«Қаржыгер. Шығу ойыны» фильмі отандық айналымға шықты
Алматыда «Қаржыгер. Шығу ойыны» фильмінің тұсаукесерлі көрсетілімі өтті, режиссері БМКИ түлегі (С.А. Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институты. – Ред.) Елена Лисаcина болды. Картина авторлары тұсаукесерге арналған баспасөз конференциясында таспа бюджетінің 500 мың долларды құрағанын мәлімдеді.
Бас продюсері Ерболат Байғанин, сценаристі - Дмитрий Богомолов. Картина операторы - Александр Вертяков, қоюшы-суретшісі - Бөпеш Жандаев. Басты рөлдерді Асылхан Төлепов, Шыңғыс Қапин, Карина Жұмалиева сомдады.
Сюжетте екі дос - Руслан мен Таир туралы баяндалады, олар тағдырдың қалауымен қаржы және қомақты ақша әлеміне тап болады. Қабілетінің арқасында Руслан жаңа қағидаларға тез бейімделіп, биік белестерге жетеді. Алайда, неғұрлым биікке өрлеген сайын, соғұрлым төменге құлдилау ауыр соғады. Қауіпті ойынға енген кейіпкерлер өмір мен өлімнің арасында жүреді.
Картина режиссерінің айтуынша, жобаның ең басында оларға шынайы брокерлер кеңес берген. Одан бөлек, олар қаржыға қатысты түрлі тренингтер мен курстарға қатысқан.
Көрермендер «Қаржыгерді» «Уолл-стриттен шыққан қасқыр» атты белгілі таспамен салыстыратын шығар. Продюсер Ерболат Байғанин де түсірілім барысында фильм тобының Оливер Стоуннің осы белгілі жұмысына назар аударғандарын айта кетті:
«Мен бұрын өзім брокер болып жұмыс істедім, сондықтан осы тақырыпқа байланысты фильм түсіруді ұйғардым. Біз «Уолл-стриттен» сюжетіне қарадық. Себебі, қаржы әлемін ашатын фильмдер өте аз».
Елена Лисасина басты кейіпкер қыздың рөлін сомдаған Карина Жұмалиеваны кастинг аяқталардан үш күн бұрын тапқандарын айтты. Топ оны бірден бекіткен екен, себебі ол Асылхан Төлепов типіне дәл келген.
«Қаржыгер. Шығу ойыны» фильмі 4 қазаннан бастап айналымда. Ыңғайлы көрсетілім кестесін кинотеатрлар афишасынан таңдауға болады.
Арайлым Танкаева
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін