«Оскар 2018»: Джордан Пил мен «Аулақ» фильмінің мүмкіндігі қаншалықты жоғары екен
Осыдан бір жыл бұрын Джордан Пил «Ки және Пил» комедия жанрындағы күлкілі хикаясымен танылған болатын. 2015 жылы шоу аяқталғаннан кейін, Пил 4,5 миллион доллар қаражатпен «Аулақ» комедиялық қорқынышты фильмін түсірді. Таң қаларлығы, бұл таспаның айналымнан түскен кірісі түсірілімге кеткен қаржыдан 60 есе жоғары болды. «Аулақ» бүкіл әлемде ерекше табысты болды. Қазіргі уақытта Джордан Пил «Оскар» жүлдесінде үздік сценарийді иеленетін қара нәсілді автор болуы мүмкін.
1972 жылы Сюзанн Де Пасс пен Лонн Элдер алғаш рет тарихта «Оскар» жүлдесін иеленген қара нәсілді авторлар атанған болатын. Де Пасс басты рөлді Дайана Росс сомдаған «Ханым блюз шырқайды» фильмі арқылы үздік ерекше сценарий жүлдесін иеленуі мүмкін еді. Элдер қара нәсілділердің тұрмысын баяндайтын «Саундер» отбасылық драмасы арқылы үздік өңделген сценарий жүлдесін иеленуі тиіс болатын. Бірақ, бұл авторлардың ешқайсысы да жеңіске жетпеді.
Он жеті жылдан кейін «Дұрысын жаса» комедиялық драмасы арқылы ең үздік өңделген сценарий жүлдесін иеленген екінші қара нәсілді сценарист Спайк Ли болды. Екі жылдан соң Джон Синглтон да «Көшедегі балалар» фильмі арқылы жүлде үміткері атанды. Осыдан кейін 18 жыл бойы қара нәсілді авторлар сценарий үшін «Оскар» жүлдесінде жеңіске жетпеді. Соңғы кезде жағдай мүлдем өзгерді. Джеффри Флетчер 2009 жылы «Қазына» фильмінің сценариі арқылы «Оскар» жүлдесінен үздік өңделген сценарий аталымын жеңіп алды, 2013 жылы Джон Ридли «12 жыл құлдықта» фильмімен және өткен жылы Барри Дженкинс пен Тарелл МакКрейни «Ай жарығы» фильмі арқылы «Оскар» жүлдесінің үздік өңделген сценарий аталымында жеңіске жетті.
Бірақ осы кезге дейін «Оскар» жүлдесінде үздік сценарий аталымы бойынша қара нәсілді жеңімпаз болмады. Негізі, 26 жыл ішінде Джордан Пил қара нәсілді авторлар ішінен осы жүлдеге ұсынылған алғашқы үміткер. Қазіргі уақытта букмекерлер Пилдің жеңіске жету мүмкіндігін 7/2 көрсеткішімен бағалауда. Бірінші орында Грет Гервиг «Құс Ханым» фильмінің сценарийі бойынша (7/5), екінші орында Мартин МакДона - «Эббинг шекарасындағы үш билборд» (23/10), ал Гильермо дель Тороның «Су қалыбының» «Оскар» жүлдесіне болжамы 22/1 болып отыр.







пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін