Corich production «Аға ма әлде неке ме?» фильмінің трейлерін таныстырды
Corich production продюсерлік орталығы «Аға ма әлде неке ме?» фильмінің трейлерін жарыққа шығарды. Комедиялық таспа еліміздің кинотеатрларынан 26 қазан күні көрсетіледі.
«Аға ма әлде неке ме?» фильмі отандық көрермендерді әсерлі хикая мен әзіл арқылы таң қалдыруды жоспарлап отыр. Картинадағы оқиға Айдар мен Гаухардың айналасында өрбиді. Жастар өмірдің келесі кезеңі – үйленуге дайын. Алайда, барлығы оңай бола қоймайды: Гаухардың ағалары қарындастарын әзірге жібергілері келмей, оның жігітін қатты сынға алады. Айдар сүйіктісінің ағаларының түрлі әрекеттеріне шыдап, махаббатын дәлелдей ала ма? Мұның жауабын қазақстандықтар осы күзде білетін болады.
Комедия идеясы Әлішер Утевке тиесілі, ол Әділбек Сейілхан және Арыстан Кауневпен бірге фильм сценарийін жазды. Режиссері - Ернар Нұрғалиев («Қазақ аруы»), ал бас продюсер әрі басты әйел рөлін сомдаушы - Құралай Анарбекова. Актриса бұрын «Алтын ұя» хикаясының продюсері болған еді.
«Аға ма әлде неке ме?» фильмінен көрініс
Сондай-ақ, таспаға Дәурен Серғазин түсті. Актер сабырлы әрі батыр Айдардың образын көрсетеді. Гаухардың ағаларының рөлін Әбунасыр Серіков, Мұрат Бисенбин, Қажымұқан Қалымбетов, Тәуекел Мүсілім және Нұрлан Сабыров сомдады.
«Аға ма әлде неке ме?» комедиясының түсірілімі Алматыда биылғы жылдың мамырынан маусым айына дейін жалғасты.
Бір апта бұрын фильмнің ресми постері таныстырылған болатын.
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін