Марйам Сатаева: «Ол - өте мейірімді, ең керемет әке»
Дебютант Марйам Сатаева бала кезінен кино әлемімен жақсы таныс. Бұлай болуы заңды да, өйткені оның әкесі белгілі қазақстандық режиссер, құрметті азамат Ақан Сатаев. Әкесі қызын «Макуся» деп еркелетеді, ол қазір бойжетіп, кинода еркін қадам жасай бастады. Бүгін Марйам режиссердің қызы болудың қандай екенін, өзінің өмірде неге қызығатынын әңгімелеп береді.
- Марйам, әкеңмен бірге жұмыс істеу қалай екен?
- Әрине, үйреншікті іс емес, бас кезінде мен қатты ұялып, қысылатынмын, бірақ әкем маған жақсы көмектесті. Түсірілім алаңында мен оның қызы екенімді ұмытамын, ол басқаларға қалай қараса, маған да солай қарайды. Әкем мені басқалардан ерекшелемегендіктен жұмыс істеу өте жеңіл болды.
- Әкеңіз сізге қандай да бір жеңілдіктер берді ме?
- Жоқ, менің жасыма да, өзінің қызы екеніме де қарамастан ол маған ешқандай жеңілдік берген емес. Ол менің барлық қателіктерімді тура айтып отырды, ескерту беретін, рөлде қалай ойнау керектігін айтатын, үйрететін, кейдң тіпті мақтап та қоятын.
- Өзіңіз ойнаған рөл турады айтып беріңізші.
- Мен бас кейіпкерді, 17 жастағы Динаны ойнадым. Ол алматылық, мектепте үздік оқиды, Арсеннің сыныптасы әрі ұнататын қызы. Басында олардың арасындағы қарым-қатынас дұрыс болмайды, өйткені қыз өте әділетті, шыншыл, мейірімді, Ол Алматының жергілікті тұрғыны, сабақты өте жақсы оқиды. Сондықтан Дина Арсенге күмәнмен қарайды. Бірақ уақыт өте келе олар бір-біріне ғашық болады. Кейіннен Дина мен Арсеннің тіпті өздеріне беймәлім қырлары ашыла бастайды.
Марйам әкесі Ақан Сатаевпен
- Кейіпкеріңізбен ұқсастықтарыңыз бар ма?
- Меніңше, мінезіміз, қылықтарымыз аздап ұқсайды. Бір жағынан әртүрліміз. Динаның өзінен үлкен Рашид есімді ағасы бар, ол районда беделді бандит. Динаны басқалар үнемі Рашидтың қарындасы ретінде қабылдайды, сөйтіп менің кейіпкерімді қатты өкпелетеді басқалар. Ағасының көлеңкесінде қалып қоятын Дина өзін өзі көрсеткісі келеді. Фильмде Динаның жеке тұлға болуға ұмтылған талпынысы көрсетіледі.
- Рөлге қалай дайындалдыңыз?
- Айтарлықтай ештеңе жасаған жоқпын. Әкем осы фильмді түсіретіні туралы айтып жүрді, одан кейін сценарийі, картинаның кейіпкерлері, Дина туралы айтып берді, рөлді түсінуіме, образға енуіме көмектесті. Мен біраз кітаптарды қарап шықтым, Станиславскийді, Бертольд Брехтті оқып, театр өнері туралы біраз нәрсе білдім. Мен өзімді театр әлемінде елестетіп көрдім.Үйде театр және кино шеберлігі туралы ескі кітаптар өте көп. Мен ол кітаптарды қайталап оқыдым, тәжірибеде қолдану үшін өзіме қажетті білімді алдым.
- Шеберлік кластарына барып, арнайы сабақтар алдыңыз ба?
- Жоқ, мен арнайы шеберлік кластарына барған жоқпын, бірақ анаммен бірге қойылымдарға жиі барып тұрдым.
- Кинодан басқа немен айналысқыңыз келеді?
- Мен Темірбек Жүргенов атындағы колледжде «графикалық дизайнер» мамандығы бойынша 2 курс оқимын. Маған өз мамандығым ұнайды, бірақ дизайнер болмайтын шығармын. Оқуымды жалғастырып, кино саласында өзімді дамытуға тырысамын.
- Болашақта кәсіби актриса болғыңыз келе ме?
- Әзірге бірдеңе деу қиын, әкемнің жолын қуып, режиссер болсам деймін. Бірақ актриса мамандығы да өте қызық, әзірге нақты шешім қабылдаған жоқпын.
«Районы» фильмінің түсірілімі
- Қызығатын ісіңіз бар ма? Хоббиіңіз?
- Мен бала кезімнен сурет салуға құштармын, сурет салғанда демаламын. Ән айтқанды жақсы көремін, мектепте бидің түрлі бағыттарымен айналыстым: балет, халық билері, балл билері. Гимнастика, жүзу секілді спорт түрлерімен айналысамын. Кітап оқығанды, фильмдер көргенді ұнатамын.
- Сіздің сүйікті фильміңіз?
- Шын мәнінде маған ұнайтын фильмдер, режиссерлер өте көп. «Форрест Гамп» фильмін жақсы көремін және актер Том Хэнкс қатысқан барлық картиналарды ұнатамын, меніңше бұл фильмдер өте терең. Ридли Скоттың, Кристофер Ноланның фильмдері ұнайды, «Унесенные ветром», «Крестный отец» секілді классиканы ұнатамын, мен оларды қайталап көруден жалықпаймын. Ең бастысы, оларды қайталап көрген сайын жаңаша түсінемін.
- Классикалық фильмдер әдеби шығармаларға негізделеді. Сіз романдармен таныссыз ба?
- Мен Марио Пьюзоның «Крестный отец», Маргарет Митчеллдің «Унесенные ветром» романдарын оқыдым. Кітаптар фильмдерден қарағанда қатты ұнады.Экранизациясы ойдағыдай бола бермейді. Кейде мен алдымен кітапты оқымай, фильмді бірінші көргеніме өкінемін. Қызық, барлығы менің қиялымдағыдай болар еді. Сондықтан мен қашанда алдымен романды оқып, содан кейін фильмді көруге тырысамын.
- Қандай экранизация сізге ерекше әсер қалдырды?
- «Властелин колец» және «Гарри Поттер», мен осы кітаптарды оқыған кезде тура фильмдегідей елестеттім. Фильмдер де тіпті ертегідегідей.
- Болашақ режиссер ретінде қандай жанрдағы картиналарды түсірер едіңіз?
- Маған комедия, қабылдауға жеңіл фильмдер ұнайды. Алайда мен артхаустық кино, триллер немесе экшн түсіргім келеді.
Сануржан Сүлейменов, Татьяна Бешкурова және Марйам Сатаева
- Сіз танымал қазақстандық режиссердың қызысыз. Бұл кинодан тыс кезде өміріңізге қалай әсер етеді?
- Кейіпкерім Дина екеуміз осы жағынан ұқсаймыз. Мен де әкемнің көлеңкесінде тығылып қаламын. Мені көпшілік Ақан Сатаевтың қызы деп қана қабылдайды. Кейде бұл ренжітеді де, бір жағынан мен оның қызы болғанымды мақтан тұтамын. Медальдың екі жағы бар: бір жағынан жақсы, бір жағынан қиын.
- Қандай жоғары оқу орнына түсуді жоспарлап отырсыз?
- Бала кезімде шетелде оқуды армандайтынмын. Сол кезде ата-анам менің ойымды құптайтын, бірақ қазір әлемде барлық жерде қауіпті. Енді ата-аналарым менің алыста болғаныма қарсы, жандарында болғанымды қалайды. Шетелде оқып, өзге елдің мәдениетімен танысасың, өзіңше өмір сүруді үйренесің. Бір жағынан Қазақстанда да оқығым келеді. Меніңше, біздің елімізде де білім сапалы.
- Ақан Сатаев қандай әке? Отбасыларыңызда қалыптасқан қандай да бір дәстүр бар ма?
- Ол - өте мейірімді, керемет әке. Түсірілім алаңында кейде ұрсады, бірақ үйде ешқашан ұрыспайды. Әкем барлық жағынан шығармашылық адамы, тіпті қарапайым өмірде де. Отбасымызда біз бес баламыз, ол біздің кішкентай кезімізден бізбен бірге ойнайды, шеберлік кластарын өткізеді, қызықты оқиғаларды әңгімелеп береді, сурет салады, ән айтады, тіпті билейді. Ол - дана адам, мен әкеме ұқсағым келеді, одан көп нәрсені үйрендім. Әкем біздің киноға, музыкаға деген сүйіспеншілігімізді оятты. Әкемнің талғамы, стилі өте күшті.
- Әкеңіз сіздің басты рөлді ойнауыңызға әсер етті ме?
- О баста мен режиссердің көмекші боламын деп ойладым, «Анаға жол» жобасы түсірілімінің соңғы айында мен осылай жұмыс істеген едім. Осы жолы да көмекші боламын деп ойладым. Бірақ әкем менің фотосынаққа баруымды қалады. Ары қарай менің өзіме қызық болды, жайлап кастинг кезеңдерінен өте бастадым. Арсеннің рөліне үміткер ретінде келген бірнеше серіктес жігіттермен жұмыс істеуге тура келді.Түсірілімге бес күн қалғанда мені рөлге бекіткенін естідім.
Елтерес Нұржанов және Марйам Сатаева
- Басқа да бауырларыңыздың киномен қатысы бар ма?
- Азат атты ағам алаңда администратор болып жұмыс істеді. Басқа балалары «Районы» фильмінің эпизодтық рөлдерінде ойнады. «Районы» фильміне дейін олар да ешқайда түскен жоқ. Үйде әкемізге сценарийіне, актерлерді таңдауына көмектесеміз. Ол бізге үзінділерін көрсетеді, біз оған пікірімізді білдіреміз. Біз әкеміздің барлық фильміне атсалыстық.
- Сүйікті актер немесе актрисаңыз?
- Қазақстандық актрисалардың ішінде маған Алтынай Нөгербек, Айсұлу Әзімбаева, Аружан Джазильбек, сондай-ақ Әсел Сағатова, Жанна Қуанышева, Әлия Ануарбек, Қарлыгаш Мұхамеджанова, Кұралай Анарбекова ұнайды. Актерлерден Әділ Ахметов, Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров ұнайды, Чингиз Капинің ойынын жақсы көремін. Мен оның спектакльдеріне бардым, әртістігіне тәнттімін. Осы жобада мен жас, дарынды қыз-жігіттермен бірге жұмыс істегеніме бақыттымын. Мен олардың жарқын болашағына сенемін. Менің тәжірибем өте аз ғой, өйткені мен жаңа бастап келемін. Сондықтан менің пікірім субъективті.
Марйам Сатаеваға сұқбаты үшін алғыс айтамыз!
Сұқбаттасқан Айдана Мамаева
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін