«Үйлену оңай» фильміндегі махаббат пен қазіргі қоғам көрінісі

Кейде біз өмірдегі ең маңызды шешімдерді тым жеңіл қабылдап жатамыз. Әсіресе, олар сезімге байланысты болса. Сол сәтте бәрі анық, бәрі дұрыс секілді көрінеді. Бірақ уақыт өте келе сол сенімділіктің өзі сұраққа айнала түседі. Бұл жағдай ең алдымен махаббатқа қатысты. Оның басталуы көп жағдайда әдемі, тіпті мінсіз болып көрінеді. Ал оның жалғасы – мүлде басқа кеңістік. Мұнда сезімнің өзі емес, оны сақтап қалу қабілеті алдыңғы орынға шығады. Осы айырмашылықты дер кезінде аңғару әркімнің қолынан келе бермейді. Көбіне адам оны тек уақыт өткен соң ғана түсінеді.
Осындай мәселелер аясында мелодрама жанрындағы «Үйлену оңай» фильміне назар аудармай өту қиын. Фильмнің бас продюсері Ай-Керім Самалбекқызы бастаған шығармашылық топ бұл туындыда тек идеямен шектелмей, оны көрерменге жеткізудің тиімді жолдарын да қарастырғандай. Әсіресе фильм өзінің жұлдызды актерлік құрамымен және жас таланттардың басын қосуымен ерекшеленеді. Тәжірибелі актерлер мен жаңа есімдердің қатар көрінуі экрандағы динамиканы күшейтіп, әр кейіпкердің өз үнін табуына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде көрерменнің әртүрлі бейнелермен байланыс орнатуына жағдай жасайды. Сонымен қатар фильмнің көктем мезгілінде жарық көруі де кездейсоқ шешім емес сияқты. Бұл кезең – сезімге ерік берілетін, махаббат тақырыбы ерекше қабылданатын уақыт. Осыны дәл пайдалана отырып, туынды көрерменнің қазіргі көңіл-күйіне сай эмоционалдық кеңістікті ұсына алғандай әсер қалдырады.
Фильмнің формасы да назар аудартпай қоймайды. Туынды новеллалық тәсілді қолдану арқылы бірнеше тағдырды бір кеңістікке біріктіреді. Оқиға сценарист Айдардың ажырасу тақырыбы желісінде сценарий жазуға талпынысынан басталып, осы жолда оған психолог Әселдің көмекке ұсынылуымен өрбиді. Екеуі осы тақырыпты тереңірек ашу үшін әртүрлі жағдайларды зерттеп, соның негізінде оқиға құрастыруға тырысады: бірі – бала сүю арманына жете алмай жүрген жас жұптың күйзелісі, енді бірі – рөлдері ауысқан отбасы, тағы бірі – опасыздықпен бетпе-бет келген әйел. Сондықтан мұндай құрылым жай ғана тәсіл емес, фильмнің ішкі мазмұнына сай келетін шешім. Әрбір желі сценарийдің бір бөлігі ретінде қарастырылып, барлығы бір ортақ сұраққа келіп тіреледі: сезімнің соңы қайда апарады – сақтап қалуға ма, әлде жіберуге ме?
Фильмнің формалық шешімдері мен техникалық орындалуына келсек, бұл тұста бір нәрсені аңғаруға болады: мұнда жиналған мамандар өз ісіне жаңадан келіп тұрған адамдар емес. Әрқайсысының қолында белгілі бір тәжірибе бар екені сезіледі және сол жинақталған дағды дәл осы фильмде бір нүктеге түйіскендей әсер қалдырады.
Ең алдымен көзге түсетіні – операторлық жұмыс. Жалпы, кино дегеніміздің өзі көру арқылы қабылданатын өнер болса, оператор – сол қабылдаудың бағытын анықтайтын адам. Саламат Исабаевтың кадрлары осы тұрғыдан фильмнің «көзі» қызметін атқарып тұр. Оның камерамен жұмыс істеу тәсіліне қарап, кеңістікті тек түсіріп қана қоймай, оны алдын ала сезіп, құрып алатын оператор екені байқалады. Мұндай дағды әдетте бір ғана жобамен қалыптаспайды. Әсіресе тоқтаусыз кадрлар – жай эффект үшін емес, кейіпкердің күйін үзбей жеткізу үшін алынған шешім сияқты. Мұндай тәсіл еріксіз Дзига Вертовтың «Кино-көз» теориясын еске салады. Оның «Кинокамера ұстаған адам» (1929) фильмінде камера шындықты жай тіркемей, оны түсінудің құралына айналады. Осындай ұқсастықты бұл фильмнен де байқауға болады.
Бұл тұтастық монтажда да жалғасады. Анвар Матжановтың жұмысы бір қарағанда көзге түсе бермейді, бірақ дәл сол байқалмайтын жерінде өз рөлін атқарып тұр. Бірнеше оқиға желісін бір-біріне табиғи өткізу – тәжірибені қажет ететін процесс. Мұнда да сол дағды анық сезіледі: бір оқиғадан екіншісіне өту үзіліс ретінде емес, жалғас ретінде қабылданады.
Визуалды атмосфераға келсек, Тимур Жанпейісовтың түсті қолдану тәсілдері де назар аударарлық. Оның түске деген көзқарасы – оны жай әдемілік құралы ретінде емес, эмоционалды әсер беретін элемент ретінде қолдану. Бұл фильмде де сол тәсіл сақталған: түстер ашық «сөйлеп» тұрмайды, бірақ сахнаның астындағы күйді күшейтіп отырады.
Дыбыс жағы да осы тұтастықтан бөлініп қалмайды. Даут Жантасов пен дыбыс операторлары Владислав Филиппов, Ксения Филиппова жасаған орта – фильмнің естілетін кеңістігі. Дыбыстың мұндай деңгейде жұмыс істеуі де кездейсоқ емес, ол белгілі бір тәжірибе мен түсініктің нәтижесі. Кейбір сәттерде кадрдан көргеннен гөрі, естігенің көбірек әсер қалдырады.
Бұл жерде актерлік ойынның маңызы айқын сезіледі. Өйткені новеллалық құрылымда әрбір кейіпкер экранда көп уақыт өткізбейді. Соған қарамастан ол аз уақыттың ішінде өзінің мінезін, күйзелісін немесе таңдауын жеткізіп үлгеруі қажет. Фильмдегі актерлік құрам дәл осы міндетті орындай алғандай әсер қалдырады. Тәжірибелі актерлер мен жас орындаушылардың қатар көрінуі әр оқиғаға өзіндік реңк береді. Мысалы, Әсел Садвакасованың Әсел бейнесі сырттай сабырлы көрінгенімен, оның айтқан әрбір сөзі кейіпкерлердің ішкі қайшылығын ашуға қызмет етеді. Психолог ретінде ол тек кеңес беруші ғана емес, фильмдегі негізгі ойды жеткізетін тұлғалардың біріне айналады.
Ал Рүстем Жаныаманов сомдаған Жандос бейнесі фильмдегі ең есте қалатын бейненің бірі десек артық болмайды. Оның кейіпкері алғашында тыныш, үй ішіндегі тіршілікті өз мойнына алған адам ретінде көрінеді. Бірақ оқиға өрбіген сайын бұл адамның ішкі күйі, өз орнын іздеуі, тіпті белгілі бір дәрежеде өзгеруі байқалады. Осы трансформация актердің ойыны арқылы біртіндеп ашылады. Жаныаманов бұл өзгерісті бірден айқаймен немесе сыртқы әрекетпен емес, көбіне ұсақ детальдар арқылы жеткізеді: дауыс ырғағының өзгеруі, көзқарастың ауырлауы, сөйлем арасындағы кідірістер.
Әсел Сағатова орындаған Қарлығаш бейнесі де фильмдегі эмоциялық салмақты желілердің бірі. Оның кейіпкері опасыздықпен бетпе-бет келген адамның күйін көрсетеді. Бұл жерде актерлік ойын артық драматизмге ұрынбай, керісінше ішкі күйзелісті ұстамды түрде жеткізуімен әсер етеді.
Жас орындаушылар да назардан тыс қалмайды. Тамирис Жангазинова, Дана Әбдуқалиева, Санұржан Сүлеймен сияқты актерлердің қатысуы фильмдегі оқиғалардың жас буынға да жақын екенін сездіреді. Әсіресе олардың экрандағы табиғилығы кейбір сәттерде көрерменге таныс өмірлік жағдайларды еске түсіреді.
Фильмде психолог мамандардың кеңес беруі де қызық деталь ретінде байқалады. Раушан Сакенқызы, Самал Сакенқызы, Екатерина Сергеевна және Адель Дәулетқызы секілді мамандардың қатысуы кейіпкерлер арасындағы диалогтардың сенімді шығуына ықпал еткендей. Соның нәтижесінде Әсел кейіпкерінің айтқан сөздері жай ғана сценарийлік реплика емес, өмірлік тәжірибеге сүйенген пікір ретінде қабылданады.
Осындай актерлік ансамбль фильмнің негізгі сұрағын тағы да айқындай түседі: сезімнің тағдыры не болады? Кейбір кейіпкерлер оны сақтап қалуға тырысады, енді бірі жаңа жол таңдауға мәжбүр болады. Бірақ олардың әрқайсысы бір шындықпен бетпе-бет келеді – махаббаттың басталуы жеңіл болуы мүмкін, ал оны сақтау әлдеқайда күрделі.
Фильмдегі тағы бір назар аудартатын қыр – тіл мәселесіне деген көзқарас. Бұл тақырып туындыда негізгі сюжеттен бөлек, бірақ сонымен қатар табиғи түрде өріліп отырады. Яғни ол арнайы көтерілген ұран немесе ашық үндеу ретінде емес, кейіпкерлердің күнделікті әрекеттері арқылы байқалады. Соның бірі – Әсел кейіпкерінің қазақ тілін үйренуге талпынысы. Бұл деталь алғашында жай ғана қосымша элемент сияқты көрінуі мүмкін. Алайда уақыт өте келе ол фильмнің ішкі мазмұнымен үндесе түседі. Әселдің қазақ тілін үйренуге деген ықыласы және осы жолда Айдардың оған көмектесуі көрерменге өте таныс өмірлік жағдайды еске түсіреді. Қазіргі қоғамда жиі айтылатын тіл мәселесі дәл осындай қарапайым сәттер арқылы көрініс табады.
Бұл жерде фильм үлкен пафосқа бармайды. Керісінше, мәселені өмірдің өзінен алынған шағын эпизодтар арқылы жеткізеді. Бір жағынан, бұл – ащы шындық. Өйткені қазақ тілінің қоғамдағы орны туралы пікірталас әлі де тоқтаған жоқ. Ал екінші жағынан, дәл осындай әрекеттер үміт сезімін де тудырады. Себебі кейіпкерлердің бір-біріне көмектесуі, түсіндіруі, тіл үйренуге деген ниеті белгілі бір өзгерістің мүмкін екенін көрсетеді. Осылайша фильм тіл тақырыбын үлкен саяси немесе әлеуметтік ұранға айналдырмай, оны адамдық қарым-қатынастың бір бөлігі ретінде ұсынады. Бұл – көрермен санасына жұмсақ әсер ететін тәсіл. Мұнда үміт, ащы шындық және талпыныс қатар жүреді. Сондықтан да бұл деталь фильмнің жалпы атмосферасын толықтыра түсіп, оның тек махаббат туралы ғана емес, қоғамдағы маңызды мәселелердің біріне де бейжай қарамайтынын аңғартады.
Ендігі кезекте фильм мазмұнына үңілген жөн. Бірінші оқиғаны алар болсақ, онда Алима атты келін, оның күйеуі және енесі арасындағы қарым-қатынас кескінделеді. Бұл оқиғаны жазу үшін Айдар алдымен белгілі бір мақала оқыған болатын. Жалпы алғанда, мақалалар – өте құнды ақпараттар шоғырланған дереккөз. Сондықтан да олар әлі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қандай тақырыпты болсын жан-жақты ашып жеткізудің таптырмас көзі десек те болады. Сіздер де осы мақала арқылы өздеріңізге керектісін аласыздар деп үміттенемін. Ал оқиғаға қайта оралсақ, Айдардың өзі бұл оқиғаны «бәріне кінәлі ене» деп атаған болатын. Оқиғаның соңына дейін бұл атау көрермен үшін біршама орынсыз болып көрінеді. Алайда кішкентай детальдар арқылы ененің өз баласына деген орнын келінінен артық қоятынын байқай бастаймыз. Мысалы, ененің баласына «өзім саған дұрыстап тұрып шәй құйып берейін» деген сөзі келінін менсінбегендей әсер қалдырады. Бұл, әсіресе, оның алдыңғы келінін жақсы көретін ене бейнесіне мүлде қарама-қайшы көрінгенімен, алғашқы сәтте көзге анық түсе қоймайды. Келінінің «қаншама рет ерте тұрып шәйін құйып бердім, төгіп тастай береді» деген сөзі бұл күмәнді ары қарай жетелейді. Бірақ сол мезетте көрермен оны келіннің өзін ақтауы ретінде қабылдап қалуы да мүмкін. Бұл, қалай десек те, фондағы мәселе ғана. Ал басты мәселе – екі жастың дүниеге бала әкеле алмауы. Енесі бұл тілекті бар жан-тәнімен қалайтынын ашық көрсетеді. Сондықтан жастар бұл мәселеден одан сайын қамыға түседі. Бұл – қысым.
Оқиға желісі бойынша біз ененің қандай да бір қастандығы бар ма деген ойға бөленеміз. Өйткені ол өзін толықтай жақсы кейіпкер ретінде көрсете алады. Кейде көрермен келіннен де күмәндануы мүмкін. Бірақ ол да не болып жатқанын түсінбей отырған бейкүнә күйінде көрінеді. Сондықтан екіұдай ойда қаламыз. Дегенмен бұл сценарист ойлап тапқан оқиға екенін, әрі оның атауы «бәріне кінәлі ене» екенін білген қырағы көрермен ене бейнесіне әрдайым күмәнмен қарайтыны анық. Бұл новеллада символдық деталь да өте ұтымды қолданылған. Желі бойынша ененің креслосынан ине табылған сәт нақты символға айналады. Қазақы танымда үйден ине табылуы – жамандықтың белгісі деп қабылданады. Сондықтан фильмдегі креслодан табылған ине кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынастың «тігісі сөгілгенін» және бір-біріне деген ішкі үрейдің ашық конфликтке ұласқанын шебер жеткізеді.
Осы жерде фильмнің новеллалық құрылымы тағы да өзінің ұтымдылығын көрсетеді. Өйткені дәл осы сәтте оқиға паузаға қойылып, көрерменнің ойындағы сұрақтарды сол оқиғаны оқып отырған Әсел арқылы сыртқа шығарады. Осылайша біз оқиғадан уақытша суырылып алынып, қайтадан оған тереңірек сүңги түсеміз. Оқиға осы тұста басқа бағытта өрбіп, келіннің ешкім елемейтін күйге түсуімен жалғасады. Бұл өзгеріс әсіресе жарық, музыкалық сүйемелдеу, монтаж және актерлік шеберліктің арқасында бірден сезіледі. Атмосфера 360 градусқа өзгергендей әсер қалдырады. Сонымен қатар көзге түсетін қақпа есігі де кеңістік символына айналып, кейіпкерлердің ішкі күйін алдын ала болжап тұрғандай қызмет атқарады.
Оқиға соңына қарай ененің шынайы бетпердесі ашылған сәт осы комбинация арқылы көрініс артында қалып қойған әрекеттерді сыртқа шығарады. Ененің әрбір ісі әдейі жасалғаны белгілі болады. Оның басты мақсаты – баласын өз қасында алып қалу. Тіпті бұрынғы әйелін де солай тастатқызғаны ашылады. «Өйткені ол менің ұлым, менің!» деп көкірек ұрған ананың сөзін «Бірақ мен сіздің күйеуіңіз емеспін!» деген жауап бірден өшіреді. Айдардың бастапқы нұсқасы бойынша бұл оқиғада баласы мен келіні енесін тастап кетеді. Алайда психолог Әсел бұл финалға басқа көзқарас ұсынады. Оның айтуынша, «әркімнің өз трагедиясы бар». Осы пікір арқылы финал жұмсара түседі. Өйткені Абай әлі де өз анасына бауыр басқан және оны да дәл өз анасы секілді тастап кете алмайды. Осылайша бірінші оқиға аяқталады.
Ал Айдар мен Әселге қайта оралсақ, бастапқыда олардың қарым-қатынасы тек жұмыс аясында болғанын көреміз. Бірақ келесі күні олардың бір-біріне табиғи емес жылдамдықпен жақындай түскені байқалады. Бұл жерде физикалық жақындасу біршама ерсі көрінеді. Әсіресе Әселдің өз үйіне кеше ғана танысқан адамды кіргізуі бұл әсерді күшейтеді.
Осы жылдың махаббат тақырыбын алғаш көтерген фильмдердің бірі – «Ғашықпын саған». Оның режиссері Думан Еркінбек болатын. Сол фильмдегі жақындасудан да жылдамырақ өрбіген бұл көрініс мені еріксіз күрсіндіреді. Әрине, бұл достық тұрғысынан орынды көрінуі мүмкін. Бірақ өкінішке қарай, бұл екі кейіпкер арасына сезім енгізілген.
Мүмкін дәл осы тұста көрермен назарын новеллалық форма екінші оқиғаға бұрып әкетуі де сондықтан болар. Бұл жолғы оқиғада көтерілетін мәселелер де өзгеше: жұмыссыздық, отбасындағы рөлдердің ауысуы және ең бастысы – алдыңғы оқиғада қол жеткізе алмаған отбасы арманы, яғни бала тақырыбы. Бірақ бұл жерде мәселе баланың болмауында емес, керісінше сол баланы тәрбиелеу мен асырау жауапкершілігінде жатыр.
Жандос пен Жанардың отбасы – көпшілікке таныс әлеуметтік модельдің өзгеше көрінісі. Бұл жерде ер мен әйелдің дәстүрлі рөлдері біршама ауысып кеткендей. Алайда қанша жерден рөлдер өзгергенімен, адам өзінің жыныстық табиғатын немесе қоғам қалыптастырған түсініктерді толықтай өзгерте алмайды. Соның салдарынан кейіпкерлер сырт көзге өздерін басқаша көрсетіп, ішкі намыс пен ар-ұятты жасыруға мәжбүр болады. Яғни, олар белгілі бір деңгейде қоғам алдында «рөл ойнап жүргендей» әсер қалдырады. Соған қарамастан, бұл оқиғаның негізгі өзегі адами құндылықтар мәселесіне келіп тіреледі. Мысалы, Жанардың бейнесін қарастырсақ, оның жұмыстағы жетістіктері бар екені байқалады. Бірақ Айдар бастапқыда оның табыстарын көбіне сыртқы сұлулығымен байланыстырып түсіндіреді. Осы сәтте Әселдің «бұл кейіпкердің құндылығын төмендетіп жібермей ме?» деген сұрағы фильм ішінде тікелей қойылады. Бұл – фильмнің өз ішінде белгілі бір мәселеге күмән тудыра алатынын көрсететін қызық деталь. Айдар болса, өз кезегінде «неліктен әйел әрі әдемі, әрі табысты бола алмайды?» деп бұл мәселені жұмсақ түрде жауып қояды. Әрине, фильмнің мұндай сұрақ көтеруі – мақтауға тұрарлық қадам. Бірақ кей тұстарда туындының өзі де байқамай сол стереотиптерді қайта жаңғыртып жіберетіндей әсер қалдырады. Мысалы, Жанардың жұмыстағы қысымы оның бастығымен жеке қарым-қатынасқа баруына алып келетіндей жағдаймен көрсетіледі. Бұл кадрлар Айдар мен Әселдің арасындағы қарым-қатынас сәттерімен параллель монтаж арқылы берілген. Мұндай тәсіл екі оқиғаның ішкі мағыналық байланысын көрсеткендей болады. Алайда бұл жерде бір сұрақ туындайды: Айдар мен Әселдің бар болғаны екінші рет кездесіп отырғанын ескерсек, олардың арасындағы жақындасу тым жылдам емес пе?
Егер олардың кездесулері тек осы оқиғаларды талқылаумен ғана шектелген болса, онда мұндай жылдам эмоционалдық жақындасудың себебі не болуы мүмкін? Әрине, бұл жерде Әселдің тартымдылығы да әсер етуі мүмкін. Бұл ойды фильмдегі кейбір кадрлық шешімдер де жанама түрде меңзейтіндей. Сонымен қатар, дәл осы оқиғада Жандос кейіпкерінің бейнесі ерекше ашылады деп айтуға болады. Оның еркектік намысы, тәуекелге баруы, кей сәттердегі үмітсіздікке бой алдыруы – барлығы көрерменге түсінікті әрі шынайы сезіледі. Жандостың «мен тек ең жақсысын қаладым» деген сөздері оның ішкі қайшылығын жақсы көрсетеді.
Бұл жағдайды реттеу үшін Жанар өз бетінше шешім қабылдап келеді. Бірақ Жандоспен сөйлескен сәтте оның «көруімше, сен бәрін мұқият ойластырып қойған екенсің» деуі белгілі бір иронияны білдіреді. Өйткені бұл жерде екі кейіпкер де өз мәселесін жеке шешуге тырысқан. Екеуі де бір-бірінен тәуелсіз әрекет етіп, бірақ сол арқылы бір-бірінен алыстап кеткендей. Оқиға финалында негізгі тақырып ретінде сенім мәселесі алға шығады. Айдардың түсіндіруі бойынша, Жанар Жандосқа толық сенбегендіктен оны үнемі тежеп отырған. Ал Жандосқа керісінше дәл сол сенім жетіспеген. Сондықтан фильм соңында ол жаңа өмір бастап, белгілі бір жетістікке жеткені көрсетіледі. Дегенмен, осы финал қаншалықты шынайы деген сұрақ туындайды. Шыны керек, осы сәтте мен психолог Әсел бұл оқиғаның аяқталуын да бірінші оқиғадағыдай қайта қарастырар ма екен деген үмітте болдым. Бірақ олай болмады. Соған қарамастан, Әселдің «менің ойымша, бұл жауапкершілікті басқаға аудару. Ол өз құндылығын өзі түсінуі керек еді» деген пікірі белгілі бір деңгейде ойға жұбаныш береді.
Олардың кейінгі диалогі бұл оқиғаны мүлде басқа қырынан ашады. Әсел бұл оқиғаның ойдан шығарылмағанын сезгендей болады. Айдар ақырында бұл шын мәнінде өзінің «жақын адамының» өмірінен алынғанын мойындайды. Осы сәтте көрермен бірден бұл оқиға Айдардың өз өміріне қатысты болуы мүмкін деген ойға келеді. Кейіпкердің дауыс ырғағы мен өзін ұстауы да осыны аңғартатындай. Әрине, бұл оның фильм басында айтқан інісінің өмірі туралы болуы да мүмкін. Бірақ кім білсін? Дегенмен, мен бұл оқиғаны бәрібір Айдардың өзіне жақындатқым келеді. Оның үстіне келесі, соңғы оқиғаны Әселдің өзі жазуға кірісуі бұл болжамды одан әрі күшейтетіндей.
Алайда оған бірден өтпес бұрын, қайтадан фильмнің шынайы кеңістігіне, яғни Айдар мен Әселдің арасындағы қарым-қатынасқа қысқаша назар аударған жөн. Әселдің қызы бар екені белгілі болған сәтте Айдар метрода әлгі қызбен сөйлесіп қалғанын айтып, өзін ақтауға тырысады. Бірақ Әсел оны бірден тоқтатып: «Мен сенің жақсы екеніңді білемін», – дейді. Осындай қысқа уақыт ішінде мұндай сенімділік білдіру көрерменге еріксіз сұрақ тудырады. Әлде бұл психологтардың кәсіби түйсігі ме? Дегенмен, адам табиғаты күрделі, көпқабатты құбылыс екені белгілі. Оны тек бірнеше әңгіме арқылы толық танып, осындай нақты қорытынды жасау қаншалықты мүмкін деген ой да еріксіз келеді. Бір жағынан, мұндай әрекет Әселдің кейіпкерін тым қолжетімді етіп көрсететіндей әсер қалдырады. Ал бұл өз кезегінде әйелдер туралы қалыптасқан кейбір таптаурын түсініктерге де жақындай түседі. Өкінішке қарай, үшінші оқиғадағы кейбір көріністер осы әсерді одан әрі жалғастыратындай.
Үшінші новеллада біз Төлеген мен Қарлығаштың отбасымен танысамыз. Көп жыл бірге өмір сүріп, сырт көзге айрандай ұйып отырған отбасы ретінде көрсетілген бұл жұптың тыныштығын Төлегеннің бір сәттік құмарлық сезімі бұзады. Ол басқа әйелге ғашық болып қалғанын айтады. Әрине, «бір көргеннен ғашық болу» идеясы кино мен әдебиетте жиі кездесетін романтикалық мотив болғанымен, мұнда ол біраз күмән тудырады. Себебі фильмнің өзі бұған дейін қарым-қатынастың күрделілігі мен уақыт өте өзгеретін табиғаты жайында айтып келген еді. Айтпақшы, бірінші оқиғада бізге белгілі бір бағыт-бағдар беретін тақырып анық сезілсе, кейінгі екі новеллада мұндай айқын тақырып біршама көмескіленіп қалғандай көрінеді. Мүмкін бұл сценарийдің әлі жазылып жатқан күйде көрсетілуімен байланысты болар. Дегенмен, көрермен үшін белгілі бір тақырыптық өзек маңызды екені рас.
Ал үшінші оқиғаның негізгі мәселесі – қоғамда жиі кездесетін әлеуметтік құбылыс, яғни отбасының нақты бір жыныстағы балаға деген үміті. Көп жағдайда бұл – ұл бала. Төлеген де ұлдың дүниеге келуін қалайтынын жасырмайды. Қарлығаш болса осы үмітті ақтауға тырысып, өзін кінәлі сезінеді. Тіпті елу жасқа келген шағында тағы бір рет бала көтеруді ойлауы да осы қысымның нәтижесі іспетті. Мұндай жағдай біздің қоғамға да бөтен емес. Көп жағдайда «ұл сыйлай алмады» деген сөздің өзі әйелге бағытталып айтылады. Ал шын мәнінде бұл табиғи құбылыс екенін ескеретіндер аз.
Қарлығаш осы ойдың жетегінде жүріп, өзіне үлкен жауапкершілік артады. Ал Төлеген болса, керісінше, бұл мәселені онша терең қабылдай қоймағандай әсер қалдырады. Оның үстіне, басқа әйелмен қарым-қатынас орнатып, тіпті ол әйелдің жүкті болып қалуы жағдайды одан әрі күрделендіреді. Бір қызығы, Қарлығаш осы сатқындыққа қарамастан, қыздарының алдында әкелерін жамандамайды. Керісінше, ол бәрібір олардың әкесі екенін айтып, Төлегенді белгілі бір деңгейде қорғап та алады. Ал Төлеген болса «қайда барады дейсің, ақшасы біткен соң бәрібір қайтып келеді» деп, жағдайды жеңіл қабылдағандай көрінеді. Бұл кейіпкердің эгоистік мінезі басқа да ұсақ детальдар арқылы байқалады. Мысалы, жүкті әйелге «тамақ бар ма?» деп еш қысылмай сұрақ қоя салуы немесе Қарлығашты қызғануы – оның ішкі қайшылығын көрсететін әрекеттер.
Ал Қарлығаштың жағдайы да біршама парадоксқа толы. Ол қайтадан сурет салумен айналысуды ойлап, бір танысымен кездеседі. Сол жерде екеуінің арасында біршама жылы сезім пайда болғандай болады. Алайда бұл сезімнің де тым жылдам дамуы белгілі бір абсурдтық реңк береді.
Кейін Төлеген Қарлығашты сұхбатқа шақырады. Оның «бұл сұхбат біздің отбасымыз үшін маңызды» деуі де қызық естіледі. Себебі бұл сөздердің астарында әйелінің сезіміне емес, өзінің сыртқы имиджіне көбірек мән беріп тұрғандай әсер бар. Сұхбат барысында қойылған сұрақтардың бірі – «жарыңыздың қандай қасиеті ұнайды?» деген сауал. Төлегеннің «біріншіден, әрине, сұлулығы» деп жауап беруі тағы да бұрын көтерілген стереотип мәселесіне қайта оралады. Осы сәттегі кідіріс те көрерменді еріксіз ойландырады.
Алайда бұл оқиғаның ең әсерлі тұстарының бірі – шатыр үстіндегі әңгіме. Сол жерде Төлеген «бізде қашан бәрі өзгеріп кетті?» деп сұрайды. Қарлығаштың «мүмкін, балалар пайда болған кезде» деген жауабы ал Төлегеннің «ия, балалар романтиканы өлтіреді» деп жауап беруі фильмдегі маңызды пікірталастардың біріне айналады.
Шынында да, фильм бойында бала тақырыбы әртүрлі қырынан көрсетіледі. Бірінші оқиғада бала таба алмау трагедиясы болса, екінші оқиғада баланы асырау мәселесі, ал үшінші оқиғада балалардың ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынасқа әсері қозғалады. Дегенмен, романтиканың жоғалуы тек баланың болуына байланысты емес екені анық. Бұл көбіне жауапкершіліктің тең бөлінбеуінен туындайтын мәселе. Бала – екі адамның ортақ махаббатының жемісі болғандықтан, оны тәрбиелеу де екі жақтың тең қатысуын талап етеді. Өкінішке қарай, қоғамда бұл тепе-теңдік әрдайым сақтала бермейді. Көп жағдайда барлық тұрмыстық ауыртпалық әйелдің мойнына түседі. Ал ер адамның міндеті тек жұмыс істеп, ақша табумен шектеліп қалатын жағдайлар жиі кездеседі.
Фильм осы шындықты да жанама түрде көрсетеді. Қарлығаштың «сеніңше әйел қалаусыз болуды өзі таңдайды деп ойлайсың ба?» деген сөзі осы мәселені дәл жеткізетіндей. Соған қарамастан, фильм тек бір кейіпкерді кінәлі етумен шектелмейді. Керісінше, екі тараптың да өз қателіктерін мойындауына мүмкіндік береді. Қарлығаштың өзін тым қатты кінәлауы кейде артық көрінгенімен, бұл оның ішкі драмасын көрсететін элемент ретінде қабылдануы мүмкін. Оқиға соңында Төлегеннің қайтадан қыз әкесі атануы қызық символдық шешімге айналады. Бірақ бұл жолы оның қызын шынайы қабылдағаны байқалады. Бұл – кейіпкердің аз да болса өзгергенін білдіретін белгі.
Ал Әсел осы оқиғадан «әрбір әйелге махаббат қажет, ең бастысы – сол махаббатты өзіне бере білу» деген қорытынды шығарады. Шын мәнінде бұл ой тек әйелдерге ғана емес, жалпы адамға қатысты айтылса, одан да әмбебап мағына алар еді. Осылайша үшінші оқиға да өз ерекшелігімен аяқталады. Ал Айдар мен Әселдің бірге уақыт өткізуіне себеп болған сценарий жұмысы да осы тұста тәмамдалады. Үш түрлі тағдыр, үш түрлі отбасы, үш түрлі мәселе – бірақ барлығы бір ортақ тақырыпқа келіп тіреледі. Ол – қарым-қатынастың күрделілігі.
Үшінші оқиға аяқталған соң Әсел Айдарға: «Неге оларда бәрі осылай болды?» деген сұрақ қояды. Айдар болса оған: «Мүмкін олар күндердің бір күнінде бір-біріне деген қызығушылығын жоғалтып алған болар» деп жауап береді. Бұл қарапайым естілгенімен, астарында ауыр ой жатыр. Сонда бұл нені білдіреді? Ешқандай қарым-қатынас мәңгілікке созылмайтынын ба? Әлде әрбір адам мұндай тағдырға кез келген уақытта тап болуы мүмкін дегенді меңзей ме? Сезім шынымен соншалықты тұрақсыз құбылыс па? Әлде оны сақтау үшін адамның өзі де белгілі бір күш жұмсауы қажет пе?
Осы сәтте маған «Red, White & Royal Blue» фильміндегі бір ой еске түседі: «Екеуінің арасында «мәңгілік» бар ма? Соған көз жеткіз». Бұл сөздің өзі қарым-қатынастың тағдырға ғана емес, адамдардың өз таңдауларына да байланысты екенін еске салғандай. Шынында да, қарым-қатынас бар жерде әрдайым қиындықтар болады. Уақыт өте адамдар өзгереді, өмір жағдайлары өзгереді, көзқарастар өзгереді. Бірақ сол өзгерістердің арасынан бірге өтуді таңдау – міне осы махаббаттың нағыз сынағы болуы мүмкін.
Егер қайтадан Айдар мен Әселдің өздеріне оралсақ, біз олардың осы үш оқиғаны талқылай отырып, өздерінің де ішкі дүниелерін аздап ашқанын байқаймыз. Олар кейіпкерлердің тағдырын талдай отырып, өздерінің де белгілі бір тәжірибелері мен ойларын жанама түрде бөлісіп отырғандай. Соған қарамастан олардың арасындағы қарым-қатынастың дамуы біршама жылдам көрінеді. Бұл жақындасу үшін әлі де аз уақыт өткендей әсер қалдырады. Кейбір сәттерде олардың әрекеттері тым абайсыз, тіпті сәл асығыс сияқты қабылданады. Дегенмен, бұл да өмірде кездесетін жағдайлардың бірі болуы мүмкін. Фильмнің қызығы да дәл осында шығар. Ол көрерменге нақты бір жауап бермейді. «Міне, дұрыс жол осы» немесе «мұндай әрекет қате» деп кесіп айтпайды. Керісінше, әр оқиға арқылы көрерменнің өзіне ойлануға мүмкіндік қалдырады. Себебі өмірде де дайын жауаптар болмайды. Әр адам өз шешімін өзі қабылдайды. Қателесуі де мүмкін, қайта түзетуі де мүмкін. Ал кейде сол қателіктердің өзі адамды жаңа түсініктерге алып келеді. Сондықтан бұл фильм бәрібір де бізге ненің дұрыс, ал ненің бұрыс екенін нақты айтып бермейді. Барлығы адамның өз таңдауына байланысты екенін көрсетеді. Қателесу – қалыпты жағдай. Бірақ тек жүректі ғана тыңдау әрдайым жеткілікті бола бермейді. Ақыл да адамға бекер берілмеген. Сол себепті кейде екеуінің арасындағы тепе-теңдікті табу маңызды. Өйткені өмірдегі ең маңызды шешімдер дәл осы екі күштің – жүрек пен ақылдың арасында қабылданады.
Таңсамал Берген
Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА,
Кинотану мамандығының 1 курс студенті
Оцените рецензию







пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін