«Қаржыгер. Шығу ойыны»: Санның сапаға айналуы
4-ші қазан күні көрерменге жол тартқан отандық «Қаржыгер. Шығу ойыны» фильмі 2018 жылдың таңдаулы коммерциялық картиналарының біріне айналатыны сөзсіз. Неліктен?
Жаңа бағыт. 2018 жылы 20-ға жуық коммерциялық картиналар таспаланды. Солардың ішінен тақырыбы мен техникалық жағынан ілгері тұрған драма жанрындағы «Алтыншы пост», «Әміре» сынды туындыларды ғана еске түсіре аламыз. Комедиялардың саны көп болғанымен, сапасы ақсаңдап тұрғаны көпке мәлім. Осы жылғы криминалды драма жанрында жарыққа шыққан алғашқы кинокартинаның үздіктер қатарынан табылу себебі – мамандандырылған киногерлердің бірігуінде. Дебютант-режиссер Елена Лисасина және сценарий авторы Дмитрий Богомолов БМКИ (ВГИК) түлектері. Сатыбалды Нарымбетовтың көркемдік жетекшілігімен Анна Чакиртованың продюсер-кеңесшілік қызметі фильмнің барынша сапалы шығуына әсер еткендей. Бас продюсер Ерболат Байганиннің қаржыгер маманы болғаны – актер, режиссердің жұмысын жеңілдеткені сөзсіз. Соңғы жылдары көрерменге жол тартқан қазақ кинокартиналарында сирек кездесетін таза дыбыс, шебер жасалған дубляж фильмнің сапасын жоғарылатып тұр.
Динамикалық сюжет. Қор биржаларында қомақты қаржымен айналысатын екі достың шиеленіске толы оқиғасы көрерменнің назарын ұстап отырады. Драматургиялық тосын бұрылыстардан «ары қарай не болар екен?» деген сұрақ көрермендерді мазалайтыны анық. Қолданылған детальдар көрерменге кейіпкердің болмысын ашуға көмектеседі. Фильмдегі соңғы эпизодтардың біріндегі Таирға ұсынылатын есірткі мен қағаз ақшаны қырағы көрермен болмаса, көпшілік оның не үшін қойылғанын аңғармай қалуы әбден мүмкін.
Актерлардың жаңа қыры. Жаңа ер адамдық тамаша дуэт пайда болды. Асылхан Төлепов жаңа қырынан ашылды. Атқа шауып, садақ атқан жеткіншектен тамаша ұйымдастырушы, сауда адамын көргенімізде Асылханның жаңа деңгейге көтерілгенін байқадық. Сондай-ақ, театр және кино актері Шыңғыс Капинның кинодағы алғашқы басты рөлі ауыз толтырып айтарлықтай сәтті болып шықты. Былтырғы жылдың «Неделимое» криминалдық драмасында да жақсы нәтиже көрсеткен Ш.Капиннің кезекті рөлі оның «оң жамбасына» келіп, өз рөлін жоғарғы деңгейде алып шықты. Одан бөлек фильмнің барынша шынайы шығуына үлкен әсер еткен Бақытжан Әлпейісов, Алдабек Шалбаев сынды қазақ киносының аға буын өкілдерімен қоса, бұрын соңды болмаған консильери бейнесі пайда болды. Филипп Волошинның сомдауындағы консильери бейнесі бірден есте қалады. Актердің образды дәл, нақышында сомдауы соншалықты – Волошиннің кейіпкері экранда пайда болғанда денеңізден суық діріл жүріп өтуі әбден мүмкін.
Фильмнің бір әттеген-айы – Таир мен Альмираның линиясы толық ашылмаған. Сондай-ақ, бірнеше финалдың болуы көрермендерді түсініксіз сезімге бөлейді. Оның бір дәлелі – фильмнің соңындағы музыканың орынсыз қолданылуы.
Көпшілік көрермен фильмді американдық «Уолл-стриттегі Қасқыр» («The Wolf of Wall Street») картинасымен ұқсастырады. Иә, форматы, сюжеті ұқсауы мүмкін. Бірақ, «Қаржыгер»-дің өзіндік стилистикасы мен айтары бар. Екі фильмдегі айырмашылық – отандық фильмімізде қазақи менталитет бой көтереді. «Бәкенің» ықпалы, жақын адамдарыңа көмек қылу сынды өзімізге тән ерекшеліктерді көреміз. «Уолл-стрит» фильміндегідей шектен тыс анайы сахналар кездеспейді. «Қаржыгер» фильмі көрерменге ой тастаса, «Уолл-стрит» фильмі бәрі де соншалықты оңай немесе соншалықты қиын болуы мүмкін деген тұжырым береді.
Үлкен экранды жаулап алған арзан комедиялардан ерекшеленетін «Қаржыгер. Шығу ойыны» картинасының жарыққа шығуы қазақ коммерциялық өнімдерінің бір сатыға жоғарылағанының дәлелі. Әрине, бұл көңіл қуантарлық жәйт.
Егеубаева Еңлік
Қазақ ұлттық өнер университеті
«Кинотану» мамандығының 2-курс студенті
«Қаржыгер. Шығу ойыны» фильмінің кестесі кинотеатрлар афишасында қол жетімді.
Оцените рецензию
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін