Әуез Әуезов және Сәбит Рахымбаев: «Жақсы сценарий адамның дарындылығына байланысты»
28 желтоқсан күні айналымға «Қазақша кәсіп Америкада» комедиясы жарыққа шығады, фильм сценарийін Әуез Әуезов және Сәбит Рахымбаев жазған. Фильм шығармашылық дуэт үшін бесінші біріккен жоба болды, сондай-ақ олар Нұрлан Қоянбаевпен алғаш рет жұмыс істеп отыр. Қазақтар Америкада жүріп, отандық көрермендерді қандай қызықтарымен таң қалдырады екен? Бұл туралы «Бродвей» кинопорталына сценаристер баяндап берді.
- «Қазақша кәсіп» - бұл сіздердің алғашқы біріккен жобаларыңыз ба?
Әуез Әуезов: «Қазақша кәсіп Америкада» Сәбит Рахымбаевпен бірге жазған бесінші фильм болып табылады. Біздің жұмыстарымыз – «Абайлаңыз, сиыр», «Гламур для дур», «Келін де адам баласы» және «Қазаққа ғашық болмаудың 5 себебі».
Сәбит Рахымбаев: Бір қызығы, біздің «Қазақша кәсіп Америкада» және «Қазаққа ғашық болмаудың 5 себебі» атты екі туындымыз айналымға бір уақытта шығады. Оларды көрерменнің қалай қабылдайтынын көреміз. Мен Нұрлан Қоянбаевпен КТА қатысушы болған кезімде танысқан едім. Екеуіміз «Азия дауысы» құрамасында бірге ойнадық. Ал кино саласында алғаш рет жұмыс істеп отырмыз.
- «Қазақша кәсіп Америкада» не жайында баяндайды?
Ә.Ә.: Фильм «ағайындылық» қарым-қатынас туралы болмақ. Сценарий жазу барысында туыстық және отбасылық құндылықтарды негізге алдық.
С.Р.: Американдық және қазақстандық мәдениеттің қақтығысуы шығар. Картина қазақстандықтардың штаттарға қалай жылдам үйренетінін және американдықтарға біздің әзіліміздің қаншалықты жақын екендігін бейнелейді.

- Кинотаспа көрермендерді несімен таң қалдырмақ?
Ә.Ә.: «Қазақша кәсіп Америкада» көрермендерді өзіміздің және американдық кейіпкерлермен таң қалдырады. Сонымен қатар, сюжетімен, әзілімен де баурап алары анық.
С.Р.: Қазақтардың Америкада қандай туынды түсіргені көрермендерге қызықты болары сөзсіз. Фильм идеясының өзі қызық қой. Нұрлан Қоянбаев хикаяға жаңа леп беру үшін жаңа сценаристермен жұмыс істеді. Негізі, екінші бөлім біріншісінен нашар болып қала ма деген қорқыныш та бар. Сондықтан, біз автор ретінде жаңалық енгізуге тырыстық. Екінші бөлім әзілімен, хикаяның шиеленісімен ерекшеленетін болады. Мен үшін басқа мемлекетте өрбитін оқиғаны жазу қызықты болды.
- Жаңа бөлімде қандай кейіпкерлер болады?
Ә.Ә.: Бірінші бөлімдегі кейіпкерлер сол күйінде қалады, ал Америкада жаңа кейіпкерлер пайда болмақ. Адам Эмерс – халықаралық туризм қауымдастығының сарапшысы, Дженнифер – афроамерикандық қыз, оның өмірін қазақ құтқарып қалады. Барлық құпияны ашпай-ақ қояйық, кейіпкерлермен комедия көрсетілімінде танысқандарыңыз дұрыс шығар.
- Сіздің ойыңызша, кез-келген сценарийдің өзектілігі неде?
С.Р.: Ең алдымен, дұрыс ойластырылған кейіпкерлер дер едім. Кейіпкерлер есте қалатындай жарқын болуы тиіс.
Ә.Ә.: Кез-келген сценарийдің сюжеті ерекше болуы керек. Сценаристер көрерменге айтқысы келген өнеге мен мағына түсінікті болса жақсы.

- Хикая жазудағы өзіндік ережелеріңіз бар ма?
Ә.Ә.: Әр сценарист математиканы және сценарий жазу ережелері мен құрылымын білуі шарт. Дегенмен, ереже бұзу үшін жаралған деп жатады ғой. Әр адам өзінше жазады, ең бастысы жұмыс жүректен шығуы керек. Сондықтан, жақсы сценарий адамның дарынына байланысты болмақ.
С.Р.: Менде айтарлықтай ережелер жоқ. Алдымен идея дүниеге келеді, кейін сценарий жобасы мен толыққанды синопсис жазылады. Содан кейін ғана диалогтармен жұмыс істей бастаймын.
- Қандай авторларды пір тұтасыздар?
С.Р.: Менің пір тұтатын адамым жоқ. Көпшілігі танымал комедиялардың сценаристерін есіне түсіре алмайтын шығар. Себебі, көрермендер үшін сценаристер екінші орында қалып қояды. Бірақ, оларсыз киноның болмайтынын түсінуіміз қажет. Сценарийлік саланы таңдаған кезімде маған Блейк Снайдердің «Мысықты құтқарыңдар!» кітабын ұсынған болатын. Мен де жас авторларға соны оқуға кеңес беремін.
Ә.Ә.: Негізінде, маған ұнайтын сценаристер драматург әрі режиссер болып келеді. Олар - Ридли Скотт және Кристофер Нолан.

- Қазақстандық кинематографқа не жетіспейді деп ойлайсыздар?
Ә.Ә: Бюджет. Сценарийлік әрі режиссерлік идеяны жүзеге асыру үшін көбінесе бюджет жетіспей жатады. Онысы түсінікті ғой, қазақстандық жобаға салынған қаржы өз-өзін ақтамай жатады. Өзіндік тұйық шеңбер қалыптасады. Бірақ, соны бұзатын адамдар табылады деп сенемін.
С.Р.: Бізге Қазақстанда ғана емес, шетелде де танымал болатындай керемет хикаясы бар фильм жетіспейді. Мен авторлық кино туралы емес, коммерциялық бағытты айтып отырмын. Бізде жоғарыға тез өрлеуге болады. Түсірген фильм жақсы касса жинаса, жетістікке жеттің дей бер. Бірақ, халықаралық нарыққа да талпыну қажет қой. Дегенмен, бәрібір бюджет маңызды.
Әуез Әуезов және Сәбит Рахымбаевқа сұхбаты үшін алғыс білдіреміз!
Әңгімелескен Әйгерім Қасқыр







1 пікір
Пікір қалдыру үшін
Даник
13 января 2018, 02:37Красавчики!