«Аладдин» қазақ тілінде прокатқа шықты
«Аладдин» фильмінің қазақ тіліне дубляждалған нұсқасы үлкен прокатқа шықты. Нұр-Сұлтан және Алматыда фильмнің прокаты алдындағы премьералық көрсетілімдері өтті.
Алматыдағы көрсетілімді «Өзіңнен баста» жобасының идеялық шабыттандырушысы, «Болашақ» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің құрметті мүшесі Бауыржан Байбек ашты. Ол атап өткендей, ең күтілетін голливудтық фильмдер мен мультфильмдерді мемлекеттік тілге сапалы толыққанды дубляждау бойынша жоба сегіз жыл бойы қызмет етіп келеді және балалар мен жастар арасында қазақ тілін дамытуға және ілгерілетуге, сондай-ақ бәсекеге қабілетті контентті құруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, Алматыда дубляж актерлерімен баспасөз конференциясы өтті, олардың арасында Джафардың рөлін дубляждаушы Нұрлан Әлімжан және Жынның рөлін дубляждаушы - Дәурен Серғазин. Сондай-ақ, рөлдерді дубляждағандар: Айсұлтан Жәлиев (Аладдин), Шехназа Қызыханова (Жасмин), Арай Омарова (Далия), Тілектес Мейрамов (Сұлтан), Жанат Оспанов (Андрес ханзада), Нартай Сауданбек (Хакім). Барлығы Алматы мен Нұр-Сұлтаннан 50-ден астам актерлер кастингке қатысты.
Айта кетейік, "Өзіңнен баста" жобасының арқасында бүгінде 100-ден астам отандық актерлер "Walt Disney Pictures" дауыстық базасында тұр. Қазақ тілі түрік тілінен кейінгі дубляжда екінші түркі тілі және «Walt Disney» компаниясының тарихында 39-шы; «Sony Pictures» үшін — 7-ші болды. Шығыс Еуропа мен ТМД елдері үшін шығарылатын Blu-Ray-да көру үшін қолжетімді голливудтық фильмдердің 7 негізгі тілдеріне кірді.
«Өзіңнен баста» жобасын іске асыру кезінде қазақ тіліне 29 Голливуд кинокартинасы дубляждалды, олардың ішінде: «Тачки-2»/«Көліктер 2», «Мстители-2: Эра Альтрона»/«Кек алушылар: Альтрон дəуірі», «Храбрая сердцем»/«Батыл жүрек», «Тайна Коко»/«Коко құпиясы», «Моана», «Малефисента» және т. б..
2019 жылдың 23 мамырынан бастап «Аладдин» фильмін қазақ тілінде Қазақстанның барлық ірі кинотеатр желілерінен көруге болады.
«Аладдин» фильмінің кестесі кинотеатрлар афишасында қол жетімді.
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін