Baiqonyr Film Festival Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығына арнайы жүлде тағайындайды

2026 жылы қазақ киносының классигі, режиссер Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толды. Осы мерейтойға орай XI Baiqonyr Film Festival аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрілігің қолдауымен режиссердің шығармашылық мұрасына арналған арнайы жүлде табысталады.
Абдолла Қарсақбаев – Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, ұлттық кино тарихындағы ең көрнекті режиссерлердің бірі. Оның «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Даладағы қуғын», «Алпамыс мектепке барады» секілді фильмдері қазақ киносының алтын қорына енген. Қарсақбаев шығармаларында ұлттық дүниетаным мен адам мінезін, әсіресе бала әлемін табиғи әрі шынайы көрсетуімен ерекшеленді. 2026 жылы режиссердің 100 жылдығы ЮНЕСКО аясында да аталып өтіп жатыр.
Режиссердің ең танымал туындыларының бірі – Бердібек Соқпақбаевтың повесі желісімен түсірілген «Менің атым Қожа». Фильм Қазақстаннан тыс жерлерде де танылып, қазақ балалар киносын халықаралық аудиторияға танытқан маңызды картиналардың біріне айналды. Режиссердің балалармен жұмыс істеудегі ерекше шеберлігі де оның шығармашылық қолтаңбасының басты қырларының бірі ретінде аталады.
Қарсақбаевтың шығармашылық мұрасын фестиваль бағдарламасында тағы бір оқиға толықтырады. XI Baiqonyr Film Festival «Алпамыс мектепке барады» фильмімен жабылады. Картинада бір ауылда өскен екі достың, яғни жеті жасар Қалихан мен мектепке жасы жетпей қалған алты жасар Алпамыстың оқиғасы баяндалады. Мектепке қабылданбаған Алпамыс сабақтарды терезе сыртынан тыңдап, досының көмегімен өз бетінше білім ала бастайды.
«Алпамыс мектепке барады» фильмі 1977 жылы Ригада өткен X Бүкілодақтық кинофестивальде балалар фильмі үшін бас жүлдеге ие болған.
Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығына арналған арнайы жүлденің иегері XI Baiqonyr Film Festival марапаттау рәсімінде белгілі болады.
Фестиваль дәстүрлі түрде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық қорының қолдауымен өтеді.






пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін