European Film Awards 2017 жеңімпаздары анықталды
Берлинде European Film Awards-тың марапаттарды табыстау салтанаты өтті, бұл – Еуропа киноакадемиясының айтулы жүлдесі, оны тіпті кейде еуропалық «Оскар» деп те атайды. Жылдың ең үздік еуропалық фильмі Рубен Эстлундтың «Төртбұрыш» шведтік таспасы атанды. Одан бөлек, картина «Үздік комедия», «Үздік режиссер» (Рубен Эстлунд), «Үздік актер» (Клас Банг), «Үздік сценарист» (Рубен Эстлунд) және «Қоюшы-суретшінің үздік жұмысы» номинацияларында жүлделі болды.
«Тән мен жан туралы» венгерлік фильмінде ойнаған Александра Борбей еуропалық үздік актриса атанды. Еуропалық үздік толықметражды анимациялық фильм атағына «Ван Гог. Махаббатпен, Винсент» жобасы ие болды. FIPRESCI-дің «Жыл жаңалығы» жүлдесін «Леди Макбет» британдық фильмі иеленді.
«Махаббат емес» ресейлік таспасы басты номинацияларда аталғанымен, жүлде ала қоймады. Дегенмен, картина техникалық номинацияларда жүлдегер болды: Михаил Кричман үздік еуропалық оператор (Prix Carlo di Palma), ал Евгений мен Саша Гальпериндер үздік еуропалық композиторлар атанды.
Еуропа киноакадемиясының шығармашылық жолдағы жетістіктері үшін берілетін құрметті жүлдесі ресейлік режиссер әрі продюсер Александр Сокуровқа табысталды. Аталмыш жүлде оның кино саласына қосқан бірегей үлесі үшін берілген.







пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін