È

Екі әке, бір тағдыр: әкелік ұғымының жаңа формуласы

Екі әке, бір тағдыр: әкелік ұғымының жаңа формуласы

Қазақ киноөндірісінде соңғы жылдары коммерциялық комедиялар көбейгенімен, олардың бәрі бірдей әлеуметтік салмақ көтере бермейді. Ернар Нұрғалиевтің «Әкеңнің баласы» фильмі осы тұрғыдан алғанда жеңіл әзілдің ар жағында терең әлеуметтік сұрақ жасыра алған туындылардың бірі.


2025 жылы жарық көрген бұл картина әкелік жауапкершілік, биологиялық және рухани әке ұғымы, ер-азаматтың ішкі трансформациясы тақырыптарын эксцентрлік формада ұсынады. Фильм оқиғасы – сәбиді құтқару төңірегіндегі тартысқа құрылған. Туған әке мен асырап алған әке түрлі жағдайлардың әсерінен бір мақсат жолында бірігуге мәжбүр болады. Драматургиялық қақтығыс сыртқы (бұзақылармен арпалыс) және ішкі (әкелік құқық пен моральдық үстемдік) деңгейде қатар дамиды. Сценарий классикалық «роуд-муви» элементтерін еске түсіреді: кейіпкерлердің бірге әрекет етуі арқылы олардың мінезі ашылады. Комедиялық ситуациялар абсурде және мінездік контраст арқылы жасалған.

Фильмнің басты идеялық тірегі – «нағыз әке кім?» деген сұрақ. Биологиялық әке – табиғи құқық иесі. Алайда асырап алған әке – күнделікті қамқорлық пен тәрбиенің символы. Осы арқылы туынды қазақ қоғамындағы дәстүрлі «қан» түсінігі мен заманауи гуманистік көзқарасты қарама-қарсы қояды. Әкелік мұнда тек генетикалық байланыс емес, жауапкершілік пен таңдау категориясы ретінде ұсынылады.

Фильмдегі юмор таза ситуациялық емес, кейіпкерлік сипатта. Бірі – сабырлы, екіншісі – аңғал. Олардың әрқайсысы қазіргі қоғамдағы ер адамдардың типажын бейнелейді. Сонымен қатар, криминалдық элементтердің пародиялық формада берілуі – авторлық иронияның белгісі. Бандиттер бейнесі реалистік емес, гротескке жақын. Бұл – фильмнің эксцентрлік стилін айқындайды. Постердің өзі от, жарылыс, қару, хаос элементтері арқылы динамикалық атмосфераны білдіреді. Жарқын түстер палитрасы (қызғылт сары, сары реңктер) фильмнің жанрын – action-комедия екенін айқындайды.

Камера қозғалысы мен монтаж ырғағы (жылдам ауысулар, реакциялық кадрлар) комедиялық ырғақты күшейтеді. Бұл көрерменді эмоциялық серпілісте ұстап тұруға бағытталған. Фильм сырттай қарағанда жеңіл туынды болғанымен, оның астарында қазіргі қоғамдағы әке институтының трансформациясы жатыр. Жауапкершіліктен қашу, ер адамның психологиялық жетілмеуі, отбасылық құндылықтардың әлсіреуі – барлығы комедия тілімен жеткізіледі.

Қорытындылай келе, «Әкеңнің баласы» – тек көңіл көтеруге арналған жоба емес, әкелік феноменін қайта қарастыруға шақыратын туынды. Комедиялық форма драмалық мазмұнды жеңіл қабылдатуға мүмкіндік береді. Фильмнің басты жетістігі – «әке болу» ұғымын биологиялық фактіден моральдық категорияға айналдыруында. Осы тұрғыдан алғанда, картина қазіргі қазақ комедиясы үшін мазмұндық ізденіс жасаған жұмыстардың бірі деуге негіз бар.

Рахат Тәңірберген

Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,

Кинотану мамандығының 3 курс студенті

Оцените рецензию

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Рецензии

18 Маусым, 2018

«Суперотбасы – 2»: Бірлік болмай, тірлік болмас

«Суперотбасы – 2» мультфильмі жайлы пікір 

BrodKaz

Рецензии

10 Қазан, 2018

«Қаржыгер. Шығу ойыны»: Санның сапаға айналуы

Коммерциялық  кино бағытында алға ілгерілеу айқын байқалады

Brod.kaz

Рецензии

6 Қазан, 2018

«Веномның» жаңа бейнесі

«Веном» фильміне пікір

Brod.kaz

Рецензии

13 Қыркүйек, 2019

«Қымбатты әке» фильміне пікір

Фильм кинотеатрда 12 қыркүйектен басталады

Brod.kz

Таныс бейне

Аян Өтепберген

Актер

Құралай Анарбекова

Актриса