«Қаш» фильміндегі мәдени травманың іздері

Дүрбелеңге толы жиырмасыншы ғасырдан қазақ халқы да ауыр сыбаға алып шықты. Жұт, тоқырау, соғыстар және бірнеше жүйенің ауысқанын көрген халыққа бәрінен де 1931-1933 жылдардағы ашаршылық қатты тиді. Бұл нәубет, Таласбек Әсемқұловша айтқанда қазақтардың «ішкі дүниесін, кісілік салттарын және бүкіл моральдық тұлғасын оңалмастай етіп түбегейлі өзгертті». Кеңес одағы тарқағанша қозғауға тыйым салынған ашаршылық, халық санасынан оңайлықпен кетпеді. Бүгінде тақырыпқа арналып жазылған зерттеулер, деректі фильмдер мен әдеби шығармалар көптігі және жақында жарық көрген әуелі 7, кейіннен 31 томдық құжаттар жинағы осыны аңғартады. Дегенмен бұл зұлмат апат қазақ киносында сирек көрініс тапқан.
1991 жылы жарық көрген Дәмір Манабайдың «Сұрапыл Сұржекей» фильмінен жеке дара қамтылмады, тек белгілі тарихи көркем кинотуындылардың эпизодтарында ғана беріліп келді. Ұлт болудың басты белгісі тарихи сананың қалыптасуы деп есептесек, соңғы бес жылда елімізде тарихтың ақтаңдарына қайта үңіліп жоғалған жұрнақты толтыруға ізденіс басталғына көреміз. Қазақ киносында жаңа серпін көрсеткен «Ұлы дала зары» (реж. М. Кунарова, 2020), «Қаш» (реж. А. Сейітов, 2022), «Жел тоқтаған жер» (реж. А. Әмірқұлов, 2023), «Ақ боз үй» (реж. Б. Елубай, 2023) фильмдері, «Қаныш. Қазына» (реж. Е. Нұрмұхамбетов, 2022) мен «Міржақып. Оян, қазақ!» (реж. Мұрат Есжан, 2023) толықметражды көркем фильмдеріндегі ашаршылық эпизодтарынан киногерлердің идентификация ізденістері белсенді артқанын байқамыз. Осы туындылар арасынан «Қаш» фильмі халық санасындағы мәдени травманы бейнелі түрде көрсете алғанымен ерекшелінеді. Мәдени травма дегеніміз не? Аштық неге қазақ халқында мәдени травма қалдырды? Мәдени травманы кино тілінде сөйлету және тиісінше оны еңсеру қаншалық мүмкін? Айсұлтан Сейітовтің аталмыш туындысын негізге ала отырып мақаламызда осы сұрақтарға жауап іздемекшіміз.
Соғыс, геноцид, ашаршылық, мәжбүрлі миграция сияқты тарихи оқиғаларды мәдени травма концепциясы арқылы талдау шетелдік әлеуметтік зерттеулерде кеңінен кездеседі. Травма – тікелей тілмен жеткізуге келмейтін тәжірибе болғандықтан, өнер салаларында метафоралар, экспрессионизм және мистикалық реализм арқылы көрініс тауып жатады. Ашаршылық тақырыбын көтерген қазақ кинематографиясының бір жартысы тек тарихи фактіні экранға тасумен шектелсе, екінші жартысы ұлттық жадты қайта жаңғырту, мәдени шынайылықты визуалды тілде жеткізу функциясын басты мақсат еткен. Осы орайда А. Сейітовтің «Қаш» фильмі ашаршылықты мәдени травма призмасынан ашатын кинематографиялық мәтін ретінде теориялық және аналитикалық маңызға ие.
Алғашында медицина мен психология ғылымдарының аясында пайдаланылған травма ұғымы, ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап мәдениеттану, социология және кинотану зертетулерінде қолданыла бастады. Бүгінгі теориялық ізденістерде травма жеке адамның психологиялық жарақаты ғана емес, тарихи, мәдени және ұжымдық тәжірибе ретінде де қарастырылады.
«Жарқын идеяны жаю» мақсатында құрылған Кеңес одағы уақыт өте тоталитарлық режимге айналды. Жүргізген саясаты құрамындағы халықтардың демографиялық, әлеуметтік және мәдени құрылымына нұқсан келтірді. Қазақ жерінде 1921-1922-жылдардағы аштық, 1930-1933-жылдардағы аштық, 1937-1938 жылдардағы репрессия секілді бірқатар орны толмас тарихи оқиғалар орын алды. Қазақстандағы ашаршылықтар арасында 1930-1933 жылдардағы жаппай ашаршылық халықтың физикалық жойылу процесінен бөлек оның тіршілік негізін, дәстүрлі шаруашылығын, рухани-этикалық құндылықтар жүйесін және ұжымдық жадын түбегейлі трансформацияға ұшыратқан мәдени апатқа айналды.
Ғалымдар бүкіл бір қауымдастықтың санасында өшпес із қалдыратын, оның болмысын, ұжымдық бірлігін және тарихи өздігін бұзатын әлеуметтік феноменді мәдени травма деп атауды ұсынған. Мәдени травма – белгілі бір топтың әлеуметтік өмірі енді ешқашан бұрынғыдай болмайтынын ұжымдық деңгейде сезінгенде пайда болады (Александер, 2004: 1). Осы тақырыпты зерттеген Джеффри Александердің айтқанындай «кез келген апат өздігінен мәдени травмаға айнала алмайды». Ол үшін «травматикалық процесс» деп аталатын механизм іске қосылуы керек: бұл процесте тасымалдаушы топтар, яғни, зиялылар, өнер және медиа өкілдері, діни қайраткерлер, саяси лидерлер болған оқиғаны ұлттық деңгейдегі қасірет ретінде сипаттап, оған ортақ мән мен мазмұн береді (Александер, 2004: 11). Сондай-ақ, оқиғаның мәдени апатқа айналуы үшін үш маңызды қадам жасалуы қажет: біріншіден, оқиға ұжымдық жадта сақталуы немесе сақталуға мәжбүрленуі тиіс, екіншіден, осы жад мәдени тұрғыдан өзекті болуы – яғни қоғам үшін қасиетті саналатын бір нәрсені жоқ ететін немесе соның негізін шайқалтатын деп танылуы керек; үшіншіден, бұл естелік күшті теріс аффектімен, яғни жек көру, ұят немесе кінә сезімімен ұштасуы шарт (Смельзер, 2004: 36-38). Осы тұрғыдан 1930-1933 жылдардағы қазақ ашаршылығын мәдени травманың мысалы ретінде қарастыра аламыз, себебі бұл зұлмат жылдары жартылай көшпелі мал шаруашылығы, халықтың демографиялық тұтастығы, тілдік-рухани мирас және отбасылық-рулық байланыстар жүйесі түбірімен шайқалды.
Ашаршылық травмасын зерттеген шетелдік ғалымдар да осы тұжырымды нақтылай түседі. Ашаршылық тақырыбына зерттеу жүргізген Сара Кэмеронның бағалауы бойынша, ұжымдастыру науқаны қазақтардың дәстүрлі өмір салтын ғана жоймады. Аштық олардың қоршаған ортамен, ата-баба аруағымен және өз мәдениетімен рухани байланысын түбегейлі үзді (Кэмерон: 2018, 142). Мәдени травманың маңызды белгісі осында: ол тек адам санын азайтып қоймай, мәдениет жүйесінің бір немесе бірнеше іргелі элементін құндылықтарын, дүниетанымын, тіршілік этикасын жояды немесе жарақаттайды. «Қаш» фильмі осы антропологиялық күйреуді нақты визуалды метафора арқылы жеткізеді. Фильмдегі ең маңызды мәдени травма белгісі – дархан дала мағынасының түбегейлі өзгеруінен басталады. Дәстүрлі қазақ дүниетанымында дала – бостандық, ата-баба аруағы мекен еткен қасиетті кеңістік, өмірдің ырқы. Фильмде бұл семантика толық инверсияланған: кең дала енді тұзаққа, антагонистке айналған. Бұл өзгерісті символдық деңгейде ең нақты айқындайтын сәт Исатайдан «қашан жетесің?» деп сұрағанда оның «атпен ба?» деп қайта сұрауы. Кішігірім ғана диалогтан байырғы өмір салтының жойылғанынын, кеңістікпен байланыстың үзілгенін байқатады. Фильмге пікір білдірген этнограф Зира Наурызбай «атынан айырылған қазақ үшін дала бірден жетуге де, қашуға да, бас көтеруге де болмайтын қапасқа, тұзаққа айналды» деп жазады (Наурызбаева, 2022). Қазақ үшін атынан айырылу демек мәдени өзегінен айырылу. Исатайдың сюжет барысында арбасынан да айырылуы – күйреудің екінші сатысы. Арбадан айырылған кейіпкер жаяу қалады. Исатай әп сәтте қажыған, қорғансыз күйге түседі.
Мәдени травманың ұжымдық өлшемін ашудың тағы бір кілті – ауыл бейнесі. Бір-біріне тығыз орналасқан, малынан айырылған, жұпыны ауыл дәстүрлі қазақ қоныстану жүйесінің астаң-кестеңі шығуынан хабар береді. Көшпелі мал шаруашылығында ауылдар маусымдық, қозғалмалы кеңістікке еркін таралған. Халықты күштеп отырықшыландыру оларды жерге бекітіп, қозғалыс мүмкіндігін жойып, малынан айырды. Тіршілігі жоқ ауылды кадрға алу арқылы өмір сүру салты, мәдени маңызды элементтердің жойылуын визуалды дәлелмен бекітеді. Режиссер бұл көріністерді түсіру барысында манипуляцияға ұрынбаған. Бізге бұл оқиғаның алдында не болғанын, не жағдайдан кейін осындай күйге түскенін түсіндірмейді, тек коллективизация, аштық салдарының ең ауыр кезеңдерінен кейінгі соңғы фрагменттерді жұпыны, берекесі қашқан ауыл ретінде көрсетеді.
Таласбек Әсемқұлов «Аштық және соғыс» мақаласында ұзаққа созылған аштық жағдайында адамның рухани тұтастығы, моральдық тұлғасы және «мен» деген бірлік сезімі іріп-шіри бастайды дейді. Ғылыми тұрғыдан бұл феномен «аштықтың сандырағы» деп аталатын психикалық күйзеліс арқылы сипатталған: организмдегі нәр таусылған сәтте сана тежегіш күшін жоғалтады, ойлар мен идеялар бір-бірімен байланыссыз хаотикалық түрде алмасады, есту мен көру галлюцинацияға ұшырайды, ал адам санасын ақылға сыймайтын идеялар билей бастайды (Розенбах П.Я., 1883, сілтеме берген – Т. Әсемқұлов,, 2024: 101). Ең соңында, адам есінен адасады, жынданады. Осы көріністі «Қаш» фильміндегі Исатайдың мінез-құлқынан байқаймыз. Аштық салдарынан қайта-қайта бітпейтін қысыр шеңберге түседі, жолынан адасады. Біздіңше бір ғана Исатай – бүкіл ұлттың мәдени және психологиялық күйреуін бойына сіңірген жиынтық образ. Исатайдың жоғалуы мәдени болмыстың, дәстүрлі тіршілік салтының, адамдық тұтастықтың жоғалуы. Дыбыстық эффект те осы логикаға бағынады. Жағымсыз, мазасыз дыбыстар, шаңқобыз үні адамды тітіркенгіш, масасыз күйге түсіреді. Құдды бір өлім аузындағы тіршіліктің дыбыс кеңістігін сипаттайды. Әдетте ұлттық бояу рөлін атқаратын шаңқобыз дыбысы, өмір мен өлім арасындағы метафоралық дыбысқа ауысқан. Травматикалық тәжірибе дегеніміздің өзі осы өткен мен қазіргінің, тіршілік пен жоқтықтың бірінің үстіне бірі жиналып, шекаралардың жоғалғаны.
Аштықтың адамды «мәдени Меннен» айырып, инстинкттер деңгейіне дейін түсіруінің ең сұмдық белгісі – каннибализм феномені. Каннибализм аштықтың психикаға тигізетін барынша шектік, барынша сұрапыл зардабы ретінде топтық қорғаныс рефлекстерінің де, моральдық тосқауылдардың да мүлдем ыдырағанын білдіреді (Әсемқұлов, 2024: 108). Фильмнің де негізгі сюжеттік қаңқасы ес ауысу мен каннибализмге сүйенеді. Фильмде каннибализм тікелей бейнеленбейді, алайда оның метафоралық тұспалдары фильмнің атмосфералық қабатында үнемі сезіліп тұрады. Айтуға келмейтін нәрсені тікелей айтпай, оның көлеңкесін, аурасын, психологиялық эффектісін ғана жеткізу – травматикалық өнердің классикалық стратегиясы. Каннибализмді тікелей көрсетіп эстетикалық шок тудыру орынна тұспалдау арқылы травманың көрсетілуге мүмкіндігі жоқ табиғатымен үндесіп, одан да терең психологиялық эффект берген. Өнертанушы Молдияр Ергебековтің «Ұлы Дала зары» фильміне қатысты қатыгез көріністерді тікелей көрсетудің травманы қоздырудан басқа бір іске жарамайтынын айтқан пікірін ескерсек бұл тәсілдің ұтымды қолданылғанын түсінеміз (Ергебеков, 2021).
Фильмнің визуалды поэтикасы қараңғы, сұп-сұр түске боялған. Бұл арқылы режиссер тіршіліктің азайып, өлімнің үстемдік алып бара жатқанын меңзейді. Жоғарыда атап өткеніміздей, кейіпкерлерінің мұндай жұпыны халге қалай және неге түскенін баяндамауы фильмнің осал әрі мықты тұсы. Егер біз фильмге драматургиялық шешімдердің дұрыс жасалып-жасалмады перспективінен қарасақ, бәлкім, бұл бір түсініксіз, бас-аяғы жоқ оқиғаға айналар ма еді. Бірақ, оқиға жергілікті халық үшін түсірілгендіктен, режиссер халықтың контексті білетініне сенімді болған деп ойлаймыз. Дәл осы себептен де сюжеттің біркелкі емес, фрагменттік құрылымы да фильмнің ұтымды формалық шешімдерінің біріне айналған. Травматикалық жад біркелкі нарратив ретінде сақталмайтынын, керісінше үзік-үзік сахналар, флэшбектер арқылы жұмыс істейтінін қаперімізге алуымыз керек. Режиссер осы психологиялық шындықты нарративтік форманың өзіне сіңіреді. Осылайша, «Қаш» тек травма туралы баяндамай травма сияқты рефлексия беріп, көрерменге форма деңгейінде оқиғаны бастан өткізуге мүмкіндік береді.
«Қаш» фильмі ашаршылықты тікелей бастан өткермеген жас ұрпақтың тарихи санамен жасаған диалогы. Кейіпкерлерді ақ пен қараға бөліп біреуді сынау, жақсы-жаманды су бетіне шығару немесе белгілі бір фактіні көрсету мақсаты көзделмеген, ішкі тұншығысты, сөніп қалған сезімді, ауыртпашылықты, халық жанының сыздаған жерін сөйлетуге тырысқан диалог.
Қорытындылар болсақ, «Қаш» фильмінен мәдени травманың іздерін байқауға болады және фильмдегі элементтердің қандай травмалық жайттармен ұштасып жатқанын түсіну/түсіндіру тарихи жадын қалпына келтіргісі келген біз секілді халықтар үшін маңыздырақ. Әдетте тарихи тақырыпты көтеремін деп көбіне тарихи хроника мен саяси манифесттен аса алмай жататын қазақ көрем фильмдері арасында режиссер Айсұлтан Сейітовтің фильмі өткен шаққа басқа призмадан қарап мәдени травманың маңызды белгілерін визуалды тіл арқылы мейілінше жеткізуге тырысқан. Адамның өзегінен ажырауы, кеңістік қасиетінің бұзылуы, моральдық түсініктердің ыдырауы фильмде метафора, символ және форма деңгейінде жұмыс істейді. Бұл үш белгі бр-бірінен оқшау да емес, фильмнің тіні арқылы бірімен-бірі астасып, травманың тұтас бейнесін қалыптастырған. Бір фильмді талдау қай тараптан сұрақ қойғаныңызға, қай ракурстен қарағаныңызға қарай өзгере бермек. Біз фильмде мәдени травманың қалай көрініс тапқанын айшықтауға тырыстық. Алайда «Қаш» фильмі тек осы бір ғана зерттеу шеңберімен шектеліп қалғанын қаламаймыз. Фильмде жеке тақырып болып зерттеле алатын басты кейіпкер Исатайдың трансформациясы, кішкентай кейіпкер Әлімнің метафоралық образы, мифтік образдар, түс палитрасы, монтаж және тағы басқа тақырыптар әртүрлі әлеуметтік теориялардағы бірнеше ұғымдар арқылы кеңінен тоқталуды және зерттеуді талап етеді. Осының әрқайсысы өз алдына жеке зерттеу жұмысының өзегіне айналуға лайық. Бұл шағын зерттеуіміз, «Қаш» фильмі секілді ашаршылық және қазақ тарихындағы маңызды оқиғаларды экрандаған кинотуындылар туралы айтылатын соңғы сөз емес, үлкен зерттеулердің бастамасы болады деген үміттеміз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- Alexander, J. C. (2004). «Toward a Theory of Cultural Trauma». Cultural Trauma and Collective Identity. University of California Press.
- Cameron, S. (2018). The Hungry Steppe: Famine, Violence, and the Making of Soviet Kazakhstan. Cornell University Press.
- Smelzer, N. J. (2004). «Psychological and Cultural Trauma». Cultural Trauma and Collective Identity. University of California Press.
- Әсемқұлов Т. (2024). «Аштық және соғыс». Қондыгердің бір-ақ беттік тарихы. «Otuken мәдениетті дамыту қоры» ҚҚ, KazHeritage.
- Наурызбай З. (2022). «ҚАШ»: шаг к исцелению. Электрондық ресурс: https://adamdar.ca/post/k-ash-shag-k-istseleniyu/308 (қол жеткізу күні 27.05.2026).
- Ергебеков, Молдияр (2021) Yagni Volume 4 / Ұлы Дала зары фильм талқысы. Электрондық ресурс: https://www.youtube.com/watch?v=FZKJEJwEqgk (қол жеткізу күні: 01.06.2026)
Еңлік Егеубаева
өнертану магистрі
Анкара университеті,
Радио, Телевизия және Кино бөлімінің докторанты
Оцените рецензию






пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін