È

Ержан Нұрымбет: «Мен үшін ең бастысы - тепе-теңдік. Сол кезде ғана шығармашылықтан ләззат ала аламын»

Ержан Нұрымбетпен сұхбат

Ержан Нұрымбетовтың кино әлеміне алғашқы қадамы 2002 жылы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген шытырман оқиғалы «Сардар» драмасына түсуден басталды. Бұл драмада актер басты рөлді сомдайды. Сол кезден бастап Қазақ музыка-драма театрының әртісі оншақты фильмде ойнады. Кезекті рөлінің бірі – «Күзет сақшылары» атты украиналық тұңғыш фэнтезидегі сары қыпшақтар көшбасшысы Андака рөлі. Ержан: «Актер ретінде ғана емес, көрермен ретінде де кино қатты ұнады»,- дейді.


- Менің таңдауым жасыма жас қосылған сайын өзгеріп отырды. Жас күнімде атыс-шабыс фильмдерін көп көретінмін. Себебі, жағдай да соған сай келді, 80-жылдардың соңы, 90-жылдардың басында осындай фильмдер Кеңес одағынан бөлінген елдерге ентелей ене бастаған болатын. Отызға қараған шағыңда мелодрамаларды сүйсініп көре бастайсың, ал отбасылы болып, аяққа тұрғанда қайтадан балалық шаққа оралғың келеді. Қиял-ғажайып әлемге қайта сапар шеккің келеді. Сондықтан, фэнтези жанрындағы фильмде актер ретінде қайта жұмыс істейтініме өте қуаныштымын.

- Сіз 2012 жылы жарыққа шыққан «Жеңіс семсері» фильмінде XXI ғасырдың балақайымен бірге өткен кезеңдерге саяхат жасадыңыз. Ол жұмыстың «Күзет сақшылары» фильміне қандай ұқсастығы мен айырмашылығы бар?

- Екі жоба да өз елдеріндегі тұңғыш бастама. «Жеңіс семсері» - тұңғыш қазақстандық, ал «Күзет сақшылары» тұңғыш украиндық фэнтези. Рас, мен өз еліміздің туындысында жағымды кейіпкер Арыстанды ойнадым. Ол – батыр, балақайды зұлым күштерден қорғайтын ержүрек адам. Ал, енді сіздердің батырларыңыз Витьканы менен, яғни, көне түркі көшбасшысы Андактан қорғайды. Екі рөл де мінезді, ал маған мұндай амплуа ұнайды. Неге? Себебі, біздің әрқайсымызда бұлқан-талқан болып, шыға алмай жатқан жан толғанысы бар. Күнделікті өмірде біз оны көрсетпейміз. Ал мұнда... Қолыңа семсерді аласың да бар эмоцияңа ерік бересің!

«Күзет сақшылары» фильмінің түсірілімінен сурет

- Түрлі-түсті костюмдер мен декорациялар образды сезінуге көмектесе ме?

- Әрине! Көне түркілердің күңгірт қонысына жарық беріп тұрған алаулар, найзаларға ілініп тұрған жануарлардың басы міндетті түрде қара күшті шақырады. Ал, Андактың сауыт-сайманын тағынсам, өзімді нағыз жауынгер сезінем. Семсерімді жеңістің жолына жұмсағым келеді. Әрине санам мен жүрегімді қажетті ағымға қарай бағыттаймын. Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың сөзі бар ғой: «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғылымды көрсеңіз»,- деген. Оның үстіне әр образдың өзінің кілті болады, оның ішінде «Күзет сақшылары» де бар, маған әсіресе жастармен пікір алысқан ұнайды.

- Нақтырақ айтып өтсеңіз?

- Мен балалармен сөйлескенді жақсы көремін, олардың дүниеге көзқарасы мүлде бөлек. Сценарий бойынша да маған дәл келіп тұр. Заманауи дүниелерді менен жақсы меңгергендермен жұмыс істейін деп тұрмын. Сондықтан, үнемі өзімнің кішкене ұлыммен әңгіме-дүкен құрамын. Оның талғамын, нені ұнататынын білгім келеді. «Жеңіс семсері» де, «Күзет сақшылары» де осы балалар үшін түсіріліп жатыр ғой. Біз үшін маңыздысы - баланың күткенін бере білу. Жалпы, қазіргі балалар мен біздің айырмашылығымыз жер мен көктей ғой. Қазір балалардың қолында гаджеттердің түр-түрі бар, біздің кезімізде велосипедің болса сенен бақытты адам болмайтын.

«Жеңіс семсері» фильмінен көрініс

- «Күзет сақшыларына» рөлге шақырғаны сіз үшін тосын жаңалық болды ма?

- Мені қалай тауып алғандарын білмеймін. Бір күні Киевтен хабарласып, осы фильмнің түсірілімі басталатынын айтты. Бұл хабарды естіп, қатты қуанып қалдым, жаңа айтып өттім ғой, әрі өзіме фэнтези жанры ұнайды. Бірақ , біраз уақыт тынышталып қалды. Украинадан еш хабар келмеді. Дегенмен, бір күні ақыры хабарласты ғой. «Біз сізді осы рөлде көргіміз келеді», - деді. Мен кішкентай көріністі орындап, бейнежазбаға түсіріп жібердім. Кейін «Келіңіз, костюмнің өлшемін аламыз»,-деп хабарласты.

- Сценарийімен бірден таныстыңыз ба?

- Аздаған кедергілер болды. Әуелі мәтінді украин тілінде жіберді. Мен кейіпкерлердің аттары мен кейбір сөздерінен басқасын түсінбедім. Сосын орыс тіліндегі мәтінде алдым, оқыдым, ұнады.

- Түсірілім барысында украин тіліндегі сөздерді үйрендіңіз бе?

- «Рахмет», «дякую», «өтінем», «будь ласка» секілді қажетті сөздерін бірден жаттап алдым. Әр түсірілім сайын сөздік қорымды толықтыра бердім.

«Күзет сақшылары» түсірілімінен сурет

- Фильмде сіз қылышпен шайқасасыз, қарғисыз, тіпті аспанға ұшасыз. Мұндай кезде арнайы құрылғылар көмектеседі. Десек те мұндай қимылдарды жасау үшін жақсы дене бітімі де керек. Сіз дене сымбатын қалай сақтайсыз?

- Актер болған соң, өз сымбатыңа әрқашан көңіл бөлу керек деп санаймын. Күн сайын дерлік дене жаттығуларын жасап тұру қажет. Мысалы, мен бассейнге, жаттығу залына барам. Әрі көп тамақ ішпеймін. Менің қанымда семіздікке бейімділік жоқ. Көпшілігі «дене сымбатын қалай сақтауға болады» деп сұрап жатады. Ендеше, бір құпиямды ашайын. Мен йогамен айналысамын. Рас, кейде осы арық дене бітімім ыңғайсыз жағдайға қалдырып жатады. Мысалы, «Жеңіс семсері» фильмін түсіретін режиссерлік топпен кездесетін орынға келгенімде, барлығы «Біздің батырымыз қайда?» деп сұрап жатыр. Ал, мен тура алдарында тұрдым.

- Сізге жағымсыз кейіпкердің рөліне ену қиын болған жоқ па?

- Мен үшін ең бастысы - тепе-теңдік. Сол кезде ғана шығармашылықтан ләззат ала аламын. Егер мен жағымсыз кейіпкерді ойнасам, бәрібір сол бейнеден жақсы қасиеттер іздеймін, керісінше де солай. Сол кезде объективті картина шығады. Менің ойымша кейіпкер тым тәтті де, тым ащы да болмауы керек. Кез-келген адам жағдайға байланысты өзін әртүрлі ұстайды емес пе? Сол үшін менің бір қулықтарым бар. Мысалы, театр сахнасында іркілістер болады, соның орнын толтыру үшін ойнай білу керек. Сондай кездері көрермен тек айтылған сөздерден ғана емес, айтылмаған сөздерден де мағына іздесе екен деймін. Тыныштық сөзден гөрі шынайы ақпарат беруі мүмкін. Рас, кейде соны көп пайдаланып кетемін, сондай бір жаман әдетім бар.

«Келін» фильмінен көрініс

- Фэнтези жанрының сиқырсыз өтпейтіні белгілі. Сіз ғажайыпқа сенесіз бе? Өміріңізде тылсым әлемнен қандай да бір ақпарат келген кездер болды ма?

- Мен Құдайға сенемін. Ал бір нәрсені сезіну қасиеті кейде болып тұрады, бірақ оларды бірінші орынға қоймауға тырысамын. Сиқырға келетін болсақ, маған ол экранда және сахнада – ойнап жатқан рөлдерде жетіспей тұрады.

- «Күзет сақшыларында» шаманның рөлін сомдайтын Қазақстан киносының ақсақалы Ерболат Тоғызақовпен бірге жұмыс істейтініңізге қуаныштысыз ба?

- Әрине! Бұл - біздің үшінші ортақ жұмысымыз. Ең алғаш «Сардар» фильмінде бірге жұмыс істедік, Ерболат фильм директоры болған. Онымен тез тіл табысып кеттік. Тоғызақов – көңілді адам, әрдайым анекдот пен қызықты оқиғаларды айтуға даяр. Екінші рет 2009 жылы «Келін» фильмінде көрістік, ол сценарий бойынша менің қайын атамды сомдады. Қазіргі кезде кездескен сайын: «Сәлем бердік, құрметті қайын атам!» деймін. Эрнест Хемингуэй шығармасының желісімен түсірілген «Шал» картинасын көрген соң, басты кейіпкерге таңдай қақтым, Ерболат шалды тамаша сомдап шықты. Қазақстанды басқа елде таныстырып жатқаным мен үшін үлкен құрмет. Менің бір ғана өтінішім бар: «Күзет сақшыларының» жалғасын түсірер болсаңыз, екеуімізді міндетті түрде шықырыңыздаршы.

- Алдыңғы сұхбаттарыңызда бала кезден бері актер болуды армандағаныңызды айтқан едіңіз. Бұл рас па?

- Негізі, олай емес. Мен опера әншісі болғым келген, себебі дауысым жақсы болатын. Бірақ, вокалмен 24 жасымда ғана, өте кеш айналыстым, негізі 20 жасымда бастауым керек еді. Әрине, хорда жұмыс істеуіме болатын еді, бірақ ондай тағдыр аса қызықтырмады. Осылайша, театр және кино актері атандым.

- Дегенмен, сахнада кейде ән айтуыңызға тура келеді ғой. Бекер музыкалық-драмалық деп аталмайды ғой…

- Иә, вокал «Үшбұрыш» мысалында қажет болды, айтпақшы, мен ол жерде биледім. Сондай-ақ, «Ханума» атты грузиндік классикалық туынды бойынша қойылған қойылымда ән айтамын, ол жақта Котені сомдаған едім.

- Қазақ тілі ағылшын классигіне сай келе ме? Бұл сұраққа «Гамлеттегі» Клавдия патшаның атынан жауап берсеңіз де болады.

- Маған бұл рөл қатты ұнайды. Шекспир драматургиясы – ұлы күш, ол жақта актерға кәсіби жағынан өсуге барлық мүмкіндік бар. Өмір бойы ойнасаң да, рөлдерден жаңа психологиялық бояуларды байқай бересің, осы қойылымда ойнау арқылы жаңа жұмыстарға шабытың ашылады. Ал, қазақша «Гамлетке» келер болсақ, менің ойымша, ол мәңгілік қойылымның рухын сыйлайды, әсіресе, біздің танымал ақын-аудармашымыз Хамит Ерғалиевтің аудармасында керемет көрініс тапқан.

 

 

Kinorob компаниясы баспасөз қызметінің материалдары бойынша

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Интервью

26 Тамыз, 2019

Алдияр Байрақымов: «Бізге керегі – нарықты дүр сілкіндіретін қызықты, сапалы сценарий»

I Baiqonyr SFF «Үздік сценарий» номинациясы жеңімпазы Алдияр Байрақымовпен сұхбат

Brod.kaz

Интервью

24 Тамыз, 2019

Шарипа Оразбаева: «Қазақ киносының өткені ол классика. Ал бүгіні ізденіс»

І Baiqonyr SFF бас жүлдесінің иегері Шарипа Оразбаевамен сұхбат

Brod.kaz

Таныс бейне

Ақан Сатаев

Режиссер