютін ерекше атауға болады. Өзінің алғашқы картинасында ол Мұрат Бисенбин мен Нұрлан Батыровты үйреншікті образдан арылтып, басқа қырынан танытты. Кинотаспа айналымға шығып үлгерген, сондықтан сұхбатты оқыған соң бірден кино көруге барсаңыздар болады. Нияз бұл сұхбатында сынға қалай қарайтынын, болашақ жоспарлары мен кинодағы мақсаты туралы айтып берді.


- «Мұрагерлікке қалған махаббат» фильмі жайында айтып беріңізші? Режиссерлікке қалай келдіңіз?

- «Мұрагерлікке қалған махаббат» фильмін түсіру идеясы аяқ астынан туындады. Мұның алдында мен 8 жыл бойы киноға түсіп келдім, атап айтқанда: «Кек», «Сіз кімсіз, Ка мырза?», «Уранды дауыл», «Застава» фильмдерінде ойнадым. Содан кейін біраз үзіліс жарияладым да, Астанаға көшіп кеттім. Корпоративтік ивентпен айналыстым. Бірақ, әрдайым өзімді режиссурада сынап көргім келді.

Бұрын киноға актер ретінде түсіп жүргенімде, маған киноөндірісті зерттеу ұнайтын. Операторлардың сыртынан бақылап, әр құрылғының, техниканың қандай мақсатта пайдаланатынын білдім. Режиссерлардың түсірілім алаңында қалай жұмыс істейтінін, түсірілім тобының қалай жасақталатынын көріп жүрдім.

Уақыт өте келе, жарнама роликтерін түсіріп, жеке жобаларға режиссерлік ете бастадым. Кейіннен, мені бейнебаянға режиссер болуға шақырды. Әншінің шетелге кетіп қалуына байланысты, ол бейнебаян айналымға шықпады. Одан кейін, сол әнші әннен «Мұрагерлікке қалған махаббат» фильміне саундтрек жазуды ұсынды.

Бір күні досым Мұрат Бисенбин келіп, фильм түсіруге ұсыныс білдірді. Мен қарсы болмадым. Сол аралықта, мені «Алимент төлеушілер LIVE» жобасына қоюшы ретінде шақырды. Продюсерлер жобаға шақыра отырып, уақыттарының аздығын, украиндық режиссердің тығырыққа тірегенін, 19 бөлімді түсіру үшін бір жарым ай ғана уақытымның барын түсіндірді. Мен келістім. Біз берілген уақытта тиісті материалдарды түсіріп бітірдік. Әрине, жұмыстың асығыс жасалғаны байқалады, дегенмен осы жағдай режиссерлік шеберліктің мықты мектебінен өтуіме себеп болды.

Нұрлан Батыров та Астанаға келген сайын фильм түсіру идеясын қолдап жүрді. Бір күні досым Данияр Рыскелдиевті жолықтырдым, ол да маған сенім білдіріп, қаржылай көмек көрсетті. Достарымның қолдауынан соң, астаналық маман Нұрди Лесбектен сценарий жазуын өтіндім. Әрине, бұл Нұрлан Қоянбаев пен Нұртас Адамбайдың түсіретін комедиялары емес. Бұл - мелодрама, комедиялық элементтері бар драма. Мен топты бірнеше аптада жинадым. Түсірілімге дайындық аз еді, Астанада қыркүйекте бұзылатын ауа-райы басты жауымыз болды. Далада түсіретін көріністерді суық басталмай тұрып бітіруге тырыстық, содан кейін ғана ғимараттың ішіндегі көріністерді бастадық. «Мұрагерлікке қалған махаббат» атты фильмнің атауы аяқ астынан туындады: ағайынды екеу мұраға таласады, бірақ кейін ақшаның емес, қарым-қатынастың маңызды екенін түсінеді. Фильм отбасылық және ағайындылар арасындағы қарым-қатынас, махаббат пен сатқындық туралы.

- Астанада топты жинау қиын болды ма? Негізі, Алматыда фильм түсіру оңайырақ дейді ғой, себебі астанада кадр мен аппаратура жағынан қиындықтар болып жатады екен...

- Өзім де солай ойлаған едім. Бірақ, білесіз бе, мен табанды адаммын, бір нәрсені бастасам, мен үшін «мүмкін емес» деген сөз жоқ. Барлығы мүмкін. Егер шын қаласаң, айға да ұшуға болады. мен бейнебаян мен қысқа метрлер, хикаяларды түсіріп жүргенде жақсы мамандарға жолықтым. Жалпы, орташа топпен де жақсы кинотаспа түсіруге болады. Әрине, өзімнің картинама сын көзбен қарайтыным рас, жұмыстағы кемшілктерімді байқап тұрамын. Бірақ, Астанадағы сыншыларға көрсеткенімде, олар фильмге «4+» деген баға берді. «Мұрагерлікке қалған махаббат» - расында да халыққа арналған жақсы фильм. Ақшаңызды аямай, оп-оңай келіп, экрандағы көріністерді тамашалап қайтуыңызға әбден болады.

Фильммен Қазақ Ұлттық өнер университетінің түлектері айналысты, олар бұрыннан киномен жақын таныс, себебі кішігірім жобалармен айналысып жүрген еді. Иә, қателіктер болды. Бірақ олар шынымен барынша тырысты. Мен Астанада толықметражды киноны алға жылжытып жатқаныма қуанамын, себебі астанада мұнымен айналыстындар аз.

- Үш картина түсіріп біткен соң, режиссерлік саладағы өсуіңіз байқала ма?

- Шынымды айтсам, өсуді «Саяхатшыда» сезінгем. Мен киноны қалай көрсету керектігін түсіндім. «Саяхатшыда» 4 локация: 3-уі далада және 1 негізгі - Никита Михалковтың «12» фильміндегідей барлық әрекеттер өтетін бөлмеде болды. Менің ойымша, бұл фильм қазақстандықтар үшін жаңа бағыттағы аздаған фурор болатын сияқты. Картина жанры – шытырман оқиға, триллер. Көрерменнің «Әрі қарай не болар екен?» деген оймен тамашалағанын қалар едім. «Саяхатшының» жалғасы болады, сондықтан көптеген көріністерді жұмбақ ретінде қалдырып, фильмнің екінші бөлімінде көрсетеміз.

- «Мұрагерлікке қалған махаббат» фильміне қайта оралсақ. Актерлік құрам туралы айтып беріңізші? Кинодағы тәжірибеңізді ескере отырып, актерларды қалай таңдадыңыз? Үміткерлерге қандай да бір талап қойдыңыз ба?

- Иә, кастинг қызықты өтті. Нұрлан мен Мұратты бірден таңдадық, себебі фильм соларға орайластырып жазылды. Әйелдер рөлін сомдайтын актрисаларды таңдау қиынға соқты. Нұрланның бет-бейнесі өзгешелеу, оған кез-келген қыз сай бола қоймайды. Оның үстіне, сценарийде де кейіпкер ретінде нәзіктеу қыз бейнеленген, сондықтан соған сай бойжеткен іздедік. Кастинг-директор бұл рөлді джиу-джитсудан әлем чемпионы Мөлдір Мекенбаеваға ұсынды. Сынамаға періште қанішердің бейнесіндегі қыз келді. Мен оның актерлік талантының барын білмедім. Бірақ, Мөлдір Мекенбаеваны таңдағаныма өкінбеймін. Ол расымен де жақсы ойнап шықты.

Екінші бойжеткенді Мұратқа арнап іздедік. Оған да серіктес іздеу қиындау болды, себебі ол денелі әрі жасы да үлкендеу еді. Біз оны барынша жасартуға тырыстық, ақ шашын бояп, сақалын түзедік. Ал оның қызы болатын кейіпкер керісінше, жігерлі әрі джиу-джитсумен айналысуы тиіс еді. Сол кезде аяқ астынан маған Альбина Оганесян хабарласып қалады. Мен оған: «Қымбаттым, маған қазір келші, саған арналған бір рөл бар еді» дедім. Ол бұрын «Алимент төлеушілер» фильміне түскен болатын, сондықтан Альбинаның қалай ойнайтынын жақсы білемін. Мұрат та, Альбина да бір уақытта кіріп келді, мен екеуінің қатар тұруын өтіндім. Екеуі кадрда өте әдемі көрінді. Альбина бірнеше көріністерді ойнап берген соң, оны рөлге бекіттім. Осылайша, басты кейіпкерлерге серіктес қыздарды таптық.

