Олжас Нұрбаев Алматыда «The Boon» фильмінің тұсауын кесті
Алматылықтарға жас режиссер Олжас Нұрбаев өзінің «The Boon» қысқаметражды картинасын таныстырды. Кинотаспа «International Independent Film Awards» және «Barcelona Planet Film Festival» екі америкалық кинофестивальдерінде «Үздік режиссер» номинациясы бойынша бағаланып үлгерді.
Картина сюжеті бойынша панасыз жүрген ер адам тастанды сәбиді тауып алады да, оның өмірі күрт өзгере бастайды.
«The Boon» - бұл дипломдық жұмыс. Мен осы туынды арқылы Нью-Йорк кино академиясында магистрлік дәрежемді қорғадым. Түсірілімге көпұлтты топ атсалысты. Олардың арасында Қазақстан, Ресей, Швейцария, Африка және Америка елдерінен жиналған жігіттер болды. Фильм идеясы екі елдің – Қазақстан мен Америкадағы ортақ әлеуметтік өзекті мәселеге байланысты туындаған еді. Америкада панасыз, үй-күйсіз жүргендердің саны өте көп. Бір ғана Лос-Анджелестің өзінде басында баспанасы жоқ 900 мыңға жуық адам бар екен. Ал біздегі өзекті тақырып – тастанды балалар. Отандастарым мен достарым «The Boon» фильмін өзіміздің елде де көрсетуді сұрады, мен неге көрсетпеске деп ойладым. Кейіннен «Chaplin cinema» кино желісінің өкілдерімен байланысып, өз идеямды айттым. Олар да қуана келісімдерін берді»,-деді Олжас Нұрбаев.
«The Boon» фильмінен көрініс
Режиссер өзінің екінші қысқа метрін (алғашқы - «The Joke») екі күн ішінде түсірген. Бірақ, дайындық жұмыстары бір жарым айға созылған, өйткені басты рөлдегі кейіпкерлерді: ер адам мен сәбиді ұзақ іздеген. Тапқан соң кішкентай сәбиді бірден рөлге бекіткен. Ол Голливуд есімді алты айлық бала болды. Олжастың жобасына дейін, бала бес фильмге түсіп үлгерген екен. Ал үйсіз бейбақтың рөліне американдық актер Гарленд Скотт алынды.
Қазіргі таңда фильм Джорджия штатында өтіп жатқан «Skyline International Film Festival» фестиваліне қатысуда. Нұрбаевтың өзі де сценаристер тобына кіреді. Олар алдағы уақытта жаңа отандық хикаямен жұмыс істемек.
«Мен толық метр түсіруге асықпаймын, оған әбден дайын болуым керек. Менің мақсатым - жәй ғана кино емес, сапалы фильм түсіру. Барлығы ойдағыдай болып жатса, болашақта драма немесе комедия жанрында толықметражды таспа түсіргім келеді»,-деді режиссер.
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін