Махаббат туралы тағы бір фильм бе, әлде шындық па?

Алматы – үлкен мүмкіндіктерге толы, әсем қала. Ал дәл осы қалада өмірлік серігіңді жолықтырып, ғашық болу мүлдем керемет сезім. Бірақ, қызығы сіз ол ғашығыңызды қай жерде, қандай оқиғамен кездестіретініңізді және ол адаммен бақытты, махаббатқа толы сәттермен немесе бақытсыз үлкен қайғымен аяқталатын жағдай боларын білмейсіз. Мүмкін ғашығыңызбен соңына дейін бақытты боласыз... Мүмкін лаулаған сезім көңіліңізге дақ түсіріп, мәңгі жадыңызда ғана сақталар.
Жақында ғана көрерменге режиссер Думан Еркінбектің «Ғашықпын саған» фильмі жол тартты. Туындының басты кейіпкерлері Алматыға арман қуып, мүмкіндіктер көп деп келген ғашықтар – Еңлік пен Арман. Оқиға Алматы қаласында қос ғашықтың келеңсіз жағдайда түнгі клубта кездесуімен басталады. Арман Еңлікті құтқарған сәтінен бастап, бойжеткенге көңілі ауады. Бірақ дәл сол кезеңде өзіңнің өміріне де қауіп төндіргенін ол білмеп еді. Ол мәселе фильмнің ортасында көрініс табады. Қанша жерден мойындағың келмесе де, Алматыда қиындықтар көп. Материалдық, моральдық, әлеуметтік және т.б. Бұл жердегі күйбең тіршілік қаланың кептелісі секілді шексіз көрінеді. Қаржылай мәселенің, студенттердің жұмыс пен оқудың арасында үлгеру-үлгермеу мәселесінің де бар екені айтпаса да түсінікті. Оған фильмде қолданылған «Қатыгездеу Алматы» әні дәл келіп, мағынасын толық аша түседі. Фильмнің негізгі идеясы осы тақырып айналасында өрбиді. Еңлік болған оқиғадан кейін Арманға: «Алматы – үлкен қала ғой, кездеспей-ақ қояйық», – дейді. Келесі күндері жұмыс іздеп жүрген Еңлік дәл Арманның жұмыс орнына тап болады. Бұл сәйкестік емес, олардың тағдыры еді. Сол сәттегі Арманның: «Алматы – ондай үлкен қала емес екен ғой...», – деген сөзі көрерменге күлкі сыйлағаны анық.
Келесі эпизодтан үлкен қалада ақшасыз жүрген Еңлік телефонын өткізіп және сол ақшаны ұрлатып, ол аздай оның оқудан шығуынан кейіпкер өмірінің күрделене түскенін көреміз. Дәл осы көріністер арқылы режиссер алматылық студенттердің мәселелерін ашық көрсеткені ұтымды шешім болды. Амалы таусылған Еңлік Арманға баруына тура келеді. Бойжеткенді ұнатып тұрған Арман өз «арманына» жинап жүрген қаржысын толық ұсынып, үйінде тұруға рұқсат береді. Бір көрген адамға бәрін сеніп тапсыру ақымақтық шығар, бірақ Арман ұнатқан аруы үшін ештеңені аямады. Екеуінің бірге жұмыс жасауы – олардың ғашықтық сезімдерін үдете түседі. Махаббаттың қызғанышқа ұласқан кезеңдері де болды. Екеуі бір-біріне сезімдерін айтып, Арман Еңлікке сөз салады. Осы сәтке дейін қуанып, көз алдыларында дамыған сезімді тамсана қарап отырған көрермен, сол махаббаттың машақатын көруге дайын болмаған секілді. Жер асты жолымен үйге асығып келе жатқан екеуі, бір сәтте үйге емес ауруханаға тез жетті. Фильм басында Еңлікті құтқарамын деп қала бұзақысын ұрған Арман, фильм ортасында сол адамнан соққы жейді. Сол соққы – Арман мен Еңліктің бақытты сәттеріне кедергі жасап, олардың өміріне өзгеріс енгізеді. Ауруханаға түсу арқылы Арман өзінің бұрынғы ауруы қайта өршіп кеткеніне көзі жетеді. Тіпті, дәрігерлер өмірінің қанша уақыты қалғанын да айтады. Әр жанашыр көрермен осы сәтте Арманның дерті жоқ болып шығуын немесе жазылып кетуін тілегені анық. Арман бұны жақын досына айтып, Еңлікке айтпауды жөн көреді. «Қалай барсың солай қабылдаймын» деген Еңліктің сөзі жауапсыз қалды. Жақсы көріп тұрған адамың сені қалай барсың солай қабылдай алмаса, бұдан асқан қасірет жоқ. Кеткісі келмесе де кетуге мәжбүр болды. Арманның бұл іс-әрекетін сол сәтте кей көрермен қабылдай алмағаны анық. Бірақ бұл жерден шынайы жақсы көруді, нағыз махаббат пен қамқорлықты көреміз. Бұл әрекеттің өз себебі болды. Еңлік оған қатты бауыр басып қалса, оның өмірден кеткеннен кейін ғашығына қиын болатынын түсінген Арман «жаман адам» ретінде қоштасқысы келеді. Әрине, бұл шешімді Арман қалаған жоқ, десе де Еңлікке осылай қабылдау әлдеқайда оңай болады деп ойлады. Осылай екі жаққа бөлінген ғашықтардың жылаған көздері де, жүректері де көрерменнің көңіл пердесін қозғады. Соңында Еңлік шындықты біліп, ғашығына асығады. Екеуі бірге өткізген соңғы сәттерін бағалап, үнемі бірге жүреді. Арман альбомын ақыры жазып, Еңлікке: «Мені сағынсаң әндерімді тыңда», – деген кезде, Еңлік: «Оны альбомнан емес, өзіңнен тыңдағым келеді», – деп қалауын айтады. Сол сәтте қолына гитарасын алып соңғы әнін орындайды. Дәл осы әнмен бірге Арманның да өмірі тоқтайды. Екі ғашықтың оқиғасы осылай аяқталады.
Көрермендер арасында «Алматыны жақсы көрсем, тек бір адам үшін жақсы көрермін... сен үшін» деген сөз жиі айтылуда және оны әлеуметтік желілерден көптеп естудеміз. Арман Еңлікке Алматыны жақсы көрудегі 7 себепті көрсетіп, өзіне ғашық етеді. Соңғы 7-ші себеп – екеуі болғандай. Арманның соңғы әні «Жалғыз жұлдыз» оқиғамен керемет үйлескені сөзсіз. Әнде «менде бәлкім жалғыз жанып сөнермін» деген сөздер көрерменге әсер етіп, фильмнің негізгі ойын аша түсті.
Туындының басты кейіпкерлері – «Қайтадан» фильмінің актерлері. «Қайтадан» фильмінен кейін режисер Думан Еркімбек екі актердің экрандағы кәсібилігін шыңдағысы келген. Екеуінің қарапайым мақта сатып бастаған қарым-қатынастары ары қарай дамып, осындай оқиғаға алып келді. Фильм соңында Арман мен Еңліктің махаббатының белгісі ретінде балаларының бар екенін білеміз. Ал фильм соңындағы анасына жүгіріп келе жатқан бала көрінісі, Арман мен Еңліктің махабатының себепкері болған мақта сататын дүңгіршек, айналадағы адамдар, Алматының жоғары ракурстардан түсірілген әсем табиғаты – фильмнің жалпы түйіні, қортындысы бола білді. Ал сол эпизодта ойнаған «Жалғыз гүл» әні әдемі нүкте қойып, көрерменге тыныштық сезімін сыйлады. «Аппақ таңға қаласаң сырыңды ақтарғың, Болайын арайлап атар сол ақ таңың» деген ән жолдары екеуінің махаббатының қандай қиындық болса да жүректерінің бірге соғатынын жеткізгендей әсер сыйлады.
Аталмыш фильм бізге қазақ киносының тарихындағы Қыз Жібек пен Төлегенді еске түсіргендей. Екі фильмнің соңында ғашығынан айрылған қос арудың жанға бататын қайғылы көрінісі. Бір адамға ғашық болу бәлкім оңай шығар, бірақ оны кемшіліктерімен бірге қабылдау, оның сезімдерін өзіңдікінен артық қою, оған өзіңде жоқ затты бере алу – нағыз махаббат. Бұл туындыда махаббат – жеңіл романтика емес, ол адамды өсіретін, өзгертетін, кейде қинайтын, бірақ рухани тұрғыдан байытатын күш ретінде көрсетіледі. Кейіпкерлердің бастан кешкен қиындықтары арқылы көрермен махаббаттың құндылығын, сенім мен адалдықтың маңызын түсінеді. Шынайы сезім уақыт пен кедергіден қорықпайды. Егер жүректе сенім болса, махаббат адамды биікке жетелейді.
Қарақат Ержанқызы
Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,
Кинотану мамандығының 1 курс студенті
Оцените рецензию








пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін