Жеке трагедиядан қоғамдық ойға дейін

Әр қыздың өмірінде әкенің орны ерекше. Әкенің де жүрегінде қыздың орны бөлек әлем. Қоғамда болып жатқан өзекті отбасылық мәселелердің бірі – режиссер Олжас Нұрбайдың «Қызым» фильмінде көрініс тапты.
Драма жанрындағы бұл фильм бір отбасының оқиғасын баяндайды. Фильмде жалғыз басты әке мен үш қызының өмірі бейнеленеді. Қыздары әкесінің жалғыздығын көріп, оған көмектескісі келеді. Алайда, бұл әрекет отбасы ішіндегі ашылмай, айтылмай қалған эмоциялық шиеленістерді күшейтіп, әр кейіпкердің шынайы мінезін ашуға себеп болды. Фильм оқиға барысында отбасылық құндылығы мен қақтығысы, қарыз мәселесі, әлеуметтік желілердегі өмірмен өз өмірін салыстыру барысын көрсетеді. Яғни, фильм желісі сырт көзге қарапайым көрінгенімен, оның ішкі драмасы терең. Қоғамдағы қазіргі өте өзекті мәселені қозғаған. Әкелер мен қыздар өздерін сырттан көрген де болар…
Негізі бала кезімізде бәріміз әкемізге еркелеп, бірге күліп, қыдырып, әкеміздің махаббатына тойып өстік. Бірақ та, қазір мүмкін өскендіктен бе сол сезімдер жабылып қалған секілді. Алайда, осы фильмде ашық әңгіме айтып, эмоцияларды бөлісу адам қарым-қатынасын қайта құруға көмектескенін айқын көрсетеді. Осы тұрғыдан фильмдегі әкенің қыздармен тауға барып, әрқайсы өздерінің сырларын ашып, шүйіркелескендері өте бір әдемі көріністердің бірі. Бұл жерден әкенің қыздарына деген махаббатын көреміз.
Қазақ киносы бүгінде мазмұн жағынан өсіп келе жатқандығы қуантады. Өкінішке орай, қазіргі бірқатар фильмдерде диалогтардың тілдік деңгей тұрғысынан әлі де таза емес екендігі қыңжылтады. Әсіресе, қазақ тіліндегі фильмде орынсыз орыс тіліндегі сөздердің естілуі көркем әсерді жояды. «Қызым» фильмінде де бұл мәселе анық сезіледі. Жақсы кадрларды дәл осы орыс тіліндегі тұрмыстық сөздер құртып тұр. Әлбетте, қазіргі қоғамда орысша сөзді қосып айтатындар да болса да, фильмді таза қазақ тіліндегі диологтар арқылы алып шығу керек еді. Мысалы: фильмдегі қарапайым «конечно» деген сөз өте ерсі естіледі, неліктен «әрине» деп айтпасқа?
Қазақта: «көзге көрінбегенмен, әке бар үйде береке бар» деген әдемі сөз бар. Қазақ қоғамында әке рөлі көбіне қатаңдық пен тәртіптің көрінісі ретінде қабылданады. Ал бұл картина әкенің сезімтал, әлсіз бола алатынын көрсетеді. Режиссер әкені тек билік иесі емес, сезімге мұқтаж, ішкі әлсіздігі бар адам ретінде көрсетеді. Әкенің өзін емдеген дәрігерге ғашық болуы – осы сезімталдықтың нақты көрінісі. Үнсіз сезімдердің, жылы көзқарастардың бір толқында тоғысуы – фильмнің ең нәзік әрі ең шынайы сәті. Осы үнсіздік арқылы фильмнің көрерменге берері мол болды. Фильмнің көрерменге берері де осы – кейде қатты сөз емес, үнсіз түсіністік маңызды. Адам жүрегіндегі сезім уақытша тұншығып қалуы мүмкін, бірақ ол мүлде жоғалып кетпейді. Тек оны мойындау мен жеткізуге батылдық қажет. Фильм кеш болса да айтылған сезімнің, жүректің шынайы қалауының адамды өзгертуге қабілетті екенін көрсетеді.
Мен үшін «Қызым» ең алдымен әке туралы ой салатын фильмдердің қатарына кірді. Фильм бізге қарапайым, бірақ маңызды шындықты айтады: отбасы – тек бірге өмір сүру емес, бір-бірін ести білу. Осы арқылы бізге жақын адамдарымызбен арадағы жылулықты жоғалтпай, сезімді уақытында білдірудің маңызын түсіндіре түскендей.
Айғаным Талғатқызы,
Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,
Кинотану мамандығының 1 курс студенті
Оцените рецензию






пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін