«Композитор»: Бөгде қораға кірген қой
2015 жылы Фучжоу қаласында екінші халықаралық «Жібек жолы» кинофестивалі өткен болатын. Сол фестивальдің аясында қазақстандық және қытайлық киногерлер бірлесіп жұмыс істеу туралы өзара келісімге келген еді. Содан кейін арада белгілі бір уақыт өтіп, өзіміздің «Қазақфильм» киностудиясы қытайлық «Shineworks Pictures» және «China Film Co-Production Corporation» компанияларымен ресми түрде келісімшартқа отырып, байопик жанрындағы «Композитор» аталатын толықметрлі көркем фильмді түсіруге кіріскен болатын.
Аталмыш кинотуынды – бас продюсер Джонатан Шеньнің ықпалымен пайда болған Қазақстан мен Қытай арасындағы ең алғашқы копродукциялық көркем өнім. Картинаны қытайлық Шерзат Якуб деген режиссер Сәбит Құрманбековпен бірге үш жыл ішінде қойып шыққан. Сәбит Құрманбеков бұл фильмде қоюшы-суретші қызметін де атқарып берген. Басты рөлдерді Ху Цзюнь, Аружан Джазильбекова, Берік Айтжанов, Дильназ Нурсеит, және т.б. сомдап шыққан. Көрерменнің назарына алғаш рет осыдан екі ай бұрын тоғызыншы халықаралық Пекин кинофестивалі аясында ұсынылған.
«Композитор» фильмінде Сянь Синхай есімді әйгілі қытай сазгерінің өткен ғасырдың қырқыншы жылдары соғыс кесірінен Мәскеуден өз еліне орала алмай, Алматыға көшіп келуге мәжбүр болғаны, және де қазақтың сазгері Бақытжан Байқадамовпен танысып, достық қарым-қатынас құрғаны, артынан «Амангелді» симфониясын жазып шыққаны таспаланған. Алайда сюжеттің негізгі акценті бас кейіпкердің кішкентай қызы бар қазақ жесір әйелмен бір үйде өмір сүрген кездеріне қойылған. Фильмді тамашалау барысында көрермендерге бас кейіпкер мен жесір әйел арасында романтикалық байланыс болатындай сезілуі мүмкін, бірақ олардың қарым-қатынастары достықтан әрмен ешқайда аспайды. Бірақ та сазгер мен кішкентай қыздың қарым-қатынастары уақыт өткен сайын күшейе береді. Бастапқыда олар жәй әшейін дос болады. Алайда ақырындап сазгер кішкентай қыз үшін «әкеге» айналады.
Негізі, дәл осы «әке мен қызы» оқиғасын фильм сюжетінің ең жақсы, әдемі, әрі шынайы ойластырылған бөлшегі десек, қате айтпаймыз. Себебі өзге тұстары айтарлықтай тарта қоймайды. Егер де аталмыш оқиғаға мән берілмегенде, фильм түкке де тұрмайтын, ешқандай эмоция тудырмайтын, жылтырақ болса да, алтын емес киноға айналар еді.
Кейіпкер ретінде Сянь Синхай – өте дарынды, мейірімді, жақсы адам. Ол орыс тілін түсінгенімен сөйлегенде кәдімгідей қиналып, әрбір сөзін әрең айтады. Ал қазақ тілін мүлде білмейді. Оны қытайлық актер Ху Цзюнь белгісіз бөгде ортаға байқаусызда еніп кеткен адамның бейнесімен сомдап шыққан. Фильмнің соңына дейін актердің бетінен дәл осы бейне ешқайда кетпейді. Бұндай жағдайға тап болған адамдарды кей кезде ел арасында «бөтен қораға кіріп кеткен қой» деп атап жатады. Өте аянышты байғұс адам. Сен оны түсініп қана қоймай, аяп та отырасың. Еліне деген ыстық ықыласын, жанұясына деген таза махаббатын, қайтуға деген бар ынтасын бірден сезесің. Музыкаға деген сүйіспеншілігі де сен үшін анық болады. Оның музыкасы да сені тербетіп-тебірентіп әкете алады. Ескере кетейік, фильмдегі музыка – керемет шыққан негізгі нәрселердің бірі.
Кішкентай қыз, яғни Қаламқас та біздің ойымызша әжептәуір жақсы ойластырылған. Өмір тауқыметін соншалықты көре қоймаған, ақкөңіл мінезді, көңілді қыз. Ақырында шынайы өмірдің жағдайына көзі ашылып, балалық шақтан ересек өмірге қадам жасайды. Сол бір қадамын ол вокзалдың тура алдында, кешке таман, тұман басқан және ешкім жоқ кезде жылап жүріп, сазгер «көкесі» үйреткен қытайша әнді айтып, көрерменнің жүрегін қысып, әрең жасайды. Аталмыш рөлді Дильназ Нурсеит жап-жақсы ойнап шыққан. Бірақ та оған фильмдегі сөйлеуіне байланысты сындар айтылуы мүмкін.
Міне, фильмдегі жақсылап ойластырылған, эмоция тудыратын кейіпкерлер – осылар. Ал өзгелері, өкінішке орай, талдауға да тұрмайды. Берік Айтжанов, сөз жоқ, еліміздің ең алдыңғы қатарындағы дарынды актерлердің бірі. Аружан Джазильбекова да өз кейіпкерлерін тырысып ойнай алады. Дегенмен де, фильмнің авторлары бұл екеуінің рөлдерін өз деңгейінде жасай алмаған. Немесе жасаған, бірақ монтаж кезінде кейіпкерлерді ашатын сахналарды кесіп тастаған. Нәтижесінде Берік Айтжановтың кейіпкері – пафосты сөздерді тоқтаусыз айтатын әдемі киінген музыкантқа, ал Аружан Джазильбекованың кейіпкері – кішкентай қыздың қайғыра беретін анасына айналып кеткен. Ай, тегі бір, потенциалдары бар еді ғой!..
Ендігі жерде кейіпкерлер мен актерлар жөнінде әңгіме айтқанды доғарып, «Композитор» фильмінің өзге де тұстарына тоқталсақ. Жасырмай айтайық, аталмыш кинотуынды қарағанға өте жағымды түсірілген. Костюмдер, декорациялар, реквизиттер, бутофориялар, барлығы да қырқыншы жылдардың атмосферасы мен антуражын шынайы етіп жасай білген. Қолданылған арнайы эффекттерді де жаман деп айту мүмкін емес.
Әйткенмен де, фильмнің қандай да бір нәтиже беруі – бұларға емес, оның қозғап отырған мәселелеріне, қойып отырған сұрақтарына, жасап отырған тұжырымдарына, содан кейін сюжеті мен кейіпкерлеріне байланысты. «Композитор» фильмінің негізгі идеясы: бәріміз де бірдейміз, ендеше бір-бірімізге жанашыр әрі қамқор болайық. Бұндай ойдың ешқандай да жаман тұсы жоқ, керісінше, әп-әйбат, дұрыс сөздер. Оның үстіне, соңғы кездердегі қазақтардың қытайлықтарға деген көзқарастарын ескерер болсақ, аталмыш фильмнің қозғап отырған идеясы екі халық арасындағы дау-дамайды шешуге сәл-пәл ықпалын тигізуі мүмкін. Дегенмен де, фильмнің артында саясаттың тұрғанын жасыра алмаймыз. Көрермендер бұл фильмнен бірінші кезекте саясатты байқайды. Тек содан кейін өзге тұстарына зейін салады. «Композитор» фильмін саясатсыз қарастыру – өте қиын. Ал қарастырып айтар болсақ, аталмыш картина – ойланып толғануға, жақсылап талқылауға, көзқарас қалыптастыруға көмек беретін, сапалы түсірілген әдемі кинотуынды. Иә, осал тұстары жеткілікті. Оларды мұқият көрермен әп-сәтте-ақ байқай алады. Бірақ, объективті түрде қарар болсақ, бұл фильм өз жақыныңа қамқор болуға және сүйген ісіңмен айналысуға итермелейді.
Сонымен, айтар нәрселердің бәрі де айтылып бітті. Тағы не айтуға болады? А, иә, фильмнің режиссурасы. Шерзат Якуб пен Сәбит Құрманбековтың фильмдегі ықпалдары тепе-тең. Және қай жерді қайсысы түсіргенін оп-оңай байқауға болады.
Дамир Амантай
«Композитор» фильмінің кестесі кинотеатрлар афишасында қол жетімді.
Оцените рецензию
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін