È

«BAIQONYR» Халықаралық кинофестивалі cтуденттер көзқарасымен

«BAIQONYR» Халықаралық кинофестивалі cтуденттер көзқарасымен

Қысқаметрлі кино байқауы саналатын «Байқоңыр» Халықаралық фестивалі биылғы жылы 4-8 қыркүйек аралығында ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті–Елбасы Қорының қолдауымен төртінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан кинофестиваль жас киногерлердің танылуына үлкен мүмкіндік береді. Бес күнге созылған фестиваль барысында отандық және ТМД елдерінен келген фильмдер көпшілік назарына ұсынылды.

Осы орайда, көрсетілімге қатысқан Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «кинотану» мамандандыруының 1-курс студенттерінің пікірлерін ұсынамыз.


Әли ӘЛІШЕР: «Байқоңыр» кино байқауының негізгі мақсаты жастар шығармашылығына қолдау көрсетіп, қысқаметрлі фильмдер бағытын дамыту болғандығынан шығар, биылғы фестиваль бағдарламасына Қазақстаннан тыс елдерден көп фильмдер қатысты. Халықаралық және ұлттық конкурс бағдарламасын көру арқылы отандық жастар киносының бүгінгі жағдайын басқа елден келген фильмдермен салыстыруға мүмкіндік болды. Байқауға қатысқан отыздан астам фильмдер ішінен маған соншалықты әсер еткен «Падай» (Татарстан, реж. Рудольф Хайнуров), «Прощай» (Қырғызстан, реж. Қараш Жанышев), «Франка» (Белорусь, реж. Митрий Семенов-Алейников) фильмдерін ерекше атағым келеді.

Кейіпкерлерінің түрлі жағдайдағы мінез ерекшеліктері жағынан ұқсастығы болмаса да, бұл фильмдерге ортақ сипат ретінде олардың шынайы сезімдерін көру мүмкін болды. Тағы басқа да бірқатар сапалы туындылардың сайысы нәтижесінде қайсысы жеңіске жетер деген сұрақ мені аса қызықтырды. Қазылар алқасының шешімімен қырғыз режиссерінің «Прощай» фильмі бас жүлдені иеленді, мен бұл шешімді өте орынды деп қабылдадым.

Ұлттық фильмдер бағдарламасын да толық көріп шықтым. Онда да жақсы туындылар бар екен. Дегенмен де, қырғыз режиссерларының туындылары әлдеқайда жоғары деңгейде екендігін мойындау керек шығар. Бес күнге созылған қысқа метрлі фильмдер байқауы жас кинематографистерді жігерлендірген сияқты әсер қалдырды.

«Байқоңыр» фестивалінің ұйымдастыру шаралары көрермендердің де өздерін еркін сезінуіне мүмкіндік берді. Күн сайын барлық көру залдары кино сүйер қауымға лық толы болды. Демек, фестивалдің өз көреремені, өз қолдаушысы бар. Мен үшін бұл күндер нағыз кино мерекесіне айналды. Байқауды келесі жылы да асыға күтетін боламын.

Бақытжан ЕРКЕЖАН: «Байқоңырдың» бұл жолғы конкурстық бағдарламасында жақсы фильмдер біршама бар екен. Қазақстандық режиссерлардың фильмдері Халықаралық және Ұлттық байқау сайысына түсуге мүмкіндік алды. 33-фильм көрсетілді, оның ішінде үздік деп танылған фильмдердің жеңімпаздары 15 номинация бойынша анықталып, жүлделі орындармен марапатталды. Жүлделерді елімізге танымал мәдениет қайраткерлері өз қолдарымен табыстады. Бұл фестивальге Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының талантты студенттері де белсене ат салысты. Өнерге енді келген студенттер үшін бұл фестиваль оларға ең алғашқы қадам, жаңа мүмкіндіктер бастауы жəне жақсы тәжірибе алаңы болмақ.

«Байқоңыр» кинофестивалінің жеңімпаздарға табыстайтын мүсіні жайлы ерекше айтуға болады. Айдағы космонавт түрінде жасалған бұл мүсіннің маңызы «Жеңіске жеткен алғашқы қадам» ұғымын білдіреді. Фестиваль жастарға және жастар шығармашылығына арналғандықтан да шығар, бүгінгі жастарды не қызықтырады, не мазалайды деген тақырыптағы фильмдер көп болды. Қазіргі таңда жастардың талғамы əртүрлі болғандықтан көпшілігіне фестиваль бағдарламасы бәлкім ұнамауы да мүмкін. Осы орайда әлі де болса меңгерілмей жатқан тақырыптар бар екендігі байқалды. Жастар киносы бағытындағы бұл фестивальдің болашағынан көп үміт күтуге болады. Шара қонақтарға көптеген əсер мен қызықты естеліктер сыйлай білді.

Туренов АЛИХАН: «Байқоңыр» кинофестивалінің үш күнге созылған фильмдер сайысында түрлі тақырыпты қамтыған туындыларды тамашаладық. Соның ішінде жиі кездескен тақырыптар қатарында отбасы жағдайы, махаббат сезімі, жалғыздық мәселелері баршылық. Халықаралық байқау бағдарламасындағы «Моль» (Ресей, реж. Алексей Френкель), «Last Dance» (Өзбекстан, реж. Аброр Самугжанов) фильмдерінде ортақ тақырып – қарт адамдардың жалғыздығы қамтылған. Қартайған шақтарында жақындарынан жылылық сезіне алмаған қариялар екі фильмде де бүгінгі қоғамдағы жиі кездесетін әлеуметтік жағдайларға назар аудартады. Сюжетті өрбітуде екі фильмде әртүрлі оқиғалар қамтылса да, авторлар тарапынан көрерменге жеткізгісі келген түпкі ойлары ортақ болып шыққан. Өзіме ұнаған әсерлі фильмдер қатарында Татарстаннан келген «Падай» (реж. Рудольф Хайнуров) фильмін атар едім. Бұл фильмде де кейіпкердің жалғыздығы негізге алынған. Кейіпкер сол жалғыздық сезімінен арылу үшін түрлі әрекеттерге барады. Актер сомдаған рольдің шынайылығы аса әсерлі болды.

«Байқоңыр» фестивалінің ашылу салтанатында көрсетілген қазақстандық режиссер Айжан Қасымбектің «SU» фильмі көптеген халықаралық фестивальдер байқауына қатысып, біраз жетістіктермен ерекшеленген екен. Жастар киносының болашағы осындай фестивальдердің қолдауымен жаңа белестер арқылы дамитындығына көз жеткіздік. Биылғы ұйымдастырылған кинофестиваль көздеген мақсатына жетті деуге болады: алғаш рет халықаралық деңгейде өткізіліп отыр және байқауға қатысқан фильмдердің сапасы да жақсы. Фестивальдің «Байқоңыр» аталуы да жақсы жорамал, алдағы уақытта талай ғарыштарды бағындыратынына көрерменін сендіреді.

Жәнәбіл НАЗЕРКЕ: 2016 жылдан бастап өткізіліп келе жатқан бұл фестивальдің жас кинематографистерге үлкен шығармашылыққа жол ашатын мүмкіндіктері мол. Биылғы кинофестиваль жас режиссер Айжан Қасымбектің «SU» атты фильмімен ашылды. Фестиваль жылдан жылға көркейіп өз көрермендерін және қатысушыларын ерекше жаңалықтарымен қуантып келеді. Фестивальдің конкурстық бағдарламасында әртүрлі жанрдағы қыскаметрлі фильмдер көрсетілді. Өзбекстан, Қырғызстан, Армения, Белорусь тағы басқа да мемлекеттерден келген фильмдердің ортақ тақырыптары да бар, айырмашылықтары да байқалды. Жиі кездескен тақырыптар қатарында махаббат туралы, отбасылық қарым-қатынас сипатындағы, әлімжеттік мәселелері көрініс алған. Жас мамандар тарапынан жеке оқиғалар арқылы қоғамдағы бүгінгі байқалып отырған басқа да күрделі мәселелерге назар аудару талпыныстары байқалады. Тіпті кейбір фильмдердегі комедиялық жағдайлардың өзі көрерменді күлдіре отырып, өзекті мәселеге көңіл аудартады. Байқауға қатысқан фильмдер ішінен қазақстандық туындыларды («Макс», «Бауыр», «Айып») ерекше атауға болады. Аталған фильмдердегі жас актерлардың сомдаған кейіпкерлері шынайы болып шыққан. Халықаралық байқау бағдарламасында әсіресе, қырғыз фильмдері соншалықты әсерлі болды.

Түрлі тақырыптардағы жан-жақтан келген фильмдер байқауының әсіресе, биылғы жылғы халықаралық деңгейі жалпы кино өнерінің дамуына қосар үлесі зор болатынына сенім ұялатады.

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Казахстанское кино

31 желтоқсан, 2019

Алматыда ұлттық «Құлагер-2019» киножүлдесі табысталды

«Құлагер»  ұлттық кинематографиялық жүлдесі 2007 жылдан бастап өткізіледі

Brod.kaz

Казахстанское кино

9 Қыркүйек, 2019

IV Baiqonyr International Short Film Festival жеңімпаздары

Baiqonyr фестивалі қысқаметрлі кино саласындағы үздік режиссерларды анықтады 

Brod.kaz

Baiqonyr ISFF: Ushqyn байқаудан тыс бағдарламасы

ІІ ХКФ Ushqyn студенттік кинофестивалінің үздік қысқаметрлі фильмдері Baiqonyr ISFF-де көрсетіледі

Brod.kaz

Таныс бейне

Бибігүл Ақтан (Сүйіншәлина)

Актриса

Тимур Жақсылықов

Сценарист