Жағымсыз рөлге «Шиза» фильмінде ойнаған Эдуард Табишевті таңдадық. Ол оңбаған жігітті жақсы сомдап шықты. Оның көмекшісі Акираны Әзиза Рыскелдиева сомдады. Бұл кейіпкерді түсірілім барысында қостық. Өйткені, қарсыласқа көмекші жетіпей тұрғанын түсіндік.

- Дебютанттарыңыға актерлік шеберлікті үйреттіңіз бе?

- Әрине, дайындадық. Актер Ержан Түсіпов актерлармен айналысты. Кейбір актерларды үйретіп, кеңесін айтып отырды. Ал мен актерлік тәжірибеме сүйеніп, қажет жерінде түзетіп, ақылымды айттым.

- Сценарийге режиссерлік түзетулер енгізілді ме?

- Біз көптеген түзетулер енгіздік. 10%-ын түсірілім барысында өзгерттік: кей көріністер бюджетке сай келмеді, кейде локациялар дұрыс болмады. Бастапқыда-ақ коллапс орын алды: түсірілімнің алғашқы күнінде локацияға келгенімізде, ғимараттың қожайыны үлкен түсірілім тобын көрген соң, орын беруден бас тартты. Біз жаңа орын іздеуге 2 сағат уақытымызды жұмсадық. Әр істің бір қайыры бар деп бекер айтпайды ғой.

- Сіздер Нұрлан мен Мұратты түрлі образда көрсетуге тырыстыңыздар. Олар актерлік тапсырманы өз деңгейінде орындай алды ма, қалай ойлайсыз?

- Білесіз бе, мен де осы туралы көп ойладым. Бірақ, кәсіпте «тәуекел – нәтиже» деген сөз бар ғой. Бастапқыда, екеуін сол бейнеде қалдырғым келген. Олар да өздерінше үрейленді. Бірақ, «неге байқап көрмеске» дедім. Мұрат өз рөлін ерекше ыждаһаттылықпен ойнады, оның жүрекпен ойнағанын байқадым. Айтпақшы, Мұраттың суретші екенін білесіз бе? Ол картиналарды сала алады, біз сол дарынын «Мұрагерлікке қалған махаббат» фильмінде көрсеттік. Мұрат Альбина Оганесянның потретін өзі салды. Түсірілім тобы қатты таң қалды. Нұрлан да кейіпкерін барынша жақсы сомдауға тырысты, салмақты кейіпкерді ойнаудың өзі оңай емес. Менің ойымша, ол өз міндетін атқарып шықты, себебі трейлер көргендер оны бірден тани қоймады. Барлығы оның өте салмақты болып көрінгенін жасырмады!

Менің пікірім, Нұрлан мен Мұрат тапсырмаларын 80%-ға орындады.

- Айналым мен түсірілім арасында 1 жыл қашықтық бар. Сол уақыт аралығында тағы да 2 толық метр түсірдіңіз. Алғашқы картинаңызды айналымға неге бірден шығармадыңыз?

- «Мұрагерлікке қалған махаббат» - менің алғашқы фильмім, сондықтан барлық кезеңнен: басынан соңына дейін асықпай өткім келді. Қателесуге қорықтым. Егер менің туындымды 100 адам көрсе, ол мен үшін жетістік. Бастапқыда атыңа жұмыс істейсің, кейін есімің сен үшін жұмыс істейтін болады. сондықтан, бірінші себеп – асыққым келмеді. Екіншісі – бюджет біраз қиындық тудырды. Үшіншісі – фильмді көктемде көрсеткіміз келіп еді, айналыммен айналысатындар көктемде әлемдік тұсаукесердің көптігін алға тартты. Бізге қыркүйектің басында қоюды ұсынды. Мүмкін, бұл да дұрыс шығар, осы уақытқа дейін кейбір сәттерді ретке келтіріп алдық. Айналыммен айналысатындармен кеңесе келе, фильмді қысқартып, кейбір көріністерді алып тастадық. Жалпы, жаман шықпаған сияқты. Ендігі кезекте, келесі фильмдерді тезірек шығаруымызды сұрап жатыр.

- Фильмге қатысты айтылатын сыннан қорықпайсыз ба?

- Мен сыннан қорықпаймын. Оны қабылдауға дайынмын, себебі сын арқылы біз өсеміз әрі мықты бола түсеміз. Сын болған жерде, алға ұмтылу да бар. Барлығы жақсы болып кетсе, біртүрлі болар еді. «Қара пиар да – пиар» дейді ғой. Әлемдегі танымал әрі аса танымал емес режиссерлардың барлығы сәтсіздікке ұшыраған, бірақ тоқтап қалған жоқ қой. Олар одан әрі жақсы әрі әдемі жасауға тырысты.

- Қаржылық пайда туралы ойлайсыз ба?

- Әрине, пайда тапқың келеді ғой. Мен оның аз болса да, касса жинайтынын білемін. Ең болмағанда шығынды өтеп, біраз пайда табатын шығармыз деп ойлаймын. «Мұрагерлікке қалған махаббат» миллион доллар табыс табады деп күтпейміз. «Көрсету» және «Саяхатшы» фильмдері - бұлар жақсы кассалық жинаққа ие болады деп үміттенеміз.

- Актерлік салаға қайта оралғыңыз келе ме?

- Маған рөлдер ұсынып жатыр. Бірақ, мен Нұртас Адамбай секілді, өз фильмдеріме түсіп көргім келеді. Бір жағымсыз кейіпкерді сомдасам деймін.

Сонымен қатар, Мел Гибсон секілді өз фильмдерімнің продюсері, режиссері әрі актері болуды армандаймын.

- Бұл тізімге сценаристті де қосып қоюға болады.

- Иә, режиссер, продюсер, сценарист әрі актер!

- Алдағы жылға арналған жоспарларыңыз қандай?

- Жоспар туралы қысқаша айтар болсам, жыл соңына таман Жаңа жыл тақырыбына қатысты бір фильм түсіруді ойлап отырмыз. Қазақстанда Жаңа жыл тақырыбына арналған фильмдер өте аз. Бізде қыз бен жігіттің махаббат хикаясына арналған бір сценарий дайын тұр, «Жаңа жылға үш күн қалғанда» деп аталады. Фантастикалық мелодрама. Фильмді қыста түсіріп, келесі жылы мереке қарсаңында көрсеткіміз келеді.

Сонымен қатар, «Саяхатшы – 2» фильмін түсіріп, менің сценарийіме орайластырылған «Бөлме» деген уақытша атауы бар картина жасауды жоспарлаудамыз. Мен оны 4 жыл бұрын жазған едім, бірақ ол кезде түсіруге уақыт болмады, фильмге жақсы бюджет қажет. «Бөлме» - психологиялық триллер, атыс-шабыс фильмі. Ол жақта көрермендер басты төрт кейіпкердің қызықты хикаларын тамашалайтын болады.

 

Нияз Әбдіғапарға сұхбаты үшін алғыс білдіреміз!

 

 

Әңгімелескен Айдана Мамаева

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Интервью

26 Тамыз, 2019

Алдияр Байрақымов: «Бізге керегі – нарықты дүр сілкіндіретін қызықты, сапалы сценарий»

I Baiqonyr SFF «Үздік сценарий» номинациясы жеңімпазы Алдияр Байрақымовпен сұхбат

Brod.kaz

Интервью

24 Тамыз, 2019

Шарипа Оразбаева: «Қазақ киносының өткені ол классика. Ал бүгіні ізденіс»

І Baiqonyr SFF бас жүлдесінің иегері Шарипа Оразбаевамен сұхбат

Brod.kaz

Таныс бейне

Ақан Сатаев

Режиссер