È

«Абай бол» фильміндегі әлеуметтік шындық және кейіпкер психологиясы

«Абай бол» фильміндегі әлеуметтік шындық және кейіпкер психологиясы

Бір сәтке тоқтап көрейікші. Ағынды өмірдің қарқынын бәсеңдетіп, назарымызды бір ғана нүктеге шоғырландыра аламыз ба? Қазіргі қоғам біз өмір сүріп отырған орта – дәл осы қарапайым әрекеттің өзін қиындатып жіберді. Ыңғайлылыққа үйренген сана әдемі сөз бен жылтыр мұқабаны ойдың орнына қабылдай бастады. Ал ненің шынайы, ненің жасанды екенін ажырату барған сайын күрделене түсуде. Осындай жағдайда көркем туындыдан тек көңіл көтеруді емес, ой тоқтатуды да күткің келеді. 2026 жылғы фильмдер арасында Абдусаид Шайхисламұлы режиссерлік еткен, Өнер қырандары ұсынған «Абай бол» туындысы дәл осындай талпыныс жасайды.


Фильм атауының өзі бірден көзге түсіп, ерекшеленеді. Бұл – таңғаларлық емес. Фильм жанры – драма және комедия. Өнер қырандарының балықтай сүңгір жанрлар қосындысы деуге болады. Бұл екі жанр – қазақ кино өндірісінде кең қолданылып келеді. Комедия десек, бірден Шәкен Айманов түсірген «Алдар көсе», «Тақиялы періште» фильмдерінен бастап, бүгінгі Нұртас Адамбайдың «Келинка Сабина» және Нұрлан Қоянбаевтың «Қазақша бизнес» секілді жобалары көз алдымызға келеді. Комедия жанры отандық кинематографтың үлкен бөлігін алып отыр, тіпті қоғамның оған тойып қалғаны да болжамды. Ал соңғы кезеңде керісінше көрерменді жылатуға бағытталған драмалар жиілей түсті: Нұрғиса Әлмұраттың «Құшақташы, мама», Рабиға Әбілпаттаның «Тастамашы ана», Марат Телеуовтың «Бір түп алма ағашы». Бұл әрекет қоғамға деген бейімделу. Осы екі бағыттың ортасында «Абай бол» фильмі батыл түрде екі жанрды қатар алып жүруге шешім қабылдайды.

24 сағат: шарттың абсурдтығы және моральдық эксперимент

Басты кейіпкер Жақсылық – қазіргі тілмен айтқанда аферист. Көлік қақтығысынан кейін оның жаны екі әлемнің ортасында қалады. Оған 24 сағат ішінде барлық қателіктерін түзету міндеттеледі.

«24 сағат» тіркесі бүгінде әлеуметтік желілерде тым жиі қолданылып, тіпті мағыналық салмағын жоғалтқандай. Сондықтан бұл шарт алғашында абсурдты көрінеді. Жақсылықтың қателігі бірнеше адаммен шектелмейді. Ол тұтас бір ауылдың алдануымен тең. Логикалық тұрғыдан қарасақ, бір адамның бүкіл ауылды алдауы – сюрреализм. Алайда бұл түсініспеушілік кульминацияда жабылады. Осы тұста менің ойыма «Шоу Трумана» («The Truman Show») фильмі түсті. Питер Уирдің туындысында да басты кейіпкер жасанды шоудың ішінде өмір сүреді. Екі фильмде де бас кейіпкер уақытша ұйымдастырылған кеңістікке «қамалып» қалады. Бірақ айырмашылық айқын: Труман – алданған адам, ал Жақсылық – өзгелерді алдаған адам. Мұндағы жасандылық жазалау емес, моральдық айна. Фильмдегі Ақылбектің достары арасында айтылған «Бұндайларды өлім ғана түзетеді» деген сөз осы эксперименттің арқауына айналады. Шынымен де адам тек шеткі жағдайда ғана өзгере ме? Бірақ егер бұл шоу болса, Жақсылық оны бұза алар ма еді? Мысалы, полицейдің бірін түртіп көрсе не болар еді? Бұл сұрақ фильмнің жасандылығын әдейі аңғартып, көрерменді қырағы болуға шақырады.

Өмір – бумеранг

Фильмде көрге қатысты сахналар бар. Жақсылықтың оған немқұрайлы көзқарасы ерекше көрсетіледі. Қазақта «Біреуге деп көр қазба, өзің түсерсің» деген мақал бар. Фильмде көріне біртіндеп жорғалап келе жатқан адамның бейнесі осы мақалдың визуалдық шешімі іспетті. Туындының басы мен аяғы 2026 жылдың ақпанында ерекше маркетингімен көзге түскен Думан Еркінбектің «Ғашықпын саған» фильмін ойыма түсірді. Екі туындыда да өмірдің бумеранг қасиеті көрінеді: жасаған әрекет ең қажет емес сәтте қайтып келеді. Дегенмен, «Абай бол» үмітсіз аяқталмайды.

«Рух пен тән»: толық адам концептісі

Жақсылық жұмыс істейтін компанияның акциясы «Рух пен тән» деп аталады. Бұл атау кездейсоқ емес. Рухани және материалдық құндылықты қатар алып жүруді бәрі қалайды, бірақ көп жағдайда оңай жолға бас бұрады.

Бір ауылдың бір адамға алдануы – осы құмарлықтың нәтижесі. Абайдың «толық адам» концепциясы бір сәтте қалыптаспайды. Фильм атауы осы жерде өз рөлін атқарады. «Абай не дейді?» тіркесі фильмде жиі қайталанады. Ұлы Абайдың сөзі әлі күнге өзектілігін жоғалтпағаны көрсетіледі. «Құдайбергенов, жақсының сөзін танып білу үшін әдебиеттен беру қажет емес» деген биология пәнінің мұғалімінің сөзі – ирониялық әрі символдық. Жақсылықтың аты-жөнінің өзі бұл сәтте ерекше мәнге ие болады. Дәл осы сөздер кейіпкердің өзгеруіне деген тетіктің рөлін атқарды.

Отбасы кеңістігі: әке, қыз және ана

Жақсылықтың әйелі Алтынай өмір сүріп жатқан кеңістік детальдар арқылы сөйлейді. Үй ішіндегі ер адамның жоқтығын аңғартатын ұсақ белгілер бар. «Бұл үйде өзі еркек жоқ» деген көпшілікке таныс тіркес Алтынайдың күйінен еске түседі. Дана бейнесі Жақсылыққа контраст ретінде беріледі. Олардың сөз таласынан тағдырдың әртүрлі екені, шешімді тек бір өлшеммен бағалауға болмайтыны байқалады. Осы тұста әкесіз мейірімсіз қалған қыздың тағдыры қынжылтады. Бұл жерде режиссер Олжас Нұрбайдың «Қызым» фильміне қатысты «Кинотану» мамандығының (Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА) білім алушысы Айғаным Талғатқызының мақаласындағы «Әр қыздың өмірінде әкенің орны ерекше. Әкенің де жүрегінде қыздың орны бөлек әлем» деген сөздері еске түседі. «Абай бол» осы тақырыпты қосалқы түрде көтереді. Ал ана бейнесі тіпті терең. «Анасы бар адам ешқашан қартаймайды» демей ме? Анасы ұлының шоуға қатыстырылғанын біледі. Ақылбектің: «Біледі, білмесе саған баяғыда кредит алып беретін еді» деген сөзі ана жүрегінің үнсіз шешімін аңғартады. Ана баласының өзгеруі үшін оның осы күйін көруге мәжбүр болады. Ана тақырыбы қазіргі жылдың басын ашқан тақырыптардың өзектілерінің бірі. Осы тұста «Кинотану» мамандығының (Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА) білім алушысы Бекзат Бердібайұлының «Құшақташы, мама» фильміне қатысты айтқан: «Фильмде көптеген жігіттердің өз анасына айта алмай жүрген сөздерін естиміз» деген пікірі бұл фильмге де арқау бола алады. Жақсылық соңғы сәтте терезе түбінде анасынан кешірім сұрап, айтылмай қалған сөздерін жеткізеді.

Жалпы, фильмдегі «Абай бол» атауы көрерменге екі мағынада жолданады: алаяқтан абай бол және Абайдай бол! «Адамзат – бүгін адам, ертең – топырақ». Жақсының сөзін өлім алдында емес, тірі кезде тыңдау қажет. Жақсылық өз қателігінің өтеуін өтеу үстінде. Ол – жазалау емес, өзгеріс мүмкіндігі. Бұл туынды қазақ қоғамындағы жеңіл жол іздеу психологиясын, рух пен тән арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуын және «тек шеткі жағдайда ғана өзгереміз» деген түсінікті сынайды. Сонымен бірге ол үміт қалдырады: адам кеш болса да, өзгере алады.

 

Таңсамал Берген

Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,

Кинотану мамандығының 1 курс студенті

 

Оцените рецензию

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Рецензии

18 Маусым, 2018

«Суперотбасы – 2»: Бірлік болмай, тірлік болмас

«Суперотбасы – 2» мультфильмі жайлы пікір 

BrodKaz

Рецензии

10 Қазан, 2018

«Қаржыгер. Шығу ойыны»: Санның сапаға айналуы

Коммерциялық  кино бағытында алға ілгерілеу айқын байқалады

Brod.kaz

Рецензии

6 Қазан, 2018

«Веномның» жаңа бейнесі

«Веном» фильміне пікір

Brod.kaz

Рецензии

13 Қыркүйек, 2019

«Қымбатты әке» фильміне пікір

Фильм кинотеатрда 12 қыркүйектен басталады

Brod.kz

Таныс бейне

Венера Нығматулина

Актриса

Санжар Мәди

Актер