È

Baiqonyr жас режиссерлердің бағын жандырады

Baiqonyr жас режиссерлердің бағын жандырады

2016 жылы Қазақстанның кинемато­графиялық картасында жаңа кинобәйге – Baiqonyr пайда болды. Бұл атау кездейсоқ таңдалмаған. Байқоңыр ғарыш айлағымен аттас кинофестиваль тұсауы кесілген алғашқы жылы-ақ арынды екпінмен дүбірлеп келіп, жаңа орбитаға шығу мүмкіндігі бар жас кинематографистер үшін ұшу алаңы ретінде қарастырылды. Фестивальдің авторлығы мен жетекшілігі Әнуар Кенжебаевқа тиесілі. Биыл өткен Қазақстан киносыншылары қауымдастығы ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде ол «Фестиваль қозғалысына қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығымен марапатталды. Baiqonyr президенті биыл 6-10 қыркүйек аралығында Алматы қаласында өтетін кинофестивальдің басты жаңалықтары туралы айтып, іс-шара тарихындағы қызықты деректерді еске алды.

– Алғашқы үш жылда Baiqonyr фестивалі еліміз шеңберін ғана қамтығаны есімізде. Бірақ кейін сіз кинофестивальді «халықаралық» деп атай бастадыңыз. Яғни Baiqonyr республикадан тыс жерлерде тез сұра­нысқа ие болды ма?

– Иә, үшінші кинофестиваль әлі де респуб­ликалық маңызға ие болған-ды, бірақ біз туралы естіген шет мемле­кет­тердің режиссерлерінен көптеген өтінім келіп түсе бастады. Олардың басым көпшілігінің ТМД елдерінен келгені рас, бірақ өтінім Оңтүстік және Солтүстік Америк­а­­дан да келіп түскенде, таңырқап қалдық. Біз мұны халықаралық деңгейге шығуға болатын белгі ретінде қабылдадық. Сол себепті 2019 жылы өткен IV фестивальден бастап біз толық­қан­ды халықаралық кинофестивальге айналдық. «Қалайша жаңа сапаға көтеріп, қай қырынан дамыт­сақ болады?» деген сауал әр ұйым­дас­ты­рушы үшін басты сұрақ болса керек, сондықтан жыл сайын өтетін кинофестивальдің деңгейін көтеруге бар күш-жігерімізді салып, өзге елдің озық тәжірибесі мен өткізу тәртібін назарға аламыз. Өйткені даму жоқ жерде өмір де болмайды. Айт­пақшы, өзгерістер екінші фестивальден бас­талды. Егер алғашқы жылы ол екі күн шеңберінде өткізілсе, келесі жылы үш күнге ұзартылды.

– Ең алғашқы Baiqonyr кинофес­тиваліне пандемия құрбаны болған Оңтүстік Корея­­ның көрнекті режис­сері Ким Ки Дук қатысқаны белгілі.

– Иә, Baiqonyr фестиваліне шақыр­ған әлемдік киноның көрнекті шебері біз­дің алғашқы шетелдік қонағымыз болып ­еді. Біз Ким Ки Дуктың қазылар алқасы­ның құрамында болғанын қалап едік, бі­рақ шығармашылық адамына тән еркін­дік пен қарапайым мінезі бойынан есіп тұрған ол жай ғана көрермен қатарынан орын алып, қазақстандық жас киномен жақынырақ танысуға шешім қабыл­да­ды. Ким Ки Дук конкурстық бағдарламаны көріп, киножобалардың ішінен біреуін бөліп көрсетті. Шын өнерді шебер ғана қапысыз таниды – ол жобалаған фильм фестиваль соңында ең жақсы режиссура үшін жүлдеге ие болды. Бұл Дархан Төлегеновтің «Маршрут» картинасы еді. Алғашқы таныстықтан бастап-ақ Ким Ки Дук екеуміз тез тіл табысып, жақын достарға айналдық, үнемі хабарласып тұрдық. Бір қызығы, ол ағылшын тілінде сөйлемеді, мен корей тілін білмеймін. Сондықтан Google аудармашысын жиі қолдануға тура келді. Әрине, оның мезгілсіз қайтыс болуы бүкіл әлемдік кино үшін және жеке өз басыма орны толмас қайғы болды.

Южнокорейский режиссер Ким Ки Дук
Южнокорейский режиссер Ким Ки Дук

– Сіз өткен жылдардағы кинофестиваль жеңім­паздарының кейінгі тағ­дырын бақылап отырасыз ба? Әри­не, бірінші фестивальден бері 7 жыл өтті – бұл соншама көп уақыт емес болар, бірақ Baiqonyr-да жеңіске жет­кеннен кейін мансабы сәтті дами бас­таған авторлар бар шығар?

– Олардың болашақ тағдырына тіке­­лей әсеріміз болмаса да, шығар­ма­­шылығы тоқырап қалмауы үшін жа­нама жәрдем көрсетіп, қолұшын со­зуға тырысамыз. Табысты мансаптың мысал­дары бар. Әңгімеге арқау болған Дархан Төлегенов 2016 жылы алғашқы қа­рымын байқатқан «Маршрут» фильмі­мен-ақ ел киносында бола­шағы зор мықты режиссердің пайда болғанын дәлелдеді. Ал биыл ол өзінің «Ағайындылар» картинасымен «Үздік фильм-драма» номинациясы бойынша Қазақстан киносыншылар қауымдастығы ұлттық сыйлы­ғының иегері атанғанда, жас таланттың жүлдеге лайықты қол жеткізгеніне қуана отырып, басқаша болуы мүмкін еместей таңырқамадық.

– Биылғы фестивальге қатысушылар мен қонақтарды қандай жаңалықтар мен тосынсыйлар күтіп тұр?

– Жоғарыда айтқанымдай, біз үнемі кинофес­тиваль бағдарламасын жетілдіруге тырысамыз, жаңа номинацияларды қосамыз немесе кейбіреуін алып тастаймыз. Өткен жылы елімізде ұлттық байқаудан бөлініп шыққан анимациялық фильм­дер байқауы болды. Мұны Қазақстан кинемато­графиясында анимация жанрының белсенді дамып келе жатқанының белгісі деп түсінемін. Жас анимациялық режис­сер­лерді бұл жаңалық ынталандыра түседі. Биылғы өзгеріс – Baiqonyr аясында жеке анимациялық кинофестиваль өтеді. Ал келесі жылдан бастап анимациялық фестиваль толығымен бөлініп шығады. Baiqonyr фестивалі­нің байқауларынан анимация бөлініп шықты, ал оның орнын дебюттік толықметражды картиналар толықтырды. Қазірдің өзінде Армениядан, Грузия­дан, Алтайдан фестивальге қатысуды қала­ған өтініштер келіп түсе бастады. Алда әлі жаз бар, түрлі елден жақсы дебюттер келеді деп ойлаймын.

Режиссер Дархан Тулегенов
Режиссер Дархан Тулегенов

– Биыл екінші рет ТМД елдерінің кинотанушылары мен киносыншыларының форумы өткелі отыр. Baiqonyr киносыншыларға қаншалықты қызықты?

– Алғашқы күннен бастап Baiqonyr жас автор­лардың кино көрмесі ретінде ұйымдастырылаты­ны түсінікті болды. Фестиваль толыққанды кино жәр­меңкесі алаңына айналуы үшін біз өз жобамызға кино саласының жұмысына белсене араласатын БАҚ өкілдерін де біріктіргіміз келді. Сондықтан фес­тивальді ТМД елдерінің кинотанушылары мен сын­шыларының форумымен толықтыру идеясы пайда болды.

Кинотанушылар кез келген кинофестивальдің құрметті меймандары, кино мерекесінде олар бір-бірімен танысады, киноларды талқылайды, кино­герді өсіретін өткір сын айтады. Біз осындай кездесулер мен талқылауларға қандай да бір ұйымдастырушылық форма беруді жөн көрдік және оның маңызын арттыра түсу үшін бұл іс-шараны форум деп атадық. Кино әлеміне енді ғана имене басып келген форум фестивальдің жас қанаты сияқты көңіл бөлуді, қолдауды қажет етеді. Бүгін бұл ТМД елдерінің кинотанушылар форумы болса, ауқымы кеңейе келе, ертең ол Еуразиялық кинотанушылар форумына айналуы мүмкін. Айтпақшы, толықметражды дебюттік көркем киноның пайда болуына кинотанушылар тарапынан болған сұраныстың әсері болды. Кез келген форматтағы мұндай іс-шара кинофестивальдің дамуына ықпал етеді.

Режиссер Алишер Жадигеров
Режиссер Алишер Жадигеров

– Қазіргі қазақстандық кинематографтың жағдайын қалай бағалайсыз? Жақында Қазақ­стан киносыншылар қауымдастығының прези­денті Гүлнара Әбікеева біздің республикамызда дарынды кинематографистердің жаңа буыны пайда болды және «біз көріп отырған қазақ киносының мұндай өрлеуі әлі болған жоқ» деген ой айтты.

– Киносыншының бұл ойы құптарлық, «қазақ киносының өрлеу кезеңі туды» деген пікіріне толығымен келісемін, бұл тұрғыда түйген өз мысалым да жеткілікті. Пандемияға дейінгі соңғы жылы біз Baiqonyr кинофестиваліне 170 өтінім қабыл­дадық. Енді қанат жайып келе жатқан фести­валімізге әлемдік оқшауланудың салқыны тимей кеткен жоқ, дегенмен қиындыққа қарамастан, өткен жылы 90 өтініш қабылданды. Бұл жаман көрсеткіш емес. Егер бір жылдың ішінде біз 500 жас авторды іріктеу елегінен өткізсек (және бұл біздің кино­фестивальге қатысқысы келетіндер ғана), онда жалпы әлеуетті елестетуге болатын шығар.

Меніңше, еліміздің кино саласында заман үрді­сін сезінген сапалы киногерлер буыны өсіп келеді, бастысы, мемлекеттің бұған назар аударғаны абзал. Бұл қымбат ресурсты жоғалтпауды назарда ұстаған жөн, жас таланттардың қабілетін толық ашып, осы кадрлардың елде тұрақтап қалуын көздейтін ауқымды бағдарламалар жасау керек.

– Осындай тұрақсыздық белең алған кезеңде бір нәрсені жоспарлау да қиын екені анық, бірақ сіз алдағы фестиваль туралы ғана емес, оның болашағы туралы да ойланасыз ғой.

– Алдағы жылы фестивальді өткізетін уақыт­ты қайта қарастыруға тура келіп тұр. Себебі Baiqonyr фестивалі Венеция және Торонто кино­фестиваль­дерімен қатар қиылысады. Академиялық кино әлемінің көптеген өкілі қазақстандық бәйгеге келгісі келетін ниетін байқатады, бірақ уақытының қолайсыздығына байланысты бас тартуға мәжбүр. Осы жағдайға орай фестивальді тамыз айының соңына қарай жылжытуды жоспарлап отырмыз. Дүние дидарын шарпыған шартараптағы жағдайды ескере отырып, Baiqonyr кинофестивалін болашақта Азия мен Еуропаның жас киносын біріктіретін алаң болады деп топшылаймын.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

 

Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Egemen Qazaqstan»

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Казахстанское кино

9 Қыркүйек, 2019

IV Baiqonyr International Short Film Festival жеңімпаздары

Baiqonyr фестивалі қысқаметрлі кино саласындағы үздік режиссерларды анықтады 

Brod.kaz

Baiqonyr ISFF: Ushqyn байқаудан тыс бағдарламасы

ІІ ХКФ Ushqyn студенттік кинофестивалінің үздік қысқаметрлі фильмдері Baiqonyr ISFF-де көрсетіледі

Brod.kaz

Baiqonyr ISFF: Ұлттық байқаудың қатысушылары

Байқауға 22 қысқаметрлі фильм енді

Brod.kaz

Таныс бейне

Берік Айтжанов

Актер