È

Нұрлан Қоянбаев: «Мен бір нәрсені түсіндім: көрерменмен үнемі шынайы болу қажет»

«Қазақша кәсіп Америкада» фильмінің бас продюсері Нұрлан Қоянбаевпен сұхбат

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында продюсер Нұрлан Қоянбаевтың «Қазақша кәсіп Америкада» комедиясы айналымға шықты. Кинотаспа қазақстандықтардың ерекше қызығушылығын тудырды, сондықтан кинотеатрлардағы билеттер жылдам өтіп жатыр. Кинотаспа не туралы баяндайды, Лос-Анджелестегі түсірілім қалай өтті және Қоянбаев неліктен әрі қарай комедия түсіре беретінін «Бродвей» кинопорталының оқырмандарына айтып берді.


- «Қазақша кәсіптің» екінші бөлімін түсіру идеясы кімге тиесілі?

- Екінші бөлімінің идеясын, сюжетті шетелде өрбітуді мен ұсындым. Мен екінші бөлімдегі әзілдің басқа форматта болғанын, біздің және шетелдік ділдің тоғысуын қаладым. Осылайша, жаңа авторларды - Сәбит Рахымбаев, Әуез Әуезов және Ілияс Жапаровты (бірінші бөлімді Арыстан Каунев пен Әлішер Өтев жазған – ред.) таңдадық. Мен киноны Америкада түсіруді көптен бері армандап жүрдім. Екі-үш жыл бұрын сол жақта оқыдым, сондықтан көрермендерге сол елді, тұрғындарын, тұрмыс-тіршілігін көрсеткім келді. Әрине, соңғы шешімді сценаристермен, режиссерлармен бірге қабылдадық.

- Түсірілім тобы Лос-Анджелесте қандай қиындықтарды өткерді?

- Мен үшін тілді және жергілікті заңдарды білмеу қиынға соқты. Атқарушы продюсеріміз Рустам Юсупов болмағанда, одан әрі қиын болар ма еді. Ол түсірілімге қатысты бар жауапкершілікті мойнына алып, американдық кинокомпаниямен байланысты. Олар бізге шетелдік актерларды, локацияларды таңдауға көмектесті. Біз келмей тұрып, барлық сұрақтардың шешімін тапты. Сондықтан, Лос-Анджелеске келіп, екі күннен соң түсірілімге кірісіп кеттік.

- Түсірілім барысына қанша адам атсалысты?

- Америкаға адам болып бардық. Олар - басты рөлдерді сомдаушылар, режиссер, қоюшы-оператор, атқарушы продюсер, суретшілер, сценарист, екінші режиссер. Штатта 20 күндей жүрдік. Американдықтар жағынан 20-ға жуық маман атсалысты. Олармен бірге жұмыс істеу қызықты болды. Біз оларға, олар бізге таң қалып жүрдік (күлді). Мысалы, Қазақстанда барлығы соңына дейін жұмыс істеп үйренген ғой. Біз таңға дейін демалмай істей береміз. Американдықтарда ондай нәрсе жоқ. Оларда барлығы регламент бойынша: сағат бірде түскі ас, кешкі жетіде жұмыс уақыты аяқталады. Оларға режиссер түсірілімді аяқтады ма, жоқ па, бәрібір. Оны режиссердің мәселесі деп ойлайды. Сондықтан, түсірілім аяқталған соң, аймақтарды аралауға уақыт табылды. Біз бір уақытта жұмыс істеп те, демалып та үлгердік.

- «Періштелер қаласы» сізді несімен таң қалдырды?

- Жергілікті актерлардың жұмысына қайран қалдым. Олар - нағыз кәсіби мамандар. Алғашқы дубльден-ақ барын салады. Мен Лос-Анджелестің барлық тұрғынын актерлар ма деп ойладым. Олай болса, таң қалмас едім. Себебі, ол Голливуд қой. Қаланың өзінде түсірілімге қажеттінің барлығы бар, үлкен түсірілім алаңы да жетерлік. Мысалы, қала көшелерінде түсірілім өткізген кезде, өтіп бара жатқан адамдардың ешқайсысы камераға назар аудармады, объективке түсіп, қайдан келгенімізді және не түсіріп жатқанымызды да сұрамады.

- «Қазақша кәсіп Америкада» фильміне кімдердің қаржысы салынды?

- Қазақстанда фильм түсірудің арзан емес екенін айта кетейік. Ал шетелде түсіру екі есе қымбат: түсірілім тобының ұшағы, жатын орны, тамағы, құралдарды жалға алу, шетелдік мамандар мен актерлардың жұмысы – барлығына қомақты қаржы жұмсалады. Біздің жолымыз болды, жобаны KazTeleProduct және Gakku Entertainment атты екі компания қолдап, қаржыландырды.

Жан Байжанбаев пен Нұрлан Қоянбаев «Қазақша кәсіп Америкада» фильмінің түсірілімінде

- Киноөндірісте жұмыс істеген жылдардан не түйдіңіз?

- Бастысы сценарий екенін түсіндім. Продюсер ретінде мен үшін фильмде баяндалатын хикая маңызды. Қаншалықты керемет актерлік құрам, дарынды режиссер болса да, хикая қызықты болмаса, картинаны ешкім көрмейді. Мен бір нәрсені түсіндім: көрерменмен шынайы болу қажет. Шынайы болу – өмірлік ережем. Егер мен бір нәрсені білмесем, білмедім деп шынымды айтам. Егер қателік жіберсем, мойындаймын. Біздің көптеген режиссерларымыз өз қалауларынша кино түсіріп, көрермен туралы ұмытып кетіп жатады. Сондықтан, көптеген отандық картиналарды аудиториялар байқамай жататын шығар. Менің ойымша, әр адамды толғандыратын ұлттық мәселелер жайында кино түсіру қажет.

Сонымен қатар, киноға қатысты заңымыздың әлсіз тұсын байқадым. Алдағы уақытта «Кинематография туралы» заң қабылданады деп үміттенемін.

- Көрермендер Нұрлан Қоянбаевтың драмасын немесе мелодрамасын жақын арада тамашалай ала ма?

- Мен комедия жанрына тоқталдым, себебі КТА-да 15 жылдық тәжірибем бар. Маған әзіл жақын, оны жетік меңгердім. Өз басым, драма жанрына араласпаймын, өйткені оның заңдарын білмеймін. Қорқынышты фильмдерге де басымды сұқпаймын, оны қалай түсіру керектігін ұқпаймын. Бір білетінім, адамды күлдіре аламын. Күлдіру қолымнан жақсы келетін сияқты.

Қазір нарығымызда комедия көп деп сынап жатады. Мен оған кінәлі емеспін ғой (күлді). Себебі, мұндай жанрды арнайы оқыған мамандар бар. Мен тек өзіме ұнайтын, ыңғайлы әрі қызықты бағытта жұмыс атқарып жатырмын.

«Қазақша кәсіп Америкада» фильмінен көрініс

- «Қазақша кәсіп Америкада» - кімге арналған кино?

- Барлық жанұяға арналған. Бұл өмірдегі ең маңызды құндылықтардың бірі отбасы екенін ұғындыратын жеңіл хикая. Қандай жағдай болмасын, адам баласы ең алдымен ата-анасынан, туыстары мен аға-әпкелерінен қолдау күтеді. Көрермен фильмнен жаман сөздер мен анайы көріністерді көре алмайды, сондықтан көрсетілімге баламен де келуге болады. Фильмде кейіпкерлер қазақша, орысша сөйлеседі. Сондықтан, қазақ тілді, орыс тілді аудиторияға теңдей түсінікті болады. Көрермендерге «Қазақша кәсіп Америкада» комедиясы ұнайды деп сенеміз.

 

Нұрлан Қоянбаевқа сұхбаты үшін алғыс білдіреміз!

 

Әңгімелескен Әйгерім Қасқыр

Превью: hommes.kz

3 пікір

Пікір қалдыру үшін

Даник

8 января 2018, 18:44

"Бизнес по-казахски в Америке" - супер фильм!!! Настроение поднимает!))) Молодец Коянбаев!

Мырзахмет

14 января 2018, 02:16

По мне, это рассказ о наших казахских друзей, которые стараются быть похожим на них. На европейский и американской формат лап-топа. Но это не наш стериотип.

Ануар Кенжибаев

25 января 2018, 13:50

На мой взгляд одна из самых правильных команд, которая очень хорошо планирует свои кинопроекты

Рекомендуем

Интервью

26 Тамыз, 2019

Алдияр Байрақымов: «Бізге керегі – нарықты дүр сілкіндіретін қызықты, сапалы сценарий»

I Baiqonyr SFF «Үздік сценарий» номинациясы жеңімпазы Алдияр Байрақымовпен сұхбат

Brod.kaz

Интервью

24 Тамыз, 2019

Шарипа Оразбаева: «Қазақ киносының өткені ол классика. Ал бүгіні ізденіс»

І Baiqonyr SFF бас жүлдесінің иегері Шарипа Оразбаевамен сұхбат

Brod.kaz

Таныс бейне

Досхан Жолжақсынов

Актер