È

Қазіргі жастардың қаhaрмандары кімдер?

Қазіргі жастардың қаhaрмандары кімдер?

Суперқаһармандар туралы түсірілген көркем фильмдер қазіргі таңда дүниежүзілік құбылысқа айналып кеткен. Жыл сайын төрт-бесеуі үлкен экрандарға шығып тұрады. Біз аталмыш құбылыстың тарихы мен қазіргі жағдайын дәл осы мақалада жан-жақты қарастыратын боламыз. Және жақында ғана тұсаукесері өткен «Капитан Марвел» фильміне талдау жасаймыз.


Ең алдымен «Комикс» және «Суперқаһарман» деген екі терминге түсініктеме беріп кетейік.

Комикс – әдебиет пен бейнелеу өнерінің қосындысынан пайда болған әңгіме баяндаудың өзіндік бір формасы. Басқаша айтқанда, қатарынан орналасқан бірнеше сурет арқылы толыққанды әңгімені бейнелеу. Ол өзінің тарихын ХVІ ғасырдағы Барселона мен Валенсия қалаларындағы «алилуия» деп аталған діни сюжетті суреттерден бастаған екен. Дегенмен де, комикс деген құбылыстың қалыптасуына елеулі ықпалын тигізген өнер түрі – карикатура. Салыстырып қарасақ, бұл екеуі бір-біріне әжептәуір ұқсайды. Алайда комикстың мазмұны терең, көлемі ауқымды, және кейіпкерлері кәдімгідей көп келеді. Карикатурада нақты бір күлдіргі ситуация суреттер арқылы бейнелененсе, комиксте біз басы, ортасы, және аяғы бар нақты бір оқиғаны байқай аламыз. Оның үстіне, комикс – кинематограф пен анимацияға ең жақын өнер түрі. Заманауи цифрлі камералар пайда болмай тұрған кезде әрбір фильмді режиссерлер таспаға түсірген. Таспаның не екенін еске түсірерсек, комикстерге сәл-пәл ұқсас келетінін түсіне аламыз. Анимацияның жасалуы да аталмыш құбылысқа жақын келеді.

Суперқаһармандар – беттеріне бетперде таққан (кейбіреулері тақпайды), үстілеріне біртүрлі әрі әдемі киім киген, таңғаларлық қабілеттерге ие, әділдік үшін жанталасып күресетін қазіргі заман батырлары. Архетиптері деп Гильгамеш, Геракл, Персей, Робин Гуд секілді тағы да басқа фольклор кейіпкерлерін көрсете аламыз. Ең алғашқы суперқаһарман – Джерри Сигел және Джо Шустер есімді авторлардың қиялынан туған Криптон ғаламшарының соңғы ұлы Супермен. Ол туралы комикс 1938 жылы жарыққа шыққан. Содан кейін уақыт өте суперқаһармандар ақырындап көбейе берген, көбейе берген. Қазіргі таңда олардың барлығын санап шығу өте қиын. Және болашақта одан бетер арта түсуі әбден мүмкін.

Ең негізгі екі терминге түсініктеме беріп өттік. Ендігі жерде олармен әлі күнге дейін айналысып келе жатқан «ДС Комикс» және «Марвел» деген бір-біріне конкурет екі компанияға тоқталып кетсек. Бұл екеуі «Пепси» және «Кока Кола», «Айфон» және «Андройд», «Барселона» және «Реал Мадрид» секілді құбылыстар. Жанкүйерлердің махаббаты үшін үнемі күресіп келеді. Әрине, олар комикстермен айналысатын жалғыз компаниялар емес, бірақ басқаларға қарағанда жұлдыздары кәдімгідей жарқырап тұр.

«ДС Комикс» 1935 жылы «National Allied Productions» деген атаумен пайда болған. Одан кейін баспахана атауы «New Comics» болып, артынан «Adventure Comics» деп өзгеріп, ақыры «Detective Comics Inc.» дегенге айналып кеткен. 1969 жылы дербес ретінде өмір сүруін тоқтатып, «Уорнес Бразерс» компаниясының қарамағына енген. Қазіргі атауына 1977 жылы ресми түрде ие болған. Бірақ кейбір мәліметтерге сүйенсек, «ДС Комикс» деген атау өткен ғасырдың елуінші жылдарында бейресми түрде енген екен. Бүткіл әлемге әйгілі Супермен және Бэтмен дәл осы баспахананың өнемдері болып табылады. Дегенмен де, «ДС Комикс» логотипімен Ғажап Әйел, Флеш, Жасыл Майшам, Жасыл Жебе, Мысық Әйел, Марс Аңшысы, Суперқыз, және т.б. белгілі суперқаһармандар жарыққа шыққан.

Ал «Марвел» компаниясына келер болсақ, оның іргетасы 1939 жылы «Timely Comics» деген атаумен қаланған еді. Және ең алғашқы суперқаһармандары (Факел адам, Нэмор, Капитан Америка) сатылымға шыққан кездерінде нағыз хитке айналған болатын. Алайда компания соғыс кесірінен ақшалай қиындықтарға ұшырап, өнімдерін әралуан жанрдағы комикстермен көбейтіп, (вестерн, криминал, юмор, махаббат, т.б.) елуінші жылдары «Atlas Comics» деп өзгерген еді. Бірақ та бұл атау он жылдан артық жасай алмай, 1961 жылы қазіргісіне ауысқан болатын. «Марвел» компаниясы алпысыншы жылдардан бастап Стен Ли, Джек Керби, Стив Динко, және Ларри Либер есімді дарынды адамдардың арқасында Фантастикалық төртеу, Икс адамдар, Өрмекші адам, Халк, Темір адам секілді кейіпкерлерді жарыққа шығарып, кәдімгідей гүлденген-ді. Содан кейін «ДС Комикс» екеуінің нағыз конкуренциясы басталған болатын.

Ең алғашқы суперқаһармандар туралы фильмдер өткен ғасырдың қырқыншы жылдары түсірілсе керек. Алайда олардың көркемдік сапалары нашар болып, оншалықты бағаланбай қалған екен. Тек 1978 жылғы басты рөлді Кристофер Рив сомдаған «Супермен» фильмінен кейін жағдайлар өзгере бастаған көрінеді. Сол кездерде Голивуд суперқаһармандар туралы сапалы фильм түсіруге болатынын шынымен де сезінсе керек, себебі көп ұзамай Супермен жайлы фильмдердің саны артып, кейіннен режиссер Тим Бертонның көмегімен Бэтмен бірнеше рет дәу экранға шыққан болатын. Нәтижесінде комикс кейіпкерлері кинематограф әлеміне енген еді.

Суперқаһармандар туралы фильмдердің атыс-шабыс деген жанрдан бөлініп, өз бетінше қалыптасуына зор үлесін тигізген туынды – режиссер Брайан Сингердің «Икс адамдар» атты картинасы. Біріншіден, аталмыш туындының көркемдік сапасы (сюжеті, кейіпкерлері, арнайы эффекттері, костюмдері, т.б.) айтарлықтай жақсы еді. Екіншіден, «Икс адамдар» фильмі 75 миллион долларға түсіріліп, көрсетілім соңында 296 миллион доллардан астам қаражат жинаған болатын. Оның үстіне, фильмде аллегория арқылы нәсілшілдік мәселесі көтерілген-ді. Осылайша ол суперқаһармандар туралы фильмдердің алтын жұмыртқа баса алатын таңғаларлық құс екенін дәлелдеп берген болатын. Содан кейін суперқаһармандар туралы фильмдер кәдімгідей артқан еді.

Ендігі жерде біз «Марвел кинематография әлемі» деген дүниежүзілік франшиза жөнінде сөз қозғаймыз. Елестетіп көрейік. Бір режиссер «А» деген кейіпкер туралы толықметрлі туынды түсіреді. Одан кейін басқа қалада тұратын мүлде таныс емес «Б» деген кейіпкер туралы көркем фильмді жарыққа шығарады. Ақыр соңында «А» және «Б» деген екі кейіпкерді бір картинада біріктіріп, «С» деп аталатын мүлде басқа фильмді жасап береді. Нәтижесінде «А», «Б», және «С» деген фильмдерден тұратын кинематография әлемі пайда болады. «Марвел кинематография әлемінің» негізгі құрылымы дәл осындай. Қазіргі таңда оның құрамында жарыққа шыққан толықметрлі жиырма бір картина бар, және болашақта бұл цифр одан бетер арта түседі.

Ал енді франшизаның қысқаша тарихына көңіл бөлейік. «ДС Комикс» компаниясының кейіпкерлері жақсы нәтиже көрсетіп экрандалып жатқан кезде олардың бәсекелестері кино саласын дұрыстап меңгере алмай, қиындықтарға ұшырап, банкрот болуға кәдімгідей жақындай бастаған тұғын. Алайда «Марвел» біршама танымал кейіпкерлердің экрандалу құқығын «Сони», «Фокс», «Юниверсал», және «Нью Лайн Синема» сынды студияларға қомақы соммаға сатып, әрең дегенде аман қала алған еді. Дәл осы амалсызда болған сауданың арқасында басты рөлде Уэсли Снайпс ойнаған «Блейд» триллогиясы, жоғарыда аталған «Икс адамдар» туралы фильмдер, Сэм Реймидің «Өрмекші адам» триллогиясы, Тим Сторидің «Фантастикалық төртеу» диологиясы, Энг Лидің «Халк» картинасы, Марк Стивен Джонсонның «Аруақ шабандоз» туындысы жарыққа шыққан болатын. Алайда аталмыш фильмдерден түскен пайда «Марвелге» тиесілі болмаған еді.

Қуанышқа орай, 2008 жылы жарыққа Джон Фавроның «Темір адам» туындысы шыға келді. Аталмыш фильм көпшілікке бұрын-соңды оншалықты танымал болмаған Тони Старк есімді өте ақылды, бірақ қатты өзімшіл «мачо» кейіпкерді таныстырды. Оның террористтер қолына тұтқынға түсіп, артынан ар-ожданы оянып, әділдік пен жақсылық іздей бастаған әрекеттері дүниежүзі бойынша миллиондаған адамдарға жаға білді. Нәтижесінде нәсиеге алынған 140 миллион долларға түсірілген көркем фильм көрсетілім соңында 585 миллион доллардан астам қаражат жинап, кинематограф индустриясын кәдімгідей өзгертіп жіберді. Оның үстіне, «Темір адам» фильмін «Марвел» киностудиясының өзі түсіргендіктен нағыз пайданы толыққанды көре алды.

Осылайша студио екі аяғына нық тұрды да, нешетүрлі суперқаһармандарды дәу экрандарға белсенді түрде әкеле берді. Халк, Тор, Капитан Америка, Доктор Стрэндж, Құмырсқа адам, Өрмекші адам, Қара Пантера, барлығы да экрандалып, бірінің артынан бірі уақытылы жарыққа шығып жатты. Нәтижесінде «Марвел» киностудиясының кино әлеміндегі абыройы артып, ықпалы да айтарлықтай күшейе берді. Қазіргі таңда «Марвелдің» тым болмағанда бір киносына түскен әртіс көзді ашып жұмғанша күллі әлемге таныла алады. Және оның ақшасы да кәдімгідей көбейеді.

Ал енді «ДС Комикс» суперқаһармандары жайлы сөз қозғасақ. ХХІ ғасыр олар үшін жақсы басталды деп айту өте қиын. Иә, Кристофер Ноланның «Қара Рыцарь» триллогиясы сөздің шын мәнінде керемет шығып, көпшіліктің сүйіктісіне айнала алды. Алайда өзге фильмдер ондай дәрежеге жете алмады. 2004 жылғы «Мысық әйел», 2005 жылғы «Константин», 2010 жылғы «Джона Хекс», 2011 жылғы «Жасыл Майшам», 2016 жылғы «Жанқимақтар тобы», 2017 жылғы «Әділдік одағы» фильмдері, жасырмай айтайық, кәдімгідей сәтсіз шықты. Ал Зак Снайдер, Петти Дженкинс, Джеймс Ван үшеуінің фильмдері көркемдік сапасы жағынан Кристофер Ноланның триллогиясына жете қоймады. (Дегенмен де, кассаны қыруар ақшаны толтырғандарын мойындау керек)

Сонда «ДС Комикс» не себепті кинематограф саласында өздерінің бәсекелестерінен қалып қалды? Екі жақтан да адаптациялар көп болды ғой?

Біздің ойымызша, жауапты бірінші кезекте компаниялардың кино өндірісе деген қатынастарынан іздеуіміз керек. Ғаламтордағы мәліметтерге сүйенсек, «Уорнес бразерс» жоғарыда көрсетілген сәтсіз фильмдердің түсірілім процесстеріне қайта-қайта араласып, әрбір аспектін өздерінше өзгертіп отырған көрінеді. Сол себепті фильмдер тұрақты әрі нақты көркемдік сападан айырылып, көптеген осал тұстарымен шыққан екен. Тек жаңағы төрт режиссер ғана (Нолан, Снайдер, Дженкинс, Ван) өз жетекшіліктерін мүмкіндіктерінше сақтай алған көрінеді. Ал «Марвел» киностудиясы ең алғашқы «Темір адам» фильмінен бастап бас продюсер Кевин Файгидің жоспарымен қалыптасып, өзіндік стилін, атмосферасын, өзге де ерекшеліктерін қалыптастыра білген екен. Оның үстіне, «Марвел» киностудиясы «Тор 2: Түнек патшалығы» фильмінен кейін режиссерлердің пікірлерімен санаса бастаған көрінеді.

Бұл, әрине, бірінші себеп. Ал енді екіншісіне мән берейік. «Уонер бразерс» компаниясының экрандағы суперқаһармандары қандай кейіпкерлер? Олардың мотивациялары туралы не айтуға болады? Бэтмен жаман адамдарды жазалап, әділдік орнатуды армандайды. Суперменнің де, Ғажап Әйелдің де, Акваменнің де, басқаларының да қалайтындары сол. Яғни альтруизм. Ал «Марвел» киностудиясының суперқаһармандары жақсы адам болуға, өзгеруге, кінәларын жуып-шаюға тырысып бағады. Нәтижесінде оларды көрермендер сезінеді. Тағдырларына жандары ашып, қиналған кездерінде аяп отырады. Ал «Уорнер бразерс» суперқаһармандарды мінсіз батыр образына енгізіп, құрмет пен түсінушіліктен басқа ештеңе сездіре алмайды. Сол себепті бәсекелестері озып барады...

Осы жерде біз «Уорнер бразерс» және «Марвел» киностудияларының ұқсас фильмдері жайлы айтып берсек.

Осыдан жеті жыл бұрын дәу экрандарға Джосс Уидонның «Кек алушылар» атты алғашқы кроссовер фильмі шыққан еді. Бұл фильмде бір-біріне мүлде ұқсамайтын суперқаһармандар бір топ болып бірігіп, ортақ жауға қарсы тұрып, әлемді құтқарудың амалдарын жасаған болатын. Онсыз да өз фильмдері бар кейіпкерлерді біріктірген бұл картина «Марвел» киностудиясының кассасына бір жарым миллард доллардан астам қаражат жинап, көрермендердің ықыласына бөленген еді. Әрине, бұндай жұмысқа «Уорнер бразерс» жауап бермей қоя алмады. Сөйтіп, осыдан екі жыл бұрын Зак Снайдердің «Әділдік одағы» деген кроссовер фильмі жарыққа шықты. Бұл фильмде «ДС Комикс» компаниясының бір-біріне ұқсамайтын суперқаһармандары бір топ болып бірігіп, ортақ жауға қарсы тұрып, әлемді құтқарудың амалдарын жасады. Осылайша бұл туынды алдыңғы фильмнің сюжетін сөздің шын мәнінде қайталап шықты. Бұндай қайталама түсінікті себептерге байланысты көрерменнің көңіліне жаға алмады. Нәтижесінде 300 миллион долларға түсірілген көркем фильм сәтсіздікке ұшырап қалды.

«Ұқсас фильмдер» сериясының келесі бөліміне көшсек. 2016 жылы жарыққа суперқаһармандарды бір-бірімен төбелестірген екі туынды шыққан еді. Олар: Зак Снайдердің «Бетмен қарсы Суперменге» («Уорнер бразерс») фильмі мен ағайынды Руссолардың «Капитан Америка; Азаматтық соғыс» («Марвел») картинасы. Ескере кетейік, аталмыш туындылар көрсетілім кезінде айтарлықтай көп қаражат жинаған болатын. Снайдердің картинасы 873 миллион доллар, ал ағайынды Руссолардың фильмі 1,1 миллиард доллар ақша тапқан тұғын. Алайда көрермендер мен сыншылардың көп бөлігі «Марвелдің» туындысын жоғары қойып, «қызықты әрі әдемі» деп бағалап, «Уорнер бразерстің» фильміне «тым ұзақ, тым ауыр, тым күрделі» секілді негативті пікірлерді көбейтіп тұрып аямай төккен еді. Ақыры Капитан Америка мен Темір адамның бір-бірімен төбелескен фильмі көпшілік үшін сәтті картинаға айналып кетті.

Сөз кезегі енді әйел суперқаһармандарға жеткен сияқты. Комикс беттерінде олар, әлбетте, өте көп, бірақ дәу экрандарға басты кейіпкер ретінде, өкінішке орай, төртеуі ғана шыққан еді. Өзгелері тек белгілі бір топтар жөнінде немесе еркек суперқаһармандар туралы түсірілген фильмдерде қосалқы кейіпкер ретінде көрсетілген болатын.

Ең бірінші болып бас кейіпкер ретінде экрандалған әйел суперқаһарман – Мысық Әйел («Уорнер бразерс»). Фильмнің өзі де тура солай аталады. Ол осыдан он бес жыл бұрын, яғни 2004 жылы жарыққа шыққан. Көпшілікке мысыққа тән қабілеттерге ие болған суретші қыздың жаман адамдарға қарсы күресуін көрсетіп берген. Алайда 100 миллион доллар бюджетімен бар-жоғы 82 миллион доллар ақша жинап, өз кезінің ең сәтсіз өнімдірінің біріне айналған. Екінші болып экрандалған кейіпкер – Электра («Фокс»). Өліп қайта тірілген, содан кейін ниндзялар секілді төбелесіп үйренген жауынгер әйел. Бөгде адамдарды қорғау үшін жаман ниндзяларға қарсы күрес бастайды. «Электра» фильмінің тағдыры тура алдыңғы туындының жағдайымен бірдей-ақ. 43 миллион долларға түсіріліп, аяғында 56 миллион доллар ақша тапқан. Яғни сәтсіздіктің көкесіне ұшыраған. Нәтижесінде Голливуд әйел суперқаһарман туралы қандай да бір фильм түсіруді пайдасыз тауып, еркектердің адаптациясына ауысып кеткен.

Аталмыш екі туынды не себепті жетістікке жете алмады? Бірден жауап беру өте қиын. Фильмдердің көркемдік сапалары төмен болғаннан ба? Жоқ, әлде аз бюджеттің кесірінен бе? Мүмкін біз кінәні сексизм деген нәрседен іздеуіміз керек шығар? Бәлкім осылардың бәрі бір мезетте зиян келтірген шығар? Жүз пайыз сеніммен айту қиын. Бірақ басты кейіпкер ретіндегі әйел суперқаһармандардың он жылдан астам уақыт бойы еленбей келгені баршаға аян.

Бас кейіпкер ретінде үшінші болып экрандалған әйел суперқаһарман – Ғажап Әйел («Уорнер бразерс»). Ол туралы көркем фильм осыдан екі жыл бұрын көпшіліктің назарына ұсынылған еді. Онда ең алғашқы дүниежүзілік соғысты тоқтатқысы келген Диана есімді амазондар ханшайымының басынан кешкен оқиғалары көрсетілген болатын. Және режиссер Петти Дженкинс пен актрисса Галь Гадоттың арқасында туынды прокаттағы айналымы кезінде 821 миллион доллар қаражат жинап, әжептәуір жақсы шыққан еді. Нәтижесінде фильм кинематографтағы жыныс теңдігі үшін өте маңызды рөл атқарып, бірталай нәрселерді өзгертген болатын.

Сондай өзгерістердің арқасында «Марвел» киностудиясының «Капитан Марвел» деген әйел суперқаһарман туралы жиырма бірінші көркем фильмі жақында ғана жарыққа шықты. Онда басты рөлді Бри Ларсон есімді «Оскары» бар дарынды актрисса ойнап берді. Алайда драматургияның осал болуы салдарынан фильмнің сапасы, мойындау керек, ортаңғол шықты. Иә, әртістердің ойындары көрермендерді қуанта алды, арнайы эффекттері де кәдімгідей әдемі болды, бірақ экрандағы оқиға жартылай піскен тамақтай нәтиже берді. Дегенмен де, фильм көпшілікке жаңа кейіпкерді мен жаңа актриссаны таныстырып, сәл-пәл болсын потенциалын көрсете алды. Иә, қазір ғаламторда фильм туралы негативті ой-пікірлер қаптап жатыр, бірақ оларды шынымен де объективті деп айту біршама қиынырақ, себебі жартысынан көбі картинадан көпті күткен фанаттарға тиесілі...

Сонымен, ең маңызды сұрақтың уақыты келген сияқты. Дәл осы сұрақты көптеген киногерлер мен кино мамандары өз-өздеріне уақытылы қойып келеді. Және әрқайсысы өз беттерінше жауап тауып, біраз уақытқа дейін қанағаттанады. Содан кейін қайтадан ойлана бастайды. Қазіргі заман адамдарына суперқаһармандар не себепті соншалықты ұнап жатыр? Не себепті күлкілі киінген «батырсымақтар» дүниежүзілік феноменге айналып кетті? Ендігі жерде біз осы сұраққа жауап табуға тырысып көрейік.

Біз, негізі, өз балаларымызды жақсы адам болуға, өзгеге көмек көрсетіп тұруға, жамандық жасамауға, және дұрыс өмір сүруге тәрбиелейміз. Бұрыс жолға түссе міндетті түрде жазаланып, қиындықтарға ұшырайтынын да миларына құйып қоямыз. Бірақ уақыт өткен сайын балаларымыз шынайы өмірдің қандай болатынын байқай бастайды. Жақсының жаманды жеңе бермейтінін, көп жағдайда жеңіліп қалатынын ұғына түседі. Сол кезде олар өздеріне үлгі боларлық қаһармандарды бейсаналы түрде іздеуге кіріседі. Суперқаһармандардың дүниежүзі бойынша танымалдылығы дәл осы жағдаймен байланысты болса керек. Ойлап қарайықшы, олар өзі кімдер? Таңғаларлық қабілеттерге ие, үнемі қарапайым адамдарға көмектесіп, жамандықтың көзін құртып жүретін батырлар! Шынайы адамдардың қолдарынан келмейтін, тек армандап қана жүретін нәрселерін істей алатын ерекше жандар! Қалайша ешкімге ұнамай қалады? Оның үстіне, дүниедегі балалардың көпшілігі суперқаһармандарды күн сайын теледидар мен ғаламтордан көріп отырады. Кішкентай күндерінен солармен бірге есейеді. Ақыры ересек атанғанда балалық шағының қаһармандарын жібере алмай, ностальгия салдарынан одан бетер жақсы көріп, өз ұрпағына жарнамалай бастайды. Сөйтіп-сөйтіп, әрмен қарай кете береді.

Әрине, біздің жауабымыз кейбір адамдарға қате көрінуі мүмкін. Бірақ сәл-пәл ойланып қарасақ, балалық шағында суперқаһармандар туралы фильмдер мен мульфильмдерді қарамаған және комикстерді оқымаған ересек адам олардың не себепті қызық екенін түсіне алмайды. Есімізге аналарымыз бен әкелерімізді және әжелеріміз бен аталарымызды түсіріп көрейік. Сіз суперқаһармандарды шын жүректен жақсы көргеніңізбен олар жөнді ұғына алмайды. Себебі қаһармандары мүлде басқа. Олар басқа заманда басқа қаһармандармен тәрбиеленген. Ал біздің елге суперқаһармандар жаңа ғасырдың бас кезінде еніп кеткен де, көптеген кішкентай балалардың жүректерін жаулап алған.

Күнтізбеге қарайтын болсақ, қазір 2019 жыл. Демек, жаңағы балалардың барлығы есейіп кеткен. «Марвел» және «Уорнер бразерс» секілді киностудияларды байытып жатқан да солар. Мұны, енді, ешкім де өзгерте алмайды. Ұнатсақ та, ұнатпасақ та, суперқаһармандар біздің мәдениетке еніп кеткен. Жақында ғана «Балапан» телеарнасында «Айдар» деген аннимациялық хикая басталған еді. Ол да суперқаһармандар жанрының ықпалымен пайда болған...

Дамир Амантай

Мақала жазылуы барысында «Wikipedia» ашық энциклопедиясы мен «Kinopoisk» порталынан қосымша мәліметтер алынған.

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Мнения

21 желтоқсан, 2019

Bastau IFF: Жаңа буын киносы қандай мәселелерді көтерді?

«Бастау» ХКФ бағдарламасына шолу

Brod.kaz

Мнения

16 Қыркүйек, 2019

«BAIQONYR» Халықаралық кинофестивалі cтуденттер көзқарасымен

Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «кинотану» мамандандыруының 1-курс студенттерінің пікірлері

Brod.kaz

Мнения

6 Қазан, 2018

Baikonyr SFF-2018: Үздік фильмдерге шолу

Baikonyr Short Film Festival – байқауы көркемсуретті, анимациялық және деректі кино секциясы бойынша бағаланды

Brod.kaz

Таныс бейне

Ғабит Мұстафа

Актер

Ерлан Хайрушев

Актер

Никита Казанцев

Актер

Елхан Аманқұлов

Актер

Рүстем Түрікбенбаев

Актер

Қуат Исаев

Режиссер