Unico Play LAB: кинодағы жаңа есімдер

Unico Play LAB аясында 15 ақпанда өткен көрсетілімде «Sheber» шығармашылық зертханасының алғашқы маусымда атқарған еңбегі қорытындыланып, жас авторлардың ізденісі нақты нәтижелер арқылы көрініс тапты. Питчинг кезеңінен кейін он бірегей сценарий өмірге келіп, түсірілім алаңында мың сағаттан аса уақыт жұмсалды, ал белгілі кинематографистердің менторлық жетекшілігімен он қысқаметражды фильм толық аяқталды. Бұл үдеріс жаңа шығармашылық қауымдастықтың тек өндірістік тәжірибе беріп қана қоймай, жас режиссерлердің көркемдік ойлауын шыңдағанын көрсетті. Өйткені ұсынылған жұмыстардан авторлық еркіндік, стильдік көптүрлілік және экспериментке ұмтылыс айқын сезіледі. Платформаның басты мақсаты қазақстандық кино кеңістігінде жаңа есімдерді ашу, баяндау формаларының әркелкілігі ретінде эксперименталды кино эстетикасына жақындау. Кейбір шығармаларда менторлардың көркемдік қолтаңбасы аңғарылғанымен, жас авторлар үлгіні өз дүниетанымы арқылы қайта өңдеп, жеке визуалдық тілін қалыптастыруға талпынғаны байқалады.
«Фея-Баурсақ», реж. Марина Нетеда, ментор: Әділхан Ержанов
Сюжеттік тұрғыдан туынды бір әулет аясындағы ағайынды бауыр мен әпкенің тағдырын қарсы қойып, әлеуметтік теңсіздікті отбасы ішіндегі екі түрлі өмір арқылы ашады. Әлеуметтік драма жанрындағы «Фея-Бауырсақ» бастапқыда 14 минутқа жоспарланғанымен, шығармашылық ізденіс нәтижесінде хронометражы 23 минуттан асатын толыққанды көркем құрылымға айналған. Мұнда лабораториядағы өзге жұмыстарға тән бояулардың молдығы ерекше эстетикалық жүйе ретінде қызмет етеді. Әсіресе түстік коррекциясы қанық әрі символикалық мәнге ие болып, басты кейіпкер қыздың сары жемпірі қуаныш, үміт пен балалықтың визуалдық белгісіне айналады. Сонымен қатар фильмдегі гиперболаланған түстік шешімдер мен «құрастырылған әлем» әсері менторлық ықпалмен байланысты болып, Әділхан Ержановтың шығармашылығына тән көркемдік жүйені, әсіресе «Оқу іздеген Адемока» фильміндегі шартты кеңістік пен символизмді қайталайды. Авторлар бұл эстетиканы қазақы менталдықпен ұштастырып, бауырсақ бейнесі мен жерлеу рәсімдері секілді ұлттық кодтарды енгізу арқылы оқиғаны жергілікті мәдени кеңістікке орнықтырады. Жанрлық тұрғыда әлеуметтік драма болғанына қарамастан, фильмде әдейі күңгірт палитрадан бас тартылып, өлім тақырыбының өзі жеңіл қабылдауда. Осы шешім финалдағы драмалық сәттен кейін титрлар кезінде кейіпкерлердің билеуі арқылы айқын контраст тудырады. Мұндай көркемдік логика оқиғаның балалар көзқарасы арқылы берілуімен негізделіп, қанық түстер дәл осы қабылдау әлемінің табиғи көрінісіне айналады. Фильмнің режиссері Марина Нетеда жеке драма мен визуалдық экспериментті біртұтас көркем формаға біріктіре алған.
«Журнал», реж. Азамат Утянов, ментор: Еркебұлан Күрішбаев
Жасөспірімдік детектив жанрында түсірілген «Журнал» фильмі режиссер Азамат Утяновтың авторлық көзқарасымен қарапайым мектеп өмірінен туындаған оқиғаны күрделі нарративтік ойынға айналдырады. Фильм бастапқыда 14 минутқа есептелген сценарийдің 26 минуттан асатын толыққанды көркем құрылымға ұласуымен ерекшеленеді. Сюжет өзегінде 11-сынып оқушылары арасындағы мектеп журналының ұрлануы тұрса да, бұл тұрмыстық жағдай біртіндеп сенімсіз баяндаушы тәсілі арқылы көрерменді ешбір кейіпкерге толық сенбейтін детективтік кеңістікке жетелейді. Фильмнің басты формалық жаңалығы – түсірілім форматтарының үнемі ауысып отыруы: авторлар видеокамера эстетикасын енгізу арқылы классикалық баяндауды бұзып, интертекстуалды бейнелермен ойнайды. Нәтижесінде туынды комикс-скетчке, америкалық сериал эпизодына немесе қысқа форматтағы визуалдық рилстерге ұқсас динамикалық құрылымға ие болады. Абсурд бұл жерде негізгі көркемдік құралға айналып, өзін «сары» (желтый) лақап атымен танитын, мектеп иерархиясында шеткері (задрот) тұрған кейіпкердің қабылдау әлемінде бәрі қалыпты көрінеді: америкалық футболшыларға ұқсас форма киген бұзақылар тобы, изолятордағы екінші жылға қалған оқушы, өзін детектив ретінде елестететін басты кейіпкер мен классикалық романтикалық штамптар фильмнің мемдік интертекстуалды жүйесін құрайды. Логиканың әдейі бұзылуы, келесі қадамға деген белгісіздік пен комедиялық элементтер өзара бірігіп, жасөспірімдік сананың бейберекет, бірақ ішкі заңдылыққа ие әлемін қалыптастырады, ал бұл көркемдік бағыт ментор Еркебұлан Күрішбаев ықпалымен жанрлық ізденісті жаңа формада жүзеге асыруға мүмкіндік берген.
«Екінші» , реж. Майя Мустак, ментор: Дархан Төлегенов
Әлеуметтік драма жанрындағы «Екінші» фильмі режиссер Майя Мустактың авторлық шешімдері арқылы бастапқыда 15 минуттан асатын сценарийден небәрі бес минуттық тығыз әрі әсерлі экрандық формаға айналған, мұның бір себебі туындының толықтай пленкаға түсірілуімен байланысты. Фильм визуалдық тұрғыда теле-хоррор эстетикасына жақындап, баяу зум арқылы қалыңдық бейнесін тұрақты объект ретінде ұстап отырады, ал кадр композициясының сирек өзгеруі көрерменге негізгі камераның өзі той үстіндегі түсірілім техникасының бір бөлігі секілді әсер қалдырады. Ерекше назар аударарлығы – той форматындағы түсіру логикасының драматургиялық құралға айналуы: нақты өмірде үйлену тойларын бейнетаспаға түсіретін камералар мен залдағы LED экрандар қосымша ақпарат көзі ретінде пайдаланылып, оқиғаны «тікелей эфирде» бақылап отырғандай үрейлі сезім тудырады. Нарратив құрылымы сақиналық принципке негізделіп, бір оқиға екіншісін қайталап отырады: бейтаныс жігіттің тойға келіп алғашқы қалыңдықпен қашуы, одан кейін жасөспірімдердің үстел астынан шығуы, соңында жас қыздың «екінші», яғни жаңа қалыңдықтың орнын басуы және финалдағы ер баланың түйілген жұдырығы әлеуметтік зорлықтың үздіксіз қайталануын меңзейді. Дәл осы циклдік тенденция фильмнің әлеуметтік драмалық қуатын күшейтіп, жеке трагедияны жүйелі құбылыс деңгейіне көтереді, ал менторлық қолдау көрсеткен Дархан Төлегеновтің ықпалы бұл формалық шешімдердің тұтастығын айқындай түседі.
«Шабандоз», реж. Шыңғысхан Ермахан, ментор: Айтөре Жолдасқали
Спорттық драма жанрындағы «Шабандоз» алғашқыда 16 минутқа жоспарланғанымен, оқиғаның эмоциялық салмағы мен көркемдік тынысы кеңейіп, 21 минуттық толыққанды формаға жеткен туынды ретінде біртіндеп қарқын жинайды. Режиссер Шыңғысхан Ермахан фильмді ұлттық мәдени жадқа сүйенген көркем ойға айналдырып, оны Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасымен астастырады: тұлпардың аты, адал серіктің құлауы, трагедиялық сәттердің визуалдық шешімі поэтикалық мәтінді бүгінгі экран тілімен қайта сөйлеткендей әсер қалдырады. Бірақ фильм классикалық трагедиямен тоқтап қалмайды – финалда бала қолында досының жүгенін ұстап, мәреге жетіп, әділ жеңістің әрі рухани табандылықтың белгісін ұсынады. Осы үмітке құрылған көңіл күйді әкенің «жас шабандоз мінсе, кәрі аттың өзі де жасарып кетеді» деген сөзі тереңдете түссе, бұрын жарақатынан жүре алмаған әкенің таяқсыз қадам жасауы қайта тірілу мен сенім мотивін нақты әрекетке айналдырады. Ірі пландар арқылы жылқылардың сұлулығын айқындау, шабыс көріністері фильмді визуалдық тұрғыда әсерлі етіп, көрерменді оқиға ырғағына еріксіз ілестіріп әкетеді. Осындай драмалық тұтастық пен формалық нақтылықтың қалыптасуында ментор Айтөре Жолдасқали берген кәсіби бағыт-бағдардың да ықпалы сезіледі, ал нәтижесінде туынды поэманың трагедиялық өзегін сақтай отырып, оны үмітке, қозғалысқа және өмірге сенімге толы жаңа көркем пайымдауға айналдырады.
Жалпы алғанда, Unico Play LAB аясындағы алғашқы шығармашылық маусым жас авторлар үшін тек өндірістік тәжірибе алаңы ғана емес, көркем ойлауды, жанрлық ізденісті және визуалдық экспериментті дамытуға мүмкіндік берген маңызды платформа екенін көрсетті. Ұсынылған қысқаметражды фильмдерде ұлттық контекстпен жұмыс істеу, авторлық еркіндік пен заманауи визуалдық тілге ұмтылыс айқын байқалады. Қазіргі уақытта лаборатория екінші маусымға қатысушыларды қабылдап жатыр, ал біз келесі топтың туындыларының нәтижесін асыға күтеміз, бұл жаңа есімдер мен жаңа эстетикалық бағыттарды ашу жолында маңызды қадам болмақ.
Ғайша Аманжол,
Киносыншы
Оцените рецензию








пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін