Нұрлан Сабыров «Аға ма, әлде неке ме?» қазақстандық фильміне не үшін түсетінін айтып берді
Ресейлік «Stand Up» шоуының резиденті Нұрлан Сабыров «Аға ма, әлде неке ме?» комедиясының түсіріліміне қатысты. Әзілкеш үшін бұл қазақстандық фильм кинодағы дебюті болды.
«Маған үкіметтен хабарласып, фильм түсіріліміне өте қажет екенімді, менсіз жобаның болмайтынын, менің қатысуымның өте маңызды екенін хабарлады. Қалжың әрине. Негізі, мені продюсер әрі сценарист Әлішер Утев шақырды. Ол тез арада картина идеясын түсіндіріп, синопсисін көрсетті. Маған барлығы ұнады да, бірден келістім. Мен комедияға Әлішердің арқасында түсіп жатырмын, сол үшін оған үлкен алғысымды білдіремін!»,-деді Нұрлан Сабыров.
«Аға ма, әлде неке ме?» комедиясындағы оқиға Гаухар мен оның бес ағасының айналасында өрбиді. Бойжеткен екінші жартысын тауып, отбасылы болуды армандайды. Алайда, ағаларының шектен тыс қамқорлығы бұл арманына кедергі келтіреді. Олар қарындастарының әр жігітін сынап-міней береді.
Сурет: Зәуре Әбдібаева
«Менің кейіпкерімнің есімі Аян. Ол Гаухардың (Құралай Анарбекова – Ред. ескертуі) тәккапар әрі мен сияқты көңілді жүретін бесінші ағасы. Аян қарындасын жақсы көреді, оған үнемі қолдау көрсетіп, көмектеседі. Маған бұрын да киноға түсу туралы ұсыныстар білдірген болатын. Бірақ, уақыт тапшылығына байланысты немесе идеялардың ұнамағаны салдарынан бас тартып отырдым. Бұл жобаға бірнеше себептермен келісім бердім. Біріншіден, кейіпкерді сомдау маған қиын емес, тіпті, оның кей мінездері маған ұқсайды. Екіншіден, сценарийі әсер етті. Сонымен қатар, маған қосалқы рөл бергені үшін де келістім. Өйткені, басты рөлге ұмтылған да жоқпын. Көрерменнің әрқайсысы фильмнен өзіне қажеттіні таба алады деп ойлаймын. Бұл жерде әзіл де, драма да, мелодрама да, тіпті, экшн де бар»,-деді Сабыров.
Айта кетсек, сондай-ақ картинаға Дәурен Серғазин, Тәуекел Мүсілім, Бауыржан Қаптағай, Олжас Абай, Әбунасыр Серіков және т.б. танымал актерлар қатысады.
«Аға ма, әлде неке ме?» кинотаспасы Алматыда 26 мамырда басталды. Алғашқы түсірілім күнінің қалай өткенін арнайы фоторепортаждан тамашалай аласыздар.
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін