È

Жас режиссер Әлішер Жәдігеров фильмдеріндегі көркемдік ерекшелік

Жас режиссер Әлішер Жәдігеров фильмдеріндегі көркемдік ерекшелік

Жас та болса өзінің дарындылығымен, еңбекқорлығымен көзге түсіп жүрген талантты режиссерлер жоқ емес. Соның бірі, шығармашылығымен ерекшеленіп тұратын жас режиссер – Әлішер Жәдігеров. Талдау ретінде режиссердің «Балық сорпа», «Отау», «Тәубе» фильмдерін алдық.

Тақырыптық ерекшелік. Режиссер шығармашылығында дін, отбасы, балалар тақырыптарына аса назар аударылған. Әр фильмінде Құдай Тағаланы еске алады. Мысалы, «Балық сорпа» фильмінде «Әжем айтқан, ұрласаң – жәннатқа кірмейсің» деген секілді тіркестер режиссердің дінге деген көзқарасынан хабар береді.

Одан кейінгі жарық көрген «Отау» фильмі – бірнеше жылдық тарихы бар бесік жырынан басталады. Қара жамылған ана:

«Ләә илаһа иллала,

Илаллада пайда бар,

Білмеген құлға не айла бар,

Барар жерің қараңғы

Шам-шырағың сайлап ал»,

- деп баласына әндетеді. Жырдың мотивтерінен «қара жерге қайта ораласың, соны ойла, қамдан» деген мағынада жастайынан даналар сөзін бала санасына сіңіртіп жатқанын аңғарамыз. Осыны естияр жасқа келгенше естіп келген балақай әкесіне арнап құрбандық шалып, құран бағыштамақшы екен. Сондай-ақ, Құрмаштың «Қолында суреті бар біреуді көрдім» дегеніне Лаура «Бісміллә» дедің ба?» дегені – отбасында исламның алғышарттарын үйрететін адамның бар екенін дәлелдейді.

«Тәубе» фильміндегі мүмкіндігі шектеулі, отбасына ақша жинап жүрген ер жігіттің санасын белгісіз біреу келіп улайды. Бала тозақ пен жұмақ жайында түс көріп, түсінде екі әлемнің арасында арпалысады. Фильм толығымен Жаратушыға табынып, еске алуға негізделген. Қолында тасбихы бар белгісіз жан арбаға таңылған жеткіншекке келіп, диалог құрады.

Алла жеңілдігін берсін.

Рақмет

Негізі, Алла саған жеңілдік берген!

Түсінбедім.

Құдай сүйген құлын қиындық беріп сынаймын деген. Құдайға сенесің бе?

Ия.

Әлемді өнер құтқара алмайды. Ол жауыздықтың қақпасы. Адамзатты Құдай ғана құтқарады. Тозақ пен Жаннаттың иесі Сол. Қалғаны бекершілік.

Менің әкем суретші. Бірақ ешкімге зияны жоқ. Жақсы адам

«Отау» фильмінен кадр
«Отау» фильмінен кадр

Аталған үш фильмде де отбасы тақырыбы үлкен рөл ойнайды. «Балық сорпа» фильмінде әпкелі-інілі екеу анасына ем болатын балықтың сорпасын дайындап, анасының тезірек сауығып кетуіне әрекет жасайды. «Отау» фильмінде әкесіне құран бағыштамақ болған баланың оқиғасы сөз етіледі. Фильмде отбасы тақырыбы алдыңғы қатарға шықпаса да, балақайдың Құрмаш пен Лаураға келіп қосылуы – фильмдегі оқиғаның дамуы мен шарықтау шегіне арқау болып тұр. «Тәубе» фильмінде мүгедек жігіт отбасын тозақтан құтқарамын деп өзін де, өзгелерді де құрбандыққа шалады. Түсінде ата-анасын, іні-қарындасын жұмаққа кіргізу үшін оларды өзі о дүниеге аттандырмақшы. Бозбаланың бұлай әрекет етуіне белгісіз бәз біреудің жоғарыда айтылған «Туысқандарыңның сүйектері шытырлап отқа жанып жатқанда үрей әкелмей ме?» деген сауалы әсер етеді.

Барлық фильмдерінде басты кейіпкер – балалар мен жасөспірімдер. Олар қарапайым балалардан ерекшеленеді. Кішкене балалар ақылдылығымен, шапшаңдығымен, жұмысқа ептілігімен дараланады. Әсіресе, «Балық сорпа», «Отау» фильмдеріндегі Лаура. Ал «Тәубе» фильміндегі жасөспірім кейіпкердің мүмкіндігі шектеулі болса да, өмірге деген құштарлығы байқалады. Режиссердің бір емес, бірнеше рет балалар тақырыбына жүгінгені көңіл қуантады, себебі балалар тақырыбы қазақ киносында жандануға тиісті тақырыптардың бірі.

Қарастырылған фильмдерде отбасы, дін, бала тақырыбы бір-бірімен тығыз байланыста жүретінін аңғардық.

Операторлық ерекшелік. Панорамалық әдіс, перспективалық әдіс, қозғалмалы камера, композициялары жоғары талғаммен жасалған.

Түс (Цвет). «Балық сорпа» фильмі – ақ-қара түсті (немесе түссіз) режимде түсірілген. Фильмнің бұндай түсте түсірілу мақсаты ақталмаған секілді. Себебі, анасы ауруханаға түскенімен ешқандай қатерлі ауру болған жоқ. Балалар да ауыр жұмысқа жегіліп жатқан жоқ. Әжесі көп ескерту жасап ұрысқанымен, өте мейірімді. Сондай-ақ, фильм позитивті нотада аяқталады.

Бір жағынан, фильмнің түссіз режимде түсірілуі – режиссердің балалық шаққа деген ностальгиясы болуы мүмкін.

«Отау» фильмі түсті (цветной) режимде таспаланған. Флэшбек кезінде режим түссіз режимге ауысады. Жалпы фильмнің атмосферасы ашық көк пен қоңыр түстің үйлесуімен жайлы сезім ұялатады. Түстің әсерінен фильм атмосферасы С.Апрымов фильмдеріне ұқсас.

«Тәубе» фильмі толығымен түсті режимде түсірілген. Түстердің қолданылуы көрермендерге фильмді сезінуге өз әсерін тигізеді. Фильмде контраст жасайтын түстердің маңызы аса зор. Режиссер жұмақ пен тозақты көрсету үшін ақ және қара түстерді пайдаланған.

Сондай-ақ, жоғары операторлық шеберлікпен қойылған контурлы жарық қою тәсілінің арқасында символ ретінде қолданылатын қызыл түс – бөлменің басқаша түрге енуіне септігін тигізеді.

Жарық. Жарық – фильмдерде өте шебер қолданылған. Дұрыс қойылған жарық – фильмнің керек атмосфераны береді.

Контурлық, бейнелік, табиғи жарық, көлеңкелі түсіру әдісі арқылы таспаланған сахналар кеңістікке ерекше леп береді.

«Тәубе» фильмінен кадр
«Тәубе» фильмінен кадр

Дыбыс. Режиссер музыкаға үлкен мән береді. Талданып отырған үш фильмде де фондық музыка ойнатылмайды. «Балық сорпа» фильмінде классик композитор Ш.Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әні фильмнің анаға арналғандығын дәлелдейді. «Тәубе» фильміндегі шарпыған оттың дыбысы кеңістікке кіруге көмектеседі.

Символ, метафора. «Отау» және «Тәубе» фильмдерінде режиссер символға, теңеулерге аса үлкен мән береді.

«Отау» фильмінің алғашқы кадрларында үзілген рогатка – ерте ғайып болған балалық шақтың символы іспеттес. Қабырғаға салынған екі ересек адам мен баланың салуына да мән беру керек. Құрмаш пен Лаураның өміріне кірген бөтен бала қайтадан толыққанды отбасын тапқандай сезімге бөленіп, қиялындағы суретті салды деуге негіз бар. Себебі, еңбекқор әпкелі-інілі оған барынша қамқорлық жасайды.

«Отау» фильмінен С.Апрымов туындыларындағыдай қираған үйлер, кірпіш секілді метафоралы ұқсастықтарды көруге болады.

«Тәубе» фильмінде қызыл түс пен шарпыған от фильмнің басынан аяғына дейін көрсетіледі. Алғашында, қайыр сұрап отырған жандардың қастарында лаулап жатқан от – жылу беру үшін қолданылса, кейін – тозақты еске салатын символ ретінде пайдаланылады.

Қарастырылған үш фильмнен аңғарғанымыз – драматургия құрылымы қарапайым, классикалық үш актілі болғанымен (экспозиция - оқиға шиеленісі, даму, шарықтау шегі, шешімі), кейіпкерлердің шынайылығы, ритмді дұрыс ұстап отыруының арқасында көрерменді жалықтырмайды. Қолданылған әдіс-тәсілдер режиссердің ойын толыққанды көрермен санасына жеткізе алды. Бұл режиссер мен шығармашылық топтың табандылығы мен ізденімпаздығының арқасында пайда болған сапалы туындылар деуімізге әбден болады.

Егеубаева Еңлік

Қазақ ұлттық өнер университеті

«Кинотану» мамандығының 2-курс студенті

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Мнения

21 желтоқсан, 2019

Bastau IFF: Жаңа буын киносы қандай мәселелерді көтерді?

«Бастау» ХКФ бағдарламасына шолу

Brod.kaz

Мнения

16 Қыркүйек, 2019

«BAIQONYR» Халықаралық кинофестивалі cтуденттер көзқарасымен

Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «кинотану» мамандандыруының 1-курс студенттерінің пікірлері

Brod.kaz

Мнения

6 Қазан, 2018

Baikonyr SFF-2018: Үздік фильмдерге шолу

Baikonyr Short Film Festival – байқауы көркемсуретті, анимациялық және деректі кино секциясы бойынша бағаланды

Brod.kaz

Таныс бейне

Тимур Бекмамбетов

Режиссер

Ақан Сатаев

Режиссер