È

Асқар Ұзабаев: «Ninety One хикаясын білген сайын, топ туралы кино түсіруге деген құлшынысым арта берді»

Асқар Ұзабаевпен сұхбат

Жақында Асқар Ұзабаев бұрынғы жұмыстарынан өзгеше болып келетін «Ninety One» фильмін таныстырды. Бұл танымал «Ninety One» тобына арналған алғашқы картина, туынды негізіне әншілердің шынайы хикаясы арқау болған. Ұзабаевтың неліктен атышулы бойз-бэнд өмірін экрандағанын, кинотаспаның негізгі мағынасын режиссер «Бродвей» кинопорталына берген сұхбатында айтып берді.


- Ninety One хикаясын экрандауға не себеп болды? Отандық эстрадада бұдан да қызықты топтар бар емес пе?

- Ninety One дебютінен кейін мен олардың шығармашылығын ұдайы бақылап отырдым. Сонымен қатар, топтың хейтерлеріне жолықтым, адамдардың жігіттер туралы «гомосексуалдылықты дәріптеп жүр» деген сынды жағымсыз әңгімелерін естідім. Ninety One хикаясын білген сайын, топ туралы кино түсіруге деген құлшынысым арта берді. Біз Әсел Сәдуақасовамен бірге «Келін де адам баласы» фильмімен жұмыс істегенде, осы топ туралы әңгіме қозғалды. Сол кезде мен: «Тыңдашы, мен жігіттер туралы кино түсіргім келеді» дедім. Негізі, Әсел мен Ерболат Беделханның ойы да бір жерден шықты. Осылайша, түсірілімге кірісіп кеттік.

- Фильмде қандай хикая баяндалады?

- Шынайы. Мен фильм сценарийін Сергей Литовченкомен бірге жаздым. Сценарий бойынша бір айға жуық жұмыс істедік. Жұмыс барысында жігіттердің жанкүйерлерінің топ туралы бар ақпаратты білетіндеріне көз жеткіздік, олар топтың қашан құрылғанынан, жігіттердің қалай келгенінен хабардар еді. Сол себепті, сценарийдің алғашқы нұсқасын оқып шығып, Ninety One жанкүйерлеріне жаңалық ұсынбағанымызды түсіндік. Сондықтан, сюжет желісін 180 градусқа өзгертіп, фильмді көпшілік біле бермейтін ақпаратпен толықтырдық. Сценарийді өңдемес бұрын, әншілердің әрқайсысымен жеке әңгімелестік. Мен жігіттердің ашықтығына таңдандым, олар өмірдегі мақсатымен, қорқынышымен және толқынысымен бүкпесіз бөлісіп отырды. Таспа жігіттердің жеке басынан өткен оқиғалар мен естеліктер негізінде түсірілді. Мен кинода шиеленіс пен оның шешімінің болғанын қалаймын. Аталмыш картинада мұның барлығы бар.

- Картинада кәсіби актерлар көрінбейді. Неліктен?

- Біз өмірбаянға құрылған кино түсіретінімізді түсінген кезде, басты рөлге топ мүшелерінің өздерінің түскені дұрыс екенін бірден айттым. Тек бұл ғана емес. Мен үшін кейіпкерлердің жанындағы адамдарды актерлар емес, шынайы жандардың ойнағаны маңызды. Экрандағы көріністің 100 пайыздық шынайы өмірдегі оқиға екенін сезіндіргіміз келді. Егер қосалқы рөлдерге танымал әртістер шақырылған болса, ешкім бұл хикаяға сеніммен қарамас еді. Жігіттер (Азамат Зенкаев (A.Z), Данияр Құлымшин (Bala), Дулат Мұхаметқалиев (ZaQ), Азамат Ашмақын (Ace) және Батырхан Мәліков (Alem) – Ред.) өздеріне берілген рөлді жақсы алып шыққан сияқты.

«Ninety One» фильмінің түсірілімінен көрініс

- Түсірілім тобы қандай да бір қиындықтарға ұшырады ма?

- Локацияларға қатысты мәселелер туындады. Біздің Ninety One туралы фильм түсіріп жатқанымызды естіген кейбір мекемелер мен басшылар түсірілімге қажетті орындарды беруден бас тартты. Олар ештеңені түсіндірместен «Жоқ» деп жауап берген. Әрине, бұл олардың құқығы ғой. Жалпы, түсірілім жеңіл әрі қызықты өтті.

- Фильмнің негізгі айтар ойы қандай?

- Картинада заманауи Қазақстанда өмір сүріп жүрген екі түрлі қазақ туралы айтылады. Біріншісі барлығының бұрынғы қалыпта қалғанын қалайды, ал екіншісі – жаңалыққа, өзгерістерге құмар. Біз екеуінің бір-бірін түсінгілері келмейтінін, бір жақты шешімге келе алмайтындарын көрсеттік. Бұл кино – екі түрлі қазақты біріктіріп, барлығымыздың бір елде өмір сүріп жүргенімізді және жастарымыздың болашағы үшін бір ғана нәрсе жасап жатқанымызды түсіндіруге бағытталған диалог іспетті.

- «Ninety One» фильмін неліктен міндетті түрде көруіміз қажет?

- Мен біреуге аталмыш фильмді «көрсін» немесе «көрмесін» дей алмаймын. Әр адамның өз еркі ғой. Дегенмен, ескі бағытты ұстанғысы келе ме, жоқ әлде заман көшіне ілесіп жүру қажет пе, осы айырмашылықты түсінгісі келетін жастардың көруі қажет деп ойлаймын.

 

Асқар Ұзабаевқа сұхбаты үшін алғыс білдіреміз!

 

Әңгімелескен Әйгерім Қасқыр

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Интервью

26 Тамыз, 2019

Алдияр Байрақымов: «Бізге керегі – нарықты дүр сілкіндіретін қызықты, сапалы сценарий»

I Baiqonyr SFF «Үздік сценарий» номинациясы жеңімпазы Алдияр Байрақымовпен сұхбат

Brod.kaz

Интервью

24 Тамыз, 2019

Шарипа Оразбаева: «Қазақ киносының өткені ол классика. Ал бүгіні ізденіс»

І Baiqonyr SFF бас жүлдесінің иегері Шарипа Оразбаевамен сұхбат

Brod.kaz

Таныс бейне

Тұңғышбай Жаманқұлов

Актер