Үнсіз ана махаббаты туралы фильм

Қазіргі қазақ кино кеңістігінде жайдарманшылар түсіріп жүрген комедия мен драма жанрындағы фильмдер ерекше белең алып отыр. Соңғы жылдары бұл шығармашылық топтар тек жеңіл күлкімен шектелмей, өзге жанрларға бет бұра бастағаны байқалады.
Бір жағынан, бұл – қуантарлық құбылыс. Себебі күлкіден шаршаған қазақ көрермені бүгінде экраннан тек әзілді емес, ой мен ауыр сезімді де іздей бастады. Алайда қазіргі фильмдердің көбінің бір ғана өзекті тақырыпқа «жабысып қалуы» қаншалықты көркемдік тұрғыда ақталады деген сұрақ та туындайды. Жайдарманшылардың алдыңғы жұмыстарын еске алсақ, мысалы «Жездуха Кореяда» немесе «Көз тимесін» фильмдерінде әлеуметтік мәселелер қозғалғанымен, арзан әзіл мен тұрпайы тілдің жиі қолданылуы көрерменді екіұдай сезімде қалдыратыны жасырын емес. Әсіресе «Жездуха Кореяда» фильмінде емделуге келген қазақ қызының қаржысын жоғалту секілді маңызды драмалық жағдай жеңіл қалжыңның көлеңкесінде қалып қояды. Осы тұрғыда 2026 жылы жарық көрген «Құшақташы мама» фильмі – сценарийі мен актерлік ойыны жағынан сәттірек шыққан жұмыс деп ойлаймын. Фильм қарапайым тіс дәрігерінің күнделікті жұмысынан басталып, бір шұғыл қоңыраудан кейін кейіпкердің үйіне асығуымен өрбиді. Жол үстінде болған болмашы жанжалдың өзі көрерменге үлкен ой тастайды. Бұл – режиссердің ұсақ деталь арқылы ішкі конфликтіні ашуға тырысқан тұсы.
Режиссер 40 жас шамасындағы ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нәзік жеткізе алған. Бұған дейін бұл тақырыпта «Болған оқиға» мен «Ыстық ұя» секілді фильмдер түсірілгені белгілі. Дегенмен «Құшақташы мама» сол тақырыпқа өз үнімен, өз драматургиялық шешімімен келеді. Фильмнің басым бөлігі ана мен бала арасындағы диалогқа құрылған. Бұл диалогтарда бала өзін жәбірленуші ретінде көріп, анасын өткен өмірдегі барлық қатесі үшін айыптайды. Ал ана өз әрекеттерінің бәрін балаларының амандығы үшін жасағанын, аналық құрбандықтың үнсіз болатынын әсерлі монолог арқылы жеткізеді. Бұл сахналарда актерлік ойындағы шынайылық сезіледі. Бұл тұста қырғыз фильмі «Пейіш» еске түседі. Ол фильмде ана мен бала арасындағы махаббат биік рухани деңгейде көрсетілген еді. Ал «Құшақташы мама» махаббатты басқаша қырынан ашады: мұнда сезім бар, бірақ ол әртүрлі тілде сөйлейді.
Фильмде көптеген жігіттердің өз анасына айта алмай жүрген сөздерін естиміз. Баланың «сабақтан екі алғаны», «ерте жұмыс істеуге мәжбүр болғаны» – бәрі анамен болған әңгімеде ашық айтылады. Бұл әңгіме бірте-бірте конфликтке ұласады: «Үнемі осылай айтасыз, мама… Бірақ мен де шешені таңдаған жоқпын ғой. Құдай таңдап берді. Мен де жалынып сіздің балаңыз болайын деп сұранған жоқпын…». Осы ауыр сөздер арқылы бала анасын ренжітеді. Бұл жерде фильм бізге үнсіз сұрақ қояды: біз анамызбен қалай сөйлесуге лайықтымыз? Фильмнің негізгі қақтығысы – махаббаттың жоқтығында емес, махаббаттың әртүрлі формада берілуінде. Ана «ескі жолмен» – қамқорлық пен қатаңдық арқылы жақсы көрсе, балаға «жаңа жолмен» – жылы сөз бен құшақ қажет.
Алма бағындағы вальс сахнасында музыка арқылы эмоцияны күшейтемін деген ниет сәл артық кеткендей әсер қалдырады. Дегенмен фильм финалында күтпеген драматургиялық шешімдер ұсынылады: аға мен қарындас арасындағы қарым-қатынастың ашылуы, олардың қауышуы – оқиғаны жаңа деңгейге көтереді. Қорытындылай келе, «Құшақташы мама» фильмі көрерменге бір маңызды ой салады: ата-ана – мінсіз бейне емес, олардың да қорқынышы мен жарақаты бар. Ең бастысы – олар тірі кезде, уақыт жоғалтпай, айтылмай қалған сөздерді айтуға әлі де мүмкіндік бар.
Бекзат Бердібайұлы,
Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,
Кинотану мамандығының 1 курс студенті
Оцените рецензию







пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін